• Білім және ғылым
  • 11 Тамыз, 2021

БИЫЛ АЛПАМЫС МЕКТЕПКЕ БАРА МА?

Әсел МҰРАТБЕКҚЫЗЫ

«Ana tili»

Онлайн ба, оффлайн ба? Бәрімізге бала күннен таныс «Алпамыс мектепке барады» деген фильмді еске алсақ, биыл да Алпамыстай сансыз бала сөмкесіне қалам мен дәптерін салып, алғашқы қоңырауды асыға күтіп жүрген болар. Енді олар мектепке бара ма? Жаңа оқу жылының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Оқушылар мен студенттер білім ордасымен қайта қауыша ма, әлде үйден бір адым ұзап шықпастан, онлайн оқуын жалғастыра ма? Әзірге оқыту форматы туралы ресми қаулы жоқ. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасымен дайындық басталып кетті. 

Ұлттық статистика бюросына сүйенсек, қазіргі таңда елімізде 7 475 мектепте 3,5 млн-нан аса оқушы, 366 мыңнан аса педагог бар. ҚР Білім және ғылым министрлігінің болжамы бойынша, биыл бірінші сыныпқа 380 мыңнан аса оқушы барады.

 

Оқу жылы мен каникул мерзімі

Білім және ғылым министрлігінің орта білім беру ұйымдарында 2021-2022 оқу жылының басталуын, ұзақтығы мен каникул кезеңдерін айқындау т­уралы бұйрығына сүйенсек,  оқу жылы әдеттегідей 1 қыркүйекте басталады. Оқу жылының ұзақтығы 1-сынып үшін – 33 оқу аптасын, 2-11 (12)-сыныптарда 34 оқу аптасын құрайды.

Ал каникул мерзімі былтырғы жылмен салыстырғанда қысқарған. Күзгі каникул – 25-31 қазан  аралығында, қысқы – 31 желтоқсан – 10 қаңтар, көктемгі – 21-31 наурыз аралығында болады. 1-сынып үшін 7-13 ақпан күндері қосымша демалыс қарастырылған.

 

Мектеп формасын кию міндетті ме?

Жаңа оқу жылының басталуы қарсаңында мектеп формасы туралы мәселе де күн тәртібіне шығады. Пандемияға дейін мектеп формасын кию міндетті болды. Бірақ Білім және ғылым министрлігі өткен жылы барлық жағдайды ескере отырып, оқушыларға биыл да классикалық стильдегі киім киюге рұқсат берді.

«Өзім ата-ана ретінде де, Білім және ғылым министрі ретінде де мектеп формасын киюді қолдаймын. Cонымен қатар педагогтар мектеп формасы балаларды бір тәртіппен тәрбиелеуге үлес қосатынын, басқа балалармен бірлікті сезінуге мүмкіндік беретінін және ең бастысы, оқушылар арасындағы әлеуметтік айырмашылықты азайтуға көмектесетінін айтады. Ата-аналардың, мұғалімдердің, мектеп әкімшіліктерінің, білім басқармасы басшыларының пікірін тыңдап, көбі мектеп формасын жақтайды деген қорытындыға келдім. Бірақ мектеп формасын қолдағандар мен қарсылық білдіргендердің пікірін саралап, барлық жағдайды ескере отырып, біз оқушыларға мектепке тек мектеп формасында ғана емес, ­сонымен қатар классикалық стильдегі киімде де келуге мүмкіндік беретін шешім қабылдадық» деп хабарлады бас ұстаз Асхат Аймағамбетов Facebook-парақшасында. Министрдің аталған жазбасына түрлі пікір білдіріп жатқандар аз емес. Мектеп формасын міндеттеу керек дейтіндер қатары көп. Көпшіліктің ойы «классикалық киімге рұқсат беру – бай-бағлан балаларының арасында сән жарысын ұйымдастыру» дегенге саяды. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласындағы №90 мектеп-гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлы өз парақшасында: «Мектеп формасының болуы, ең алдымен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін керек. Әйтпесе, өткен жылы кезекші сыныптардағы жағдайлар шын ойландырды. Қымбат киімдердің жарысы, классикалық үлгі дегеннің өзін ақшасы бар жұрт мың құбылтып киінді. Ал әлеуметтік жағдайы төмен балалар жасиды. Сондықтан жалпы мектеп формасын міндеттеу керек, бұл жеке пікірім. Мектеп формасы мектептегі көп тәрбие үшін аса маңызды. Оны таратпасам да түсінікті» деп жазды.

 

Өткен оқу жылы туралы бірер сөз

Алдағы оқу жылын сөз етерден бұрын, былтырғы оқыту форматы туралы сала мамандарының пікірін біліп, қашықтан оқыған кезде қандай қиыншылықтар болды, оқу ордалары дәстүрлі оқу форматына оралуға ­дайын ба деген сауалға жауап іздеп көрдік.

«Былтырғы онлайн-оқудағы ең басты кедергі интернет жылдамдығы, дәлірек айтсақ, баяулығы болса, одан кейін кейбір оқушылардағы АКТ құралдарының сапасыздығы (арзанқол дүниелер) болды дер едім. Алдағы оқу жылының онлайн, әлде оффлайн болатыны алдағы аптада белгілі болатын шығар. Әрине, оффлайн оқуға не жетсін?! Бірақ індет өршіп тұрғанда ең басты орында оқушылар мен педагогтардың денсаулығы тұруы керек» дейді Шымкент қаласындағы №41 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Өмір Шыныбекұлы.

Шымкент – еліміздегі үшінші мегаполис. Үкімет ­басшысы Асқар Маминнің сөзінше, «Қазақстандықтардың 99 пайызы интернетпен қамтылған». Бұл ­туралы ол Алматыда өткен Digital Almaty ­форумында мәлім еткен. Бірақ қолымыз жеткен интернеттің сапасы қандай?

«Қызым Атырау қаласындағы №34 мектеп-гимназиясында 5 сыныпта оқиды. Қашықтан оқу барысында түрлі қиыншылық болды. Zoom платформасын пайдаланғанның өзінде, кейде мұғалімнің даусы анық естілмей қалады. Сабақ айтқан оқушылар бірін-бірі түсінбей жатады. Қықасы, мұғалім – Ұрымда, оқушы Қырымда отырғандай күй кештіреді. Жаңа оқу жылының өз талабына сай дәстүрлі түрде өткенін қалаймыз» дейді Атырау қаласының тұрғыны Жеңіс Е­рбаянова. Бұл интернеті бар аймақтардағы жағдай. Ал интернет тартылмаған немесе жылдамдығы әлсіз өңірлерде ахуал басқа. Білім министрлігі 2019-2020 оқу жылында осындай интернет жетпеген жерлерде сабақ тапсырмасын пошта арқылы немесе қолма-қол қағаз тасымалдаушылармен жіберу нұсқасын ұсынған болатын. Ал 2020-2021 оқу жылында шағын жинақты мектептерге дәстүрлі нұсқада оқуға мүмкіндік берді.

«Алдыңғы оқу жылында қолма-қол қағаз тасымалдаушылармен оқыдық. Тапсырмаларды түсіну қиынға соқты. Көбірек ізденуге тура келді. Ал өткен оқу жылында мектепте оқушы саны аз болғандықтан, дәстүрлі түрде оқыдық. 11-сынып болғандықтан ҰБТ-ға дайындалу керек, ал каникул кезінде қосымша оқыту курстарына бара алмадық – карантин талабы солай. Қолымызда бар кітаппен ғана дайындалдық. Тестке дайындалу кезінде бұның бәрі үлкен стресс екен. Қаладағы оқушылар онлайн болса да түрлі тестке дайындық курсына қатысып жатқанда өзіңді бәсекеге қабілетсіз қалғандай сезінесің. Алайда, бағымызға орай, екі рет ҰБТ тапсырдық. Екеуінен де 110-нан жоғары балл алдым. Пандемия болмағанда бұдан да жоғары жинауға болатын еді. Енді студент атанамыз. Университеттегі оқуымыз дәстүрлі форматта болса екен. Қажет ­болса, вакцина алуға да әзірмін, ­алайда ­жасым әлі 18-ге толмады» дейді Шығыс Қазақстан облысы Үржар ­ауданы Қарабұта орта мектебінің түлегі Еламан Сарқыт.

Иә, өткен жылы оқыту форматы эпидемиологиялық жағдайға байланысты өзгеріп отырды. Кейбір оқушылар қашықтан білім алды, бір бөлігі аралас форматта оқыды.

«Эпидемиологиялық жағдай жеңілдеп, дәстүрлі оқуға мүмкіндік болған кезде кейбір оқушылар кезекші сыныптарға барды. Яғни елде жаппай қашықтан оқыту болған жоқ. Іс жүзінде орта есеппен 4000-ға жуық шағын ауылдағы мектептер жыл бойы дәстүрлі форматта оқыды. Дәстүрлі форматта оқитындардың жалпы саны кезекші сыныптарды қоса алғанда бірінші тоқсанда 1 млн бала болса, төртінші тоқсанда 2 млн балаға дейін жетті» деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Ж.Қарамбаев.

 

Алдағы оқу жылы қандай форматта болады?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында оқушылар мен студенттерді дәстүрлі форматта оқытуға дайындықты қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Ал әлеуметтік желілерде «Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов брифингте жаңа оқу жылының бірінші тоқсаны қашықтан басталатынын айтты» деген ақпарат тарады. Бірақ бұл жалған. 

«Білім және ғылым министрі ­Асхат Аймағамбетов брифингте мұндай мәлімдеме жасаған жоқ. Оқыту форматы туралы шешімді коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық ­комиссия, елдің бас мемлекеттік ­санитария дәрігері және өңірлердің бас ­санитария дәрігерлері қабылдайды» деді БҒМ өкілдері. Дегенмен, жер-жерде дайындық жұмыстары жүріп жатыр.

 «Әрбір әкімдіктің білім басқармасы мен білім беру ұйымдарының пандемия кезінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, кезекші сыныптар мен мектептердің жұмысын ұйымдастыруда тәжірибесі бар. Дегенмен, күндізгі оқу процесін ұйымдастыру мәселесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек. Б­астысы – балалардың денсаулығы. Сондықтан әр ­сынып басқа кабинетке ауыспай, өз кабинетінде оқиды. Оқушылар да мұғалімдер сияқты бетперде киеді. Үзілістер әртүрлі уақытта болады, қажет болған жағдайда қосымша ауысымдар енгізіледі. Кіреберісте температураны өлшейтін және дезинфекциялық құралдардың болуы міндетті. Сондай-ақ оқушылардың білім олқылығын толтыру бойынша педагогтардың көлемді жұмыс жүргізуі маңызды» деді Жомарт Қарамбаев.

Сонымен қатар сабақ кестесі санитарлық талаптарды ескере отырып жасалуы керек. Білім беру ұйымдары бұқаралық, мәдени және спорттық іс-шараларды өткізуді шектеуі қажет.

Санитарлық қызметтің талабы бойын­ша алдағы оқу жылында мектептерді ашу шарттарының бірі – мұғалімдер мен қызметкерлерді 100% вакцинациялау. Бұл туралы еліміздің Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов айтқан болатын. БҒМ хабарлауынша, бүгінгі күні педагогтардың 90%-ы вакцина алған. Ал оқушыларға екпе салу туралы әлі нақты мәлімет жоқ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, балаларға да вакцина алуға мүмкіндік беру керек.

«Қазір тек ересектер екпе салдыра алады. Балаларға қатысты нақты бір мерзімді айта алмаймыз, себебі ол ерікті түрде, тек ата-анасының келісімімен болады. Түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Қазір ата-аналар жиі хабарласып, баласына вакцина салдырғысы келетінін айтады. Өкінішке қарай, Қазақстанда ­балалар вакцинасы жоқ» деген болатын А.Цой Орталық коммуникациялар қызметінде  өткен онлайн-­брифингте.

Сонымен,елдегі эпидемиологиялық жағдай тұрақталмайынша, бұл тақырыпта нақты бір нәрсе айту мүмкін емес. Ал ол үшін қауіпсіздік шараларын қатаң сақтап, карантин талаптарына бағыну керек. Ғылым індетті тоқтатудың жалғыз жолы вакцина екенін айтады.

Азаматтың суреті

 

3100 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы