• Тарих
  • 05 Тамыз, 2021

ШОҚАН УӘЛИХАНОВ ҒЫЛЫМИ МҰРАСЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ және оған жасалған қиянаттар тарихы

Қазақ елінің гуманитарлық ғылымы тарихында Ш.Ш.Уәлихановтан биік тұлға жоқ.  Ол философ, шығыстанушы, фольклоршы, әдебиетші, суретші, ­нумизмат, публицист, аудармашы және қазақ елінде алғаш Еуропа таныған демократ.

Қазақтың ұлы ғалымы Шоқанның ғылыми мұрасының тағдыры әр ғасырда әртүрлі. Оның барлық ғылыми мұрасының толық жинағын жарыққа шығаруды қолға алған К.К.Гутковскийді П.П.Семеновтан бас­тап Ресей интеллигенциясының көрнекті өкілдері қолдап еді. Әттең, Карл Казимирович 1867 жылы аяқ астынан қайтыс болып, осынау Шығыстану ғылымындағы аса игілікті іс тоқтап қалды. Жығылғанға жұдырық, бір жылдан кейін Шоқанға әкелік қамқорлық көрсетіп жүрген Е.П.Ковалевскийдің қайтыс болуы – қазақ ғалымының еңбектерінің толық жарық көруін біраз уақытқа тоқтатқан еді... 

Шоқанның  еңбектері толық шығатын жағдай Кеңес өкіметі тұсында болып еді, оның өзі көп қиыншылықпен іске асты. Кеңес өкіметі басшылары Ш.Ш.Уәлиханов мұраларына оң көзбен қарамады. Олар Шоқанның атымен Ресей басшылары жариялаған «Аблай» атты мақаладан басқаға көңіл бөлген жоқ. Сол мақаланы 1947 жылы «Ч.Ч.Валиханов. Статьи и переписка» деп аталатын кітапқа кіргізіп, Алматыда шығарды. Қазақтардың миына мықтап құю үшін осы кішкентай кітапты 1949 жылы Алматыда қазақ тілінде шығарды. Қазақ елінің тарихын кешенді түрде бұрмалау үшін аталған мақаланы шығаруға көп көңіл бөлді. Ал Шоқанның басқа көптеген аса құнды зерттеулеріне ешқандай көңіл бөлген жоқ.

Кеңес Одағы ғылымының осынау кемшілігін Сәтбаев болмағанда Шоқан мұралары жабық күйінде қалатын еді. Қаныш Имантайұлының жанкештілігі мен патриоттығы арқасында қазақтың ұлы ғалымының еңбектерін жарыққа шығару науқаны басталған еді...

Әрине, сол Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі заманда Қазақ КСР Ғылым академиясы президенті Қ.И.Сәтбаев болмағанда іске асу мүмкін емес еді. Қаныш Имантайұлы қазақтың ұлы ғалымы Шоқанның ғылыми мұрасын жарыққа толық шығару үшін алты рет шоқантанушылар тобын құрды. Ештеңе шықпаған соң, осы игілікті әрі өте қиын тапсырманы Ә.Х.Марғұланға жүктеді. Академик Әлкей Хаканұлы басқарған шоқантанушылар тез арада көп жетістікке жетті. 1958 жылы бір томдық Шоқанның Таңдамалы (Избранные) шығармалар жинағын, 1961 жылы І томын, 1962 жылы ІІ томын, 1963  жылы ІІІ томын, 1968 жылы ІV томын жарыққа шығарды. Кейінірек, 1972 жылы Шоқанның бейнелеу өнеріндегі шығармаларын бір том етіп шығарды. Осы заманға дейінгі басылымдар ішінде осы Ә.Х.Марғұлан шығарған Шоқан мұрасының ең толықтау жарық көрген нұсқасы болып тарихта қалды. Аталған басылымның жалғыз және ірі кемшілігі – ұлы ғалымның  Алтын Орда тарихына арналған «Идыге» мен «Эдигей» атты көлемді екі зерттеуі кірмей қалды. Кірмей қалды емес, Кеңес өкіметінің кереғар саясаты оларды кіргізуге рұқсат бермеді... Керісінше, Шоқандікі болмаса да «Аблай» атты мақаланы зорлап кіргізді... Аталған зерттеулер Шоқанның 1904 жылы Петербургте Н.И.Веселовский шығарған бір томдықтан кейін жарық көрмеді. Неткен сорақылық, Патшалық Ресей кезінде жарық көреді, ал Кеңес өкіметі тұсында шығаруға болмайды...

     Көп ұзамай Ш.Ш.Уәлихановтың 1985 жылы, 150 жылдық мерейтойына арналған 5 томдық жаңа басылымды жарыққа шығару керек болды. Аталған мерейтойға арналған басылым бұрынғыдай Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтында дайындалып Қазақ ­энциклопедиясы баспасында басылатын болды. Мерейтойдың уақыты жақындап қалғандықтан 1983 жылдың ақырында институт басшылары осы аса жауапкершілікті қауырт жұмысты Болат Көмековке тапсырды. Әрине, бізді, Б.Көмеков бөлімінде істейтін қызметкерлер түгелдей осы жұмысқа жұмылдырылды. Бұрынғы Ә.Х.Марғұлан басылымына қатысқан майталман шоқантанушыларды шақырып алды. Олар негізінен Н.Н.Мингулов, Ж.Х.Кармышева және ең мықты шоқантанушы  Мәриям Сүлейменқызы Тұрсынова. Ол кезде Институт директоры және Академия вице-президенті Б.А.Төлепбаев еді.

Шоқантанушыларды басқарған Б.Е.Көмеков Шоқанның мерейтойлық жаңа басылымын хронологиялық тәртіппен шығаруды ұйғарды. Бұл жағдай көп өзгеріс кіргізгендей болып көрінді. Мысалы Ә.Х.Марғұлан басылымында І томдағы көптеген мақалалар Б.Көмеков ­басылымында  екінші, үшінші, төртінші томдарға өтіп кетті. Сондай-ақ Марғұлан басылымындағы Разночтение деген бөлім түгелдей алынып тасталды.  Аталған бөлім Шоқанның кейбір жинаған материалдарынан, сондай-ақ зерттеулерінің әртүрлі нұсқауларынан тұратын еді. Марғұлан басылымының негізгі міндеті Шоқан жазған материалдардың барлығын жарыққа шығару болатын. Сондықтан оның ішінде кейбір бітпей қалған мақалалар,  бірақ аса құнды деректер болды. Қорыта айтқанда, Разночтения деген бөлім кірмей қалған соң, Шоқанның кейбір қанатты сөздерінің мерейтойлық басылымға кірмей қалғаны шындық...

«...Для правильного роста и развития народа необходимы прежде всего свобода и знание. Знание важно потому, что,  действуя на мозг и ­нервы, способствует органическому развитию, иначе организм не может принять того, до чего он не дорос.

Культура не может улучшать организм без известной массы знания.  Все административные, судебные и экономические реформы будут непоняты и потому  и не приняты народом. Выходит, что прежде всего нужно учить...» (І,614-бет) деген аталы және қанатты сөздер жазылған  Шоқанның «Записки о судебной реформе» атты зерттеуінің бір нұсқасы 1961 жылғы А.Х.Марғұлан басылымынан соң еш жерде жарық көрген жоқ. Кезінде Жоғары оқу және Ағарту министрліктері дәліздерінде және Акт залдарында Шоқанның «...Для правильного роста и развития народа необходимы прежде всего ­свобода и знание»  деген аталы сөзі жазулы тұратын еді. Қазір еш жерден көре алмайтын болдық.

Б.Е.Көмеков Шоқанның бұрын  қазақ тілінде (1970) шыққан Таңдамалы шығармаларын Қазақстанға арналған зерттеулерімен толықтырып мерейтойлық басылымын шығарды. Сондай-ақ Б.Е.Көмеков дайындап Мәскеуде бастырған Шоқанның бір томдық шығармалар жинағы да өте сәтті шыққан басылымдар болып осы күнге дейін өзінің құнын жоғалтқан жоқ және библиографиялық сирек кітапқа айналды.

Егемендік кезіндегі Шоқанның ғылыми мұрасының тағдырына тоқталсақ, әттеген-ай деп айтылатын жағдайлар жетерлік. Егемендік келген соң гуманитарлық ғылымдар мен тарихымызға және көптеген ­саяси жағдайларға көзқарас өзгерді. Ұлы ғалым Шоқанның бұрын ­саяси көзқарастарға байланысты жарық көрмей жүрген материалдарына жол ашылды. Оның үстіне Шоқанның бұрынғы басылымдары шыққан бойдан сирек кітапқа айналып жатқандықтан жаңа басылымдар қажет болды.

Бұрын Алматыда 12 жоғары оқу орны болса, ХХІ ғасыр басталғанда 90-нан, ал Қазақстан ­бойынша 150-ден асты. Колледждердің саны одан әлдеқайда көп болды. Оралмандардың келе бастауынан және басқа жағдайларға қатысты қазақ мектебінің саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаулап өсті. Осы жаңа ашылған оқу орындарының кітапханаларына қазақтың әйгілі ғалымы Ш.Ш.Уәлихановтың кітаптары аса қажет болды... Қанша қажет болғанымен олар алтыннан қымбат, еш жерде сатылымда жоқ. Осындай қазақ гуманитарлық ғылымының көкейкесті мәселесімен ХХІ ғасырға да жеттік. Қазақстан өкіметі ғылыми зерттеулерге және әртүрлі жобаларға, оқулықтар шығаруға қаражатты аямай беріп жатты. Жобаға қолы жеткендер, әрине, май шелпекке батты.

Сол кездері Шоқанның 170 жылдығы, 2010 жылы 175 жылдығы тойланатын болды. Сол 175 жылдықтың қарсаңында маған бір кісі телефон шалып, Ш.Ш.Уәлихановтың алты томдық жинағын шығарып жатқанын айтты. Соған мені Редколлегия мүшесі етпекші екен. Қуанғаным соншалық:

– Құтты болсын. Осындай игілікті істі бастағаныңызға алғыс айтамыз. Редколлегия мүшесі етіп атақты шоқантанушы академиктер С.З.Зиманов, Ә.С.Бисенова, Б.Е.Көмековты алуыңыз керек. Сіздің басылымға мен Шоқанның Кеңес ­заманында жарық көрмеген аса құнды үш мақаласын апарып беремін, – деп уәде бердім. Бір жарым айдан соң Шоқанның Алтын Орда туралы «Идыге» мен «Эдигей» және ­«Билер соты» атты үш мақаланы барлық комментарийлерімен дайындап алып барсам, редакциясында ешкімді таба алмадым. Отырған қыздар «Шоқанның алты томдығы жарыққа шығып кетті, кеш қалдыңыз» деді. Шындығында олар маған кітап шығып болған кезде хабарласыпты. Редакциясы Абай атындағы Педагогикалық Мемлекеттік университетінің жанында екен. Кейін көрдім, әлгі Шоқанның алты томдық жинағы қазақ тілінде басылыпты. Демек, оны аударып дайындағанша бірнеше жыл өткен сияқты...

Ондай фундаментал басылым Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих ­институтына берілмей басқа жақта жарық көргені ақылға сыймайды. Ғылыми жобаның тағдыры осындай. Оны тиісті ғалымдар емес, қолы жеткендер алады. Сол алты томдық кітапты қолға түскен соң қарадым. Сын көтермейді. Әрине, бұл басқа мақаланың үлесі. Академиктер Ә.С.Бисенова мен С.З.Зиманов: «Біздің атымызды осы нашар басылымға бекер кіргізіпсің» деп маған ренжіді.

     Дәл сол кезде «Арыс» баспасының директоры Ғарифолла Әнеспен кездесіп қалғанымда Шоқанның бір томдық Таңдамалы шығармаларын шығарып жатқанын айтты. Мәскеуде Б.Е.Көмеков шығарған кітапты сол күйінде қайта басамыз деді. Олай болса Кеңес өкіметі кезінде жарық көрмеген Шоқанның екі зерттеуін мен қосайын дегеніме ол қарсы болмады. Мен әкеліп бергенімде одан да кеш қалып қойыппын. Олар өте асығыс шығарған екен. Мәскеу ­басылымын сол күйінде шығарғанымен Б.Е.Көмековтың алғысөзін алып тастап, оның орнына сол кездегі Тарих институтының ­директоры Саттар Мажитовтың атымен алғысөз беріпті...

Егеменді қазақ елінің оқу орындары Шоқанның кітаптарына жарымайтын болды-ау деп жүргенімізде 2013 жылы тағы бір жақсы хабар естіп, қуанып қалдық. Шығыстану институты Шоқанның толық жинағын сегіз том етіп шығаруға жоба ұтып алған екен. Ақыры қазақ елі мен оқу орындары ұлы ғалымның құнды еңбектеріне қол жеткізетін болды деп қуанып, мәз болдық. Жалпы Шығыстану ­институтында В.А.Мойсеевтен басқа шоқантанушы ғалым жоқ еді. Әрине, мұндай Шоқан мұрасына арналған жобаны Тарих институты алса жақсы болар еді. Себебі ол жерде бұрыннан қалған дәстүр және мамандар баршылық....

Сонымен, біз Шығыстану ­институтынан Ш.Ш.Уәлихановтың томдарының жарыққа шығуын асыға күттік. Ешқандай хабар болмады. Ұлттық кітапханаға барған сайын Шоқанның жаңа басылымын сұрадық. Академияның кітапханасынан да сұрадық. Ешқандай томы түспегенін айтты. 2020 жылы Академия кітапханасында Ш.Ш.Уәлихановтың 185 жылдығына арналған ­кездесу болды. Міне, осы кездесуге Шоқанның жаңа ­басылымын  алып келді. Ақыры қолымыз жетті-ау. Таралымы өте аз, кітапханаларға түспегені сол екен. Енді осы жаңа ­басылымды қарайық.

Жалпы айтқанда, ­Шығыстану институты шығарған Ш.Ш.Уәлихановтың сегіз томдық жинағы А.Х.Марғұлан басылымының түгелдей көшірмесі. Б.Е.Көмеков ­басылымына ұқсастығы Разночтенияны алып тастағаны.

«Ч.Ч.Валиханов. Собрание сочинений в восьми томах. Первый том. Алматы,  Дайк – Пресс, 2012».

Аннотациясына қарағанда «Включены новые архивные материалы и ­переписка Ч.Ч.Валиханова» және «снабжены научными ­комментариями» дегені, әрине, бізді қуантты. Алайда біз ондайды бірінші томда көре алмадық.

Бірінші том қалай болса, екінші том да солай. А.Х.Марғұлан басылымының дәл көшірмесі...

Үшінші том да дәл солай. Ең болмағанда, 143-беттегі «Отрывок из Кашгарского дневника» деген мақаланы екінші томдағы «Кашгарский дневник І, Кашгарский дневник ІІ» (140-178 беттер) атты мақалалардың жанына апарып қойса, барлығы бір жерде болатын еді.

Сондай-ақ осы үшінші томдағы «Дополнение к записке о судебной реформе» атты мақаланы бірінші томдағы «Записка о судебной ­реформе» (448-474 беттер) зерттеуінің жанына апарып қойғанда нұр үстіне нұр болар еді.

Осы үшінші томдағы тағы бір құнды зерттеу – «Извлечение из «Тарих-и ­Рашиди Мухамед-Хайдара Дуглата» (379-383 беттер). Осы мақаланы да бірінші томдағы осы аттас мақала ­жанына қойған болса өте жақсы болар еді.

Төртінші том сол күйінде қайта басылған.

Бесінші томның сапасы нашар. А.Х.Марғұлан нұсқасы түрлі-түсті етіп альбом күйінде шыққан еді. Осы томға Сейсен Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» атты кітабынан үзінді беріпті. Барлық жаңалығы осы болса, біз мұны сәтті жағдай деп айта алмаймыз. 1984 жылы аталған кітаптың қолжазбасын А.Х.Марғұлан және басқалары жарамсыздығын көрсетіп, шығаруға болмайды деп тоқтатқан еді. Алайда 1985 жылы 15 қаңтарда А.Х.Марғұлан қайтыс болған соң «Өнер» баспасы оны ­басып шығарды. Оның ақыры көптеген дауға ұласты. 1986 жылдың басында «Жалын» журналында рецензия шықты (авторлары Б.Е.Көмеков, С.К.Өтениязов).

Алтыншы, жетінші және сегізінші томдары Шоқан туралы кейбір авторлардың еңбектері және Шоқан қолжазбаларының факсмилесінен тұрады. Соңғы үш томның қажеті жоқ еді. Әрине, олар жобаның есебін беру үшін керек болған сияқты...

Шығыстану институты Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасын жөндеп, толықтырып шығару үшін ештеңе жасамағаны өкінішті-ақ. Біздің асыға күткен үмітіміз ақталмады.

Ш.Ш.Уәлиханов басылымдарының бәрі шоқантанушы ғалымдарды қатыстырмаған себепті қателер жіберді. Ешқандай жаңалық кіргізе алмаған... Архивтік ­материалды  былай қойғанда, дайын және бар материалдарды кіргізбеген. Осыдан артық қазақтың ұлы ғалымының мұрасына қандай қиянат жасауға болады... Шоқантанушы ғалымдарға шақырған соң оларға жалақы беру керек. Осы ­себептерден шақырмаған сияқты. Қайта басып шығаруға көп күштің керегі жоқ, өздерінің қызметкерлерімен аяқтай салады. Дәл солай қайта басып (переиздание) еш өзгеріссіз шығарыпты.

Қорыта айтқанда, егеменді Қазақстан жағдайында Ш.Ш.Уәлихановтың бірде-бір ­басылымы жөнді жарық көрмеді. Осы кемшіліктің бәрі өкіметіміздің миллион­дап қаражат бөлгенінің арқасында... Ақша мен мол қаражатты аңдушы көп. Біз кезінде Б.Е.Көмековтың басшылығымен бес томдықты дайындағанда күні-түні жұмыс істедік, айлық жалақыдан басқа ештеңе алған жоқпыз. Ақша жүрген жерде адалдық пен заңдылық жиі бұзылады. 

Қайта басып шығару қазіргі заманда өте оңай. Компьютерлік техниканың жетілген заманында қандай кітап шығарсаң да қарапайым жағдайда жасалады. Бұрын баспаханаға жеткенге дейін қыруар жұмыс болса, оған жеткен соң әріпті бір-бірлеп теретін, көп қиыншылығы болатын.

Осы жағдайлардан кейін 2019 жылдың басында Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих институтында Англиядан келген адамдармен кездестік. Ағылшындар 1865 жылғы жинақ сияқты қазақ ғалымының бір томдық кітабын Лондонда шығаруға бұрын ниет білдірген екен. Соған Тарих институты Мәскеуде жарық көрген Б.Е.Көмеков басылымын ұсыныпты. Мен институт директоры З.Е.Қабулдиновке Шоқанның Кеңес өкіметі тұсында жарық көрмеген, алайда Қазан төңкерісінен бұрын бірнеше рет баспа бетін көрген, Алтын Орда тарихына қатысы бар өте құнды екі зерттеуін  «Идыге» мен «Эдигей» атты мақалаларын кіргізуді ұсындым. Директор қуанышпен келіскен еді. Көп ұзамай әлгі мақалаларды комментарийлерімен әкеліп тапсырдым. 2020 жылдың ақырында Лондонда қазақ ғалымының кітабы ағылшын тілінде жарық көріп, бізді қуантты. Алайда әлгі мен қосқан Шоқанның екі үлкен зерттеуі жоқ болып шықты. Төбемізден жай түскендей болды. Қазақстан гуманитарлық ғылымдарының басында жүргендер Шоқан мұраларына қиянат жасауды қашан доғарар екен.    

Егемендік кезінде Ш.Ш.Уәлихановтың ғылыми мұрасы төрт рет басылды. Үш басылымы Алматыда, бір басылымы Лондонда шықты. Олар бір-бірінің кемшіліктерін айнытпай қайталады. Біз бұл жерде ағылшындарды кінәлаудан аулақпыз. Олар не берсең сол күйінде шығарды да қойды. Кінәнің бәрі өзіміздің адамдарда болып тұр. Шоқан мұраларына қиянат жасап, өз бизнесін түгендеп жүргендер соның бәрі Б.Е.Көмеков пен С.К.Өтениязовқа ғана керек деп ойлайтын сияқты. Тіпті осы қиянат Шоқанның өзіне емес, қазақ елінің ғылымына жасалып жатқанын түсінсе жақсы болар еді-ау.

Қорыта айтқанда, Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылында Ш.Ш.Уәлиханов мұралары жақсылық көрудің орнына теперіш және өгейлік көріп жатқанына қысқаша шолу жасадық. Белгілі Ғылым ордасы қара шаңырақтардың Тарих  факультеттерінде Шоқанның ғылыми мұрасына арналған ешқандай арнау­лы курс оқытылмайды. Алдымен Шоқанды келешек тарихшылар білуі керек емес пе?  Тарих факультетін бітірген жас маман, тіпті Шоқан ғылыми мұраларынан хабарсыз шығады. Әртүрлі арнаулы курстарды оқытса да, Шоқан  ғылыми мұрасы шетте қалып келе жатыр.

Қазіргі қазақ тарихының көптеген проблемалары бар. Шоқанның тасқа басқандай етіп жазып кеткендерін Қазақстан тарихшылары баса-жаншып, аяққа басып келеді. Мысалы,  Қазақ-қырғыз қатынасы, Қазақ-орыс қатынасы, Қазақ-башқұрт қатынасы, Қазақ еліндегі Билер институты және Қазақ демократиялық мемлекетінің адамзат тарихындағы орны, т.б. атап айтуға болады.

Қырғыз ағайындар Қазақ мемлекетінің құрамында 150 жылдан астам уақыт болды. Қазақтың аты аңызға айналған ханы Есім оларды Көкем би арқылы, ал Тәуке хан Тиес би басшылығымен биледі. Ақтабан шұбырынды оқиғасының авторы Петр І, сондай-ақ қазақ елі және Әбілқайыр ешқашан Ресейге бодандық сұраған жоқ.  Ресейге қарсы ең көп соғысқан халық башкұрт болса, олардың барлық соғысына қазақ көмектесті. Қазақ елін хандар емес билер институты, яғни рубасылар биледі. Осы мәселенің бәрін Шоқан жазып беріп кетті. Ал біздің тарихшыларымыз Ресей жазып бергендерді әлі жалғастырып келеді...

Тағы бір сорақы жағдай – тәуелсіздікке  30 жыл толса да, Қазақстан тарих ғылымы шоқантанушы ғалымдарды дайындамағаны өкінішті-ақ. Ш.Ш.Уәлиханов мұрасына қатысты тақырыптардан диссертация қорғағандар болды. Әрине, біз оларды шоқантанушы ғалымдар қатарынан көре алмаймыз. Соңғы егемендік кезеңде өз бетімен жетіліп шыққан бір шоқантанушы ғалым бар. Ол – Жарас Ермекбай. Шығыстану институтында жұмыс істеп жүріп, Шоқан томдарын дайындауға қатысты. Өкіметтен соншама қаражат алып тұрып, Шоқан мұрасының Қазақстан халқы түгілі, орталық кітапханаларға жетпегені ­туралы не айтар екен. Ол түсініктемесін бізге баспасөз арқылы бергені дұрыс болар еді.

Әттең... Кезінде Орыс Географиялық қоғамының Физикалық география бөлімінде қазақ ғалымының толық жинағын жарыққа шығару үшін жанталасып жатқанда К.К.Гутковскийдің қайтыс болғанынан осынау ғылымға аса қажетті игілікті іс тоқтап қалған еді. Сонда А.И.Герцен «...самый дельный и самый знающий Гутковский умер в настоящем году» (1 августь  1867, Колокол. Лондон)  деп текке қиналмаған екен. Келешекте қазақ ғалымының мұраларын талай тар жол мен тайғақ кешу күтіп тұрғанын болжаған сияқты... Шоқанның толық жинағы әлі күнге дейін жарық көрмегені аса ауыр және өте өкінішті жағдай.

Егер Гутковский, Ковалевскийлер басқарған басылым жарық көргенде осы күнгі қазақ тарих ғылымы да басқаша болар еді.

а) Қазақ ғалымының еңбектері жан-жаққа тарап кетпей, тұтас күйінде жарық көріп, Шығыстану ғылымының игілігіне жарайтын еді. Кеңес өкіметі тұсындағы қайта басылымдар өте оңай болып, Қазақстан ғылымына нұр үстіне нұр болатын еді.

б) Шоқанның атымен орыс­тар жазған арандатушы мақалалар болмас еді. Нақтырақ айтсақ, «Аблай» атты ертегі мақаланы Левшинге жаздырып, астына Ч.В. деп қойып, Энциклопедияға бастырғаны Шоқанның атына кір келтірмес еді. Осы мақала 1904 жылғы Шоқанның Петербургте шыққан кітабына басылып талай жерге тарады. Оны көрген қазақ интеллигенциясының өкілдері, шын мәнінде, сол мақаланы Шоқан  жазған екен деп қабылдады. Мақалада жазылған фантазиялардың ешқайсысы тарих ақиқатына дәл келмеді. Соның негізінде Алаш өкілдері Шоқан туралы ешқандай жылы лебіз қалдырмады...

Аталған мақала негізінде қазақ ­тарихшылары мен әдебиетшілері неше түрлі фантазия жазуды одан бетер күшейтті...

Қысқасын айтқанда, осының бәрі Ресейдің қазақ еліне құрған қақпаны мен торы еді. Империя бір мақаламен барлық қазақты алдап, ақымақ қылып отыр...

Осы былықтың бәрі қазақ ғалымының толық жинағын К.К.Гутковскийлердің басылымы жарық көрмегендіктен болды... Себебі Гутковский Шоқанның жазғандарын өте жақсы білетін еді. Орыстар «Аблай» атты мақаламен қазақтарды арандата алмас еді.

 

P.S. Жанайқайымыз түсініктірек болуы үшін Шоқан кітаптарының ­таралымын көрсетейік.

1961-68 жылдары жарық көрген А.Х.Марғұлан басылымының 1-томы 7900  таралыммен жарық көріпті. Ал 2-томы 3400 дана,  3-томы 2500 дана, 4-томы 3800 дана таралыммен басылып шыққан екен.

1984-85 жылдарда жарық көрген Б.Е.Көмеков басылымының барлық томдары 15 000 тиражбен тарады.

1985 жылы Б.Е.Көмеков басшылығымен шыққан Шоқанның қазақ тілінде Таңдамалы шығармалары  20 000 данамен жарық көрді. Ең көбі осы басылымдар екенін айта отырып фундаментал басылымдармен салыстырсақ, Қазақ Совет ­энциклопедиясы 40 000 таралыммен, ал Егемендік кездегі Қазақ Ұлттық энциклопедиясы 20 000 таралыммен басылып шығыпты.

2010 жылы жарық көрген Шоқанның қазақ тіліндегі алты томдық жинағы 3000 данамен шықты деп көрсетілген.

Самат ӨТЕНИЯЗОВ,

тарих ғылымының кандидаты,

Мадрид және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университтері

профессоры

7974 рет

көрсетілді

29

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы