• Тұлға
  • 19 Тамыз, 2021

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ МЕЗЕТ

Алматы шаһарының қақ төрінде орналасқан саябақта орындықта ойға шомып, алысқа көз салып отырған бір адамның мүсіні бар. Аяғын айқастырып, иығына костюмін жамылып отырған жанның мүсіні кім-кімді де қызықтырады. Бас киімін баса киіп, қолын көкірек тұсына қойған бұл жанды барлық адам жақсы таниды. Оңаша ойға шомған кейіптегі бұл жанның мүсіні қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовқа тиесілі.  

2019 жылы тұсауы кесілген ескерткіш Республика сарайының маңындағы саябаққа орнатылған. Тұғыры гранит тастан қаланған ескерткіштің биіктігі – 1,5 метр, ал ұзындығы – 2,8 метр. 

Шәмші Қалдаяқов – көрнекті композитор, Қазақстан­ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазіргі қазақ эстрадасының негізін қалаушылардың бірі.  Лирикалық әндері үшін халық оны «Қазақ вальсінің королі» атап кеткен. 1930 жылы 15 тамызда қазіргі Түркістан облысы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. 1956 жылы «Менің Қазақстаным» әнін жазды, кейін ол Қазақстанның қазіргі әнұранына айналды. Көрнекті композитор 1992 жылы 29 ақпанда Алматы­да қайтыс болды.

Мүсін авторы Қанат Бегулиевтің айтуынша, ескерткіш қоладан жасалған, тұғыры гранитті таспен соғылып, екі ай бойы бұл жобаға бес маман біріге жұмыс істеген.

«Композицияға келетін болсақ, бұл Шәмші ағаның орындықта отырып, шығармашылық ой түйіп тұрған сәті. Міне, осындай шығармашылық мезет. Бұл ескерткіш адамдар жақынырақ келіп, суретке түсе алатындай етіп арнайы осылай орнатылды. Ескерткішті жасау кезінде біз өмір бойы онымен таныс болған адамдардан ақпарат жинадық. Шәмші ағаның ұлымен тікелей жұмыс істедік. Ол бізге ақыл-кеңесін айтты, біз білмейтін көптеген қырын ашты» дейді Қанат Бегулиев.

Шәмші әндеріне таңғалған ағылшын өнер қайраткері Роберт Файлер: «Мен қазақтың ұлы композиторымен танысқаныма қуаныштымын. 300-ге жуық ән шығару деген – ұлы ерлік! Сізге ескерткіш орнату керек» деген екен. Бағзы мен бүгінгі мақамдарды ұштастыруы Шәмші Қалдаяқов туындыларының даңқын дүрілдетіп шығарып, халық арасында кең жайылуына себепші болды. Мұхтар Әуезов өмірден озар тұсында университет студенттері алдында сөйлеген әйгілі сөзінде Шәмші саздарын Ақан, Біржан өнерпаздығынан кейінгі бір «жыл келгендей жаңалық» сезіндіретін үздік құбылыс ретінде бағалаған. Жұрт аузында «бүкіл қазақ еліне ән салдырған Шәмші» атануының да сыры сонда болса керек.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

1664 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы