• Мәдениет
  • 19 Тамыз, 2021

БІРЛІК ТҮБІ – БЕРЕКЕ

Бірлік пен береке – біздің басты құндылығымыз. Бұл біз үшін алтыннан да қымбат қазына. Ел іргесі бүтін, шаңырағы биік, керегесі кең болуы еліміздегі татулық пен достықтың шынайы көрінісі екені дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Осы татулық пен тұрақтылық мәңгі салтанат құрсын десек, бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүруіміз керек. Ол үшін бәріміз қасиетті қазақ жерін сыйлап, қазақ халқына алғыс айтудан шаршамауымыз керек.

«Өткенсіз бүгін жоқ. Ал бүгін – біздің болашағымыз». Осы бір ауыз сөз біздің басты ұстанымымыз. Себебі біз, қасиетті қазақ жерін мекен еткен өзге ұлт өкілдері, ешқашан да қазақтың қамқорлығын, мейірімін ұмытқан емеспіз. Ұмытпаймыз да.

Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданы 25 ауылдық округтен, 79 елді мекеннен және 300 мың тұрғыны бар Есік қаласынан тұрады. Бұл өңірде өзге этнос өкілдері көп шоғырланған. Алайда бәрінің мақсаты – татулықты көздейді. Олар бір-бірінің тіліне, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпына, мәдениеті мен әдебиетіне асқан сыйластық танытады. Еңбекшіқазақ ауданында күрд мәдени орталығы 1997 жылы құрылған. Бұл облыстық күрд мәдени орталығының филиалы. Күрд диаспорасының өкілдері еліміздегі татулық пен достықтың арқасында бейбіт өмір сүріп, өңірдің дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Аймақта этномәдени бірлестіктер мен клубтар бірнеше жылдан бері жақсы нәтижемен жұмыс істеп келеді. Атап айтар болсақ, славян, ұйғыр, түрік, күрд, грек, корей, татар, шешен-ингуш мәдени орталықтары бар. Көрсетілген этномәдени орталықтардың барлығы көркем аймақта бірге жұмыс істейді. Бәріміздің ортақ мақсатымыз бен арманымыз бар. Мақсатымыз айқын, жоспарымыз жүйелі. Біздің арман-мақсатымыз – ортақ үйіміз саналған Қазақстан Республикасын, яғни «Мәңгілік Елімізді» нығайтып, өркендеуіне бір кісідей атсалысу.

Қазақстан Республикасы – бәріміздің Отанымыз. Еліміздің дамуы, өркендеуі осы елде тұрып жатқан әрбір азаматқа тікелей байланысты. Біз осы бейбіт елде өмір сүріп жатқанымыз үшін бақыттымыз. Себебі біз арайлап атқан ақ таңды күліп қарсы алу бақытына қол жеткіздік. Осы тыныш қоғамда өмір сүруді қаншама адам армандап жүргені бәрімізге белгілі. Қазақтай дархан халық жер бетінде жоқ. Оған қиын-қыстау шақта ешкімді бөтенсімей, жатсынбай барша адамзатты бауырына басқан оқиғалар дәлел. Алтын әріппен жазылған тарих осы жайлы кейінгі ұрпаққа айтатыны анық. Осындай қамқорлық пен мейірімділікті сезінген біз ұлтаралық келісімді нығайту, этносаралық мәдениеттерді, қазақ тілін, салт-дәстүрін, дінін, ділін аса құрметтейміз. Жоғарыда атаған этнос орталықтардың атқаратын жұмыстарының басым бөлігі де осы. Себебі елдегі тұрақтылық пен татулыққа бәріміз жауап береміз. Қоғам сіз бен бізден құралады. Сол үшін де елдегі әртүрлі жағдайдың орын алуына жол бермей, татулықтың туын биікте ұстау басты мақсат екенін ешқайсымыз ұмытпасақ екен.

Күрд этномәдени орталығында «Бахар» ансамблі жұмыс істейді. Ансамбль мүшелері күрд халқының ұлттық биі «Гованд» биін әрбір ­мерекеде аса жоғары деңгейде билейді. Бұл сәлемдесудің құрметі. Ұлттың ізгі ниетті насихаттайтын өнерінің бірі де осы би болып саналады. Жалпы біздің этнос орталық мүшелері аудан мен облыс деңгейінде өтетін барлық іс-шараға белсенді түрде қатысады. Бұл біз үшін зор мәртебе. Күрд этномәдени орталығы Қазақстан халықтарының бірлігі күнін, Наурыз мейрамын және Тәуелсіздік күнін тойлау кезінде үнемі Талдықорған, Қапшағай, Шелек, Шонжы, Есік, Моловодное қалаларына барып, өнерімізді көрсетуден жалықпаймыз. Осындай атаулы мерекелерде біз елдегі татулықты, достықты, ынтымақты кеңінен насихаттаймыз.

Атқарылған жүйелі жұмыс, еткен еңбек үнемі жемісін беретіні ақиқат. Еңбектің соңы қашанда жақсылыққа жетелейтіні заңдылық. Келер ұрпаққа осы дұрыс жолды насихаттап, этностар арасындағы достықтың берік қамал екенін дәлелдесек дейміз. Арманымыз бізді адастырмады. Қолдан келгенше біз бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті, бауырмал, жанашыр ­болуды ұрпақтарға барынша үйреттік десем, артық айтқандық емес. Оған бірнеше рет Қазақстан Республикасы Президентінің грамоталарымен, Алғыс хаттармен, медальдармен марапатталғанымыз дәлел. Бұл марапаттар бізді марқайтып қана қоймай, жауапкершілік жүгін де арттырады. Себебі біз әр марапат алған сайын ертеңгі күнімізге деген жауапкершілік артады. Әсіресе Елбасының бізге артқан сеніміне селкеу түсірмесек деп тынымсыз еңбек етеміз. Қазір біз еңбек етсек, ертең соның бейнетін ұрпақтарымызбен бірге көреміз. Біздің арманымыз да осы.

Біз аймақтық күрд орталығымен филиал ретінде тығыз байланыста болдық. Қазақстан халқы ­Ассамблеясы Төрағасының барлық мақсаттары мен міндеттерінің толық жүзеге ­асуына атсалыстық. «Барбанг» күрдтер қауымдастығының президенті, оның жетекшісі шығыстанушы, дәрігер, ­филология ғылымының ­докторы, академик Князь Ибрагимович Мирзоевтың есімін зор мақтанышпен айтамыз.

Қазақстандағы барлық этномәдени орталық өкілдері «Қазақстан Республикасы – өркениеттің, ұлтаралық келісімнің ошағы» деп есептейді. Бұл –  шындық. Қазіргі таңда өзге мемлекеттерге көз салар болсақ, түрлі жағдайлар орын алып жатқандығын құлақпен естіп, көзбен көріп отырмыз. Жасы да, жасамысы да арайлап атқан ақ таңды көруге мәжбүр болып, далаға шығудан қалған мемлекеттер де жоқ емес. Осы елдермен салыстырғанда Қазақстанда тыныш заман екені анық. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та ең бірінші елдегі тыныштық пен татулықтың дұрыс болуына қатты алаңдайды. Себебі елдің ішкі тұрақтылығы мықты, бірлігі бекем болса оны ешбір жау ала алмасы анық.

Мен біртұтас бейбіт шаңырақтың құрылуы үшін қазақ халқына үлкен ризашылығымды білдіруден шаршамаймын. Қазақтың даласы қандай кең болса, пейілі мен құшағы да дәл сондай. Өзге үшін қолында қалған соңғы нанын беруге даяр тұрған халыққа Тәңірдің берері де мол болатыны ақиқат. Еліміз аман, жұртымыз ­тыныш, бауырымыз бүтін болсын ­деген тілек бар бізде. Осы тұста ­Надыров Азиз бен Бария Баланың жазған өлеңі еріксіз еске түседі. Олар қасиетті қазақ жерінде жаймашуақ күн көріп жүрген өзге этнос өкілдеріне үнемі қазаққа алғыс жаудыртудан шаршамау керектігін наисхат ете отырып, өздерінің де зор алғысын арнайды. Өлеңде былай делінеді:

Қазақстан уатани муни шырын,

Мені Тедо Дызын жуады.

Минно хо-быро рдәки дымын

Бәр һав дәстырхоно хун дотының. Мұны қазақшалайтын болсақ:

 

Рақмет қазақ бауырым.

Сіздің мейірімділігіңіз бен

қонақжайлығыңыз үшін.

Ал кедейлікте сіз жанға

бай болдыңыз

Достық пен бірлікті

жоғары бағалаймыз!

Міне, бұл әрбіріміздің жүрек түпкірінен шыққан жылы сөзіміз бен ақ тілегіміз. Қазақтай қайсар халықтың бізді аман-есен алып қалғанына, бізге жарқын болашақ сыйлағанына мәңгі қарыздармыз. Бас иіп алғыс айтамыз.

  Надо НАДЫРОВ,

Күрд халқы этномәдени орталығының төрағасы

 

5632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы