• Тіл
  • 19 Тамыз, 2021

«ОЯН, ҚАЗАҚТЫҢ» КҮНІ ТУЫП ТҰР

ХІХ  ғасырдың екінші жартысында патшалық Ресей Қазақстан аймағын толық қаратқаннан кейінгі тарихымызға зер салсақ, тағдыр ұшқыны тұрақты Мәскеуден бастау алып отырыпты. Алайда түпкілікті шешімнің көбі өзімізге, ішкі тұтастығымызға, бірлігімізгебайланысты болып келген. Патша үкіметі құлап, Алашорда мен Түркістан Мұқтарияты дүниеге келді. Бірақ олардың өмірлері ұзаққа бармады. Саяси сахнаға келген Кеңес үкіметі алғашқысын екі жарым жылда, екіншісін алпыс төрт күнде таратып, екеуінің де түбіне жетті. Басшыларын түгел дерлік түрмеге тықты, атты, асты. Жалғыз Мұстафа Шоқай ғана шет елге кете алды.
Ғасырлар жасаған патшалық Ресейдің құлауының басты себебі оның халықты басқару жүйесінде болған еді, сол сияқты алып аймақты саяси уысында ұстаған Кеңес Одағының ыдырауының бір көзі Коммунистік партияның жеке билігінен табылды. Адамзат қоғамы еш уақытта жеке билікпен мұратына жеткен емес. Көбіне әлсіреп, кейде жойылып отырған. Осы сәтте ұлы ұстаз әл-Фарабидің ел басқарған әкімге жетпеген кейбір жеке қасиеттерді екінші адам не топпен толықтыру қажет дегені еске түседі. Бірақ мұны түсіну үшін ерекше өре керек. Билік тым тәтті, оның тәттілігіне еш басқарушы қанағат еткен де емес, тойған да жоқ.

Осылай аяғы ыдырауға алып келген кешегі Кеңестің «қайта құру» сая­саты ұлттық республикаларды оят­қаны белгілі. Бұл олардың өздерінде қалыптасқан саяси әлеуметтік жағдайға сын көзімен қарауға, өздерінше тірлік етуге мүмкіндік тудырды. Өйткені ұлттық езгіде болған қоғам үшін есте жоқ ескі заманнан келе жатқан қатал заң бар. Ол – еркіндіктің ұлттық құндылықтың өзегі тілден басталатыны.

Тілі азат болмаған елдің өзі тәуел­сіздікке жете алмайтынын терең түсінген Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан сонау 1905 жылдары сахна төріне шыққан қазақ ұлт азаттық қозғалысының басында ақ ана тілімізге азаттық алуды алға қойған болатын. Сол себептен Мәскеудің «қайта құруын» еліміздің зиялы қауымы ең бірінші туған тіліміз үшін күреске айналдырды. Бұл жер жерде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылуға алып келіп, оның басты мұраты ана тіліміз үшін күрес болды. Осы арқылы көптен қалыс қалған ұлттық мәселелерді алға шығарды.

Сонау 1989 жыл еске түседі. Мен ол кезде Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқаратынмын. Алматыдан Қ.Мұхамеджанов, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, т.б. республикаға белгілі жазушы, тіл мамандары келіп, қаладағы Н.Бекежанов атындағы театрдың ғимаратында үлкен жиналыс өтті. Облыста «Қазақ тілі» қоғамы құрылады дегеннен соң халық көп жиналды.  Көптен қордаланған ойлар мен пікірлерге есік ашылды. Олар ортаға  салынды. Үлкен үзіліске дейін де, онан кейін де Қалекеңнің – Қалтай Мұхамеджановтың шабыттана сөйлегені әлі есімде. Сол кездері  орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру керек  деген аты мәлім ақсақал академигімізбен де Қалекеңнің белбеуді  тартыңқырап жіберіп, күреске шыққаны жадымда. Қайран, Қалекең-ай!

Осылай «Қазақ тілі» қоғамдық ұйымы  кеңестік дәуірде бастау алып, тәуелсіз ел болып жарияланған 90-жылдардың алғашқы кезінде сол уақыттағы қажеттілікке орай белсенділік танытып, қызу жұмыс жүргізген болатын. Халық көтерілді. Ерекше еркіндік етек алды. Әуелгі кезде Үкімет тарапынан да тиісті бірсыпыра қолдау болды. Барлық елді мекендерде қоғамның филиалдары, мекемелерде бастауыш ұйымдары құрылды. Осының арқасында өз жері мен елінің иесі қазақ 39 пайыз ғана болып отырып, 1989 жылғы 22 қыркүйекте Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің кезектен тыс он төртінші сессиясында  «Тіл туралы» заң қабылданды. Қызу тартыс, көсем сөздерден кейін қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып, оның қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған бүкілхалықтық іс басталды. 1990 жылдың наурызында ұйымдастырылған «Ана тілі» газеті бүгінгі күні ұлттық тіліміздің туын берік ұстап келе жатқан жоқ па? Өткен отыз жылда ана тілімізге қатысты талай толағай толғаныстар мен тамаша ойлар айтылды. Өкініштісі – оларды және сол кездері  жер жердегі рухани өрісті, шынайы ұлтшылдық үдерісті тиімді пайдалана алмадық. Тілімізге деген көзқараста күрт өзгеріс болды. Алдыңғы қарқын ысырылып тасталып, қайшылықты заңдық нормалар қабылданып, ана тілімізге тұсау салына бастады. 1993 жылғы Конституцияда қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілумен қатар орыс тілі ұлтаралық тілі болып саналған еді. Содан 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма келесі 2-тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде  қазақ тілімен тең қолданылады» деген баппен ана тіліміз мешел күйге түсірілді.  Сол себепті 1997 жылғы Парламент қабылдаған «Тіл туралы» Заңның 27 бабының он бесі орыс тілінің қамын қарастырып, қазақ тілі жөнінде табан тірейтін бір қағидатты мәселе қарастырылмады. Ол керек болмады. Ана тіліміздің тағдырын «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы» арқылы шешеміз деген теріс тұжырым соңғы жиырма жылда орыс тілін кешегі кеңестік кезеңдегідей қоғамда негізгі қатынас тіліне айналдырып, ана тіліміз екінші қатарда қалды. Содан орыс тілді билікке де, орыс тілді қазаққа да «Қазақ тілі» қоғамының керегі болмады. Сөйтіп, тілімізді төрге шығару жолында қалың қазақты оятуға бағытталған, біршама батыл қадамдар жасаған, атқарушы биліктегілермен қоян қолтық жұмыс істеу мақсатында арнайы құрылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы бірте-бірте әлсірей бастады. Қазақ тілінде еркін сөйлей алмай отырған Парламентіміз бен Үкіметіміз, көбіне иығын орыс тіліне тығып, қазақ тілінен қорғаныс іздейтін немесе  ұлтшыл азаматтарымыз «Мемлекеттік тіл туралы» Заң керек десе жандары қысылып, жүректерін ұстайтын биліктегі басшылар, өз бала-шағасымен өз тілінде сөйлесе алмай жүрген ата-ана мен әжелер, болмаса өз тілдерін менсінбей, орыс тілін білгендеріне, азын-аулақ ағылшын, қытай тілдерінде сөйлегендеріне мәз болып, өздерін бақытты сезініп жүрген жастарымыз, республикадағы мектептердің бестен бірін құраған аралас мектептердегі қазақ тіліне зар болып жүрген ұл-қызда­рымыз, тіпті басқа қалаларға үлгі болуға тиісті астанамыздағы балалар ойнайтын алаңдарында қазақша сөйлемейтін жас өспірімдер, осындай жағдайлардан өзінің ана тіліне қолы жете алмай отырған қоға­мы­мыз туралы айтылар сөз кемігендей көрінді.

Рас, соңғы кезде қоғамымызда саяси әлеуметтік оң өзгерістер жаңаша бастау алып келеді. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаевтың халқымызды еркіндікке тартуы, қоғам мен билік арасында сындарлы  диалог орнатуға ұмтылуы халқымыздың саяси санасын біршама оята бастады. Содан республикалық баспасөз беттері мен әлеуметтік желілерде қазіргі бары-жоғы белгісіз халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» туралы мәселе  көтерілуде. Жоғарыға қарап отыруды дағдыға айналдырғаннан еш тірліктің бітпесіне отыз жылдық уақыт көзді жеткізді. Билік тарапынан тіліміз ­туралы батыл қадам әзір жасала қоймайтыны да белгілі ­болды. Осыдан бір ғасыр бұрын айтылған Алаш көсемдерінің бірі Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» атты ұранының күні туып тұрған сияқты. Кейбіреулер мұны артық санауы мүмкін. Ағайын, бір сәт ойланып қарайықшы. Құрғақ ұраннан ештеңе бітпейтініне, еш тиімді қозғалыс болмайтынына әрқайсымыздың көзіміз жетті. Тіл мәселесінде елеулі ілгері жылжи алмай, құлдыраудың шегіне жеттік. Енді қол қусырып не қол былғап, тілімізді оралмас­тай ұзатып салу қалды немесе оның жетім баладай есіктің босағасынан сығалатпай, төрге шығару үшін бар рухымызды жиып, тиімді әрекетке баруымыз қажет. Тілдің тағдыры – халықтың тағдыры екенін,  өзіміздің тағдырымыз екенін түсінетін кез келді. Енді қимылдамасақ, кеш қаламыз.

Қимылды қазір әр жерде қалған болмаса жұмысын қайта құрған «Қазақ тілі» қоғамын бүгінгі күннің талап сұранысына сәйкес қайта құрудан ­бастау керек.  Ал жақсы тәжірибелер жоқ емес, бар, бірақ бірен-саран ғана. Бәлкім, мен біле бермейтін шығармын. Дегенмен, «Тіл сақшысы» сияқты өзінің газеті бар Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қызылорда облыстық филиалындай ұйымды әзір естігенім жоқ. Бұл да – қайта жанданған ұйым. Басшылыққа ұлттық рухты, халықпен жұмыс істеуде мол тәжірибесі бар Сәдуақас Аңсат сияқты азамат келді де қоғам жұмысын жаңаша ұйымдастырды. Айналасына өзіндей дүниетанымы, ұстанымы және іскерлігі жетерлік адамдарды жинай білді. Ол жетекші болғалы тек тізімде бар, шындығында тарап кеткен бастауыш ұйымдарды қайтадан қалпына келтірді, аудандық филиалдарды нығайтты. Ерекше атап өткім келген бір мәселе – филиал мен газет жиі жиі рейдтер ұйымдастырумен шектелмей, оған тиісті мекемелердің жауап беруін талап етіп, оны газетте жариялап отырады. Басқа да бағалы істер баршылық.

 Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның жұмысын жандандыру үшін не істеу керек? Бірер ойымызды ортаға салайық. «Қазақ тілі» ұйымы билік пен қарапайым халықты байланыстыратын жүйе – үкіметтік емес ұйымдар ретінде тәуелсіз жұмыс істеп, қоғамдағы ана тілімізге қатысты маңызды мәселелерді қозғап, зерттеп, оны шешуге ұмтылатын еріктілер тобын бастап, тілдің сақталуына, жетіле түсуіне ең бірінші ж­ауап беретін оның жалғыз иесі қазақ халқын да, оның Отанымыздағы жанашырлары басқа ұлт өкілдерін де бұл мақсатқа жаппай жұмылдыра білуі қажет.

Қоғамның жарғысына сәйкес 5 жылда өтетін Құрылтай 10 жыл бойы өтпегендіктен соңғы жылдары Орталық кеңес пен облыстық, қалалық, аудандық филиалдарында түрлі жағдайлар болды, бір кісілер  өмірден өтті, екіншілері жұмысты тастап кетті. Қазір әр облыста жағдай әртүрлі, біреуінде жұмыс бар, екіншісінде қоғамдық ұйым деген аты ғана қалған. Сол себепті облыс, республикалық деңгейдегі қалалар мен аудандық ұйымдардың жетекшілерін белсенді азаматтармен ауыстырып, алдағы Құрылтайға дейін әр аудандық, қалалық, облыстық филиал қоғамдарының конференцияларын өткізіп, жасалған жұмыстың бағасын берген жөн. Қоғам филиалдарына жетекші етіп қабілетті, іскер азаматтар сайланып, төраға, тексеру комиссиялары мен Құрылтайға делегаттар сайлануы керек. Сонан соң қоғамның 2004 жылғы ескі Жарғысын қазіргі уақыт талабына сай қайта қарау қажет. Бұл үшін тіл мамандары, заңгерлер, ықыласты, ұлтшыл зиялы қауым өкілдерінен құралған арнайы жұмыс тобын құрып, жаңа Жарғының жобасы дайындалып, ол қоғамның бастауыш ұйымдары мен филиалдарында талқыланғаны дұрыс. Жаңа Жарғыға сәйкестендіріп филиалдардың Ережелерін де өзгерткен жөн. Ұйымның қаржы мәселесі де шешілуі қажет. Мемлекет қоғамдық ұйымға тікелей қаржылық көмек жасай алмайтыны белгілі, оның үстіне қоғамдық ұйым атқарушы билікке тәуелді болмауы керек, сонда ғана ол халықтың сөзін, мұңын толық сөйлей, айта алады. Ал тәуелсіз қоғам жұмысын б­астауыш ұйым арқылы жиналатын жарнапұлға, демеушілер көмегіне сүйеніп, өзі де заң аясында қаржы табу үшін жұмыс істегені жөн.

Жаңа ұйымдасқан  «Қазақ тілі» қоғамы мүшелері «жауырды жаба тоқымай», «барды – бар, жоқты – жоқ» деп айтып, шынайы күрескерлік танытуы керек. Көптеген мемлекеттер өз патриоттарының: «Ана тілін шекараны қорғағандай қорғау керек!» деген ұранын берік ұстанғандары арқасында ұлттық мемлекет құра алғаны сияқты, біздер де сәт сайын осы ұранды қайталап, ұлттық намысты оятқанымыз жөн. Бұл үшін ұлттық рух қажет. Осы сәтте Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында  өсіп дамиды, жеміс береді» деген сөзін айта кетсек артық болмас.

Ал ұлттық рухты кім көтереді, ұлттық намысты кім оятады?  Бұл бағытта тағы да тәуелсіз идеяны мұрат етуге тиісті Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының мыңдаған белсенділері ерекше үлес қосуы, «тіл майданын» барлық деңгейде қайтадан жаңғыртып, соның төңірегіне топтасып, жаппай қауымдасқаны жөн. Тиісінше мемлекеттік ұйымдармен де бірлесе іс-қимыл жасауы керек. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақ тілі» қоғамы тіл үшін күрес барысында елдік, мемлекеттік, ұлттық, қоғамдық мәселелерге араласуы тиіс. Менің пікірімше, ұйымның басшысы мемлекеттік немесе басқа жұмысты атқармайтын, бар уақытын, күш-жігерін, ақыл-ойын осы игі іске арнайтын, ұлтын ойлайтын, билікпен де, халықпен де тіл табыса алатын, өзіндік ойы, парасат пайымы жеткілікті азамат болғаны жөн. Осылай бүкіл қоғамды жандандырып, толыққанды жұмыс істей алуы үшін тағы қандай мәселелерді шешу қажет, соның барлығын жете ойланған дұрыс. Алғашқы кезде ұлт қамын ойлайтын кәсіпкерлердің қолдауына сүйенген де артық болмас. Бәлкім қолдайтын әкімдер де табылып қалар. Сол сияқты ұлттың барын паш ететін, жоғын жоқтайтын, ұлттық тілдің мемлекеттік мәртебесін көтере отырып, халықтың рухын биіктететін, тіпті қазіргі қоғамның жағдайына байланысты басқа да ұлттық тақырыптарды ретін тауып көтере алатын жергілікті басылымдар қажет. Отыз жылда мол тәжірибе жинаған «Ана тілін», оның оқырмандар санын елеулі көтере отырып, батыл пайдалануға болар еді.

 Сөз соңында жер-жерде қайта құрылған «Қазақ тілі» қоғамдары өз маңайына бұқара халықты жұмылдыра отырып, өз басшылығына нағыз тіл жанашырларын топтастыру арқылы ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін тәуелсіз еліміздің талабына сәйкес көтеруге қомақты үлес қосатынына  сенгіміз келеді.

Әбдіжәлел БӘКІР,

саяси ғылымының докторы,

профессор

 

2311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы