• Мәдениет
  • 19 Тамыз, 2021

Ақтөбеде балалар ән салды

 Ақтөбе облысында 2018 жыл Балалар жылы болып жарияланып, осыған орай облыс әкімдігі алғаш рет жас ұрпақтың шығармашылығын дамыту үшін ашық вокалдық фестиваль-байқау ұйымдастырған еді. Жеткіншектердің өнер додасына 420 өтініш түсіп, Ресей, Украина, Өзбекстан, Грекия елдерінен үміткерлер іріктелді, Қазақстан қалаларынан 20 бала жолдама алды. Нәтижесінде «BAQYTTY BALA-2018» ашық вокалдық балалар фестивалінің бас жүлдесін ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова мен оралдық Ержан Максим бөлісті.

Ал 2019 жылы фестивалдың ұйым­дастырушы комитетінің поштасына 500-ден аса хат келіп түскен. Қазақстан, Өзбекстан, Ресей, Молдова, Түркия, Польша және басқа елдерден өтінімдер болуы балғын өнерпаздар қатарының ұлғайғанын көрсетті. Фестиваль-байқаудың әрқайсысы 1 миллион теңгеден белгіленген екі бас жүлдесін Қазақстан өкілі Әйгерім Тілеубек пен Ресейдің Түмен қаласынан Ислам Балкаев иеленді. Өткен жылы пандемия салдарынан бұл байқау ұйымдастырылмады.

Таяуда ғана, 7-11 тамыз аралығында облыс әкімдігінің қолдауы, облыс­тық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасы мен «Dimast- Ali» шығармашылық орталығының ұйым­дастыруымен үшінші рет өткізілген фестиваль-байқауға қатысуға 200 бала өтінім берді. Оның 11-і шет мемлекеттерден. Солардың арасынан басталуы қарсаңында 20 бала ақтық мәреге жолдама алды, жетеуі - шетелдік өнерпаздар.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин байқау-фестивальдің қазылар алқасымен және құрметті қонақтарымен кездесті. Олардың арасында Никалай Текелиев, Сильвия Андрианалариманга, Қанат және Светлана Айтбаевтар, Марат Әйтімов, «Славян базары -2021» халықаралық өнер фестивалінің жеңімпазы Рухия Байдүкенова және басқалар бар.

Үш күнге созылған өнер байқауы 11 тамызда Ақтөбе қаласындағы Өнер орта­лығында қорытыланды. Шара­ның екінші бөлігі жүлдегерлерді мара­паттауға арналды. Айта кету керек, жалпы жүлделер қоры 4 миллион 450 мың теңгені құрады.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин құттықтау сөз сөйлеп, бас жүлде - 1 миллион теңгенің сертификатын еліміздің Тараз қаласынан келген жас әнші Айлун Заушеваға тапсырды. Жүлделі бірінші орындарды Нұр-Сұлтан қаласынан Адель Кунадилова мен Болгария өкілі Елизабет Захариева иеленді. Екінші орындарға мәскеулік Милана Пономаренко мен Ақтау қаласынан Армен Саакян ие болды.Үшінші орындарға Нұр-Сұлтан қаласынан Есет Әлжан мен Камила Ғазизқызы және Азербайджан өкілі Искандер Гасанзаде лайық деп танылды.

Жиналған жұртшылыққа ұмы­тыл­мастай әсер еткен жағдай - халқымызды Әлемге танытқан Димаш Құдайбергеннің арнайы келіп қатысуы. Ол сахнада сөз сөйлеп, өзінің атаулы жүлдесін фестиваль-байқауда бірініш орын алған Адель Кунадиловаға тапсырды. Жас өнерпаз осы құрметпен қоса Димаштың шетелде өткізілетін келесі концертінде ән салу бақытына ие болды. Салтанатты шарада өнер көрсетіп, бағын сынаған балғындарға Димаш Құдайбергеннің түрлі елдердегі жанкүйерлер бірлес­тігінің эксклюзивті арт-кітаптары тапсырылды.

 Ақтөбеліктерге ерекше көңіл-күй сыйлаған оқиға – халықаралық ән байқауларында Қазақстан даңқын паш еткен Рухия Байдүкеновамен, Қарақат Башановамен, Әйгерім Тілеубекпен, Ержан Максиммен, Нарқыз Жан­ұзақовамен бетпе-бет  жүздесіп, өнерін тамашалау болды.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

 

 

1693 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы