• Мәдениет
  • 19 Тамыз, 2021

ҚАСҚЫРДЫҢ ЖҮРЕГІН ЖҰТҚАН

Раушан Төленқызы
«Ana tili»

...Ол, беломыртқасы ­сынып, екі аяғы сал болып қалды. Алайда жазатайым жазымға мойынсұнғысы келгемеген жас жігіт жанкешті жаттығуға кірісті. Үздіксіз қарекеттің арқасында бұлшықетін шынықтырып 5 жыл 4 ай 7 күн дегенде табанынан тік тұрды. Тік тұрып қана қоймай, өзін одан әрі қайрап, алып күш иесіне айналды. Бұрынғы қызметіне, цирк аренасына қайта оралды.  Ішінде төрт адам отырған, түгел салмағы 900 килодан асатын «Джигули» жеңіл автомашинасын үстінен жүргізді. Әрқайсысы 45 кило болатын шойын доптарды қақпақылдап жонглерлік өнер көрсетті. Құрыш рухты Валентин Дикульдің осынау ерік-жігеріне әлемде әлі ешкімнің қолы жеткен емес.

БОЙДА ЫСТЫҚ ҚАН ОЙНАП ТҰРҒАНДА НЕРВ ТІРІ

Цирктің жампозы, Ресейдегі Оңалту орталықтарының бастамашысы, бас сынықшы Валентин Дикуль күні кеше арбаға таңылып, «ешқашан жүрмейдіге» саналған дертінен ерік-жігерінің арқасында айықты. Манежде, он үш метр биіктікте акробатикалық өнер көрсетіп жатқанда, сақтандырғыштың үзіліп кетуі салдарынан құлап, басы жарылып, сүйегі бірнеше жерден, ең қиыны, беломыртқасы сынды. Белден төмен, башпайға дейін жан жоқ, сырт адамға енді бұл әртістен үміт жоқ...

Ауруханаға түскен алғашқы айлардың бірінде профессорлар құрамы емдеуші дәрігерлермен бірге палатаны аралаған. Кезек бозбала Валентинге келді. Профессорлардың үлкені Валяның қолын ұстады да, түк деместен босатып, келесі кереуетке бет ала бергенде ол: «Доктор, мен циркке қашан ораламын?» деп үлкен үмітпен сауал тастады. Жанындағылардың  бірі жүзін төмен салып, енді бірі бетін бұрып әкетті. Ал оқымысты дәрігер  іркіліп, бұған иілді де, асқан салқынқандылықпен: «Валюша! Сен! Енді! Еш уақытта өз аяғыңмен жүре алмайсың! Енді циркке ешқашан оралмайсың! Алдағы  өмірің мүгедектер арбасында өтеді!» деді әрбір сөзін қадап-қадап. Бұны естіген жас жігіт бар дауысымен «Ж-о-о-о-о-қ!!! Олай болмайды!»  деп, жан ұшыра бұлқынғанда, жан баласына бой бермей, ауға түскен сазандай шоршып, қатты тулады... Өз-өзіне келіп, сабасына түскен соң, қайтсе де табанынан тік тұрып, өздігінен жүруге қол жеткізуге тас-түйін бекінді. Ерте ме, кеш пе цирк манежіне қайта ораламын деген сеніміне сүйенді. Нартәуекелге бел байлап бірден әрекетке көшті. Әріптестерінен кір тасын, гантель, арқан, резіңке тартқыш алдыртты. Оларды кереуетке байлап, жаттығуға кірісті. Палатадағы 15-17 науқас: «Валя, жаныңды қинама! Тағдырыңа көнесің, басқа амалың жоқ» десе де, он сегіздегі оғлан райынан қайтпады. Күн сайын қара терге малшынып, қарекетке берілгені соншалық, жаттығудың ауырлығынан, талай мәрте есінен танып, талып та қалған. Мұны көріп, шошынған  дәрігерлер бұлай істеуге үзілді-кесілді тыйым салды. Оған ол құлақ аспады. Құлақ аспақ түгілі, бағынғысы да келмеді. Бағынбайтыны – «...бұл кезде мен жан баласын тыңдағым келмеді. Тура, бір, ішіме қасқыр түсіп кеткендей. Сен енді жүрмейсің дегендерге сол қасқырым шауып, менің қарекетіме қарсы болғандарды қауып алып отырды. Тіршілікте ешкімге мұқтаж, масыл болғым келмеді» дейді ол. Демек, Дикульдің өзіне деген сенімі қайрала-қайрала, қасқырға, рухы құрышқа айналып кеткен ғой.

Әуел баста күн сайын бар күшін сарқа жұмсағанымен, расында, түк шықпады. Бірақ ол өз мүмкіндігін әлі де  толық пайдалана алмай жатқанына көз жеткізіп, жаттығуды екі, тіпті үш еселеді. Түптің-түбінде аяғынан тік тұратынын жан-тәнімен түйсінді. «Әбден қалжырап салдырағанда да қарап жатпай, ойша тіземді бүгіп-жазып, өз аяғыммен жүргенімді ­елестетумен болдым. Бір айдан кейін, жо-жоқ, екі ай шыдасам, болды, жүріп кетемін» деп соншама үміттенді. Бірақ... Ешбір белгі жоқ... Налыды. Налыса да шыдады. Шыдағаны сол, ерік-жігерін жанып, жанына тыныштық бермеді. «Бәлкім, үш айдан соңыра бұрынғы сау қалпыма келермін, адымдап, қарыштап жүрермін» деп екпінін тағы өрлетті. «Не керек, бірнеше айдан соң,  ауруханадан І топтағы мүгедек болып, ақыры, арбаға таңылып шықтым...».

Сөйте тұра, қайтсе де жеңіске жетуге тас-түйін бекінген ол мойымады. Өз бетінше жаттығудан босаған кезде қоларбада отырып, балаларды цирк өнеріне баулыды. Сондай мезеттерде талай мәрте арбасынан ауып та қалды.

 Оның үстіне адам анатомиясы, биомеханика, тірек-қимыл аппараты мен жұлын-жүйке қызметі туралы ғылыми-көпшілік әдебиеттерді зерттеп оқыды. Зерделей келе, адамның қимыл-қозғалысын қамтамасыз ететін ағзадағы арнаның бірі бұлшық етте екенін танып-білді. Тайдай тулаған, серіппедей ытырылып, шиыршық атқан жігіттер туралы «тұла-бойы қатқан мейіздей, бұлшық еті қайың­ның безіндей» деген сөзіне қарап, адамзат тіршілігінің бір өзегі бұлшық етте жатқанын қазақ баяғыдан білгенін бағамдайсың.

Бар қауқары миы мен көзінде  ғана қалған, сөйтсе дағы, сол күйімен-ақ, талай ғылыми жаңалық ашқан кешегі атақты физик, америкалық ғалым ­Стивен Хоккингтің сал ­болып, ­арбада жатып қалғаны – қол-аяғының ғана емес, өн-бойындағы бұлшық ет атаулының қызметі түгелдей бұзылғандығынан. Демек, бұлшық ет неғұрлым мығым болса, бойдағы күш-қуат соғұрлым мықты.

Оқымыстылардың ­айтуынша, бұлшық ет белсенді қозғалысқа түскенде, семіп қалған жүйке клеткаларды оятуға, тіршілікке оралтуға импульс береді. Үлкендер жағы біледі, күні кешегі тетігін қолмен бұрайтын, безілдеген ұйқыашары бар, механикалық сағаттың жұмыс режимін еске алайықшы. Айналасында үшкір тістері бар, үлкенді-кішілі дискілер жоғары-төмен жылжығанда, бірінің кетігіне бірінің тісі дөп түсіп, дискіні итеріп, теуіп қозғалыс механизміне келтіреді де, сағат тілінің ырғақты жүрісіне мүмкіндік тудырады. Тоқтап қалған сағаттың ту сыртындағы, немесе бүйіріндегі бұрандасын шегіне жеткенше бұрағанда механизм серіппе арқылы қалыпқа түсіп, тісті дискілер импульстің әсерінен өз қызметіне кіріседі де сағаттың тілі тықылдап жүре бастайды. Ендеше, адамның дене жаттығуының әсерінен, яғни сыртқы әрекеттің ықпалымен бұлшық ет  қозғалып, жүйке клеткаларына механикалық информация жіберіледі. Солайша бұлшық еттің әсерінен тербеліс, яғни вибрация туындап, жүйке жүйесінің жұмысына кедергі келтіретін өлі клеткаларды ыдыратқан соң, ­баяулап қалған жүйке талшықтарының жұмысына жол ашады. Демек, сағаттың тісті дисклерінің қозғалысынан туған тербеліс оның бірі үлкен, бірі кіші екі тілін жүргізе алатын болса, жүйке клеткаларын жандандыруға импульс берген бұлшық еттің физикалық күшімен, Жаратқанның құдіреті жансыз қалған екі аяқты жүргізетініне сенім кәміл.

Бұрындары дәрігерлер  «өліп қалған нерв клеткасы қайта тірілмейді» деп сендіретін еді. Бара-бара, оны қалпына келтіруге болатынын айта бастады. Ал америкалық ғалымдар бірнеше жүз есе үлкейтіп көрсететін микроскоп арқылы денедегі әрекетсіз қалды деп саналған нерв талшықтарының тірі болатынын анықтады. Демек, табиғи жолмен жойылып кетуге тиісті клеткаларды айтпағанда, бойда ыстық қан ойнап тұрғанда, Құдай сәтін салса, дерттің салдарынан адам ағзасындағы тіршіліксіз қалған жүйке жүйесі бұрынғы сау қалпына келеді. Ол үшін бұлшық еттің рөлі зор.

АЙТУҒА ОҢАЙ, АЛ ҚАРЕКЕТ ТҮБІ – БЕРЕКЕТ

Оған бір дәлел,  В.Дикуль аяғы жүруден қалып, көмек сұрап алдына келген пациентке «әуелі бұлшық еттердің  қызметін арттыруымыз керек. Қимыл-қозғалыс соның әсерінен іске қосылады. Менің өзім де бұлшық еттің арқасында аяққа міндім» дейді. Талантты тележурналист  Серік Абас-Шах «Айтуға  оңай» дейді, пейіште нұрың шалқығыр ­Бейсен Құранбекше сөйлесек, «Қарекет, қарекет түбі – берекет». Ал бұлшық еттің қызметін реттейтін – дене шынықтыру, яғни үздіксіз дене тәрбиесі.

 Олай болса, дене шынықтырудың, яғни бұлшық етті шыңдаудың жазатайым жазымға ұшыраған адамға, шипа қонса, ерік-жігері жетсе, Құдай қаласа, ықпалы, көмегі орасан. Демек, Дикульдің науқасты оңалтудың негізі ретінде  бұлшық етке мән беретіні бекер емес. Ал, енді бір қызығы, ғалымдар бұлшық ет қызметінің, сонымен қатар адам алақанындағы жылудың қайнары қайдан, неден екенін білмекке әлі күнге ізденумен келеді. Бұлшық етті қайдам, анау бір жылдары «Ана тілі» газетіне сұхбат алғанымда қазақтың Қалтайы, Қалтай Мұхамеджановтың алақанның қасиеті туралы айтқаны жадымда жатталып қалды. Абыздың сол жолғы сөзіне басқаны білмеймін, өз басым кәміл сенемін. Сенемін де, алақанның жылуы қайдан екенін өзімше пайымдаймын...

...Бүгінде бар-жоғын білмеймін, Тибеттегі Кы атты ламаның 300 жылдан астам жасағанын оқығанмын. Оның осыншалық ұзақ үмір сүруіне, тибеттік арнайы  буын жаттығуларын күн құрғатпай, әлденеше жүз мәрте орындауы арқылы жеткендігінен. 300 жастағы адамның ортекедей орғыған 30-дағы жігіттей көрінетіні – буын жаттығумен бұлшық еттерін шамырқанта шыңдағанынан. Жасы 80-нің о жақ, бұ жағындығы аяғын әзер алып жүрген ағылшынның запастағы полковнигі Кы ламаның қатарында буын жаттығуымен айналысып, бар-жоғы бес жылдың ішінде қырықтағы қыран жігіт қалпына қайта келген. Аппақ болып, әр жерде бір селдіреп қалған шашы қоюланғаны былай тұрсын, түсі бұрынғы табиғи қалпына оралған. Самайындағы сегіз-тоғыз тал шашы ғана қылауланып, қырауланып көрінеді. Міне, бұл жасаңғырау – Тибет ламаларының бойдағы босап қалған бұлшық еттерді қатайтып, буын жаттығуларын бұлжытпай орындағанынан. Сол заманғы адамдар Кы ламадан, оның маңындағылардан қатты қорқатын. Оларға қосылған адам жоғалып кетеді-мыс. Ақиқатында, жоғалмайды, әсіресе қартаң кісілер жасаңғырап кетеді... Жасаңғырап демекші, жігітті – қоладан, Мұқағали айтқандай, қарттарды құрыштан құйған Құдірет Буддаға ғана емес, бізге де мың да бір қасиет дарытқан. Бәйге атындағы шабандоз – буынын, көкпарда көкпаршы бұлшық етін билейді. Садақ тартқан, жамбы атып, теңге ілген жігіттің һәм жүн сабаған, киіз білектеп, текемет қарпыған қыз-келіншектің тал бойында буын менен бұлшықет қатар ойнайды. Буын ойнатудың төресі – «Аққу», «Алтын бүркіт», «Қаражорға», «Жорға аю» биіне салған бишінің белінде, салтанаты – «Сарыарқаны» төккен, «Сылқылдақты» шерткен күйшінің саусағында. Ал бұлшықеттің қуаты – тарихымызды тілмен жырлаған Көмекей жыраудың тамағында, патшалығы – нарды көтеріп, иығына салған палуанның жүрегінде һәм білегінде!

 

ЛАЙСВЕС –  МЕНІҢ ЖЕҢІС АЛЛЕЯМ

Ақыры, Валентин Дикуль діттеген мақсатына жетті! Аяғынан тік тұрғанымен қоймай, циркке оралды. Тек бұрынғыдай әуе гимнастикасына емес, енді алып күшті қажет ететін ойындар көрсетуге көшті. Шойыннан құйылған, әрқайсысы 45 кило тартатын ауыр шарларды қос қолымен қақпақылдап, жонглерлік өнер көрсетеді. Иіліп-қайылып, жарты центнерге жуық ауыр шарларды жалаң арқасында әрлі-берлі домалатып ойнатады. Ауыр шойын доптарды өзінен басқа ешкім көтере алмайды. Цирктегі көрермендердің арасындағы мен деген талай жігіттер де ниеттеніп көрген. Жоқ, әрі-бері түрткілеп, бар күшін салғанымен, былқ етпеген соң, шамасы жетпегенін білдіргісі келмей, бастарын шайқай-шайқай отырған орындарына асығады. Қарапайым жандар түгілі, цирктегі ойыншылардың өздерінің қозғалтуға қауқары жетпейді. Дикуль допты қолға алуда күшке емес, епке салуға ұмтылу қажеттігін талай айтқан. Бес саусақпен үйіріп, алақанға иіріп түсіру керектігін қанша түсіндіргенімен ешкімнің икемі келген емес. Валя ағай жаттығу кезінде салмағы бұдан да ауыр шарлармен ойнайды. Жолдастарының бірі «Алюкас өзіңді неге сонша қинайсың? Манежге шыққанда сыртын шойынмен қаптай салған іші қуыс доппен өнер көрсете салсаң болмай ма?» дегенде ол досына қатты ренжіп «мен бос шармен ойнап, елді алдағанша, циркке мүлдем шықпай ақ қойсам-шы!» деген. Ол аз болса күні кеше башпайын қозғалтуға шамасы келмей жатқан бұл адам қаншама жылғы қарекеттің арқасында белін тіктеп, үстіне төрт адам отырғызған, түгел салмағы  900 килодан асатын «Жигули» жеңіл автокөлігін жүргізуге жігері жетті.

Міне, жүрек жұтқан жігіт, жылдар өте келе, осылайша адам айтқысыз алып күштің иесіне айналды. Оның осыншама қасиеттерін қайталауға әлемде әлі ешкімнің әлі жетіп, жүрегі дауалаған емес!

 Жә, туысқан, әңгіме шіркінді айтып, кім тауысқан. Дей тұрғанмен, бәрін айт та, бірін айт, болмашыға бола баз кешіп, бөз теріп кете жаздайтын бос белбеулерге қараңызшы, бос қалған аяғына жанкештілікпен жан бітірген, жыл сайын дәрігерлер «енді жүрмейді» деген төрт жарым мың адамды табанынан тік тұрғызған бүгінгінің  баһадүріне қараңызшы!..

«Өз аяғымнан жүріп кетуіме әсер еткен негізгі себептердің бірі бұлшық еттерімнің қызметін реттей алуымда» деген В.Дикуль, шар болаттай шыңдалып 5 жыл 4 ай 7 күн дегенде мақсатына жетті. Апыл-тапыл басып  Каунастағы ұзындығы 2 шақырым болатын Лайсвес аллеясымен (Лайсвес – қазақшалағанда «Жеңіс» деген сөз)  күніне әлденеше рет әрлі-берлі жүріп жаттықты. 20-дан асқан дардай жігіттің аяғы жаңа шыққан сәбидей шалшықты шашыратып, тапырақтап келе жатқанын көргендер анадайдан ысырылып жол беретін. ­Валентин Иванович туған қаласындағы осы «Лайсвес – менің жеңіс аллеям» деп санайды.

 Айтпақшы, Алюкас яғни Валя ағайдың бұл күнде Анна деген үйлі-баранды үлкен қызы бар. Ал 60-тан асқан шағында өзінен қос мүшел кіші келіншегінен алтын асықтай Валентин атты ұл сүйді.

1619 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы