• Қоғам
  • 11 Тамыз, 2021

ТӘУЕЛСІЗДІК – ЕЛ ТІРЕГІ

«Видербург» неміс орталығы қоғамдық бірлестігі 1992 жылдан бері неміс мәдениетін жаңғырту, сақтау және дамыту, туған тілі мен дәстүрін, салттары мен әдет-ғұрыптарын оқып-үйрену, тағы басқа жұмыстарға қолдау көрсетіп, бірліксіз іс бітпейтінін дәлелдеп келеді. Бұл орталық мүшелері ел дамуы мен тыныштығына, бірлік пен берекенің артуына,  қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылықтың ­артуына бір кісідей атсалысуда. 

Қазақстандық немістердің «Қарт адамдар» клубы халық дәстүрлерін құнттайды. Оны жас ұрпаққа жеткізуді дәстүрге айналдырғандығын бүгінгі жас буын өте жақсы біледі. Көбіне ардагерлер сонау сұрапыл жылдардағы қазақ халқының өздеріне деген ілтипатын, достық пейілін жас ұрпақ санасына сіңіріп, жақсылыққа жақсылық жасау қажеттігін айтудан шаршаған емес. Қазақ халқының тілін білу, дәстүр-мәдениетін сыйлауды қалыптастыру да негізгі борышымыз деп, зор мақтанышпен айтады. Орталық мәдени және білім беру кешені, жастар клубы, еңбек армияшыларын қорғау қоры, әлеуметтік медициналық көмек, кеңес беру және аударма бөлімі сияқты бірнеше бөлімшеден тұрады.

Алматы облысындағы «Видербург» неміс орталығының жастары ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай түрлі шара өткізіп келеді. ­Береке мен бірлікті, татулық пен тұрақтылықты, достық пен ынтымақты насихаттап жүрген жалынды жастар  «Видербург» неміс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Бұрхан бұлақ таулы аймағында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Тәуелсіздік – ел тірегі!» облыстық ­форумы ұйымдастырылды. Бұрхан бұлақ — Орта Азиядағы ең ірі сарқырама. Ол Жетісу Алатауындағы көркем де қуатты Қора өзенінің аңғарында орналасқан. Ұзындығы 50 шақырым, су жиналатын алқабы 255 шаршы шақырым. ­Баурайында жайқалған шыршалар мен азиялық аршаның хош иісі мұндағы ылғалды ауаға пайдалы қасиеттер сыйлап, сарқырама маңын табиғи шипажайға айналдырады.  Бүгінде осы кереметті аңғарған саяхатшылар саны көбейіп, Бұрқан бұлақтың танымалдылығы жыл сайын еселеп артуда. Бұл Алматы облысындағы тұмса табиғаттың ерекше тартуы. Туған елдің сұлу табиғатын тамашалап қана қоймай, оны көпке насихаттау мақсатындағы шара өте жоғары деңгейде өтті.

Аталмыш шараға неміс орталығының 16 белсенді жасы қатысты. «Біз, тәуелсіз елдің жастарымыз» деген ұранды ұстанған жастар Бұрхан бұлақ аумағында тазалық акциясын өткізді. Мақсат – туған елдің табиғатын аялап, қоршаған ортаның тазалығын сақтап, кейінгі  буынға үлгі көрсету. Сол сияқты ерікті жастардың қатысуымен Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бағытталған викториналық және спорттық ойындар өтті.

Айдар НАЗАР

 

1058 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы