• Қоғам
  • 19 Тамыз, 2021

ПРЕЗИДЕНТ АУҒАН ҚАЗАҚТАРЫН ЕЛГЕ ӘКЕЛУГЕ ПӘРМЕН БЕРДІ

Күллі әлем Ауғанстандағы жағдайға алаңдап отыр. БҰҰ бас хатшысы ­Антониу Гутерриш БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері алдында сөйлеген сөзінде Ауғанстандағы жағдайды «Хаос. Тәртіпсіздік. Белгісіздік. Қорқыныш» деп сипаттады. Жексенбіде тәліптер Кабулды басып алған еді. Ауғанстан президенті Ашраф Гани мен басқа да ресми адамдар елден кетті. Мыңдаған адам үйлері мен мүліктерін тастап, Ауғанстаннан кетіп жатыр. ҚР Мемлекетінің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Ауғанстандағы ахуалға байланысты жиын өткізді.
 

Жиынға Премьер-Министр Асқар ­Мамин, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Сыртқы істер, Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктері, Бас прокуратура, Мемлекеттік күзет қызметі басшылары мен Қауіпсіздік Кеңесінің ­Хатшысы қатысты.

Іс-шара барысында Ауғанстан Ислам Республикасындағы жағдайға байланысты Қазақстанның ұлттық мүддесін ескере отырып, шұғыл әрекет ету шаралары және біздің елдің азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Президент құзырлы мекемелерге Ауғанстандағы жағдайды жан-жақты бақылауда ұстауды тапсырды. Мемлекет басшысы өзінің Твиттердегі аккаунтында «Президент Әкімшілігі мен Сыртқы істер министрлігіне Ауғанстанға қатысты мәселелер бойынша мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіруді тапсырдым. Кабулдағы Қазақ­стан елшілігі шағын құрамда жұмыс істеуде. Қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қабылданып жатыр. Ауғанстандағы жағдай бойынша күштік құрылымдардың басшыларымен жиын өткіздім. АИР-дағы азаматтарымыз бен дипломаттарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырма бердім. Қазақстан Ауғанстандағы жағдайдың ушығып бара жатқанына алаңдайды. Ахуал мұқият бақылауда» деген болатын. Айта кетейік, Ауғанстанның басым бөлігі талибандардың (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) қолына өткен соң, әлемдік қауымдастық бұл елдегі жағдайға алаңдап отырғанын жеткізген еді. Мәселен, БҰҰ Бас хатшысы кеңсесінің жексенбі күні таратылған мәлімдемесінде «БҰҰ Бас хатшысын Ауғанстандағы жағдай алаңдатып отыр. Ол «Талибан» мен басқа тараптарды адамдардың өмірін сақтап қалып, оларды гуманитарлық қажеттіліктермен қамтамасыз ету үшін барынша сабыр­лылық танытуға үндеді. БҰҰ бейбіт жолмен реттеу, барлық ауғандықтар, әсіресе әйелдер мен қыз балалардың құқықтарын қорғау және мұқтаж азаматтардың өмірін аман сақтап қалу үшін қажетті көмек көрсету жұмысын көздеп отыр» делінген еді. Бас хатшы бейбіт тұрғындарды қорғау, сондай-ақ гуманитарлық ұйымдарға көмекке мұқтаж Ауғанстан халқына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету қажет екеніне баса тоқталды. Бұл жағдайда халықаралық қауымдастық бірігіп, Ауғанстандағы адам құқықтарының, әсіресе әйелдер мен қыздардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін және елдің террористік ұйымдардың алаңы мен қорғаны ретінде пайдаланылуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек. «Мен Қауіпсіздік Кеңесін, жалпы халықаралық қауымдастықты Ауғанстандағы жаһандық террористік қауіп-қатерді басу және адам құқық­тарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық құралдарды қолдануға шақы­­рамын» деді Гутерриш.

Ауғанстандағы оқиғаға байланысты жабық есік жағдайында өткен шұғыл мәжілістен кейін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері БАҚ үшін мәлімдеме жасады. Онда Ауғанстандағы қақтығыстар мен зорлық-зомбылықты тез арада тоқтату, конституциялық тәртіп пен қауіпсіздікті қалпына келтіру, ұлттық татуласуға қол жеткізу және келіссөздер арқылы шұғыл жаңа үкіметті құруға шақырған. Қауіпсіздік Кеңесі БҰҰ мен оның гуманитарлық серіктестеріне мұқтаж адамдарға көмек көрсету мүмкіндігін беру, сондай-ақ гуманитарлық қызмет­керлердің, дәрігерлер мен аударма­шылардың қорғалуын қамтамасыз ету қажеттігін мәлімдеді.

Осы уақытта ел арасында ауған босқындарын Қазақстан тарабы да қарсы алуға дайындалып жатыр деген сөз тарап кеткен болатын. Саясаттанушы ­Ерлан Қарин бұл сөзді жоққа шығарып: «­Ахуалды жіті бақылап отырғандар қазіргі жағдайда, барлық шекаралық өткелдер жабық тұрған кезде ауған азаматтарының жаппай ­елден кетуі, тіпті босқындар ­жайында сөз болуы мүмкін емес екенін түсінуі қажет» деп пікір білдірді. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли де Facebook-тегі парақшасында Президенттің ауған босқындары туралы шешім қабылдамағанын атап өтті. «Президент Ауғанстан босқындары туралы шешім қабылдаған жоқ. Бұған қатысты тараған ақпарат негізсіз. Дүниежүзілік ұйым басшылығы ресми өтініш білдірген жағдайда БҰҰ қызметкерлеріне ғана көмек көрсетілетін болады» деді ол.

Ол ел жаппай хаосқа ұшыраған уақытта Қазақстан Ауғанстаннан 42 адамды эвакуациялады. «ҚР Әскери әуе күш­те­рінің С-295 әскери-көлік ұшағы Ауған­станнан эвакуацияланған 42 жолаушымен Алматыға сәтті қонды. Қазақстанға 25 Қазақстан азаматы, оның ішінде 15 ересек адам және 10 бала, сондай-ақ ҚР Елшілігінің қызметкерлері келді» делінген ҚР Қорғаныс министрлігінің мәліметінде. Осы бортпен Қырғызстан тарапының өтініші бойынша бұл елдің 14 азаматы эвакуацияланды. Гуманитарлық операция ретінде осы ұшақпен ҚР Елшілігіне көмек сұрап жүгінген 1 Ресей азаматы мен 1 Литва азаматы АИР-дан шығарылды. ҚР Президенті Қ.Тоқаев Ауғанстандағы этникалық  қазақтарды тарихи Отанына қайтару мәселесі бойынша барынша көмек көрсетуді тапсырды.

1576 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы