• Қоғам
  • 11 Тамыз, 2021

2041 жылғы теледидар

Әлбетте, 2041 жылға дейін телевизия саласы да, жалпы ақпарат пен ғаламтор салалары да ­дамып, түбегейлі толықтай өзгеріп үлгеретіні сөзсіз, тек қай бағытқа қарай өзгеретіні беймәлім. Бірақ қиял мен әзіл-оспақты іске қосып, егер бүгінгі телеарналар мүлде өзгермесе – дәл сондай жағдайда 20 жылдан соң экранда не боларын – көз алдымызға елестетіп көрелік...

–       Эфирде «Тоқсан жасар Зейнеп әже» түрік телехикаясының 85-ші маусымының 1582-ші бөлімі. Өткен бөлімде көргеніңіз: Зейнеп әже өзінің жетінші шөпшегін көруге Ыстамбұлдағы ең кіші немересінің үйіне аттанайын деген кезде өз көзілдірігін жоғалтып алыпты. Зейнептің бес қабатты және алтынмен қапталған коттедж-үйінде тұратын елу бес қызметші мен отыз жеті күзетші көзілдірікті бір апта бойы іздеп, таппай қойыпты. Іздеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ... Елу бес қызметші мен отыз жеті күзетшінің шаршағандары соншалық, олар бір күндік демалыс алу үшін халықаралық кәсіподақ өкілдерін шақырыпты. Бірақ аса ашулы Зейнеп әже сол өкілдердің өздеріне де ұрысып-ұрысып, көзілдірік іздеткізіп қойыпты. Жалғасы бар...

–       Эфирде «Бір плюс бір неше болады?» атты Әлемнің ең зияткерлік телешоуы! Түрлі елдерден келген екі мың жеті жүз адамша сөйлей алатын және профессорлық дәрежесі бар құмырсқалардан тек үш гений құмырсқа ғана «бірге бірді қосса екі болады» деп дұрыс жауап беріпті, келесі бағдарламада осы үш данышпан құмырсқа «бірге екіні қосса неше болады?» деген аса күрделі академиялық сұраққа жауап береді. Жеңімпазға – Нобель сыйлығы тікелей Швециядан дрон арқылы жөнелтіледі және бір қап қант сыйға тартылады...

– Эфирде «Космическое ГАИ» атты ресейлік телехикаяның 145-ші сезонының 1425-ші бөлімі. Өткен бөлімде: Юпитер ғаламшарының ғарышкерлерінің ғарыш кемесі Сатурннан ұшқан ғарыш кемесімен соқтығысып қалыпты. 146-ғарышкерлер ашық космосқа шығып төбелесе бастады, бірақ өжет полицейлер Мәскеу қаласынан зымыранмен ұшып келіп, сол төбелесті тоқтатты. Ғарышта орын алған сол жол апатына кім кінәлі екен? Соны келесі бөлімде көресіз... Жалғасы бар...  

–       Эфирде «Үрейлі жаңалықтар». Бүгін дүкенде бір әйелдің туфлиінің өкшесі сынып қалыпты. Жарақат алғандар жоқ, стресс алғандар жоқ, барлық сатып алушылар аман-есен. Құтқарушылар өкшені қайтадан өз орнына жабыстырып қойыпты. Дүкеннің басшылығы тайғанақ еден үшін сол әйелге 60 000 теңге өтемпұлды төледі.

–       Эфирде «Марс бетіндегі алғашқы кеңсе» корей телехикаясының 74-ші сезонының 1200-ші бөлімі. Өткен бөлімде көргеніңіз: Марстағы үлкен қалаға Жерден келген жігіт Ни мен бойжеткен Пак өздерінің жаңадан ашылған нәзік гүл сату бизнесі үшін жаңа кеңсе бөлмелерін іздеп жүр. Бірақ жас кәсіпкерлердің қолдарында тек қана Чой атасынан мұраға қалған бар-жоғы бес-ақ миллиард доллар ғана бар екен. Бұл аса кішкентай сома Марс бетінде өскен гүлдерге тапсырыс беріп алдыртуға жетпеген соң, жастар несие алуға бел буды... Басқа бір жастармен жаңадан ашылған «Жас Пысық Монг Инвест» банкінің Ионг есімді менеджері – «Тек біздің депозит қана сіздің арманыңызды орындайды!» деп Ниді сендірді. Ни осы несиеге Пакты да сендірді. Бірақ бұл адал банк па, әлде алаяқ банк па, оны келесі бөлімде көресіз. Жалғасы бар...

–       Эфирде «Өнерлі қарттар жиналысы» шоуы. Өнерге махаббат және музыкаға билеу қабілеті жасқа қарамайды!!! Біздің шоуда тек қана 90 жастан асқан қариялар мен кейуаналар бас қосады және олар жұп-жұпқа бөлініп, ретро-вальсті билейді. Бірақ жұпты таңдаған кезде қарттар арасындағы қарым-қатынас 89 сағат бойы талқыланады, студиядағы әр кейіпкеріміз өз ойын толық білдіруге құқылы. Алдыңғы шығарылымда 92 жасар Елдос ата 96 жасар Айзада әжені вальс билеуге шақырды. Келесі шығарылымды жіберіп алмаңыз!..

–       Эфирде «Ичирим» үнді телехикаясының 89-шы сезонының 1222-ші бөлімі. Өткен бөлімде: Ичирим есімді аспаз-келін өзінің енесіне 48 925 тоқаш пісіріп беріпті. Алайда бір ғана тоқаштың дәмін жақтырмай қалған енесі оны үйден қуып жіберіпті. Ичирим тоқашты мінсіз дайындауды үйрене ме, әлде сол үйден төркініне 52-ші мәрте кетіп қала ма?! Жалғасы бар...

–       Эфирде «Миды қосайық» әлеуметтік бағдарламасы! Семейде түсірілген тик-токта әлемдегі ең сирек марал түрі бейнеге кездейсоқ түсіп қалыпты. Алматыда түсірілген тик-токта ең сирек барыс бейнеге кездейсоқ түсіп қалыпты. Ақтауда түсірілген тик-токта ең сирек итбалық бейнеге кездейсоқ түсіп қалыпты. Қостанайда түсірілген тик-токқа ең сирек фламинго құсы бейнеге кездейсоқ түсіп қалыпты. Бірақ жергілікті депутаттар сол бейнелердің «кездейсоқ» түсірілгеніне күмәнмен қарап, тик-токерлердің еліміздің табиғи қорықтарына емін-еркін кіріп-шығуын тоқтату туралы заң жобасын ұсынды. Естеріңізге сала кетейік, былтыр – яғни 2040 жылы – еліміздің белгілі тик-токері 12 жасар Жанна Фешн экология басқармасының ақпарат қызметіне орналасқан-тұғын. Содан бері қорықтарда браконьерлерден гөрі тик-токерлердің саны көбейіп кетті... Бір жағынан, браконьерлер саны азайды, екінші жағынан тик-токерлер жаяу жүріп бұталар мен майда ағаштарды аяқтарымен байқаусызда таптап тастады. Студиямыздың сарапшылары келесідей – биолог-профессор атанған 15 жасар вундеркинд, психиатр-профессор атанған 14 жасар вундеркинд, табиғат қорғау аға инспекторы атанған 18 жасар вундеркинд, заң профессоры атанған 16 жасар вундеркинд, экология магистрі атанған 15 жасар вундеркинд және бір топ тик-токерлер – солардың құрдастары... Және – мен – тележүргізуші әрі олардың сынып жетекшісі – Ләззат Ақылжанқызы... Осы бағдарламадан соң, балалар, алгебрадан бақылау тесті болады!..  

 – Эфирде «Биология – менің мұратым» атты қазақ телехикаясының 1-ші сезонының 798-ші бөлімі! Аймақсары ауылының Ержан есімді тұрғыны – биология ғылымының докторы – өз бақшасына әлемдегі ең сирек Швайнлепзер атты пияз сортының бір ғана данасын тәжірибе ретінде егіпті. Ол пияз Қызыл Кітапқа енгендіктен халықаралық экологтар ұйымы (сол ұйымның төрайымы – оның Самал Сейітқұлқызы есімді қайын енесі – Сорбоннадағы биология профессоры – екен) сол пиязды тәркілеп алыпты. Қазір ең сирек пияз иесі өз құқығын халықаралық сотта қорғауға көшті, себебі Ержан, расында да, сол пиязды өз ақшасына Голландиядан заңды түрде сатып алыпты. Ол сирек пияз Аймақсары ауылында қалады ма, әлде Прагадағы ең сирек пияздар мұражайына барады ма? Оны келесі түсірілімде көресіз... Жалғасы бар...

–       Эфирде «Роботтар әні» шоуы! Бүгінгі ­шоуда әр елде жасалған роботтар ән айтудан жарысқа түседі. Жюриде отырған – киборгтар. Залда отырған – ­жасанды интеллект компьютерлері!!! Құрметті көрермен, сіздерге ұнаған робот-әншіге сіз онлайн дауыс бере аласыз. Соңғы он жыл бойы – яғни 2031 жылдан бері, телевизиядағы ­фонограмма мен плагиатқа мүлде тыйым салығандықтан, біз бағдарламамызға адам-әншілерді ­содан бері шақырмай қалған едік. Сонымен, мен жүргізуші – интеллектуалды калькюлятор – Айдар-7, осы шоуды ­бастаймын!!!

Батырбек ҮРІСТЕМБЕКОВ

 

757 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы