• Руханият
  • 11 Тамыз, 2021

Жердің жан жарасын кім жазады?

Қарагөз СІМӘДІЛ

«Ana tili»

Күні кеше ғана отқа оранған Түркияның фотосуреттері жарияланып жатты. Қанаты болса-дағы ұшып кетпей, ұя маңында, шақалақ болып үлгермеген қалпында отқа қақталған оншақты жұмыртқа қасында үйітіліп қалған құстың фотосуреті күллі әлемді шарлап кетті. «Торғай екеш, торғай да балапанын қорғайды» деген ән еске түсіп, жүрек қозғалғанын несіне жасырайық. Адам баласының қолынан болсын, әлдебір басқа себептерден болса да күллі әлемді өрт шарпып жатқанда түтінге қақталған Жер-Ана, топырағынан жаралғандықтан «іштен шыққан сұр жыланының» қылығына үнсіз көндіккен Жер-Ана, сенен кешірімді кім сұрасын?

 

Иә, биылғы жаздың өзінде жер бетінде бірнеше алапат өрт болып,  Жер шарының өкпесі қара түтінге қақталды. Бірнеше жыл қатарынан орман өрті мазасын алған Ресейдің осы жаз 3,5 млн гектар жері өртке оранды. Әсіресе Саха елі өрттен қатты жапа шекті. Ал Красноярск маңын түтін түгел жауып тастаған. Бұл өлкедегі көптеген адам тыныс алу жолдары ауруынан зардап шеге бастаған. Шілде соңы, тамыз басында тұтас ауылдары, далаларын жалмаған өртпен Түркия арпалысты. Өрт аумағы 150 мың гектарға жетті. Грецияның Эвия (Эвбея) аралының тұрғындары алапат өрт салдарынан туған жерінен аяқ асты көшуге мәжбүр болды, олардың өз үйлеріне қашан оралатыны да белгісіз. Өрттің тілі жалап-жұқтап бара жатқан соң тілсіз жауды бұтамен сабалап өшірмекші болып жанталасқандардың да шарасыз тірлігі желіде көп таралды. Орман өрті маусымы келмесе де АҚШ отпен күресін ерте бастауға мәжбүр. Калифорнияда 5700 өрт ошағы шықты. Күл мен шоқты АҚШ-тағы дауыл да үрлеп, үдетіп тұр.

Иә, Жер шары күнде өртенеді. Мына бір тұстағы өртті әупірімдеп басып болғанда, екінші бір жақ лап ете түседі. Қанша адамның көз жасы, тіршілік иесінің қиналысы қара жерді селт еткізбейді деп кім айтты? Төсінде жайқалған шалғын мен бұта талдың әп-сәтте күлге оранғанына куә болу Жер шарының жанына батпайтын ба еді? Ал біз, адам баласы, өртті сөндіре сала, түк болмағандай өз тірлігімізге көше беретініміз қалай? Кішкене жарақат алсақ та, сол жерді маймен сылап әуре болмайтын ба едік? Ендеше жарақат алған Жердің жан жарасын кім жазады?

Шілде басында Ұлытаудың даласы өртке оранды. Тілсіз жау үйітіп кеткен төрт түлік қорада теңкиіп-теңкиіп қалды. Обал! Обал, әрине. Мемлекеттің, басына іс түскенге бейжай қарамайтын жандардың арқасында шама-шарқымызша адамға көмек берілетін алғышарттар жасалды. Ал Жерге ше? Өрт бауырын күйдіріп, жарақаттанып қалған Жерге қандай көмек берілмек? Жер өз жарасын өзі жазар. Күні ертең-ақ өртеңге көк қаулап шығар. Көкке түлік тойынар. Қоңды түлікке адамның көзі қуанар. Ал Жерден кешірімді кім сұрар? Жер қайғысын кім түсінер?  

«Жер-Ана, кешір, сен бізді» дейтін уақыт жеткен сияқты. Әйтеуір біз ойланып-толғанып біткенше бәрі де кеш болмаса екен дейсің тағы...

 

1944 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы