• Руханият
  • 11 Тамыз, 2021

РУХАНИЯТ ШАМШЫРАҒЫН КІМДЕР ЖАҒАДЫ?

Ауық-ауық әлем әдебиетіндегі жауһарларға көз жүгіртіп отыратын әдетіміз бар. Жуырда Лев Толстойдың мына сөзіне көзім түсті. «Ойын ойнау үшін қарын тоқ болу қажеттілігі түсінікті. Қоғамның әр мүшесі қарыны ашпаған кезде ғана өнерге ден қоя алады. Егер қоғам мүшелері тоқ болмаса, нағыз өнер өркен жаймақ емес. Салғырт өнер – кескінсіз, аш қоғамдағы өнер – дөрекілеу, өкінішті...».

Ойланып қалдым. Өйткені өзім куә болған мына оқиға жанымды жаралаған еді. Осы оқиға мен әлем әдебиетінің арыстаны айтқан ойдың арасынан бір байланыс іздегім келді. Қазір қой үстінде бозторғай ұялаған заман дейміз. Дегенмен...

Тыңдап көріңіз. Таяуда Түркістан облысындағы бір ауданның мектебінде болдық. Мектеп барлық ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған, ұстаздық жолында көңіліне түйген пікірлерін толғамды ойларымен толықтырып, жинақ жазып кеткен көшелі кісінің атында екен. Арнайы бөлмеде мектеп мұғалімдері мен оқушылары қаламгерлермен кездесу өткізді. Қарап отырмай,  «Жұлдыз», ­«Жалын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері ­туралы сөз қозғадым. Өйткені мектеп кітапханасынан осы басылымдар көзіме түспеді.

– «Жұлдыздар отбасы» журналы ма? – деп қалды мектеп директоры.

Өзі сондай сымбатты жан екен. Жүріс-тұрысы, өзін-өзі ұстауы, сөйлеу мәнері келісіп-ақ тұр.

– Жоқ, «Жұлдыз» журналын айтамын, – дедім.

Мұғалімдер бір-біріне қарады. «Ол қандай журнал еді?» деп бір-бірінен көздері арқылы сұрасып тұрғандарын аңғардық.

– Ал «Жалын» журналын білесіздер ме?

Мұғалімдер тағы да иығын қиқаңдатты. Біз бір-бірімізге қарастық. Содан кейін қос журналды  және аталған газеттерді  кезінде әдебиетіміздің алыптары басқарғанын айтып өттік. Бірақ «мұны білмегендеріңіз ұят емес пе?» дей алмадық. Тілімізді тістедік. Өйткені олар бізді аттай қалап шақырып, төріне отырғызған болатын. Асын ішіп отырып, текеметін тіліп кеткіміз келмеді. Дегенмен, көңілде, көкейде көп ой кетті. Өзегімізді өкініш өртеді.

Япыр-ай, қайда кетіп барамыз? Әлемді алапат апаттан әдебиет пен әдемілік құтқарады дейміз. Әдебиет қашан да ұлттық мәселе. Қай елдің әдебиеті мен мәдениеті, өнері мәуелі болса, сол елдің еңсесі тік, мәртебесі жоғары, шығар шыңы биік, өресі өрісті, еңбегі жемісті! Ендеше, әдебиет ұлттың ұлы қазынасы! Қазақтың кестелі де қасиетті көркем сөзі ежелден-ақ талайларды тамсандырған. Көркем сөз сұлулық пен сезімнің шеңберінде шектеліп қалмай, жаңашылдық жалынын лаулатып, философиялық ойлармен шендесіп жатады.  Қазақ сөз өнерімен есейіп, ержеткен халық. Сөз сиқырын терең меңгерген бабаларымыз терең толғаулы толғауларымен талай өршігелі тұрған өртті тұншықтырып, тоқтата білген. Құдіретті көркем сөз арқылы адамдардың жүрегіне жол тауып, қалыптасқан ойлар мен пікірлерді өзгерту арқылы пенделерді дұрыс жолға сала білген. Бүгінгі өскелең ұрпаққа даналықтың дәнін еге алмасақ, ертеңгі күніміз қараң болмай ма? Осыларды ойлап, тұнжырадық.

Денеміздің тітіркеніп, бойымызды белгісіз үрей билеп келе жатқаны бұл  ғана емес. Көптеген мектептерге барып жүрміз. Алдымыздан мұғалімдер шуылдап шығады. Айтатындары бір сөз. Уәждері де осы. Қазақстан Республикасының «Мұғалімдердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес қандай да бір басылымға күштеп жаздыруға болмайды! Бітті! Үзілді-кесілді қарсылық бұл! Тіпті өздеріне керекті төл басылымдары болсын, керек етпей ме, жазылмайды. Сонда олар білімдерін қалай жетілдіреді? Жаңалықтарды қайдан алады?  Япыр-ай, қатардағы мұғалімді қойып, мектеп басшысы әдебиетіміздің басты басылымдарының атауын білмесе, олар қандай шәкірт тәрбиелеп шығарады? Мәңгүрт мұғалімнен салғырт шәкірт шығады емес пе?

Бір ойды бір ой қозғайды. Бүгінде мұғалім дегендеріңіз министрдің өзінен кем шіренбейді. Сенбесеңіз, әлеуметтік желілерге үңіліп көріңіз. Министрдің өзің ашық пікірсайысқа (мұны енді пікірсайыстан көрі ашық айқас деуге келеді)  шақырған мұғалімде қандай әдептілік, мәдениеттілік бар? Осы мұғалімдеріміз ұрпаққа өнеге-үлгі көрсетуге келгенде және кейіншектейді. «Ойбай, бізді сенбілікке шығаруға болмайды!», «Ойбай, бізді театрға күштеп апаруға болмайды!», «Ойбай, бізге көше аралауға болмайды!». Бұл неткен таусылмайтын «ойбай»? Ойбайлағандардың оңғаны қане? Қолына кетпен-күрек алып, шәкірттеріне үлгі көрсете алмаса, еңбекке, көпшілік ісіне баулымаса, осы арқылы оларды өзімшілдікке, еріншектікке тәрбиелесе, мұндай мұғалімнен не күтуге болады? Театрға барып, жан дүниесін байыта алмаған ұстаз шәкірттеріне жүрек жылуын дарыта алар ма? Туған өлкенің табиғатына оқушыларын  алып шығып, бай мұрамыз бен киелі орындарымызды көрсетпеген, насихаттамаған мұғалімнен отаншылдық рух табылар ма? Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жан-жануарға мейірімін көрмеген, кішкентайынан табиғатты аялауға дағдыланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мәселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада» демеп пе еді? Бұл ұстаздарға да тікелей қатысты. Ағаш егуді, табиғатты аялауды бала бойына сіңіру тікелей мұғалімнің міндеті. Күні кеше емес пе еді, көшеде мұғалім келе жатса, үлкендердің өздері олардың алдында иіліп сәлем беріп тұратыны. Ешкім танымайтын, ешкімге керегі жоқ мұғалім мектепке керек пе? Осындай сан сауалдар жүрек сыздатады. Ал біздің қоғамның қозғаушы күші болады деген ұстаздарымыз жалқаулықтың жетегінде кетіп бара жатқан секілді. Қазір оларға мектепке барып, төбе көрсеткендерінің өзі міндет.

Басқаны білмедік, Түркістан облысының барлық қалалары мен ­аудандары, ауылдарында болып жүрміз, көптеген кітапханаларда жоғарыда аты аталған басылымдар мүлдем жоқ. Мұның мәнісін сұрастырсақ, «қаржы жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртеді. Әншейінде түрлі керекті-керексіз шараларға миллиондап теңге бөлдіретін әкімдіктегілер руханият үшін болмашы қаржыға неге тарылады екен деп күйінесіз.

Османлы халифатының ІІІ Осман (һижри 1171/ 1775) және ІІІ Мұстафаның (һижри 1187/ 1774) бас уәзірі Рағып паша  аса ірі мемлекет қайраткері әрі парасатты кісі болған екен. Сонымен қатар ол османлы диуан әдебиетінің жарқын тұлғалары санатына кірген. Өлеңді үш тілде еркін жаза біліпті.

Рағып паша кітапхананың таза әрі мұқият ұсталуына үлкен көңіл бөлген. Өзі де кітапхананы жиі аралап тұрыпты. Кітапхана күтіміне ­арнайы маман тағайындаған. Зерттеушілер кітапханада 1173 қолжазба сақтаулы тұрғанын ­жазады. Әрине, кітаптардан бөлек. Белгілі ақын, жазушы, публицист Сүлеймен Назиф бір келгенінде кітапхана жөнінде: «Уа, оқырман! Ыстамбұлдың ­немесе басқа жердің тұрғыны. Қай жерден болғаның маңызды емес. Егер Рағып пашаның кітапханасында болмасаң, егер сол жерде бірнеше сағат көз жүгіртіп бақылап, айрықша сезімге бөленіп, уақыт өткізбесең, біліп қой, сен бұл керемет аймаққа бөтен һәм надан адамсың» деп жазып кетеді. Ал бұл сөз Ыстамбұлдың Фарих шағынауданындағы кітапхана маңдайшасында күні бүгінге дейін ілінулі тұр. Сәулетті де кітап қоры бай оқу залына  Ыстамбұлға келген саяхатшылар күні бүгін де толассыз келіп жатыр.

Біз осыларды екшегенде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасынан басқа руханият ошағын еске түсіре алмадық. Бұл жерде мәдениет үйлері, кітапханалар салынбай жатыр дегіміз келіп отырған жоқ. Салынуын салынып жатыр, бірақ бұл жерде әкімдердің руханият әлеміне деген көзқарасы әлі де кемшін екенін еске салғымыз келеді. Айталық, кітапханаларға әдеби басылымдарды жаздыру жағына келгенде қаржының жетіспей қалатыны осы сөзіміздің айғағы. Аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қоялық, көптеген кітапханашылар «неге сіздерде мынадай журнал, газет жоқ» деп сұрағанымызда қаржының жоқтығын айтып ақталды. Руханиятқа бөлінбеген қаржы қайда бөлінбек?

Бүгінгі көтерілер басты мәселенің бірі – кітапханашылардың айлық жалақысы. Олардың көпшілігі әзер шыдап жүр. Кітапханашы деген мамандығы бар адамды бүгінде басқа мекемелер маңайларына жолатпайды. Мұғалімдер уыстап теңге алып жатқанда шайлығына жетпейтін айлық алатын кітапханашылар мұңайып қалады. Мұңайып отырған маманның жұмысы маңдымайды. Ендеше тиісті орындардың осы жағына да көңіл бөлуі керек-ақ. Кітапханашылар: «мынадай-мынадай газет-журналдар бар, мұғалімдер үшін өте керек» деп мектеп басшыларына айтып отырса, жоғарыдағыдай дүмбілез директорлар болмас па еді? Бірақ кітапханашылар қойдан жуас, ­жусаннан аласа, бетегеден биік. Өйткені басшыларға әлдене дей қойсыншы, болмашы қаржысы бар жұмысынан қуып шықсын. Директорға ақыл үйрететін ол кім тағы?

2018 жылы Алматыда «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Халықаралық қазақ ПЕН клубының ұйымдастыруымен «Құбылмалы әлемдегі әдебиеттің рөлі» тақырыбында жазушылардың І халықаралық форумы өтті. Осы форумда Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет: «Бір парадокс бар: Қоғам байыған сайын рухани аштық үдей түседі. Сондықтан тоқ қоғамда жүріп рухани аштыққа ұшырамас үшін, жазылған һәм жазылмаған рухани қазыналарымызды жойып алмау үшін асыл Сөзді қадірлейік, көркем Сөздің құнын түсіріп алмай, көздің қарашығыңдай қорғап, арымызды сақтағандай ардақтай білейік. Сөздің оты сөнбесін! Сөз, тіл алдындағы жауапкершілікті ұмытпасақ болды» деді.

Сөздің отын сөндірмеудің жолы қайсы? Әрине, баланың бойына бармақтай кезінен сөз құдіретін сіңіре білгенде ғана өшпейді. Ал соны жас өркеннің бойына дарытады деген ұлағатты ұстаздар, руханият шамшырақтары салғырттық танытып, ұзын арқан, кең тұсауға салынып, бойкүйездене берсе болашағымыз бұлыңғырлана түспек.

Білім ошақтарындағы, руханият орталықтарындағы осындай жағдайлар еске түскен сайын бойымда қыраулы қыс ызғары жүгіріп өтеді. Күнделікті күйбең тірліктен бір сәт арылып, ертеңімізге көз жүгіртуіміз керек-ақ. «Жоқ-жоқ» дей берген жоғалады, «бар» деген байлыққа кезігеді. Бірді екеу ете алмай мұрындарынан шаншылып жүрген биліктегілер осы айтқандарымызға бір сәт ой жүгіртсе, бәлкім, руханияттың өлімсіреп, өшкелі тұрған шамы қайтадан маздар?

Менің айтпағым осы еді.

Сабырбек ОЛЖАБАЙ,

Қазақстан Жазушылар және

Журналистер одағының мүшесі

1926 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы