• Тұлға
  • 19 Тамыз, 2021

ДҮНИЕ-ҒАПЫЛ

АМАНГЕЛДІ  СЕЙІТХАН

Белгілі спорт комментаторы, журналист Амангелді Сейітхан өмірден озды. 
Амангелді Муатқанұлы Сейітханов 1969 жылы 11 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Мақаншы ауылында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде жұмыс істеді. 1994 жылдан «Қазақстан» телеарнасындағы «Тұғыр» бағдарламасының авторы және жүргізушісі, спорт бөлімі бас редакторының орынбасары, «Құмсағат» бағдарламасының спорт ақпараттары продюсері болды. 1997 жылдан «Хабар» агенттігінде жұмыс істеді. Футболдан «Франция–98» Азия ойындары (1999), Банкгок, Бусан, Оңтүстік Корея чемпионатынан, Сиднейдегі (2000), Солт-Лейк-Ситидегі (2002) Олимпиада ойындарынан хабар жүргізді. 1998 жылы ҰОҚ-і Амангелді Сейітханды таңдаулы спорт журналисі деп атаған. Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2000). 
Марқұмның отбасына, әріптестеріне, туған-туысы мен жақындарына, дос-жаранына қайғырып көңіл айтамыз.

«Қазақ газеттері» Жауапкершілігі 
шектеулі серіктестігі және серіктестікке қарасты
басылымдар ұжымы 

 

«ЖЕҢІСТІ КҮНДЕРДЕ ЖОЛЫҚҚАНША»

 

Амангелдіні «Қазақстан» арнасында жұмыс істеп жүргенде сырттай білетінмін. Кейін «Хабар» арнасына келген соң араласа бастадық. Өз ісінің шебері екенін әр бағдарламасында көрсете білді. Амангелді көз алдымызда өсті. Кәсіби жағынан толысты. Бірақ өзінің адами, қарапайым қалпынан ешқашан айныған жоқ. Қашан көрсең де жарқылдап, жайнап жүретін. Жан-жақты өнерлі болатын. Спорт бағдарламаларынан басқа да бағдарламаларға қатысып, редактор, сарапшы ретінде атсалыса беретін. Өйткені оқығаны, білгені, түйгені көп болатын. Әсіресе айтыскер ақын­дығы қандай еді. Оның айтысқанын көріп әріптестері, спорт бағдарламасындағылар таңғалатын.

Амангелді жасы елуден асса да әріптестерін бастап алаңға шығатын ойыншы еді. Өзі қандай сауатты комментатор болса, футболды да сондай сауатты ойнайтын. Әріптес інілерін жарыстарға бастап шығып, «Хабар» арнасы беделін бәсекеде де көтеріп жүретін. Оны бұлай арамыздан тез кетіп қалады деп ешкім де ойлаған жоқ. Бәрімізге ауыр соққы болды. Ажалға араша жоқ. Батыр аңғал демекші, әлемді жайлаған індетке абайсызда ұрынды...

Не айтамыз, мұндайда? Жанымыз ауырып тұр. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Оның есімі қазақ көрермені жадында сақталатыны анық. Өйткені Ол өз ісімен соны дәлелдеп кеткен кәсіби тұлға. «Жеңісті күндерде жолыққанша» деген сөзі әр көрерменнің құлағында, жүрегінде мәңгі сақталары анық. 

Күлімхан БҰРЫШБАЙҚЫЗЫ,

«Хабар» арнасы Алматы филиалының бас редакторы

 

ЖҮРЕКТІ АЗАМАТ ЕДІ

Амангелдіні мен өткен ғасырдың 90-шы жылдарының ­басынан білемін. Ол кезде барлығымыз қарашаңырақ – «Қазақ телевизиясында» қызмет ететінбіз. Сол жас журналист кезінде өте ізденімпаз, жаңашыл болды. Спорт журналистикасына ерекше рең бере, жастық жалынымен келді. Келе-келе белді, өз қолтаңбасы бар, комментаторлық жұмысын шебер меңгерген журналист атанды. Талай Олимпиада ойындарында қазақ халқының әрбір жеңісін ең бірінші болып көрерменнен сүйінші сұрады. Ол жүргізген әрбір ойынды көрермен сүйсініп көретін. Көпшіл, кішіпейіл жан еді. Тағы бір ерекшелігі – айналасына, өзінен кейін келген жастарға қамқор болуды ұнататын. Оның шәкірттері қазір ел таныған журналистер, комментаторлар. Ол біреудің бір жерде қиналғанын көрсе, алғаш болып жанынан  ­табылатын. Өнердің қай саласынан да хабардар болатын. Суырып салма ақындығы да бар. Кездескен кезде кез келген тақырыпта еркін әңгімелесіп, жаныма рухани азық алатынмын. 

Ақ көңіл,  мейірбан бауыр-ай, жаның жаннатта болсын! Артыңда қалған ұрпақтарың атыңды өшірмейтініне кәміл сенемін! Сенің үнің, жарқын бейнең көрермен жадында сақталып қалады. Бақұл бол бауырым.

Рыскүл ШОРАХАНҚЫЗЫ,

әріптесі

 

 

2400 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы