• Қоғам
  • 05 Тамыз, 2021

«АСАР» – ҚАЗАҚТЫҢ САЛТЫНДА БАР

Нұрболат АБАЙҰЛЫ
 «Ana tili»

Қазақстанның батыс өңірлерінде қуаңшылық болатыны көктемнен-ақ белгілі болған. Қыстың қары жұқа түскені өз алдына, сәуір, мамырда аспаннан тамшы тамбай, қылтиған көк күйіп кеткен. Жалпы ұзындығы – 2428 шақырым, Қазақстандағы ұзындығы – 1082 шақырым болатын  атақты Жайық өзені көктемде арнасынан тасып ағушы еді, биыл солтүстіктегі көршілер көктемнен су қоймаларын толтыруды ерте бастады ма,  «Ақ жайық» арнасынан аспай қалды. Тарихи өзеннің бірі Ырғыз да ырыздығын үйіп-төгіп бермеді. Үлкен өзендер осылай кішірейіп жатқанда, кішілері мүлде бұлаққа айналып, бұлақтар тартылып, нағыз қуаңшылықтың белгілері біліне бастады.

  

Жаз шыға батыс өңірін шынайы құрғақшылық жайлап, мал аштан қырылуға айналғанда қоғамда кәдімгідей қолайсыз жағдай туындады. Бұл аймақта бір түк шөптің бағасы 17 мың теңгеге, 1 қап кебектің бағасы 2000 теңгеге өсіп кетті. Тиісті орындар есін жиып, етегін жинағанша батыстың біраз малы аштан қырылып кетті. Оның жалпы санын есептеп, жариялаған ешкім әлі жоқ...

Алайда өзге өңір тұрғындары салтымыз бойынша «асарлатып», елден жылу жинап, Үкіметтен бұрын ешкімнің нұсқауынсыз-ақ батысқа көмектерін көрсете бастады. Жақын облыстар жинаған жем-шөптерін  автокөліктермен-ақ  жеткізсе, алыс аймақтар теміржол арқылы аттандырды. Бірталай қиындық та осы арада туындады. Мәселен, Түркістан облысының жанашыр тұрғындары ағайынға көмек жем-шөптерін жинап, оны жеткізуді осы өңірдегі ҚТЖ басшыларымен ақылдасқанда теміржолдықтар тегін жеткізіп беруге уәде етіпті. Осылайша, мал азығын бес вагонға тиеп қойған соң, әр вагонға 500 мың төлеуді ­талап етіпті. Бұған оңтүстіктік ағайындар наразы болып, реніштерін БАҚ жариялады. Осы тұста мәселеге мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин араласып, Үкіметке депутаттық сауал жолдап, жол шығынын субцидиялауды ұсынды. Осыдан соң мәселе шешімін тауып, еліміздің өзге өңірлерінен жем-шөп батыс облыстарға жөнелтіле бастады.

Осы тұста жалған жанашырлар шығып, елден көмекке қаржы жиып, соңынан сан соқтырып кеткен де жағдайлар кездесті. Абырой болғанда ағайынның ауыртпашылығын бас пайдасына пайдаланбақ болғандардың  да  жолы уақытылы кесілді...

Көнекөз қариялар мен синоптиктердің ­айтуынша, мұндай құрғақшылық елімізде сексен жыл бұрын ­болыпты. Тек батыс өңірлер емес, еліміздің Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Павлодар өңірлерінде де шөп шала шығып, шаруақор жұртты абыржытып тұр. Бұл аймақтардағы тұрғындар талай жылдан бері ұмыт болған шалғы, айырды қолдарына алып, орман арасы мен тау беткейлеріндегі шөпті шабуға кірісті. 

Бұл жағдайға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатты алаңдап отыр. Ауылшаруашылығы жанынан құрылған жедел штаб та ілкімді іс тындырмаған соң, Президент Ауылшаруашылығы министрін отставкаға жіберіп, жалпы Үкіметтің жұмысын қатаң сынға алды. Оларға қуаңшылық жайлаған өңірлерге жедел көмек көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы жем-шөптің көрші елдерге экспортталуына тыйым салуды да баса айтты. Сонымен қатар әкімдіктер мен әлеуметтік корпорациялар және Ауылшаруашылығы министрлігіне  шұғыл түрде өзге өңірлерден жем-шөп ­сатып алу үшін жеңілдетілген қаржыландырумен қамтамсыз етуді тапсырды. Бұл нақты тапсырма қиналған шаруаның көңіліне біршама медеу болғаны анық. Сондықтан да барлық аймақтың тұрғындары енді шөп ору науқанын «асарлатып» бітіруді жоспарлап, іске кірісіп кеткен жағдайы бар. Осылайша, қиын уақытта халқымыздың салтында бар «асарлату» дәстүрі жаңғыруда.

1615 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы