• Әдебиет
  • 11 Тамыз, 2021

«Е, БАҚЫТСЫЗ ЖАЗУШЫ – МЕН СЕНІ АЯЙМЫН»

Қазақ әдебиетінің классигі, Қазақстанның халық жазушысы Ғабит Мүсіреповтің соңында қалдырған құнды рухани мұрасы халқымен бірге жасап, жас ұрпақтың жадында жаңғырып, сөз өнерінің құпиясын ұқтыра беретін болады. Оның «Қазақ солдаты»,  «Оянған өлке», «Жат қолында», «Ұлпан», «Кездеспей кеткен бір бейне» сияқты шоқтықты ­туындылары, сахнада бір мыңнан аса қойылымы көрермендерін баураған «Қыз Жібек» операсының либреттосы, «Ақан Сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» тәрізді кесек драмалық шығармалары,  қазақ кино өнеріне олжа салған атақты «Қыз Жібек» фильмінің сценарийі, көптеген ғажайып әңгімелері мен повестері оқырмандарына әрдайым әдебиет әлеміндегі көркемдіктің сырын ашып, айшықты бояуларымен ой-санаға сәуле түсіріп, сұлулыққа сұрапыл құштарлықты паш етіп тұратын ­болады.

ХХ ғасырда ғұмыр кешкен М.Шоқайдың, М.Әуезовтің, С.Мұқановтың, Ғ.Мүсіреповтің, І.Омаровтың, Б.Момышұлының, М.Ғабдуллиннің, т.б. қазақ зиялыларының эпистолярлық мұраларына кейінгі жылдарда ғана көбірек назар аударыла бастады, жеке кітап болып немесе көптомдықтарында жарық көріп жатыр. Мұның өзі рухани жаңғыруға, санадағы сілкіністерге де байланысты.

Ғ.Мүсіреповтің 1928-1985 жылдар аралығындағы  белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен, әдебиет пен мәдениеттің, ғылым мен өнердің танымал тұлғаларымен – ақындар, жазушылар, драматургтер, режиссерлер, актерлер, ғалымдар, композиторлар, әдебиет сыншылары және қарапайым оқырмандарымен  жазысқан хаттары қаламгердің шығармашылық шеберханасын зерттеушілердің, ХХ ғасырдағы әдебиет әлемінің тынысына үңілушілердің қызығушылығын қозғайтын дүниелер. Жазушының еңбектерін оқып, біліп, тұщыну бір басқа, ал оның жеке ­басына қатысты деректердің хаттар арқылы ашылуы тіптен өзгеше. Хат пен күнделік арқылы жазушы өзінің жұртқа жариялай бермейтін сырларына да ортақтастырады. Онда көркем шығармалардағыдай кейіпкерлердің жан дүниесі ойдан шығару, образға орап беру, психологиялық иірімдерді игеру арқылы емес, көбінесе нақты, шынайы, табиғи һәм күнделікті тіршіліктегі қарапайым суреттер арқылы, хат иесінің жеке басындағы ұсақ-түйектерді баяндаудан, тіпті біреулерге елеусіз немесе оғаш көрінетін іс-әрекеттерін жария жасау­дан, өзінің және замандастарының қаламгерлік қуатына қатысты ой-пікір, көзқарастарын ашық білдіруінен де көрініс табады.

Солардың алғашқысы – 1928 жылы 18 сәуірде Сәбит Мұқановқа жазған хаты. Ғабең хатын: «Сәбит! Бүгін сенің хатыңды алдым. Әңгіме менің «Теңіз тепкісі» жайында болғасын, мен де сол туралы жазбақпын…» деп басталады. Хаттан аңғаратынымыз: Ғ.Мүсіреповтің «Теңіз тепкісі»  атты әңгімесіне С.Мұқанов аздаған түзетулер жасаған және кітапша болып жарық көруіне көмектескен. «Тулаған толқында» – ұзақ әңгіме деген анықтамасымен 1928 жылы Қызылордада шыққан Ғ.Мүсіреповтің алғашқы кітабы. Ал мына хат өзінің алғашқы әңгімелеріне айтылған сын-пікірлерді жас жазушының қалай қабылдағандығын аңғартуымен де құнды болса ­керек. Жас жазушының шығармашылық көзқарасын білдіруімен де бағалы. Ғабең былай деп жазады: «… Мен әр бөлімді нығыз түймегендігімді білем. Бірақ онымның өзіне бір баға бермекші едім. Көркем әдебиетте менің бір сүйетін нәрсем, жалғасы білінбей, көбінесе, жалғасы келесі бөлімді оқып отырғанда ғана сезілсе екен деймін. Бұл мүмкін ескірген түр болар. Сөйтсе де мен осыны ұнатам. Жазушылар әсіресе байламын көрсетіп қоятыны бар, мен оны ұнатпаймын. Менің Гогольді сүйіп оқитынымды білетін едің ғой: көбінесе ол, маған осы жағынан ұнайды. Қазір беталыста, жасырын жақтар аз болу керектігін біле тұрсам да, мен ұнатқанымды істеп едім…».

Хатта бұдан басқа әдеби айтыс-тартыстан шет қалуының себебін түсіндірген тұстары бар. «Оқшау сөз» бәйгесіне жіберген мақалалары басылмағанына реніш білдірген. Сондай-ақ «Үміт кеспе, кейін орталарыңа барып ат ерттеуге ж­арармын» деген сөйлем бар. «Ендігі жылы бірге Литхудқа (Көркем әдебиет институтына. Ә.Қ.) барайық» деген ұсынысы бар. Хатын жұбайы Хұсни аяқтап, екі-үш сөйлем жазған. Сәбит пен Ғабит арасындағы қарым-қатынасты зерттеушілер бұл хатты айналып өтпейтіні анық. 

Тағдырлы хаттардың тағы бірі – әйгілі «Бесеудің хаты». 1932 жылы шілдеде ВКП(б) Өлкелік комитетіне, Голощекинге жолданған. Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Мұташ Дәулетқалиев, Емберген Алтынбеков, Қадыр Қуанышев қол қойған хат. Шерлі хат. Қазақстандағы күштеп ұжымдастыру науқанының кесапатты көріністері дәл, нақты деректермен дәлелденген. «Бүгінгі Қазақстан – бұл 163 миллион сомның товарлы өнімін беретін 40 миллион малы бар өлке» деп мақтанған Голощекинге: «Бірақ қазір Сіздің мәлімдемеңізден кейін 2 жыл өткен кезде, Қазақстан мал шаруашылығы саласында мал басының қисапсыз кеміп кеткені әмбеге аян болып отыр: 1930 жылғы мал басының 1/8 бөлігі (40 миллионнан 5 миллион) ғана қалды.

Тек байлар мен кулактардың ғана емес, тек жеке меншіктегі орташалар мен кедейлердің ғана емес, сонымен бірге негізінен алғанда колхоздар мен колхозшылардың (ішінара совхоздардың да) қоғамдастырылған және қоғамдастырылмаған малы да осындай зор шығынға, қисапсыз қырғынға ұшырады» деп ашық ақиқатты көлденең тартқан бұл хат ұлт жанашырларының жанайқайы еді. Дәл осындай мазмұндағы хаттарды Ораз Исаевтың (тамыз 1932 ж.), Тұрар Рысқұловтың да (1932-1933 жж.)  жазғандары тарихтан белгілі. Ғабең орда бұзар отыз жасында от пен оққа кеуде тосып, халқының басына түскен зұлымдық нәубетіне қарсы қаймықпай, тайсалмай күрескеніне куәміз. Асыра сілтеудің арты неге соқтырғанын хат авторлары талдап түсіндірген: «а) баймен қоса орта ­шаруа да соққы алды; ә) сондықтан кедей-орташалардың бір бөлігі көп ретте байлардың соңынан ілесті; б) байлар малдың қисапсыз қырылуына қол жеткізді; в) жалған колхоздар ұйымдастыру осы уақытқа дейін жүргізіліп келді; г) сөйтіп, осылардың бәрі бірқатар ­аудандарда ашаршылыққа душар етті».

Хаттың толық мәтіні баспасөзде ­жарияланды, жеке жинақтарға енді, жалпы көпшілікке таныс болар. Ал Ғабеңнің хаттары туралы әңгіме қозғала қалғанда бұған міндетті түрде назар аударылуы керек деп ойлаймыз.

1934 жылы 7 мамырда Ғабит Мүсірепов тағы да ВКП(б) Өлкелік комитетіне, Мирзоянға хат жолдапты. Бұл жолы Қазақ драма театрында Мұхтар Әуезовтің «Хан Кене» пьесасы бойынша қойылған спектакльдің премьерасынан кейін өз пікірін білдірген. Бұл хатта, қазіргі күннің өлшемімен қарағанда, қазақ зиялыларының қайшылықты көзқарастары аңғарылып қалады. «Хан Кене» алғашқы қойылымынан кейін тоқтатылады. Оның себебін Наркомпросс (Т.Жүргенов) ­пьеса «Қазақ халқының патшалық Ресеймен күрес тарихын» дұрыс көрсете алмаған, сондықтан оған бірқатар түзетулер енгізу керек деп тапса, Ғ.Мүсірепов: «…это неверное в корне требование. Пьеса построена (и … правильно) на других рельсах, именно – она претендует на показ падение ханства и его ­последние отчаянные попытки восстановить уже развалившиеся к тому времени ханства. ­Исправление пьес нужно требовать исходя именно из этого положения» дейді. Әрине, Кенесары ханның күресіне тарихи әділ баға беру кеңестік жүйе кезінде өте қиын-тұғын. Көркем шығармалардың өзіне коммунистік идеялардың шеңберін құрсап кигізгендіктен, Хан Кене тақырыбында ортақ мәмілеге келу о заманда жазушыларға да, тарихшыларға да оңайға соққан жоқ...

«Қазақ солдаты» романын жазған жазушы сұрапыл соғыс жылдарында да, одан кейін де майдангерлермен жиі хат алмасып тұрған. Солардың бірі – Кеңес Одағының батыры, ғалым, жазушы Мәлік Ғабдуллин еді. Ол өзінің алғашқы хаттарының бірінде (12.05.1943) былай деп жазады: «...Соғысқа енісімен күнделік жазуға кіріскем. Көп нәрсе жазылып еді: оның барлығы былтыр бір соғыста оққа ұшып кетті. Соңынан «Қазақ баласы» деген атпен көп нәрсе жаздым (көлемі 750 беттен артық, дәптер бетімен санағанда), мұнда – Бауыржан Момышұлы, Мұхан Сламқұлов (сіз оны білесіз), Балтабек Жетпісбаев, Төлеген Тоқтаров, Жалмұқанбет Бозжанов, Қазтай Садуақасов, Жұмажан Батталовтардың ісі, ерлігі және көптеген эпизодтар жиналды, қызық жерлері де бар. Бұларды Дихан, Сәду Машақов, ­Бахтияр Меңдіғазинге оқып ем, дұрыс десті. Бұл жазылғанға әдебиеттік тіл, көркем бояу, психологиялық характерлерді толықтыра түсу жағы аз...». Сондай-ақ Б.Момышұлы майданнан жазған хатында (08.12.1944) ­былай депті: «Сіздің «Солдатыңызды» оқып шықтым. Жалпы желісі өте дұрыс. Маған ұнады. Интим жағынан, әскери жағынан искусственный жағдайлар бар ма деген ой оқып отырғанда келіп отырды. Екі-үш ауыз жеңіл сөзбен қиыстырып жіберсеңіз – қыналып, өзінен-өзі түзеліп жатыр. Аударушы кейбір жерлерін байытқан, кейбір жерлерін кеміткен. Оларды екі тіл білген адам оқып отырып, сезіп отырады. Қазақша әдемі жерлерін интуитивно сезіп отырдым. Қысқасы мына түрінде де «Солдатты» мен сіздің творческий табысыңыз деп танып отырмын. Біздің ел бастаған жігіттер жоғары сыйлыққа ұсынуға да болар еді. Өздері білер...».  Тағы да Бауыржан Момышұлы  Ғабит Мүсіреповке 1955 жылы 20 сәуірде жазған бір хатында «Оянған өлке» романын оқып шыққанын, жорғаға мінгендей, ұзақ жол жүрсе де шаршамағанын айтады. Кібіртіктеп, сүрінген тұстары да болғанын жеткізе келе: «...Жалпы айтқанда, тілің жақсы. Оған қазақ түсінеді. Қазақтан шыққан министр мен миллионерлер түсінбейді. Е, бақытсыз жазушы – мен сені аяймын!..» депті. Осы сөздерде керемет астар бар. Аяп отырып, аялау бар, ардақ тұту бар. Әсілі, Ғабит Мүсіреповтей сөз зергерінің, сөз шеберінің жазғандарын екінің бірі түсіне алмайды. Оны түсіну үшін ана тілінің уызына жарыған, қазақ тілінің құдіреті мен қасиетін терең түсінетін, рухани дүниесі аса бай оқырман болуы шарт.

Ғ.Мүсіреповтің шығармалары әлемнің қырыққа жуық тілінде жарық көрген екен. Ол өзінің әр елдегі аудармашыларымен, баспагерлермен де тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегенін айғақтайтын хаттар баршылық. Сондай хаттардың бірі өзбек жазушысы, ­аудармашы Насыр Фазыловқа жолданыпты: «Хатыңды алып, «Қазақ солдатын» аударып болғаныңа қатты қуандым, көп-көп  алғыс айтамын. Әсіресе қазіргі жағдайда кейбір жеке сөздерді өзгерту керектігін сезінгендігіңе алғыс айтамын. Ондай жерлерін өз қарауыңмен түзетіп жіберуге түгел  сенім беремін. Сонымен бірге «Қазақ солдатының» орыс тілінде ең соңғы шыққан изданиесін жібердім. Мұнда біраз түзетулер бар, соны да ескерерсің. Өзбек декадасына қатысқаның үлкен қуаныш болар еді. Кәмелге айтарсың. Сәлеммен, Ғабит Мүсірепов. 19/ІІІ-1962 ж.».

Жапондық Тоцуо Курода-санға (21.03.1968) жазған хатынан «Жапон балладалары» атты әңгімесінің жазылу тарихы қылаңытады: «Дорогой друг, профессор Курода-сан! Неоднократно побывав в вашей прекрасной, поособому гостеприимной стране, имея много друзей среди японских писателей, ученых и общественных деятелей, я долго искал форму выражения своих дружеских чувств к вашему народу. Наконец, кажется нашел эту форму: написал три маленьких рассказа, пусть отдаленно рисующих духовную силу и волю вашего народа. Они были опубликованы на страницах нашей литературной газеты «Казах адебиети» и Московской «Литературной газеты» (28.ІІ.68г.). Их посылаю Вам как мой первомайский привет. Буду рад, если они понравятся Вам и моим взыскательным японским друзьям – писателям. Сердечный привет и первомайское поздравление Вам лично и Вашей супруге Яоко-сан. Желаю здоровья, счастья и успехов в жизни. Искренные Ваш, Габит Мусрепов». Осы балладасында Ғ.Мүсірепов Жапон елінің атом бомбасы сынағынан шеккен қасіретін әдеби өзгеше үлгіде жеткізе отырып, сол арқылы Қазақ еліндегі атом жарылыстарының зардабын ашық айтуға болмайтын дәуірде алапат ядролық жарылыстар зардабын асқан шеберлікпен астарлы түрде аңғартқан ғой!

Б.Майлиннің қызының мына хатын да тебіренбей оқу қиын: «Қымбатты Ғабит ағам! Біздің папамның тойын жақсы өткізгеніңізге көптеген көп рахмет, семьямызбен Сізге алғыс айтамыз және жақсы тілек білдіреміз. Мамам айтып отырды: «Бейімбет әкең өлсе де Ғабит ағаң білдірткен жоқ». Сондықтан сізге ризалығымыз сондай. Ғабит аға, ­Мереке (Бейімбеттің ұлы. Ә.Қ.) көп жылады, білмеймін, сіз қамқорлығыңызға алсаңызшы, ақылыңызды айтсаңызшы. Біз семьямызбен Сізді аға ретінде ұстаймыз, үйткені папамның бірінші жолдасы болдыңыз. Аман болыңыз, Ғабит ағам. Кештеу жазған себебім: ауырып қалдым, өзіңізге барып жағдайымды айтып едім. Маулиха Майлина, 22/І-66 г.» Ойымызға қысылтаяң, қатерлі шақтағы Ғабеңнің «Бейімбет жау болса, мен де жаумын!» деген, басын бәйгеге тігіп айтқан  әйгілі сөзі оралады...

Ғ.Мүсірепов бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғаны белгілі. Ол кезде де депутаттар халық аманатын арқалайтын. Аманатын кім қалай ақтап жүргенін де халық қалт жібермей қадағалайтын. Міне, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Ғ.Мүсіреповтің 1963 жылғы 3 маусымдағы Ілияс Омаровқа (Мемжоспарлау комитеті төрағасының орынбасары) жазған хатын оқып отырып, Атамекеніне ат басын бұрған, шетелден оралып жатқан қандастарымыздың мұңы мен мұқтажына Ғабең сол кезде-ақ назар аударған екен-ау деп тағы да іштей риза боласыз.

Хатта Семей облысының бұрынғы аудан орталығы Мақаншыда 1959 жылы ашылған 270 адамдық 8 жылдық мектеп-интернатта, негізінен, Қытайдан, Шыңжаңнан оралған қазақ бауырларымыздың балалары оқитыны, олардың оқу бағдарламасын игеруде көптеген қиындықтарға кездесетіні, мектеп-интернаттың оқу-өндірістік базасы өте әлсіз екендігі, сын көтермейтіндігі, сондықтан осы өңірдегі сайлаушыларының аманатымен 8 жылдық мектеп-интернатты 11 жылдыққа айналдыру жөнінде үлкен өтініш жасайтынын мәлімдеген. Бұл да Ғабеңнің тағдырлы хаттарының бірі екеніне дау болмас. Кейін сол Мақаншыда үлкен мектеп-интернат үйі салынып, одан қаншама шәкірттер түлеп ұшып, Ғабеңнің ғажап шығармаларын оқып ержетіп, ат жалын тартып азамат болған шығар. Сол жолда Ғабит Мүсіреповтің шапағаты тигенін, біреуі біліп, біреуі білмеген де болуы мүмкін…

Ғабең жазушы, әдебиет зерттеуші, өзінің шығармашылығына қатысты ғылыми диссертациялық жұмыс жазған інісі Жайсаңбек Молдағалиевке хат жазып (10.06.1984 ж.), «Таза бұлақ» атты романына жылы лебізін білдіреді және мынадай ой-пікірін жеткізеді: «...Маған талантың, білімің, еңбеккерлігің ұнайды. Осы үшеуін де таза ұстағайсың. Менің байқауымша, сендер, бір топ інілерім жап-жақсы өсіп келе жатырсыңдар. Анау Сайын, Сәкен, Әкім, Шерхан, Қалихан, Рамазан және басқаларыңнан күтер үміт көп. Қазір бәрің де елуге жетіп жығылып, не асып түсіп кетіп жатырсыңдар. Сырбайдың елуде шал болғысы келгені бар. Сонда мен: «Елу біздің ойнап-күліп өткен жасымыз» дегенмін. Нақ солай екен деп беталды далақтай беруге болмас. Шоқан отызға, Ыбырай елуге, Абай алпысқа жете алмай дүниеден өткен. Сонда да қаншама жұмыс тындырды олар». Бұл енді нағыз ағалық жанашыр көңілдің айғағындай, соңында келе жатқан дарынды қаламгерлерге берген бағасындай жылы әсерге бөлейді.

        Ғ.Мүсірепов 62 жасынде 25 жастағы сұлу актриса Раиса Мұхамедияроваға үйленеді. Гауһар, Гүлнәр атты қыздары өмірге келеді. Сегіз жыл отбасылық ғұмыр кешеді. Бірақ өз орталарындағы өсек аяң, қаңқу сөз оларды ақыры ажыратып тынады. Ғабеңнің Раисаға жазған хаттары негізінде «Қазақфильм» тамаша деректі фильм («Кемеңгердің кеш оянған махаббаты» – «Поздняя любовь классика», режиссері – Сергей Әзімов) шығарды. Бұл хаттарды талдап-таразылаған мақаламыз («Махаббат кездеспейтін керемет бір...») ­«Алматы ақшамы» газетінде (16.03.2017 ж.)  жарық көрген болатын.

Шыны керек, жазушының бірталай хаттары әлі де біреулердің жеке архивінде, басқа қалалардағы мұрағаттарда, музейлердің қорында жатқан болуы мүмкін. Кейбір хаттардың конверті бар да, өзі жоқ. Кейбір хаттардың өзі бар да оған қайтарылған жауабы жоқ. Жазушының шығармаларына қатысты жазылған оқырман хаттары да аз. Негізі, көп болуы керек еді. Әрбір шығармасына жүздеген хат алған жазушылардың бірі Ғабең емес пе?! Газет-журнал редакцияларының хат қоржындарында қалған хаттар қаншама. Жоқтан барды қанағат тұтамыз. Бұдан кейін де табылып жатқан хаттары болса, жазушының музей қорындағы жәдігерліктер қатарын толықтыра береді деп сенеміз.

Әділғазы ҚАЙЫРБЕКОВ,

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,  «Алматы қаласының музейлер бірлестігіне қарасты С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің  әдеби-мемориалдық музей кешенінің жетекшісі,

 филология ғылымының кандидаты

3228 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы