• Қоғам
  • 11 Тамыз, 2021

Анасыз бала панасыз

Бауыр еті баласынан бас тартып, шырылдатып тастап кететін безбүйрек аналар жасаған жантүршігерлік жағдайлар өте көп. Балаларына мемлекет тарапынан берілген ақшасына тамақ әперудің орнына, өзінің құлқыны үшін ащы суға жұмсайтын аналардың саны артып келетіні өкінішті. Өмірінің жалғасы, отбасының қуанышы болған балапандарының көзін жәутеңдетіп қалай ғана тастап кетеді десеңізші?! Ащы суға сылқиып тойып алған ана балаларын ұрып-соғып, қыстың қақаған суығында далаға қуып жіберетін жағдайларын да естіп жағаңды ұстайсың. Балаларын «бақытым» демей «масыл болдың» деп жекіріп таяқтың астына алатындар да кездеседі. Аң екеш аңның өзі баласын қорғап, айбат шегеді. Адамнан мейірім қашқан ба? Тірі жетім атанған балалардың обалы кімге? Аналардың осындай әрекетке баруына кім кінәлі? «Қазақ бауырмал», «Қазақ балажан» деп кеуде керетін халықтың қыздарының мұндай қатыгездікке баруына не себеп? Бәлкім заңды қайта қатайту керек шығар?  

Қолыма еріксіз қалам алуыма себеп болған Жетісай ауданының тұрғыны алты баланың анасы Күмісай деген келіншектің тағдыры. Көп балалы ана тағдырдың қатал сыныны ұшырап 5 баласымен күйеуімен ажырасады. Жолдасы екеуінің сөзі жараспады. Оған себеп, Күмісайдың өзінің жағымсыз әрекеттері болды. Бала-шаға бағудың қамымен таң атқанан, күн батқанға дейін жұмыс істеп үйіне шаршап келгенде, балалары аш-жалаңаш, кір-қожалақ далада жүреді. Есіктен, төрге дейін үй шашылып жатады. Қазанды ашса тамақ та жоқ. Әйелі болса достарымен бірге ащы судың соңында жүреді. Күнделікті осындай көріністен шаршаған ер адам жүгін жинап кетеді. «Отбасының ұйытқысы әйел» деп дана қазақ халқымыз бекер айтпаса керек. Әйелдің ащы суға салынғаны отбасының күйреуіне келіп соғады. Тек отбасы ғана күйреп қоймайды, балалар да жетім қалады.

Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған безбүйрек ана қамауға алынды. Бұдан басқа Жетісай ПҚБ-нің тексеру барысында сотталған азаматша үйінде болмауы, шақыруға келмеуі, ішімдікке салынғаны анықталған.

Қазіргі таңда, Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде 233 сотталған азамат есепте тұрады. Оның ішінде 8 сотталған жазасы кейінге қалдырылғандар.

Солардың бірі 2018 жылы бөтеннің мүлкін жымқырды деген айыппен Күмісай Жетісай аудандық сотының қаулысымен бес жыл мерзімге бас бостандығынан айырылған болатын. Алайда сот отырысында аудандық сот қылмыскердің кәмелетке толмаған балалары барын ескеріп, ҚР Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес жазасын орындауды бес жыл мерзімге кейінге қалдырған болатын. Жазаны өтеу кейінге қалдырылған кезде, осы жазаның орындалуын ұйымдастыруды сотталған адамның тұрғылықты жеріндегі пробация қызметі жүзеге асырады. Ал, егер осы пробация қызметінің жүктеген міндетін орындамаған жағдайды, бас бостандығынан айрылады.

 Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұратын Күмісай жаза өтеу тәртібі мен шарттары түсіндірілгеніне қарамастан бірнеше рет, яғни әкімшілік жауапкершілікке тартылып, белгіленген уақытта үйінде болмай, прфилактикалық іс-шараларға қатысу үшін есеп беруге келмей, сот жүктеген міндеттерді орындамай жаза өтеу тәртібін қаскөйлікпен бұзғаны үшін және алдағы уақытта жаңадан қылмыс жасауының алдын алумен оның түзелу жолына түсуіне ықпал жасау мақсатында, пробация қызметінің ұсынысы қанағаттандырылып Күмісай есімді азаматшаның  жазасының кейінге қалдырудың күшін жойып бас бостандығынан айыру жазасына 5 жылға ауыстырылып, жазаны Қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемелерінде өтеу белгіленді.

– Бұл азаматша Жетісай аудандық пробация қызметінің есебіне алынған алғашқы күні-ақ, өзінің құқықтары мен міндеттері жайында және баладан бас тартса немесе баланы тәрбиелеуден жалтарған жағдайда, сотқа жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жою бойынша және сот үкiмiне сәйкес тағайындалған жерге жазасын өтеуге жiберу бойынша ұсыныс жолданылатыны ескертілген болатын. Жазасының орындалуын бақылау кезінде сотталған азаматшаға және оның балаларына пробация қызметі тарапынан бірнеше рет әлеуметтік көмектер көрсетілумен қатар, азық-түлік себеттері берілді. Алайда азаматша жаза өтеу барысында өзіне сотпен берілген мүмкіндікті тиісті деңгейде орындамай, асырауындағы балаларын қамқорлықпен тәрбиелеудің орнына, спирттік ішімдікке салынып, балаларын қараусыз қалдырып, жазасын өтеуден қасақана жалтарды. ­Сонымен қатар көп балалы ана ретінде мемлекет тарапынан тағайындалған ай сайын берілетін жәрдемақысын бас пайдасына жаратып, ішімдікке жұмсап отырған, – дейді Түркістан облысы ҚАЖ департаментіне қарасты Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің бастығы әділет капитаны Дилшат ­Назаров.

Сот жүктеген міндеттерді орындамай, жазадан қасақана жалтарғаны үшін Жетісай аудандық сотының қаулысымен іздеу жарияланып, нәтижесінде бас бостандығынан айрылып, қамауға алынып, пробация қызметімен аудандық сотқа жазаны өтеуді кейiнге қалдырудың күшін жою бойынша ұсыныс жолданылды. Сотталған азаматша жас балаларына қамқорлық жасамай бірнеше рет әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған, оның ішінде 2 рет спирттік ішімдік ішіп қоғамдық орында жүргені үшін шара қолданған болатын. Сотталған  осындай іс-әрекеттерінен кейін Жетісай ауданы әкімінің 2020 жылғы 28 шілдедегі қаулысымен кәмелетке толмаған 5 баласы әкесіне берілген, ал ең кішкентай 2019 жылы туылған ұлы Шымкент қаласының «Мамандандырылған бөбектер үйіне» орналастырылған.

Ананың жағдайы түзелмесе, ұрпақтың түзелуі қиын болатыны белгілі. Қалай болғанда да, безбүйрек ана, тастанды балалардың көбеюі қоғамның азғындауына әкеліп соғатыны сөзсіз. Анасының осындай жаман қылығын көріп өскен баланың тәрбиесі де өзгереді. Безбүйрек ананың балалары да анасының қателігін жасап жүрмесіне кім кепіл?! Сондықтан сіз болып, біз болып алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілсе нұр үстіне нұр болар еді.

Раушан НАРБЕК

 

643 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы