• Тарих
  • 11 Тамыз, 2021

«ТАРИХИ ШЫНДЫҚТЫ БІЛМЕГЕН ХАЛЫҚ ЖАЛТАҚ ӘРІ ҚОРҚАҚ БОЛАДЫ»

Қатар, бірге жүріп қызметтес болып келе жатқан замандас, әріптес, достар жөнінде жазу, пікір айту оңай мәселе емес. Артық айтсаң, өтірігің шығады, оған ел куә, кем айтсаң, «несіне әуре болдың, ақ қағазды қор қылып» дейді. Дәл үстінен дөп түсіп, замандастың, әріптестің, достың қыры мен сырын анық, ашық, адал сипаттап, елдің ойынан шыққанға не жетсін.

Ал Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев жөнінде қалай болса да тартынбай, ұялмай ой толғауға болады. Ол ол ма, Мәмбет Қойгелдиевпен замандас, әріптес, қызметтес болған жағдайды мақтанышпен айту керек. Өйткені ол көптің бірі емес, бірегейі, қайталанбас қайсар, парасатты, ірі тұлға. Қазақ, құдайға шүкір, тұлғаларға кенде емес. Бірақ арамызда жүрген арыс­тарды тек мүшел тойларында ғана еске алып, жеріне жеткізе мақтап-мақтап, сый-сияпат көрсетіп, сосын келесі тойға дейін ұмытып кететін әдетіміз бар.

Осы кеселді мінезден арылайық, абзал азаматтарымызды, ұлы тұлғаларымызды тани білейік, күнделікті өмірде қадірлеп-қасиеттеп, асқақтатып аялайық деп бір-бірімізді үгіттейміз. Ал, бірақ сүтпен кірген бұл әдет сүйекпен ғана шығатын түрі бар. Лайым бұл кесепат жастарға жұқпасын.

Мұны айтып отырғаным Мәмбет Қойгелдиевтің басынан қиындық та, жақсылық та, өмірдің жадыраған жазы да, қытымыр қысы да, талай-талай оқиғалар өтті. Бірақ ол ешуақытта мойыған емес, әр кезде бірқалыпты, сабырлы, салмақты бола білді. Ал лауазымды қызмет атқарып жүргенде жоғары мінез білдірген емес. Әрине, бұл азаматтықтың, парасаттылық пен пайымдылықтың, шынайы зиялылықтың, адамгершіліктің белгісі.

Мәмбет Құлжабайұлын өз қатарынан алға шығарып, топ жарған ғалым деңгейіне көтерген өзінің жеке басының айрықша қасиеттері. Ол жастайынан өте зерек, ұқыпты, тәртіпті және еңбекқор болып өсті. Өзін қоршаған ортаға, ­болып жатқан құбылыстарға, өтіп жатқан оқиғаларға, қызметтес болған кісілерге ешқашан енжар болып, немқұрайлы қараған емес. Әр мәселеге адал, өзінің алғыр ойымен және творчестволық тұрғыдан қарайтын. Ол заман талабын, уақыт өлшемін түсіне білген көрнекті ғалым, алаш перзенті, парасатты тұлға.

Ең алдымен, Мәмбет Қойгелдиевтің үлкен ғалымдығын баса айту керек. Оны үлкен биікке шығарған да, ел жұртына кеңінен танытқан да, еліміздің белгілі қайраткері дәрежесіне көтерген де сол ғалымдығы.

Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев – қазақтың абзал азаматы, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, танымал қайсар қайраткер тұлға. Мәмбет Қойгелдиев дегенде менің есіме 1986 жыл түседі. Ол біздің алғашқы танысқан жылымыз. Сол жылы біз ҚазМУ-дың атынан Қызылорда қаласына командировкаға барғанбыз. Содан бері қатар жүріп, бірге қызмет істедік, ғылыми жолға бірге түстік, өмір қызығын бірге іздедік. Әлде де әріптес, дос болып қызмет атқарып келеміз. Жақында ол 75 жасқа келеді. Ол Қазақстан тарихының, әсіресе Сталиндік кезеңдегі тарих пен әлеуметтік-саяси ғылымдарының зерттелмеген проблемаларын зерттеген ғалым.

Сталиндік зобалаң шағын ұлттардың санасын өзінің лайсаң идеологиялық толқындарымен ұдайы тұншықтырып ұстағаны белгілі. Осындай қатыгез тағдыр тәлкегіне Қазақстандағы алаш қозғалысы да ұшырады. Соңғы екі ғасырда қазақ тарихындағы ең маңызды қоғамдық ой-сана қозғалысы, тәуелсіздік қозғалысы, ұлт-азаттық қозғалысы, оның ең жоғары деңгейдегі көрінісі – Алаш идеясы мен Алаш қозғалысы екенін Мәмбет Қойгелдиев бүге-шүгесіне дейін талдап-талқылап, дәлелдеп берді. Ғалымның бұл жасампаз, құнды еңбектері ешуақытта ескірмейді, ұлтпен бірге, Алашпен бірге мәңгі жасай береді. Алаш қозғалысының тарихы қызықты да күрделі тарих. Олар бүгінгі тәуелсіз Қазақстан үшін күрескен, алмағайып аласапыран заманда бар қайрат-жігерін, ақыл-ойын, амал-айласын алаш баласының азаттыққа қол жеткізуіне арнаған, осы жолда «арыс­танша айға шауып мертіккен», бірақ азаттықтың ақ жолын алғаш салып кеткен әруақты аталарымыз еді. Міне, осындай Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ұлттық мемлекеттілікті жаңғырту үшін жүргізген күресі, жалпы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тарихы туралы өзекті мәселелер тарих ғылымының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиевтің негізгі зерттеу объектісіне айналды. Ол осы бағытта өз ғылыми мектебін қалыптастырды. Ғалымның осы күрделі тақырыпқа ­баруы үлкен батылдықты, тапқырлықты қажет етті. Себебі әлі де Қазақстанның тәуелсіздікке сенімді бола алмай отырған, күмәншілдік тұманы толық сейілмеген, сондықтан да тарихшыларымыз өткенге жалтақтап, болашаққа күдіктене көз тастап отырған кезінде Мәмбет Қойгелдиев осылайша Алаш қозғалысының мәні мен ­саяси құрылымын жаңа, тапсыз және ұлттық концепция бағдарына сәйкес батыл анықтап берген еді. Сонымен бірге ғалым Алаш қозғалысының ішкі саяси динамикасына үңілуімен шектелмей, осы қозғалыстың көшбасшылары, ұйытқылар – қазақ интеллигенциясына жаңаша баға беруге ден қойған еді. «Осы уақытқа дейін жарық көрген еңбектерде, – деген ғалым бір сұхбатында, оларға (Алаш қозғалысының көшбасшыларына) «буржуазиялық ұлтшылдар», «буржуазиялық ­либералдар», «қазақ ұлтшылдары», тағы сол сияқты анықтама бергенін білеміз… Алаш ­интеллигенциясы капиталистік қоғам құруды немесе таза ұлттық мемлекет орнатуды өздеріне бағдарламалық мұра етіп қойған емес. Олар, негізінен, екі мақсатты көздеді. Бірі – қазақ елін отарлық езгіден азат ету, екіншісі – қазақ қоғамын ортағасырлық мешеуліктен, өркениетті әлеуметтік-экономикалық және мәдени даму жолына алып шығу… Сондықтан да біз алаштық интеллигенцияны ұлттық-демократиялық интеллигенция деп атауға толық негізіміз бар» деп айтқан. Ғалымның бұл пікірлерінің өмір шындығымен үндесіп жатқанын бүгінгі болмысымыз дәлелдеп отыр.

Кезінде Мәмбет Құлжабайұлы ҰҚК-ның мұрағаттарымен жұмыс істеп, репрессияға байланысты іргелі зерттеу жұмыстарын жүргізгенде, әлі де шындық айтылмаған, қоғамға жетпеген тұстардың көп екенін анықтап, халыққа ойын ашық жеткізді. Оның бәрін жарыққа шығаруға әлі де дайын емес екенімізді қынжыла айтып, тас бөгесінді қақырата бұзуға барынша қайрат көрсетіп жүргенін көзі қарақты жандар жақсы біледі. «Тарихи шындықты білген халық – ол алғыр, мықты халық. Ол өзіне-өзі сенімді халық. Ал тарихи шындықты білмеген халық жалтақ әрі қорқақ болады. Біз халқымызды білімді, интеллектуалды, ақылды, өз мүддесін қорғай алатын халық тұрғысынан көргіміз келсе, оған тарихи шындықты білуге және меңгеруге әрі өз қажетіне жаратуға қолдау көрсетуіміз қажет» деуден танбай келе жатқан табанды тұлға.

Профессор М.Қойгелдиев ұлттық идеологияны қалыптастыруда ұятқа қызмет етудің үлгісін көрсетіп жүрген абзал ғалым. Ұлттық идеологияны қалыптастырудың бірден-бір жолы ретінде өткен тарихымызды, шынайы тарихымызды, оның ішінде алаш мұрасын танытуға, осылайша Қазақстанның шынайы тарихын жазуға үлкен күш жұмсап келеді.

Мәмбет Құлжабайұлы еліміздегі білім жүйесінде 40 жылдан астам уақыт абыройлы қызмет жасап, жұмысында ұстаздық және ғалымдық міндеттерді үйлесімді ала жүріп, тарихшы мамандар даярлау ісіне өз үлесін қосып келе жатқан ғалым. Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз Ұлттық университеті тарих факультетінің түлегі М.Қойгелдиев 1971 жылдан бергі уақытта еліміздің жоғары оқу орындарында ұстаздық қызметін, ғылыми-зерттеу жұмысымен ұштастыра алып келеді. Оның еңбек сатыларын атасақ, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде кафедра меңгерушісі, факультет деканы, ҚР жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтының директоры, содан кейін ҚР БҒМ Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың тарих факультетінің кафедра меңгерушісі, қазіргі уақытта «Айтылған тарих» ғылыми орталығының директоры. 1978 жылы ғылым кандидаты, ал 1994 жылы ғылым докторы дәрежесін алу үшін диссертациялық жұмысты қорғаған. 2017 жылдан ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі.

Иә, Мәмбет Құлжабайұлы, шын мағынасында қазақ оқығандарының жаңа буын өкілі. Ол айналасындағыларға, әсіресе кейінгі жастарға шексіз қамқор ықылас-ниетімен ерекшеленеді. Сөйлеген сөзінен, үлкенге құрметінен ұлтымызға тән қарапайымдылық, нағыз зиялылық лебі есіп тұрғандай.

Профессор Мәмбет Қойгелдиевтің ғылым саласындағы белсенді қызметі Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздік жылдарына тұс келді. Бұл кез қазақ халқының шығу және қалыптасу тарихы мәселелері төңірегінде айтыс-тартыс­тар туғызып, ғылыми негізі берік емес, біржақты тарихи болжамдарға жол ашқан еді.

Бүгінгі күні жазылып жатқан тарих, біріншіден, ұзақ уақыт қалыптасқан еуроцентристік қате тұжырымдардан әлі күнге дейін бас тарта алмай отырса, екіншіден, әр дәуірге қатысты тарихымызға қатысты деректердің жеткіліксіздігінен әртүрлі үстірт, публицистикалық сипаттағы болжамдар мен тұжырымдарға мүмкіндік берілді.

Міне, жоғарыда атап өткеніміздей, осындай тарих ғылымындағы аласапыран кезінде жас ғалым Мәмбет Қойгелдиевтің Алаш қозғалысы туралы тақырыпты өзінің ғылыми зерттеу объектісіне айналдырып, осы бағытта өз мектебін қалыптастыруы үлкен ерлік еді.

Ғалым тағы бір сұхбатында «Біз жалған тарихтан бас тартуымыз ­керек. Кезінде кеңестік, мәскеулік орталықтың басқаруымен, соның бағытымен тарих ғылымында жасалған концепция, тұжырымдар бар. Осы тұжырамдар күні бүгінге дейін өмір сүріп келеді. Ресей ­тарихшылары қазір осы тұжырымдардың бәрін болмаса да негізгілерін қалдырғысы келеді. Ондай тарихшылар тек ­Ресейде ғана емес, бізде де бар. Менің түсінігім бойынша, статус кво өзгеруі, одан ­тарих ғылымы бас тартуы керек. Бізде тәуелсіз мемлекет, ел, ұлт ретінде өзіміздің санамыздың, ақыл-ойымыздың елегінен, соның сарабынан өткен, өзінің методологиясы, ұстанымы, өзінің зерттеу әдісі бар тарих ғылымы болу қажет. Бізде қорытылған тарих болуы тиіс. Ол қорытылған тарих жай айтылып қана қоймай, тарих оқулықтарына кіруі ләзім. Жаңа қорытылған тарихты, жаңа ұстаным тұрғысынан айтылған тарихты оқулық арқылы жас ұрпақтың санасына кіргізуіміз керек. Ұлттық тарихымызға байланысты жаңа ұстанымдар, жаңа тұжырымдар жас ұрпақтың ­санасына орнығуы қажет… Алаш қозғалысы ұлттық тұтастықты, ұлттық бірегейлікті сақтау үшін жүргізген күресті жүйелі түрде біз ­тарих оқулықтарына енгізіп, жас ұрпақтың ақыл-ойына, санасына сініруіміз керек» деген.

Мәмбет Құлжабайұлының ғылыми ізденістерінің нәтижесінде «Алаш қозғалысы» (бір кітап 1995; екінші кітап, 2017), «Ұлттық саяси ­элита» (2004), (Жетісудағы Ресей билігі) (2004), ­«Сталинизм  и репрессия в Казахстане 1920-1940 гг.» (2009) және ­«Казахстан в российских революциях 1917 года» (авторлық бірлікте, 2011) атты монографиялық еңбектері, бұлардан ертерек жарық көрген «Қадырғали би Қосымұлы және оның «Жылнамалар жинағы» (авторлық бірлікте,1992) және «Тарих тағылымы не дейді?» (авторлық бірлікте, 1993) атты кітаптары ғалымның отандық тарихнамаға қосқан үлесі болып саналады. Сондай-ақ Мәмбет Құлжабайұлы гуманитарлық ғылымда тарих саласы бойынша аса қажетті оқулықтар мен оқу құралдарын жазуға ерекше ден қойып, олқылықтың орнын толтыруға күш ­салды. Ол жалпы білім беретін мектептің 10-сыныбына арналған «Қазақстан ­тарихы» оқулығы авторларының бірі (2010), 2011 жылы баспадан шыққан ­11-сынып оқушыларына арналған (Қазақстан тарихы) оқулығы авторлар тобының жетекшісі. Ол республикалық мектеп оқушыларының білімін жетілдіру ­институтында тұрақты дәріс оқитын ұстаз, 1995-1999 жылдары еліміздің жоғары оқу орындары оқытушыларының біліктілігін жетілдіру институтын басқарды. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің және Семей қаржы-экономикалық институтының құрметті профессоры. 2010 жылғы ЖОО үздік оқытушысы атанды. Қазақстанның білім және ғылым жүйелеріне сіңірген ерен еңбегі, білім берумен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі зор жетістіктері үшін ­«Парасат» орденімен марапатталды.

Мәмбет Құлжабайұлы көп жылғы ғылыми-педагогикалық жұмысы барысында қоғамдық өмірге де, халықаралық ғылыми бағдарламаларға да белсене араласты. Оның бастамасымен 2004 жылы қоғамдық негізде үкіметтік емес ұйым (Қазақстан тарихшылары қауымдастығы) құрылып, құрылтай жиналысында төраға болып сайланды. Қауымдастық 2007 жылы қыркүйекте Пекин қаласында өткен тарих ғылымының Халықаралық Комитетінің Бас Ассамблеясының мәжілісінде осы ұйымға мүшелікке қабылданды. Бұл еліміздің тарихшы ғалымдарының халықаралық кеңістікке шығуына мүмкіндік туғызатын жағдай. Қауымдастықтың белсенді араласуы­мен елімізде республикалық және халықаралық ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, оқытушылардың білімін жетілдіру курстары және басқа да шаралар өткізілуде.

Қазақстан тарихшылары қауымдастығының төрағасы ретінде Мәмбет Құлжабайұлы Түркістан облысының Бәйдібек ауданы Қошқар ата ауылында «Мәдени мұра: халықтың тарих айту, сақтау дәстүрі және оны жаңғырту жолдары» (2005, 26-27 мамыр), Петропавл қаласында «Солтүстік Қазақстан: өңір ­тарихы, тұлғалар тағдыры» (2010, 4 маусым) және басқа осы сияқты тақырыптарға еліміздің түрлі аймақтарында ғылыми конференциялар өткізу туралы ұсыныс түсіріп , оларды өткізуге жетекшілік жасады. Мақсат – тарих ғылымының соңғы жетістіктерін қалың халық ортасына жеткізу еді. Қоғамда мемлекетшілдік ұстаным және жаңа тарихи сана калыптастыру мақсатын көздеген осындай ғылыми жиындар Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Қызылорда қалаларында, Алматы облысының Жамбыл, Көксу, Ескелді және Панфилов (Жаркент) аудандарында өткізілді.

Профессор М.Қойгелдиев Иран ­Ислам Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Жапония, Ресей ­Федерациясы, Түркмения және Қырғызстанда өткізілген халықаралық ғылыми жиындарда Қазақстан тарихшылары атынан баяндамалар жасады. Оның ғылыми еңбектері Ресейде, Жапонияда, Оңтүстік Кореяда, Түркияда және басқа елдерде жарық көрген.

Тарихшы ғалым ғылыми және қоғамдық белсенді қызметі үшін Халықаралык Сократ сыйлығымен (2007), Америкалық биография институтының Алтын медалімен (2009), «Халықаралық мәдениет конвенциясы» ұйымының ­«Халықаралык Бейбітшілік сыйлығымен» (2010) марапатталған, Вена қаласының халықаралық университеті оған өзінің құрметті профессоры атағын (2007) берген.

M.Қойгелдиев «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының қоғамдық мүшесі. Бағдарламаның «Тарих және этнография» секциясының төрағасы ретінде «История Казахстана в русских источниках», «История Казахстана в западных источниках», «Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы» және «Қытай жылнамаларындағы қазақ тарихының деректері» атты көптомдық сериялық басылымдарды даярлау ісіне жетекшілік жасады. Оның ұсынысы және жетекшілігімен 5 кітаптан тұратын «Алаш қозғалысы. Движение Алаш. Құжаттар мен материалдар жинағы» (2004-2008) және 12 томдық «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» (2007- 2008) қазақ және орыс тілдерінде, «Красный террор: из истории политических репрессии в Казахстане» құжаттық материалдар жинағы (2013) ­баспадан шықты.

 Мәмбет Қойгелдиевпен тікелей бетпе-бет кездесу барысында және басқа адамдармен пікір алмасқанда ол жөніндегі ­сипаттамаларды қорытар болсам, біріншіден, оның адами қасиетіндегі батылдығын, турашылдығын тілге тиек еткен болар едім. Турашыл болу, көбіне-көп қоғам қайраткерлеріне тән қасиет болса, Мәмбет Құлжабайұлы да өзінің істеп жүрген жұмысына адалдығын білдіріп, ғылым мен білім жөніндегі өзіндік толғаныстарын бұлтармастан бүкпесіз жеткізетін. Кейінгі жылдары байқағаным, заманның күрт өзгергеніне қарамастан, қоғамдағы шытырман құбылыстар ­туралы өз ойы мен ұсыныстарын көңілге қонымды тұрғыдан қорытып, айтып жүр. Оны үлкен қайраткер ретінде биік деңгейге көтерген көп қасиетінің бірі – оның ұлтжандылығы. Ол өмір бойы ұлтым, қазағым деп жүрген азамат-ғалым. Бұған, бір жағынан, оның өз өмірі, қызметі, іс-әрекеті куә болса, екінші жағынан, оның жазған еңбектері дәлел.

Профессор М.Қойгелдиев қоғамның тарихи танымының өзгеруіне, сондай-ақ елімізде мемлекетшілдік және патриоттық сана қалыптастыру ісіне белсене атсалысып жүрген ғалым. Ол сценарий авторы, ғылыми кеңесші және түсінік беруші ғалым ретінде «Әлихан және Мұстафа» (1998, Хабар), «Алаш» (2007, реж. Х.Омаров) ,«Бірінші» (2007, реж. Қ.Олжай), «Мұстафа Шоқай ізімен» (2011, реж. Қ.Бегманов). «Кенесары хан» (2011, реж. М.Конуров), «Асықпаған ақиқат» (2011, реж. Б.Әбіш) және көптеген деректі фильмдерді даярлауға қатысты. Отан тарихының өзекті мәселелеріне арналған оның мақалалары БАҚ-та үнемі жарияланып тұрады.

Танымал тарихшы, патриот ретінде М.Қойгелдиев мемлекеттік органдардың жұмыстарына да белсене араласады. Ол 1991-1998 жылдары ҚР Парламенті жанынан құрылған комиссиялардың мүшесі ретінде ҚазОАК мен ҚАКСР ХКК-нің 1920-30 жылдары бай қожалықтарын тәркілеуге және қазақ қожалықтарын отырықшыландыруға байланысты қаулылырын қайта қарау, сондай-ақ саяси репрессия құрбандарын ақтауға байланысты маңызды құжаттық материалдарды даярлауға белсенді түрде ­атсалысты. Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер ­бойынша Мемлекеттік комиссияның мүшесі болды.

Профессор М.Қойгелдиев 2008 жылдан бері Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ­магистратура және PhD ­докторантура институты «Қазақстан тарихы мен мәдениеті» кафедрасының жанынан «Айтылған тарих» ғылыми-зерттеу орталығын ұйымдастырды. Мақсат –  ­тарих ғылымындағы «Жаңа әлеуметтік ­тарих» аталатын бағытты өрістету арқылы зерттеудің тың технологиялық әдіс-құралдарына жол ашу. Орталық ­кафедра оқытушыларының, докторант және магистранттардың қатысуымен Алматы облысының Көксу, Ескелді, Панфилов және Жамбыл аудандарында, Алматы қаласынын Алатау ауданында экспедиция шығарып, зерттеу жұмыстарын жүргізді. Осы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде «Қазақстан қоғамының әлеуметтік тарихы» (XX г.). Тарих айту дәстүрі. 1-шығарылым: ­Алматы облысының Көксу, Ескелді және Панфилов аудандары тұрғындарының жадында сақталған тарихтан «ауызша тарих». – Алматы , 2012 ».

М.Қойгелдиевтің құнды ғылыми еңбектері жаңа тарихи көзқарасты қамтамасыз ету бойынша ірі ғылыми бағыттың калыптасуына негіз қалағанын айту керекпіз. Ол еліне ерен еңбек сіңірген азамат. Бойындағы қайрат-жігерін аямай халқына қызмет етті. Оны көрнекті қайраткер ретінде, ғұлама ғалым, ұлағатты ұстаз, білікті басшы ретінде халқы қатты құрметтейді.

Мәмбет Қойгелдиев сегіз қырлы, бір сырлы ғалым-азамат. Оның тағы бір қыры – еңбекқорлығы. Бос уақыты болмайды, әкімшілік немесе қоғамдық жұмыстан қолы босаса болды, жазумен немесе архивте отырады. Мәмбет Құлжабайұлының ел ішінде, әсіресе зиялы қауымның арасында абыройы үлкен. Өзінен үлкен ағалары да, замандастары да, әріптестері де, жасы кіші інілері де, шәкірттері де өте қатты сыйлайды. Оның себебі, Мәмбет Қойгелдиевтің үлкен адамгершілігінде, азаматтығында, кішіпейілділігінде, қарапайымдылығында, іскерлігінде.

Мәмбет Қойгелдиевтің ел қадірлеп сыйлайтын қасиеті көп-ақ. Соның тағы бірін айтайын. Ол ұстаздық-жетекшілік қасиеті. Оның дәрісін тыңдап, білім алып, маман болып шыққан жас­тар мыңдап саналады. Осы күнгі көрнекті тарихшылардың көбісі оның шәкірттері. Ал ғылыми ізбасарлары өз алдына бір төбе. М.Қойгелдиевтің ғылыми жетекшілігімен, оның көмегі, қамқорлығымен жазылып қорғалған кандидаттық және докторлық, магистрлік диссертациялар елуге тартады.

Білім беру мен тәрбиелеу – бұл бір-бірінен бөлінбейтін түсініктер. Жастарды сапалы тәрбиелеу проблемалары бүгінгі күні ешкімді алаңсыз қалдырмайды, өйткені ең маңыздысы – бұл лайықты жеткіншек ұрпақты тәрбиелеу. «Ұл туса – жақсылық, ата-бабаларының жолымен жүрсе – игілік» дегенді білдіреді халық мақалы. Қазақ халқы ежелгі замандардан бері ұрпақтардың тәрбиесіне өте байыпты қарап келеді. Қазіргі уақытта тәрбиелеу жаңа тәсілді талап етеді. Бұл проблеманың өмірлік маңызы зор және де оны шешуге халық пен тұтастай алғанда қоғам да белсенді түрде қатысуы тиіс. Қатардағы адамдарға тәрбиелеудің мемлекеттік және ғылыми маңызды проблемаларын түсіндіру үшін қаламгерлік ерекше талантқа ие болу керек. Мәмбет Қойгелдиев нақ осындай адам. М.Қойгелдиев – бұқаралық ақпарат құралдарына білім беру мен тәрбиелеудің басты проблемаларына арналған терең ойлы мақалалар жариялап жүрген ғалым.

Мәмбет Құлжабайұлы қоғамымызда болып жатқан саяси және әлеуметтік құбылыстардан да сырт қалған емес.  Оларды ғылыми тұрғыдан жан-жақты талдап, өзінің әділ бағасын беріп отыратын қайраткер, дара ғалым. Еліміздің дамуына, ұлтымыздың өсіп-өркендеуіне, ғылым мен білімнің жетілуіне мүмкіндігінше өз үлесін қосып жүр. Ол қазақ халқының тарихында ерекше орын алады.

Қорыта келе айтарымыз, ғылым докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мәмбет Құлжабайұлының тұлғалық болмысы мен адамгершілік бітімін аңғартар біздің әңгімемізге арқау болған тоғысар тұсы – тарих екені даусыз. Тарих әлеміне қызмет етуді өзіне бақыт санайтын осындай ойы терең, жаны бай жақсы адаммен қатар жүрудің өзі ғанибет қой.

М.Қойгелдиев өз мерейтойын үлкен творчестволық табыстармен қарсы алып отыр. Қоғамымызда, еліміздің ғылым мен білім жүйесінде оның аты әйгілі, абыройы биік. Ол ғұлама ғалым, қайсар тұлға.

               Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі,

философия ғылымының докторы, ­профессор

5103 рет

көрсетілді

15

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы