• Әдебиет
  • 11 Тамыз, 2021

Брендке айналған бір ауыз сөз

(«Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай, «Хабар», Оңтүстік Қазақстаннан...»)

Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай... Танымал телерепортер мен әбжіл телеоператордың әрбір сюжетінен кейін есімдерінің қосақталып таныстырылуы нағыз үйлесімнің үлгісі еді. Қазақы атау, қазақы ататек... Құлаққа сондай жылы естіледі. Жылы естілгенің не, сол құлағыңның құрышын қандырып-ақ жібереді. Бірақ Оңтүстіктің самалындай жайлы. Кең даланы көз алдыңа әкеледі. Кеудеңе сәуле құяды. Рух дарытады. Өр дауыс. Қоңыр үн. Ұлт мінезі. Жұрт болмысы. Ел тынысы. Бәрі-бәрі осы бір ауыз сөзге сыйып кетеді. Қоңыр үнімен қазақ даласын аялап тұрар еді Қалекем!

Телесюжетте ұлттық реңк болуы керек. Өйткені ақпарат – Қазақ еліне ұсынылатын рухани өнім. Шынында да, нағыз ұлттық бояудың иісі аңқып тұратын телесюжеттерді бір кезде «Хабардың» Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Қалыбек Атжан жасады. Дала қазағы мен қала қазағының бар ізгі қасиетін бойына жинақтаған, тау тұлғалы, дауысы жігерлі Қалекеңнің «Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай, «Хабар», Оңтүстік Қазақстаннан» деп күркіретіп аяқтайтын екпінді үні күллі жұрттың рухын оятатын. Кейін оның орнын басқан Ерсұлтан Әмірбек пен Әбдез Рахманұлы маман ретінде ешкімге есе жіберіп көрген жігіттер емес. Бірақ неге белгісіз, эфирде телеоператор Ағабек Қазанбайға қосақтап айтуға Қалыбек Атжанның ғана есімі үйлесетін секілді көрінетін. Себебі, жұрттың зердесінде солай жатталып қалды. Демек, осы күнгі «бренд» деп жүргеніміздің ұлттық үлгісі қазақ теледидарында солай жасалады екен ғой. Әнуарбек Байжанбаев туралы телехабарға қатысқан белгілі ақын Дүйсенбек Қанатбаев өз сөзін «Әнекеңнен кейін қазақ радиосына бір құдіретті дауыс жетпей тұр» деп тұжырымдап еді. Сол сияқты кейін Қалекең тілшілікті қойып, төрағалыққа кеткелі жақсының айбынын асырып, жаманның құтын қашырып, Оңтүстік жақтан арқырап шығатын арынды дауысты ел-жұрт сағынатын болған-ды...

 ***

Сол өр дауыстың иесі өмірден өтті. «Қалыбек Атжан, Ағабек Қазанбай» деген баршаға белгілі бренд тарихтың қойнауына кетті енді. Қалекеңнің ағайын-туыстарына, барлық әріптестерімізге және тарлан телеоператор Ағабек Қазанбайға көңіл айтамыз! Қош, Қалеке!

Бауыржан ОМАРҰЛЫ

 

1907 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы