• Тұлға
  • 11 Тамыз, 2021

ЗИЯЛЫЛЫҚТЫҢ ЛЕБІ

Қай қызмет орнына барса да гүлдендіріп, құлпыртып жіберетін жандар болады. Ол орын үлкен не шағын болсын, іскер де қабілетті жан қиуадан қиыстырып, орайын тауып, елеусіз жерден үлкен сатыға көтереді. Бітім-жаратылысы кең де дарқан, көпшілікпен ортақ тіл табыса білетін ондай жандар төңірегіне шапағатын шашып, елді қаумалап, қызықты ортаға айналдырады. Жүрегі жұмсақ жан өзгелерге жақсылық жасаудан жалықпайды. Үнемі күлімсіреп жүріп, айналасындағыларды шаттыққа бөлейді. Оңтүстік өлкесі журналистер қауымының ақсақал ұстазына айналған, қоғам қайраткері Байдулла Қонысбековті сондай жандардың қатарына жатқызар едім. «Дарақ бір жерде көгереді» десек, Байекең жарты ғасырдан астам ғұмырын облыстағы бұқаралық ақпарат құралдарының өркендеп-өсуіне арнаған екен. Топ бастаған серкедей небір бастамалардың көшбасшысы болып, жоқтан бар жасаған, нардың жүгін көтерген нағыз азамат.

     1989 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен экономикалық және әлеуметтік жағынан артта қалған республикадағы отыз ауданда жергілікті радио хабарын тарататын редакция ашылып, Оңтүстіктегі үш аудан мен қала редакциялары облыстық телерадио комитетінің қарамағына енді. Ол редакцияларға кадр дайындау, арнайы құрал-жабдықпен қамту мәселесімен Байдулла Қонысбековтің өзі айналысты. Созақ ауданына әуелі орынбасары Жеңіс Бақадұрды жіберіп, артынан өзі келіп, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Досыбай Шерімқұловтың қабылдауында болып,  аудандық газеттің ­жауапты хатшысы болып жүрген жерімнен жаңа қызметке қалап алған еді. Бұрын атына сырттай қанық Байекеңді аудандық партия комитеті басшысының кабинетінде кездестірген болатынмын. Жаңадан құрылған орынға басқа адамды дайындап қойған жерінен менің кандидатурамды қолдап, тағайындап кетті. Қыстың суық күндері «66» нөмерлі көне «Волга» көлігімен Созаққа барып, екеуміздің жүзбе-жүз кездесуіміз, ол кісінің жайдары да байсалды сөздері өміріме үлкен бетбұрыс жасады. Бұрынғы Алғабас ауданы (қазіргі Бәйдібек) және Қызылқұм (қазіргі Отырар) ауданында да аудандық радио хабары редакцияларының жауапты редакторлығына Талғат Орманов пен Оразбай Мұратовтарды да өзі таңдады. Бізді әуелі Алматыдағы республикалық телерадио комитетінде арнайы оқу курсынан өткізіп, радио хабарының қалай жасалатыны, монтаждау мен эфирге беру, өзге де қыр-сыры туралы байырғы радио журналистерінің дәрісін тыңдадық. Қаратау қаласында өткен телерадио журналистерінің республикалық семинарына қатыстық. Ол кезде республикалық телерадио комитетінің төрағасы ұлтжанды азамат, көрнекті сыншы Сағат Әшімбаевтың семинарда жігерімізді қайрап, шабыттандырған сөзі есімде қалыпты. Осы журналистер жиынына аудандарда жаңадан ашылған радио хабары редакцияларының қызметкерлерін толық қамту мәселесі мықтап тапсырылса керек, Байдулла Қонысбековтің өзі қарсы алып, қонақ үйге жайғастырып жүргенінен кісілігі жоқ, қарапайым жан екеніне көзім жетті. Созақта ашылған радио хабары редакциясында Ақтолқын Тәкібаева – журналист, Сандуғаш Саттарова – диктор болып, аудандық байланыс бөлімінің үшінші қабатынан бөлінген екі бөлмелі жайда жұмысқа құлшына кірістік. Жетісіне үш мезгіл жарты сағаттан кешкілік мезгілде «Шолаққорғаннан сөйлеп тұрмыз!» деп бастап, аудандағы жаңалықтарды үзбей беріп тұрдық. Ол кезде аудандағы он шаруашылықта науқандық жұмыстар қызу жүріп жататын. Аудан және мекеме басшыларын, шаруашылық жетекшілерін, әр сала мамандарын сөйлетіп, өнер иелерінің орындауында ән-күй беретінбіз. Хабарға бөлінген жарты сағат жетпей қалып, қырық бес минут, кейде бір сағатқа созылып кететін. Күнделікті хабарды тартымды ету үшін аудан тарихынан, руханият саласынан бөлек-бөлек хабар дайындаған кезіміз аз болмады.  Ол кезде әрбір үйде де, көшеде де  шағын радио сөйлеп тұратын. Ұшқыр да жылдам хабар жеткізетін, ән мен күйі үзілмейтін радиоға елдің ықыласы ерекше болатын. Әр айдың басында Шымкентке келіп, облыстық телерадио комитетіне радио эфирінен өткен материалдарды тапсырып, атқарған ісіміз туралы есеп беретінбіз. Байдулла ағамызға сәлем беріп, емін-еркін әңгімелесіп шығатынбыз. Ол кісі бастықтан көрі жанашыр жандай жағдайымызды сұрап, іштартып сөйлесетін. Қай бағытта жұмыс істеу керектігі, ақпараттан бөлек халыққа қажетті тақырыпты кеңінен қамту, хабардың мазмұнын түрлендіру туралы әңгімесінен өмірден көкейге түйгені мол тәжірибелі маман екені сезіліп тұратын. Байекеңнің облыстағы беделін пайдаланып, жеке шаруамызға пайдаланған кезіміз де болды. Вагив деген бухгалтерінен айлығымызды алып, базар базарлап, Шымкентке әр келген сайын бойымызға күш-қайрат жинап қайтатынбыз. Ауылға келген соң ісімізге құлшына кірісіп, айдың қалай өткенін сезбей қалушы едік. ­Осылайша, жастық шақта журналистік қызметтің қызығымен жүргенде уақыт та тез өтіп, бұрынғы кеңестік жүйе ыдыраған тоқырау жылдары қаржылық қиындықтарға байланысты аудандық радио хабары редакциясы жабылып қалды. Аудандық теледидар хабарын тарату редакциясын ашып, жұмысымызды жалғастырудың қам-қаракетін жасадық. Аудандық телестансаның бастығы Дәдехан Ташбаев екеуміз қарапайым бейнежүйемен құрастырып, алғашқы хабарларды эфирден бердік. Осы телерадио саласында еңбек жолымды жалғастыруыма Байдулла ағамыздың ықпал-көмегі зор болды. Байекең облыстағы талай жас журналистердің ақылшы-ұстазы, еңбек жолын бастаған жастар қаламының ұшталып, елге танымал болуына ықпал еткен жан. Солардың бірі – Талғат Орманов кейіннен Байекеңнің қарамағында облыстық телерадио комитетінің Бәйдібек және Созақ ауданындағы тілшісі қызметін атқарды. Облыста «Дөңгеленген дүние» атты тәуелсіз газет ашып, қиын-қыстау кезде біраз жанға жұмыс тауып беріп, шаруасын дөңгелетті. Талай күндерді бірге өткізген ­талантты журналист Талғат індет жайлаған жылы өмірден өтіп кетті.    

Байекеңнің Оңтүстік өлкесіне қуатты ақпарат құралы – теледидар хабарын өмірге әкелуі ерлікпен пара-пар үлкен игілікті ­шаруа болғанын жұртшылық жақсы біледі. 1989 жылы Қызылорда мен Семей жұрты көгілдір экранды көріп үлгергенде Оңтүстік халқы үшін радиодан ғана хабар тыңдау аздық ететінін түсінген Байдулла Қонысбеков батыл іске кірісіп, облыс басшыларының алдына мәселе қойды. Телеорталық жобасын жасайтын Өзбекстандағы институтқа тапсырыс берілді. Үш қабатты жайдың макеті жасалып, екі айда дайын болды. Оңтүстікте телеарна ашу үшін сол кезде 3 млн сом қажет еді. Жылжымалы телестанция құны да аз емес – 1 млн сом. Жанкешті еңбектің арқасында 1990 жылы телерадиокомитет түрлі-түсті ақпарат таратушы телеарнаға айналып шықты. Ұлтымыздың төл арнасы – Ұлттық арнаның негізінде сәтті кезеңді сабақтаған облыстық телеарнада Байекең 26 жылын арнады. Болашаққа ­деген сенім, халыққа деген ықылас, елге деген жанашырлық, бұқаралық ақпараттың визуалды құралы «Оңтүстік» телеарнасы тарих бетіне осылай шықты.

Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы тоқырау кезінде Байекең басқарған телерадио комитеті де қиындықты бастан өткерді. Төрағаның айлық жалақысы бес мың тенге, ол да уақытылы тимейді. Мөр ұстап, машина мінгені болмаса, көшеде бензин сатқандардың не базарда сауда жасағандардың жағдайы әлдеқайда тәуір болды. Сөз қадірі кеткен сол бір қиын кезде жүрегі журналистика деп соққан Байекең кәсібін тастап кетпеді. Барлық биліктің ішіндегі қоғамға жақыны әрі халықтың сөзін сөйлеуге бейімі – баспасөз екенін жақсы сезінді. Ақпарат құралдары демократияның шыңына шығып кетпесе де шындықты айтудан тайсалмады. 

...Одан кейінгі өмір жолым Созақтан шыққан қаламгер ағалардың ізімен үлкен мәдениет ордасы Алматы қаласында жалғасты. Қалалық «Алматы ақшамы» газетінде журналистік еңбек жолымды жалғастырдым. Созақтағы өмір босқа кетпеді, құнды тарихи деректер жазған кітаптарыма арқау болды. Еңбек демалысымда ауылға жол тартып, жолшыбай Шымкентке соғып, көңілдегі ағалардың бірі – Байдулла Қонысбековке сәлем беріп әңгімелесіп, көңілді демдеп қайтатынмын. Байекең қашанда жайдары қалпымен қарсы алып, іштартып сөйлеседі. Мені көргенде орнынан тұрып құшақтай алған сәті жаныма шуақ құятын. Кейіннен «Оңтүстік Қазақстан» газеті редакторының бірінші орынбасары қызметінде жүргенде де өзінің теледидарда бастаған «Бетпе-бет» авторлық бағдарламасын жалғастырды. Алдына үлкен мақсат қойған ағаның қолға алған ісін соңына дейін жеткізуге деген талпынысын байқадым. «Бетпе-бет» Байекеңнің қолтума авторлық бағдарламасы алғашында облыс басшысы С.Терещенкодан басталып, елге танымал басшы, зиялы қауым өклідерімен жалғасқан сұхбат, еркін әңгіме бағытында өрбіп, елдік мәселелердің кеңінен қамтылуымен көрерменнің көңілінен шықты. Оңтүстік теледидарында экранға жол тартқан бағдарлама өмірге келген кезде «Хабар» телеарнасында берілген «Бетпе-беттің» де, «Хабардың» да жұрнағы жоқ еді.  Елге танымал азаматтармен жүргізген сұхбаттарының басын құраған «Бетпе-бет» кітабына қолтаңба жазып сыйлаған еді. «Қарапайымдығымен, елге сүйкімді мінезімен, тәңірім тарту еткен тамаша талантымен абыройын асқақтатып жүрген інім Өтешке, ағалық ыстық ықыласпен Байдулла. 16 наурыз, 2005 жыл. Шымкент қаласы». Байекеңнің бұдан да бөлек әр жылдары «Биік мұрат», «Ұрпаққа ұлағат», «Асыл жүрек», «Алуан-алуан жүрек бар» атты кітаптары жарық көрді.

Жақсы жанға қай жерде де орын бар. Байдулла Қонысбеков «Аталар сөзі» газетіне редактор болған кезде де басылымның мазмұнын құлпыртып, сауатты авторлар тартып, таралым санын көтерді. Зейнет жасына шыққанда да облыстық Әділет департаментінің шақыруымен баспасөзбен байланыс қызметін қолға алып, бұл іске де серпін берді.

«Бейнелеп айтсақ, Қонысбектің беделі де, болмысы мен табиғаты да жапырақтары жайқалып, бұтақтары кең жайылған, саясы мол, төбесі көк тіреп, тамырлары қара жердің қыртысына терең бойлап кеткен алып бәйтерекке ұқсас. Қадір-қасиеті демекші, орайы келгенде айта кетейін, ол кісіде мынау жақын, мынау жат деп алалау жоқ. Басқасын былай қойғанда, кәдімгі қарым-қатынастың өзінде зиялылықтың лебі есіп тұрады. Көп жұрттың оған аға тұтып келетіні де содан ғой. Көпшіл, ақжарқын, кеңпейіл, барша жұртты өзіне тең көреді, кісімсу жоқ, бәлсіну жоқ, бедел көрсету жоқ. Қарапайым, жатық. Мейлі танысын, мейлі танымасын, кімге де болса қолұшын беруге даяр. Қай кезде де ізгі пейіл танытып, іштартып тұрады. Әдетте сырт көзге жұмысбастылығын онша сездірмейтіні бар. Ал, енді облыстың рухани өмірін Қонысбековсіз көзге елестету қиын» деген жазушы Жәлел Кеттебековтің сөзі есіме түседі.

Байдулла Қонысбековті облыстық партия комитеті қызметке шақырып, шенеулік шекпенін жамылған кезі де болыпты. Партияның абыройы асқақтап тұрған кезінде лауазымды ортаға судай сіңіп, тастай батып кетермін деген ойы да болса керек. Бірақ ол ойы ақталмады. Қасқырдың орманға қарап ұлығаны секілді, бұрынғы қаламгерлердің ортасына аңсары ауды да тұрды. Өзінің о баста өлшеп-пішкен тағдырынан алшақ кетуге болмайтынын осылай ұққан еді. Әрі-сәрі күй кешіп жүргенде облыстық телерадио комитетінің бастығы басқа қызметке ауысып, ұйымдастырушылық қабілетімен, іскерлігімен танылған Байекең осы орынға қуана келген еді. Мұнда да дайын шаруаға тап болған жоқ, кәсіптік негізде жұмыс істейтін облыстық телерадио жүйесін өз қолымен құруға тура келді. Тоқсаныншы жылдардың басында экранға әртістер мен асабаларды шақырып, жалпы динамизмді күшейту арқылы экранның эмоциялық қуатын арттыруды көздеген кезі де болыпты. Бірақ сыртқы әсерге еліктеуден өнер тумайтыны, эфирдегі басты фактор ойлылық екенін уақыт көрсетті. Жасы елуге келгенде әсірешілдіктен гөрі өмірді образдар арқылы танып-білуге ден қойды. Күніне шаштараздың алдынан көптеген бас өтеді, оның қандай адам екенінде шаштараздың шаруасы жоқ, шашына қарап бағалайды. Шығармашылық адамы шашына қарап емес, оның басындағы миының қабілетіне қарап бағалайды.

Бір қоғамдық құрылыстың ыдырап, екіншісіне ауысқан тоқсаныншы жылдардың басынан бастап, жұмыссыздық жаппай белең алған тұста Шымкенттен газеттер қаптап шыққанын жұртшылық жақсы біледі. Тіпті журналистикамен күйіс-түйісі жоқ жандар да жауапкершілігі шектеулі серіктестік ашып алып, газет шығарды. Газет-журнал шығару жағынан Шымкент елімізде көш бас­тады. Оқырман талғамының ала-құлалығын пайдаланған баспагерлер қиын-қыстау кезде біраз пайда да тапты. Өсек-аяң, арзан жеңіл-желпі тақырыпты қозғаған, сенсация қуып, сергелдеңге түскен, белгілі бір кландардың қолшоқпарына айналған басылымдардың алғашқыда жолы да болды. Газет пен газеттің айтысуы күндес қатындардың бір-біріне шаптығуы, соттасу сияқты келеңсіз жайттар да орын алды. «Өзімізді өзіміз жерден алып, жерге салып жатқанда не ұтамыз? «Журналис­тер деген осындай халық, бұларға сеніп те, қасына еріп те болмайды» деген оқырманның табасына қаламыз» деп Байекеңнің үлкендік сөзін айтқан кезі де болды. Бірақ нарықтың қатаң талабы мен оқырман талғамының ­артуынан сол қаптаған басылымдардың өзіндік бет-бағдарын айқындап алғаны, мықты журналистер еңбек ететіні ғана ғұмырын жалғастырып, қалғаны шетінен жабылып жатты. Журналистердің нарық заңына бейімделуі, бауырластық пен ынтымақтастық, сыпайы бәсекелестік белең алып, ұсақ тірліктен көрі елдік мәселелерге қалам тарту, халықтың әл-ауқатын арттыруға талпыну үрдістері байқалды. Облыстық журналистер қауымының атынан облыс басшысының алдына өңірдегі біртұтас ақпарат жүйесін сақтау, аудан-ауданға, өзге де құрылымдарға бөлшектеп әкетуден сақтау, ең бастысы – журналистердің кәсіптік дәрежесін көтеру сияқты көкейкесті мәселелерді қойған кезі де болды. Баспасөздің дәрменсіз болуына екі нәрсе – заңды түрде реттеудің болмауынан мықтылардың пайдасына шешіліп кетуі, екінші – қаржы мәселесі. Қаржыға келгенде атқару органдарына тәуелді. Таралымы көп газеттер батыл болады. Баспасөзді кіріптарлықтан құтқаратын күш – оқырманның қолында екенін ұмытпау керек. Нарық – бәсекелестік, қажымай-талмай іздену мен алға ұмтылудан тұрады. Бұл Байекеңнің экранның арғы жағынан емес, бергі жағынан, адамгершіл кәсіп иесі ретінде айтқан сөзі еді. 

Байекең о баста журналистиканы жүрегімен таңдап алған жан. Үш жыл бойы қатарынан барып, оқуға түсе алмай жүріп, 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университеті филология факультетінің журналистика бөліміне қабылданды. Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде алғашқы еңбек жолын бастағанда уақытпен санасу дегенді білмейтін, таңға дейін телетайптан хабар күтіп отыратын ұйқысыз түндерді бастан өткерсе де, жүрек қалауымен таңдаған қызметтің қызығын жүрегімен сезіне білді. Тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы қызметтерін он тоғыз жылы бойы табан аудармай атқарды.          

...Арадағы біраз үзілістен кейін 2020 жылдың қараша айында «Манкент» шипажайында ­Байдулла ағамен жолығып қалдым. Қасында елге танымал қаламгер ағамыз Мархабат Байғұт бар. «Біреуіңіз соғыс басталғанда, екіншіңіз аяқталғанда, одан бөлек мектепте жаңа оқу жылы басталып, аяқталғанда дүниеге келген ағаларға сәлем бердік!» деп қалжыңдап жатырмын. Байекең сол баяғы жайдары қалпында бұрынғы сыралғы жақын жандай жағдайымды сұрап, өткен-кеткенді еске алып, әңгіме-дүкен құрып жүрдік. «Жалғыз-жарым жүруге денсаулығымнан қорқатын болдым. Әкем марқұм елу жеті жасында жүректен қайтып еді. Мен де осы кезге дейін жүрегіме екі рет ота жасаттым. Ендігі жерде қанша өмір сүретінім бір Аллаға ғана мәлім. Қартайған сайын өмір тәтті болып барады ма деп қалдым. Мархабатқа серіктесіп, шипажайға дем алуға, ем алуға келген жайымыз бар» деп Байекең көңілдегі сөзін айтты. Байекеңнің шипажайдағы демалыс мерзімі біткенше шүйіркелесіп сөйлесіп жүрдік. Одан кейін Шымкент қаласының орталығында Сүгір күйшіге еңселі ескерткіштің ашылу салтанатында жолықтық.

– Құдайға шүкір, үшінші мыңжылдықты көріп отырмыз. Болашақта журналистер үлкен биіктерден көрінеді. Олар қоғамның алдыңғы шебіндігі қозғаушы күш болуға тиіс. Олар шындықты айтатын, бүкіл ел, халық алдында төрелік айтатын тұлғаға айналады. Олар биікке шығып, билік басындағылар аяғын тартып, санасатын, сыйлайтын болады. Журналисте ұлттық сана болмаса, қалам ұстауы қиянат. Қазақ журналистерінің тұлабойы ұлтжандылыққа шомылып тұруы тиіс. Сонда ғана қазақ елінің рухының жоғары, арманының асқақ, мәртебесінің биік болуына қызмет ете алады. Тәуелсіздік бізге не берді? Тәуелсіздікке біз не бердік? Осы екі сұраққа нақты жауап бере алатын журналистер де, жастар да, басқа да қолын жүрегінің тұсына ұстаған отаншыл азаматтар да еліне, халқына адал қызмет жасауды мұрат етеді, – дейді Байекең.

Байдулла Қонысбеков әлі күнге облыстың қоғамдық саяси өміріне белсене араласып келеді. «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Оңтүстік Қазақстан аймақтық филиалының төрағасы, облыстық Журналистер ұйымының төбе биі. 1998-2002 жылдары Қазақ-Кувейт гуманитарлық академиясында дәріс беріп, доцент атағын да алған. Қазақстанның құрметті журналисі, Оңтүстік Қазақстан облысы және Бәйдібек ауданының құрметті азаматы. Ардагер қаламгер көп жыл бойы БАҚ өкілдері арасында тастаяқ бәсекесінде бас жүлдені иеленіп келеді. Журналистердің республикалық турнирлерінде ысылған ағамыз кәсіпқой спортшылардан кем өнер көрсетпегеніне куә де болғанбыз. Жақында ғана өзінің 80 жылдық ­мерейтойын қасиетті Түркістан төрінде ел-жұртының ортасында атап өтті. Еліне ұзақ жылдық адал еңбегімен жұғымды болған Байекеңдей азаматтың арамызда аман-есен жүргені көңілге көп демеу.

Өтеш ҚЫРҒЫЗБАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі

1611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы