• Тұлға
  • 19 Тамыз, 2021

ДҮНИЕ-ҒАПЫЛ

ӘЛІМХАН ЖҮНІСБЕК

Белгілі лингвист ғалым, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиін ұсынушылардың бірі, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек өмірден озды.

Ол 1938 жылы 12 мамырда Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Қарғалы ауылында дүниеге келген. 1955 жылы Түркістан қаласындағы №19 қазақ орта мектебін бітірген. 1958 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне оқуға түсіп, 1963 жылы бітіріп шыққан. Университет бітірісімен қазіргі ҚР БжҒМ А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі ­институты Фонетика бөліміне кіші ғылыми қызметкер болып орналасады да, өмірінің соңына дейін осы институт­тың аға ғылыми қызметкері, бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкері қызметтерін атқарады. 1964-1967 жылдары А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетіндегі академик Л.В.Щерба атындағы Фонетика зертханасында тәлімгер-зерттеуші болған.

Ленинград университетінің профессоры Л.Р.Зиндердің ғылыми жетекшілігімен 1969 жылы «Қазақ тілінің дауысты дыбыс­тары» атты тақырып ­бойынша филология ғылымының кандидаты ғылыми дәрежесін, 1989 жылы «Түркі тілдерінің сөз просодикасы және қазақ тілінің сингармонизмі» атты тақырып бойынша филология ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғап шығады. 1999 жылы профессор ғылыми атағын алады.

Сингармониялық бағыт Ә.Жүнісбек еңбектерінің арқасында қалыптасып, ғылыми айналымға түсіп, қалың оқырманға танымал болды.  «Қазақ грамматикасы» (сегментті фонетика бөлімі). Астана, 2002; «Қазақ фонетикасы». ­Алматы, 2009; Введение в сингармоничес­кую фонетику. Алматы, 2009. Қазақша-орысша фонетикалық сөздік. Орал, 2009), «Қазақ тіл білімінің мәселелері», Алматы, 2018, т.б. еңбектердің авторы. Ол түркі тілдерінде сөздік екпіннің жоқ екендігін дәлелдеп шыққан ғалым. Қазақ тілі үндесім (сингармониялық) тіл болғандықтан, оның дыбыс құрамына тән ұғымдар мен атаулардың өз ерекшелігін көрсете білді. Мыңнан аса фонетикалық атауларды құрастырып, айналымға енгізді. Әлімхан Жүнісбек «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін» құрастырған топ жетекшісі болды. Қазақ тіліндегі «Үндесім заңы», «Байтұрсынов қисыны» атты теориялық қағидалар жариялады. Орыс мектептерінің 1-4 сыныптарына арналған «Қазақ тілі» оқулығын дайындаған авторлардың әдістеме құралдарын жасады. Ол сонымен бірге еліміздің ұлттық университеттерінде «Теориялық (академиялық) қазақ фонетикасынан» дәріс оқыды.

2007 жылы Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақ­стан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбел­гісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалі­мен марапатталған.

Марқұмның отбасына, әріптестеріне, туған-туысы мен жақындарына, дос-жаранына қайғырып көңіл айтамыз.

«Қазақ газеттері» Жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және серіктестікке қарасты басылымдар ұжымы

 

 

ӘЛЕКЕҢ ИНСТИТУТТЫҢ ЖАНЫ ЕДІ

Қазақ ғылымына, тіл білімінің ­дамуына зор үлес сіңірген белгілі ғалым, филология ғылымының докторы, профессор, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері Әлімхан Жүнісбек дүниеден озды.

Профессор Ә.Жүнісбек – қазақ тілтанымында өзіндік орны бар ғалым. Ол қазақ фонетикасына, орфография мен орфоэпия мәселелеріне, сингармонизм теория­сына зор еңбек сіңірген ғалым. Ол қазіргі күн тәртібінде тұрған латын әліпбиі мәселесіне де өз үлесін қосып келген. «Әліпби ауыстыруды жазу ­реформасына айналдыру керек» деген. Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін көтеру ­жолында да ғалым еңбегі аз емес. Орыс мектептеріне арналған оқулықтар мен оқу-құралдарын ­дайындаумен қатар, балабақшадан бастап, ересектерге дейінгі өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйретудің тың әдістемесі (қазақ тілін грамматикасыз оқыту) мен оқу-құралдарын ұсынған. Көпшілікке арналған теледидар сабақтарын ­дайындап, алғаш жүргізген де өзі ­болатын. Алматы, Астана, Ақтөбе, Орал, Өскемен, Шымкент т.б. қалалардағы Тіл үйрету орталықтарымен үзбей байланыс жасап, әдістеме дәрістерін өткізіп тұрған.

Ғалым қаламынан 200-ге тарта ғылыми еңбек, он бес шақты әдістемелік және оқу-құралы жария­ланып, қазақ тілінің көрнекі ойын-құралдары құрастырылған, ғылыми жетекшілігімен 2 ғылым докторы және 15 ғылым кандидаты дайындалған. Қазақ тілінің өзекті мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында ойын білдіріп, пікір-сайысқа араласып, «дөңгелек үстелдерге» үзбей қатысып тұрған.

Әлекең нағыз ғалым әрі ерекше адам болатын. Әлекеңнің бойындағы жақсы қасиеттерінің бірі жан-жағына шуағын шашып, жастармен бірдей жүріп, өзінің қажыр-қайратының арқасында институттың қандай жұмысы болса да белсене араласып, шаршамастан еңбек етіп келген. Әсіресе қазіргі Елбасының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан, қазақ жазуының латын әліпбиіне өтер тұсында белсенділік танытып, газет беттерінде мақалалар жазып, телеарналарда өз ойын ашық айтып, өзіндік позициясын ұстанып сұхбаттар беріп жүргенін де барша жұрт жақсы біледі. Институтта өтетін жиын-тойларды да өзі басынан аяғына дейін басқарып, барлығының көңілінен шығатын.

Әлекең қазіргі заманның белсенді қайраткері болатын, іссапарда өте көп жүретін. Сондықтан Қазақстанның қай өңіріне барсаңыз да Әлекеңді танымайтын адам жоқ. Жүрген жерінде нұрын шашып, көп адамды маңайына жинап жүретін. Кезінде Әлекең Көбей Шахметұлымен де, Нұргелді Уәлиұлымен де өте жақын дос болып, үшеуі шетелге іссапармен барып, жалпы ғылымда да, өмірде де бір-бірінен ажырамай жүріп жұмыс атқаратын. Сол кездері жастар Көбекеңді ұжымның басы, Нұрекеңді ұжымның жүрегі, ал Әлекеңді институттың жаны деп айтатын.

Әлекеңнің қайтыс ­болуы ­инсти­тут ғалымдары, ­жалпы ғалымдар қауым­дастығы үшін орны толмас үлкен қайғы. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұжымы ғалымның туған-туысқандарының қайғысына ортақтасып, жалпы ғалымдарға қайғырып көңіл айтады.  Әлекеңнің жарқын бейнесі ел есінде сақталады.

Зейнеп МҮСІЛІМҚЫЗЫ,

академик

 

«ЖАЛҒЫЗ ҚАЛДЫМ» ДЕП ЖҮРУШІ ЕДІ

«Мен жалғыз қалдым» деп жүруші еді, ағасы, академик Өмірзақ Айтбайұлы кеткен соң... Енді, Әлеке, жалғыз емессіз... Өмекең де жалғыз емес...

Біз жетімсіреп қалдық.

Әлімхан ағамен жақсы дос едік...

Өте жақын...

«Бойға қарап сап құрайық!» дегендей, мен «әзілің жарасса, атаңмен ойна» деп, суретке түсерде айтқанда, Әлекең әп-сәтте: «Түйедей бойым болғанша, түймедей ойым болсын» демей ме қазақ? Ақылы бар адамдар бойға емес, ойға қараушы еді ғой!» деп, елді күлдіретін...

«Әлімхан аға – бүгінгі Ахмет Байтұрсынұлымыз» деп халық атап кеткен, әлемдік деңгейдегі ұлы ғалым, тұрмыста өте қарапайым, ақ көңіл, әзілқой, жайдары еді...

Екі күн бұрын ауруханадан шәкірті, әріптесі, академик Зейнеп Базарбаеваға: «Рақмет, бәрі жақсы, аманшылық болсын» деп СМС жазған екен...

Шетелде ғылыми іссапарда жүргенімде таңер­тең естіп, дереу министр Цой мырзаға шығайық деп жатқанда, суық хабар келді... Үлгермедік...

Ауыр қайғы. Ғылым үшін орны толмас қаза.

Тіліміздің қорғаны, ғұлама ғалым, өнегелі ұстаз арамыздан кетті...

Әлімхан аға туралы көп жақсы сөз айтыларын білеміз. Естеліктер, арнаулар көп жазылады...

Менің де айтарым көп.

Таза ғылыми ірі проблемаларға байланысты... Әлекеңнің қазақ тіл білімінде және түркологияда салған даңғыл жолы – ұлт темірқазығы, өмірдегі оқиғалары мен әңгімелері – рухани байлығымыз... Оларға жеке-жеке тоқтайтын уақыт келер...

Бүгін, мына суық хабарға көзіміз көрсе де, өзіміз әлі көнбей, сенбей тұрғанда, олардың бәрін кейінге қалдырайық... Әлі талай конференциялар, түрлі арнайы басқосулар ұйымдастырылады, мақала, кітап жазылады, бағдарламалар түзіледі.

Жақсының аты, ғалымның хаты мәңгі.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Төралқа мүшесі, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Бас ғылыми қызметкері, халықаралық ғылыми сингармонология мектебі­нің іргесін қалаушысы, түрколог, алаштанушы, ахметтанушы, фонетист-фонолог, филология ғылымының докторы, профессор Әлімхан Жүнісбек ілімі мен өмірі туған халқына шарапаты мен шапағатын шаша бермек!

Оған Әлекеңнің ерен еңбектері кепіл.

Оған әріптестері мен достары, туған халқы кепіл!

Ерден ҚАЖЫБЕК,

Халықаралық «Қазақ тілі»

қоғамының президенті,

ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

 

ӨМІРДЕН ӨТТІ ӨР ТҰЛҒА

Айтпай келетін ажал арамыздан қазақ елінің тағы бір ардақты ұлы, аяулы перзенті, тіл білімінің көрнекті өкілі, филология ғылымының ­докторы, профессор Әлімхан Жүнісбекті алып кетті. Өмірде де, ғылымда да жан-жүрегі елгезек ағамыздың орны бөлек еді. Ол кісі кеше алыптар мен кейінгі буынның арасын өзінің білік-бітімімен, ­парасат-пайымымен, тұғыры биік тұлғалық қасиетімен жалғаған ­шынайы ғалым, үлкен жүректі ­азамат болатын.

Әлімхан ағамыз бар ғұмырын қазақ тіл білімінің өркендеп-өсуіне арнаған, ұстанымы мықты, ұстыны таза, ғылымға берілген жан еді. Ол фонетика ғылымының атақты, ­танымал жоғарғы мектебін бітіре келіп, қазақ тіл білімін жаңа бағытта дамытты. Ғалым тілді ұлттық ой-сананың алтын арқауы санап, бабадан аманат болып қалған қазақ сөз мәйегінің, сөйлеу әуенінің қалпы мен салтын сақтауды арым деп ­таныды. Осы жолда бойындағы бар қабылет-қарымын аянбай жұмсаған көрнекті зерттеуші болды.

Тіл үшін күресу – ұрпақ парызы! Бұл – кешегі арыстарымыздың да, бүгінгі зиялыларымыздың да аманаты! Әріптес ағамыз осы биігінен аласармай өмір сүрді. Тілді де аласартпай ғұмыр кешті. Шәкірт тәрбиеледі. Арғы-бергі кезеңдердің талқы-таразысынан өте жүріп, өзінің іргелі ғылыми мектебін өрістетті. Қазақ ұлтына, түркология ғылымына зор үлес қосты.

Өмірден тіл майданының күрес­кер тұлғасы өтті.

Әлімхан аға өмірде жаны жай­саң, жүрегі жұмсақ, қазақи әзіл-қал­жыңды ұқсатып айта білетін, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білер мінезге бай кісі еді.

Біздің жадымызда Әлімхан аға­ның асыл бейнесі осылай сақталады.

Бақұл болыңыз, ардақты ғалым, аяулы аға! Жатқан жеріңіз жайлы, жаныңыз жәннәттің төрінен болсын!

Фаузия Оразбаева,

 профессор

 

ҚАЙРАН, ӘЛЕКЕ!

Біздің ұжымда – А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында талай асыл азаматтар бар еді. Бірақ солардың арасында Әлекеңнің орны бөлек болатын... Ол кісі ­туралы осы бір соңғы хабар – мүлде күтілмеген, тым тосын хабар болды... Айналамыз қауіп-қатерге толы, еліміздің ішінде індетті ауру өршіп тұрғандығын білсек те, «Әлекеңдей адам бұл дүниеден кетеді» деген ой қаперімізге мүлде келмепті.

Әлекең – сексеннің сеңгірінен асқан шағында да ауру-сырқауды білмейтін, үнемі ширақ, сергек жүретін, ретін келтіріп әзіл-қалжыңын айтып, үлкенмен де, кішімен де тең сөйлесіп, мына өмірдің көрігін қыздырып, жүрген жерін жандандырып, кімді болса да жадыратып жіберетін, жаны жылу мен жарыққа толы жан еді...

Әлекең – Алты Алаштың ағасы, айтулы кісісі еді. Ең алдымен, ол кісі – ғылымның жүйесін тауып зерттеген, түркі тілдеріндегі үндесім заңының мән-мағынасын, қадір-қасиетін ашқан үлкен ғалым болатын. Қазақ тілінің дыбыс құрамын түбегейлі зерделеп, алуан түрлі түр-үлгілер түзіп, әрбір дауысты, дауыссыз дыбыстың өзіне тән табиғатын ашып, олардың буын құраудағы, тұтас сөз бойындағы, сондай-ақ мәтін құрамындағы өзара үндесім, үйлесім заңдылықтарын тайға таңба басқандай анық, айқын  етіп берген ғалым еді. Әлекең – өтірігі жоқ, өсегі жоқ, дандайсыған көкірегі жоқ, мейлінше қарапайым, шын ғалым болатын. Екіншіден, бұл кісі – халқының қамын, оның ғылым-білімінің жағдайын риясыз, ешбір есеп-қисапсыз, ешбір дақпыртсыз, ызы-шусыз, үлкен жүрекпен, парасат-пайыммен ойлайтын, шынайы асыл азамат болатын...

Біздің ұжым үшін бұл хабар орны толмас өкініш әкелді. Әлеке, Алла Тағала алдыңыздан жарылқасын! Артта қалған ел-жұрт, ағайын-туыс, бала-шаға, отбасыңыз аман болсын!

Мырзаберген МАЛБАҚҰЛЫ,

филология ғылымының докторы, профессор

 

ЗИЯЛЫ ТҰЛҒА ЕДІ

Жыл сайын тамыз айының бел ортасында Абыз анамыздың – Рәбиға апайдың  туған күнін тойлауға асығушы едік. Апайдың көзі тірісінде дастарқан басында Әлімхан аға отыратын еді, Әлімхан аға болмаса қай бас қосудың да сәні болмайтындай еді.

Айлар өтіп, жыл жылжып, енді биылғы жылы Әлімхан ағаны ортаға алып, Абыз ұстаздың басына зиярат етіп, Апайға тағзым етудің жаңаша үлгісі ұйымдастырылып жатқанда, дәл осы күні Әлімхан аға қайтпас сапарға аттанып кете барды.

Көше бойынан, жұмыс орнының дәлізінен алдыңнан Әлімхан аға шыға келгенде, дәл осы сәтке дейін қасаң тіршіліктің әлдебір мардымсыз ісіне жабырқап келе жатқан көңіл күй жадырап сала берер еді. Өйткені Әлімхан аға Өмірді сүю, айналаңдағы әр адамға құрметпен қарау, ілгері жүріп,  алға қойған мақсатыңды, ғылымдағы идеяларыңды дәлелдеу үшін табандылық таныту,  тіршіліктің әлдебір қайшылықтарын оптимист көзімен  бағалау сияқты ерекше  қасиеттердің, түйіндей айтқанда, тек қазақ азаматында ­болатын  көркем мінездің, кісілік пен кішіліктің, зиялы­лықтың үлгісін көрсеткен Тұлға  еді.

 Ұлт тілінің болашағы үшін күш-жігерін сарп етіп, ұлт алдындағы азаматтық, ғалымдық парызын өтеп,  ғылыми мол мұрасын қалдырып, тіл могикандарының  бірі өмірден озды.

Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, нұры пейіште шалқысын.

Айман АЛДАШ,

профессор

ҚАЗАҚЫ КЕҢ ПЕЙІЛДІ, АҒА, ҚОШ!

Қайран Әлеке... Әлімхан аға! Шын мәнінде қазақтың «аға» ­деген сөзіне сай азамат едіңіз ғой. Үлкен-кішінің бәрімен сөзі жарасып, көңілін көтеріп, керек жерде керек сөзбен көңіл жадырататын тапқырлығыңыз  бен ақжарқын болмысыңыз, шіркін!..

Түркі әлеміндегі «Ахмет Байтұр­сынұлынан кейінгі реформатор», әлемдік деңгейдегі «жыл адамы» ­деген атақтарға ие болсаңыз да, масайрамай, қарапайым болмысыңызды, қазақы парасаттылығыңызды сақтағаныңыз қайран қалдыратын еді. Бұл біз бірде бағалап, бірде түсінбеген «ұлылықтың сипаты – қарапайымдылық» дегеннің дәлелі болар.

Шын мәнінде, профессор Әлімхан Жүнісбек қазақ (түркі) дыбыстық жүйесінің төл болмысын танушы ретінде мойындалған үлкен ғалым-маман болатын.

Соған қарамастан, баламен ­балаша сөйлесетін қазақы кең пейілді Аға, Ата, ғылыми кеңістікте Дана болып өмір кешкен, қазіргі күнде сирек кездесетін қазақы әзіл, көңіл иесі, тәлімі мол ғалым-ұстаз өтті өмірден.

Жамал апай, әже болған мені ­«Жамайка» дегеніңізді қалай ұмытайын, Асыл аға! Жаныңыз пейіште жай тапсын!

Жамал МАНКЕЕВА,

филология ғылымының докторы,

профессор

 

 

 

 

 

 

 

 

 

2119 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы