• Тіл
  • 19 Тамыз, 2021

ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – АДАМГЕРШІЛІКТІҢ БИІГІ

Қазақтай текті, дархан халық талай жанды бауырына басып, қамқорлық танытты. Ел басына күн туғанда қазақтан пана тапқан өзге ұлт өкілдері күні бүгінге дейін қазаққа алғыс айтып келеді. Қазақтан қамқорлық көріп, мейіріміне бөленген олар қазақтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын сыйлап, тілін де еркін меңгергені қуантады. Тәуелсіз елімізде бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстардың татулығы, бірлігі, ынтымағы өзгелерге үлгі екені ақиқат. Қазаққа алғыс айтудан шаршамаған олар соңғы жылдары қазақ тілін көптеп меңгеріп келеді. Осы қадамның өзі ұлтымызға деген құрметінің биік екенін аңғартпай ма?! Қазақ тілінің жілігін шағып, майын ішкен өзге ұлт өкілін көргенде ішіміз жылып, сол адамға құрметіміз артатыны рас. Олардың қаны басқа болса да, жаны – қазақ. Түрі басқа болса да, тілі – қазақ. Діні басқа болса да, ділі – қазақ. Қазаққа деген құрметін қазақ тілін меңгеру арқылы көрсеткен кәріс ұлтының өкілі Юлия Пактың есімін ерекше атап өткеніміз жөн. 

Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессия­сында сөйлеген сөзінде: «Барша қазақстандықтардың мемлекеттік тілді білуі – бізді біріктіреді, баршамызды тең етеді. Өзінің ана тілін, сонымен қоса мемлекеттік тілді меңгерген жастар келешекте жақындық пен теңдіктің тетігіне айналады. Болашақта, басқа елдердегі секілді Үкіметтің, мемлекеттің басшылығына ұлтына, тіліне қарамастан, тағайындалатын болады. Алайда олардың барлығы мемлекеттік тілді білуге тиіс» деген болатын. Елбасының осы бірауыз сөзі біздің кейіпкеріміздің тіл білуге деген ынтасын одан ары оятқан. Ұлтымыздың ұлылығын тану  үшін де ол тарихпен терең танысуды қолға алады. Қазақтың тарихын қазақ тілде оқуды қажет деп тапқан ол тіл меңгеруге білек сыбана кірісіп, аз уақыттың ішінде біршама жетістікке жетеді. Оның мұндай құрметінің асқақтауына отбасы мүшелері де қатты әсер етті. Себебі олар отбасында үнемі қазақ халқының кәріс ұлтына жасаған қамқорлығын айтудан жалықпаған. «Бауырым» ­деген бірауыз сөз бұл отбасының мәңгі бойтұмарына айналған. Өйткені кешегі қиын-қыстау шақта өзінде жоқ болса да ниеті мен пейілі тарылмаған қазақ елі қасиетті даламызға аяқ басқан әрбір жанды құшақ жайып, «Бауырым» деп қарсы алды. Алақандай ғана нанды өле ­жемей, бөле жеп, тірлішіктің тауқыметін бірге тартқан халықтың достығы да, бірлігі де, бауырмалдығы да күні бүгінге дейін жалғасты. Алдағы уақытта осы ынтымақ өз жалғасын ­табатын болады.

Қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері тілге құрмет көрсетуді елге құрмет деп санайды. Осы қағиданы ­басты ұстанымы еткен Юлия Борисқызы қазақтың даласы қандай кең болса, көңілі де сондай кең екенін айтып, болашақта қазақ тілінің қолдану аясы кеңейсе деген арманымен бөлісті.

– Қазақтың қасиетті даласы ­талай ұлтқа қасиетті қара шаңырақ бола білді. Ұлы дала төсінде тербелген қасиетті бесіктен бәріміз өстік, өндік. Қазақтағы береке мен бірлік, татулық пен тұрақтылық, достық пен мейірім – бәрі де жан тазалығынан бастау алады. Бірлігі жарасқан, ырысы мен берекесі артқан елде алдымызға нақты мақсат қойып, арманымызға қол жеткізуімізге еш кедергі болмады. Біз өзіміз қалаған мемлекетте тұрып, көп дүниеге қол жеткіздік. Бізді ешкім бөтен деп көкіректен итермеді. Осылай шалқып, балқып өмір сүруіміз қазақ елінің арқасы. Татулық, бірлік, ынтымақ қазақ жерінде өмір сүріп жатқан әрбір халықтың ең басты байлығы әрі қазынасы екенін ұмытпайық. Осы байлықтың қадірі мен қасиетін әрбіріміз жоғары бағалауымыз керек. Қазақ елін сыйлау тек сөз жүзінде болмасын деген ниетпен тіл үйренуді қолға алғаныма өте қуанамын. Бір қазаққа болсын «рақмет» деп қазақ тілінде айта алсам, мен үшін соның өзі жетістік. Тіл үйренудегі басты мақсатым – қазақтың төл тарихын қазақ тілінде оқу болды. Мақсатыма қол жеткіздім. Қазір том-том тарихи кітаптарды қазақ тілінде еркін оқи аламын. Жалпы көп тіл білудің пайдасы болмаса, зияны жоқ. Әсіресе өзің тұрып жатқан елдің тілін білмеу ауыр қылмыспен тең деп ойлаймын. Қазақ тілін үйренбей тұрғанымда өзімді кінәлі адамдай сезінетінмін. Қазір бәрі басқаша. Кез келген ортада қазақ тілінде сөйлеп, тіпті ақындардың өлеңдерін де жатқа оқимын. Бұл менің ең басты жетістігім. Қазақстанда тұратын азаматтарға айтарым – ұлтыңызға, жасыңызға қарамай, мемлекеттік тілді білуге ұмтылыңыз. Мүмкін, тіл үйрену кезінде біраз қиналарсыз. Бірақ ертең соның жемісін көресіз. Бұл жеке бастың пайдасы емес. Қазақ тілінде сөйлеп, тарихын, әдебиеті мен мәдениетін де қазақ тілінде оқып, қазақ тілінде «Қазақ еліне мың алғыс» деп шын жүректен айта білсе, осының өзі үлкен жеңіспен тең болар еді деп ойлаймын. Қазақтың даласында өмір сүріп, бар арманы мен мақсатын іске асырып жүрген азаматтарды тіл үйренуге шақырамын, – дейді намысты бәрінен жоғары қойып, тіл үйренуді насихаттап жүрген нәзік жан.

Ұлты кәріс болса да жаны қазақ Юлия Пак қазақ тілінің болашағына бір кісідей алаңдайды. Расымен де, қазір тіл болашағына алаңдамауға негіз жоқ. Себебі бүгінгі таңда жасы да, жасамысы да өзге тілде сөйлеуге әуес. Тіпті жоғарыда отырған шенеуніктердің өзі әлі толық ана тілінде еркін сөйлей алмайтыны көңілге көлеңке ұялатады. Осындайда, тілді шұбарлап жүргендер осылай қазақтың тарихын қазақша оқып, әдебиетімен сусындап жүрген өзге ұлт өкілдерінен үлгі алса деп амалсыз айтуға тура келеді.

Ойшыл, фольклортанушы, ­этнограф, тарихшы, философ, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің гауһары – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай етіп айтқан сөзі бүгінгі таңда бәрімізге ауадай қажет. Гауһар тілдің қадіріне жетіп, қолданылу аясын кеңейтіп, сыйлап, құрметтеуге бір кісідей атсалысып жүрген кейіпкеріміз Юлия Пактың әр ісіне сәттілік тілейміз.

Юлия ПАК, 
кәріс ұлтының өкілі 

 

ҚАЗАҚҚА ҚАРЫЗДАРМЫЗ

Қазақ тілі – әлемдегі мағынасы көп, синонимдік тіркесі мол, сөйлеу стилі сұлу, ерекше тіл. Тек қолданатын халықтың саны аз демесеңіз, бұл тілдің құдіреті ерекше. Осы аз деген дүниені біз көбейтуге міндеттіміз. Қазақстан Республикасында 130-дан асатын өзге ұлт өкілдері емін-еркін, тату, тыныш ғұмыр кешіп келеді. Сол ұлттың бәрі  ҚАЗАҚ ТІЛІН білуге міндетті. Мен алғашында «ӘКЕШІМ, АНАШЫМ» деген сөзді айтқанда ата-анам қатты қуанды. Асқар таудай әкеге, «Әлемнің жарығын сыйлаған асыл жанға осындай жып-жылы бір ауыз сөзді шын жүректен айтсаңыз ол жандардан асқан бақытты адам болмайтыны заңдылық. Қазақ еліне қарызымыз көп екенін сол жандар жақсы біледі. Сондықтан барлық қазақстандықтарды қазақ тілін үйренуге шақырамын. Өз тіліңізді сүйе отырып, өзге тілге құрмет білдіру – адамгершіліктің биік белгісі дер едім. Осы биіктен бәріміз табылсақ, біз алмайтын асу, бағындырмайтын белес болмас еді. 

 

3196 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы