• Руханият
  • 11 Тамыз, 2021

АБАЙ МЕН ШӘКӘРІМ КЕСЕНЕСІ ТУРАЛЫ

КЕКІЛБАЕВ КЕҢЕСШІСІ БОЛҒАН

Кешегінің бары мен жоғын түгендеуге, баға беруге, талдап, таразылауға құқымыз бар ма, жоқ па, білмедім, алайда Тәуелсіздіктің таңындағы әрбір үлкен қадамдар елдің жарқын болашағы үшін жасалғанына ешкім күмән келтіре қоймас деп ойлаймын. Әсіресе құндылықтары кілт өзгерген біздің ел үшін сол уақыттарда бет бұратын бір құбыланың керегі айқын еді. Жо-жоқ, күллі мұсылманның Меккедегі Қағбасынан бас тартатын біз емес, қала берді Түркістанда Қожа Ахметіміз бар. Тәуелсіздіктің шолпан жұлдызы туған сәттен Ясауи кесенесіне деген құрмет-ізет басталып та кеткені анық еді. Өзбекәлі Жәнібеков бастаған тұлғалар Тайқазанды елге алдырған сәттен бері де ел еңсесі тіктеліп, болашаққа сенімнің беки бастағанын ешкім жоққа шығармас.

Десе де, ұлтты ұйыстырып, басын қосатын, ең аяулы, ең ардақты тұлғасының мәңгілік мекені екеніне ешкім күмән келтіре қоймас. Ал қазақ үшін Абайдан аяулы кім бар еді?  

Қазақ үшін жолдың бәрі Жидебайға апаратыны рас. Өткенге оралудың бір мысалы: әрбір ісіміздің бәрі де Абайдан басталып, Абаймен жалғасатынының бір дәлеліндей болып 1993 жылы Абай кесенесінің қайта жаңғыра бастауы үшін алғышарттар жасалды. Одан әрі деректерді сөйлетіп алып, негізгі айтпағымызға көшсек. 

Абай мен Шәкәрiмдей қазақтың қос алыбы жатқан кесене құрылысы ҚР Президентiнiң Жарлығы негiзiнде, Абайдың  150 жылдық мерейтойы әлемдік деңгейде тойланатын 1995 жылға дайындық есебінде, 1993 жылы басталды. Ел ұстыны берік болуы үшін көпшілік қадірлейтін тұлғаға арнап қойылмақ кесене құрылысы да айбатты, сәулетті болмағы керек-дүр. Аламанда ат дүбірлеткен Сағынайдың асындай, мұндай қастерлі жобаға атсалысуға ниет танытқан жандардың да көп болғаны түсінікті. Абай мен Шәкәрім кесенесін салуға ниет білдіргендердің ішінде сәулетші Бек Ыбыраевтың жобасы мақұлданды. Бұл жобаның мақұлдануының өзінде де бір заңдылық бардай, себебі Бек Әнуарбекұлы Қорқыт ата ескерткіші (1980, Қызылорда облысы), Ш.Уәлихановтың мемориалды кешені (1985, бұрынғы Талдықорған облысы), Қабанбай батыр (1990) және Райымбек батыр кесенесі (1992, Алматы қаласы; бәрі де басқа авторлармен бірге) сынды сәулеттік жобаларда тәжірибе жинақтап, ел ықыласына бөленген маман еді.

Хош, сәулетшi идеясында, тұтас кесене Сарыарқаның кең даласының төсiнде поэзия айдынында баяу жүзiп бара жатқан Абай мен Шәкәрiмнiң қос желкендi кемесi сынды болып көрiнуi керек деген шешiмге келген екен. Бұл кесененiң кеме сияқты жақсы көрiнiс беретiнi, күн қатты ысыған кезде далада сағым көтерiледi. Көрген адамға осы сағымда алыстан теңiз толқығандай болып тұрған заматта, Абай-Шәкәрiм кесенесi сол сағым-теңiздiң үстiнде үлкен бiр ой құшағында қалықтап тұрған, ойдың алып кемесi сияқты әсер етедi. Кесененiң iргетасының ұзындығы – 200 метр. Көлдеңiнен (енi) – 65 метр. Бұл – қазiр әлемде үлкендiгi жағынан бiрiншi орында тұрған алып космостық құрылыс. Абай күмбезiнiң биiктiгi – 38 жарым метр. Ал Шәкәрiм күмбезiнiң биiктiгi – 37 метр. Шәкәрiм күмбезiн Абайдан бiр жарым метр аласа қылғанының себебi, Шәкәрiм Абайдың немере iнiсi, шәкiртi.

Iшкi шеңбер аумағы жағынан Абай кесенесi – 16 метр болса, Шәкәрiмдiкi – 8 метрдi құрайды. Шәкәрiмнiң сүйегi 30 жыл Құрқұдықта жатты. Қажы қазақ егемен ел болғаннан кейiн ғана толық ақталды. Оны Шәкәрiмнiң кесенесiнде былай суреттеген: Күмбезде егемендiктiң сегiз қырлы елтаңбасын келтiредi. Одан жаңадан атқан күн сәулесiн шашыратып қойған. Бұл егемендiктiң жаңа таңы атқанда, Шәкәрiм ақталып, жарыққа шықты деген үлгiдегi ойды бiлдiредi.

Қазақ мазарда марқұмның қабiрiн сипап, топырағын үгiтiп, «жатқан жерi жайлы болсын, топырағы торқа болсын» дейдi. Сондықтан мемориал кешенге кiре берiсте гранит тастан жасалған қазандықтың үстiне топырақ қойылған. Бұл – Абай мен Шәкәрiмнiң жамбасы тиген жерден алынған топырақ.

Тағы да бір ресми деректерге көз жүгіртсек, бұрын осы орынға жерленген Абай, Оспан, Шәкәрім, Ахат бейіттерін қозғамай, солардың бәрін ішіне ала тұрғызылған кесене құрылысы көшпелілер мәдениетінің үрдісінде, қазақ халқының космогониялық танымын бейнелейді. Сонымен бірге Абай кесенесінен Самарқандағы Гүр-Әмір, Аградағы Тәж Махал кесенелерінің әсері де байқалады. Кешен композициясында бастан-аяқ тұтастық сақталған.

Міне, Абай мен Шәкәрім кесенесінің жалпы сипаттамасы осындай. Ал енді негізгі айтпақ ойымызға келсек, бұл жоба күллі қазақтың жобасы еді. Ұлт үшін ең маңызды болып саналған осы кесене құрылысы маңында қалам ұстаған талай кеңесшінің болғаны анық. Соның, бірі, қателеспесек, Әбіш Кекілбайұлы еді.

Кесене құрылысы жобасының басы қасында жүрген Сайын Назарбекұлы да «Астана ақшамы» газетінде жарияланған кенесе құрылысы туралы мақаласында Әбіш Кекілбаевтың есімін атайды. Кесене құрылысына Маңғыстау ұлутастарын әкелу де тұтас қазақ даласының бұлжымас, бүлінбес бірлігінің айғағы болып тұрған жоқ па?

Сөзден сөз туады, жақында ғана Маңғыстау топырағына табанымыз тиіп, Шопан ата, Бекет ата басына барып тәу еттік. Көне заманалардың тылсымын ішіне бүккен қасиетті жерде сонау түркі дәуірінен қалып кеткендей әсер қалдыратын мазараттар көп-ақ. Сағанатас, сандықтас, бесіктас... деп кете беретін мазар салу дәстүрі осы Маңғыстаудың даласында шып-шырғасы бұзылмаған қалпында қалып қойғандай. Ендеше, Абайдай алыптың кесенесін тұрғызу барысында қаламына серт берген, Абайды өзгеден кем түсінбейтін көзі тірі алыптың жүруі де заңдылық секілді.

Абай мен Шәкәрім кесенесі Түркістандағы Қожа Ахмет кесенесінен бірнеше метр аласа. Қазақ даласындағы қасиет пен өткенге үлгінің бұл да бір жарқын мысалы. Күллі алыптарды қойнына бүккен Қожа Ахмет кесенесі бұл даладағы ең биік құрылыс алаңы болған, бола да бермек. Ал желкендей алыс­тан менмұндалаған Абай мен Шәкәрім кесенесі ұлт бірлігі мен тұтастығының, өткенге құрметтің айқын белгісіндей болып ертеңгіге сыр шертпек...       

Қарагөз СЕРІКҚЫЗЫ

 

 

3240 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы