• Руханият
  • 19 Тамыз, 2021

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДЕ ӨТКЕН ЖҮЗДЕСУ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Айта кетейік, ел Президентінің бұл сапарындағы кездесулердің дені тек мем­ле­кеттік тілде, екіжақты аудар­ма­шылардың көмегімен өтті. 

МЫНАУ ТҰРҒАН  АБАЙДЫҢ МҮСІНІ МЕ?

Абай мүсіні Оңтүстік Корея елінің астанасы Сеул қаласында ашылды.  Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Оңтүстік Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапары барысындағы бұл іс-шара Кибер университетінің аумағында өтті.

– Сеул төрінде қазақ халқының ұлы перзенті, ақын Абай Құнан­байұлының бюсті орнатылды. Бұл – корей бауырларымыздың қазақ халқына деген зор құрметінің белгісі, – деді Қазақстан Президенті өз сөзінде. Ақын бюстінің жобасы Қазақстанда дайындалып, тұтас мүсіні Кореяда қоладан құйылған. Қасым-Жомарт Тоқаев бюсттің Корея астанасындағы университет аумағына орнатылуының маңызды екеніне тоқталды.

– Абай – ұлы ақын ғана емес, кемеңгер ойшыл, әйгілі ­ағарту­шы. Сондықтан Абайға арналған бюсттің білім ордасына қойылуы орынды шешім екені сөзсіз. Мұның символдық мән-маңызы айрықша. Ол жұртты ғылым игеруге, білімдар болуға үндеді. Жаңашылдық пен жасампаздықты дәріптеді. Абай мұрасы – біздің елімізге ғана емес, барша адамзатқа ортақ құндылық. Дала данышпанының «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәр­селермен озбақ» ­деген сөзі бар. Бұл қасиеттерді ­корей халқы да ерекше бағалайтынын білеміз. Осы құндылықтардың арқасында қазіргі таңда Корея Республикасы озық дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып отыр. Былтыр біз Абайдың 175 жылдық мерейтойын атап өттік. Осыған орай, көптеген ауқымды іс-шаралар ұйымдастырдық. Абай шығармалары әлемнің бірнеше тіліне аударылды. Соның ішінде, корей тілінде «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітабы жарыққа шықты. Кореяда ұлы ойшылға арналған маркалар әзірленді. Мұның бәрі екі елдің рухани ынтымақтастығын одан әрі нығайта түсері анық. Әсіресе мәдени-рухани саладағы ынтымағымызды нығайттық. Осындай тығыз қарым-қатынас болашақта да жалғасын ­табады. Қазақстанның жетекші оқу ­орнында корей тілі оқытылып келеді. Кореялық ­студенттер де қазақ тілін оқып жүргенін жақсы білемін. Бұл, әрине, көңіл қуантарлық ­ерекше жағдай. Көп­теген қазақ жастары ­корей университеттерінде білім алып жүр. Біз білім, ғылым және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыра береміз. Бұл өзара байланысты келешекте де достық рухта дамыта түсуге жол ­ашады, – деді Қазақстан Президенті.

Ақын мүсінінің Сеулде ашылуына атсалысқан азаматтарға шынайы ризашылығын білдірген Мемлекет басшысы Абай мұрасының Корей халқының рухани әлемінен орнын табатынына сенімді екенін айтты.

КӨК ҮЙДЕН  БАСТАЛҒАН РӘСІМ

Қасым-Жомарт Тоқаевтың ­Корея Республикасына мемле­кеттік сапары Көк үйдегі ресми рәсімнен басталған еді. Қазақстан Президентін Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин салтанатты түрде қарсы алып, құрмет көрсетті. Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның мемлекеттік әнұрандары орындалғаннан кейін мемлекеттер басшылары Құрмет қарауылын бойлай өтіп, екі елдің туына тағзым етті және ресми делегациялардың құрамымен таныстырды.

– Екі елдің арасы алшақ бол­ғанымен, халықтарымыз – тағ­дырлас. Корея – Қазақстанның Шығыс Азиядағы стратегиялық серіктесінің бірі. Қазір сан салалы бай­ланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Біз бүгін осы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру үшін өзара сенім мен қолдауға негізделген келіссөздер жүргіздік. Ықпалдастықтың тың бағыттарын ай­қындадық, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы өткен ғасырдағы тарихи оқиғалардың екі халықты жақындата түскеніне тоқталды:

– Ондаған мың корей қазақ жерінен пана тапты. Қазақстан олардың екінші Отанына айналды. Корей жұртының ұлттық батыры, генерал Хон Бом До Қызылорда қаласында жерленгенін жақсы білесіздер. Оның сүйегі  президент Мун Чжэ Иннің өтінішімен және менің шешіміммен туған жеріне жеткізілді. Бұл шара – біздің елдеріміздің арасындағы өзара сенімнің жарқын көрінісі. Кезінде Қазақстанға жер ауда­рылған корейлердің ұрпағы бүгінде 100 мыңнан асты. Олар мем­лекеттеріміздің достығын нығайта түсуге зор үлес қосып келеді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы брифингте өңірлік және халықаралық мәселелер бойынша пікір алмасып, негізгі түйткілдерді талқы­ла­ғандарын, сондай-ақ бірнеше маңызды келісімге қол қойылғанын айтты.

КОРЕЙЛЕРДІ  БАУЫРЫМЫЗҒА БАСТЫҚ

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 15 жылда Қазақстан экономикасына ­Корея 6 миллиард доллардан астам инвестиция салғанын, «Samsung», «Hyundai» және «Lotte Group» кон­церндері – біздің ірі инвесторларымыз екенін де атап өтті.

Екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Корея Респуб­ли­касының Пусан қаласында Қазақ­станның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.

– Бұл  серіктестігімізді страте­гиялық рухта дамытудың тағы бір жолы. Келесі жылы Қазақстан мен Кореяның дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 30 жыл толады. Осы орайда біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды күшейтіп, нақты іс-шаралар өткізу маңызды екенін атап өттік, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оңтүстік Корея Президентінің резиденциясында ресми ­делегация мүшелерінің қатысуымен М­емлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен ­Президент Мун Чжэ Ин келіссөздер өткізді. Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспективаларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді.

Сонымен қатар мемлекеттер басшылары жаһандық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті.

– Сізді көп күткен аса қадірлі қонақ ретінде қарсы алғаныма қуа­ныштымын. Біздің кездесуіміздің Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы мен Корей Республикасы Тәуелсіздігінің 76 жылдығы қар­саңында өтіп жатқаны аса маңызды. Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолынан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кең пейілін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз, – деді Президент Мун Чжэ Ин.

Оңтүстік Корея Президенті Мун Чжэ Ин Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Қазақстан халқына Кореяның ұлттық батырлары, ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ге Бон У, Хван Ун Ден және генерал Хон Бон Доның сүйектерін тарихи Отанына жеткізуге ықпал еткені үшін ризашылығын білдірді.

Корей басшысы аймақтық және халықаралық үдерістерде Қазақ­станның аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Осы сапар барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мун Чжэ Ин Корея бизнесінің көшбасшыларымен кездесті. Жиынға қазақстандық ірі кәсіпорындардың басшылары да қатысты.

Іс-шара барысында кореялық «Hyunday Motor Company», «Samsung Electronics», «Doosan Heavy Industries & Construction», «Lotte Confectionery», «POSCO International», «Celltrion, Dongil Construction», «KOTRA» ком­па­нияларының жетекшілері сөз сөйледі.

Қазақстан тарапынан Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы, «Kaspi.kz» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, «Mineral Product» ЖШС-ның құрылтайшысы баяндамалар жасады.

Оңтүстік Кореяның іскер топ өкілдерімен өткен дөңгелек үстелден кейін осы елдің ірі компанияларының басшыларымен – «Samsung Electronics» компаниясының президенті Ин Ёнг Ли және «Doosan Heavy Industries & Construction» президенті Ёнг Инг Чонгпен Мемлекет басшысы екіжақты кездесулер өткізді.

Қазақстан Президенті Ин Ёнг Лимен кездесуде «Samsung Electronics» компаниясының цифрлық инновациялар саласында әлемдегі жетекші орында екенін атап өтіп, цифрландыру, инновация мен ғылым арқылы технологияларды дамыту мәселелеріне тоқталды.

АСА МАҢЫЗДЫ  СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕС

Мемлекет басшысы жоғары дең­гейдегі келіссөздерден кейін Корея мен Қазақстанның ірі компаниялары бас­шы­ларының жиынына қатысты. Қазақстан Президенті жиынға қаты­сушыларға Президент Мун Чжэ Инмен өткен мемлекетаралық келіссөздердің негізгі қорытындылары туралы айтып берді. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның Қазақстан үшін аса маңызды стратегиялық әріптес екеніне тоқталды.

– Соңғы 15 жылда Сіздің еліңізден келетін тікелей инвестиция көлемі 6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда кореялық капитал салынған 550-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорациялар бар. Осы компаниялардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды. Әсіресе, кореялық SK Engineering & Construction компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан Үлкен Алматы айналма тасжолының (БАКАД) құрылысын айтуға болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауылшаруашылығы сияқты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын, келешегі зор үміт күттіретін 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты.

Президент экономикалық ынты­мақтастықты арттыруға жаңа мүм­кіндіктердің бар екеніне назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаев инновациялар мен жаңа технологияларға негізделген экономиканы қалып­тас­тыруға басымдық берілетінін атап өтті.

Мемлекет басшысы Қазақстанда инновациялық технологияларды дамыту үшін заманауи инфрақұрылым бар екенін атап өтті.

– Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жер қой­науын пайдалану саласының зор мүмкіндіктерін пайдалануға шақырды. Қазақстанда жер аумағының 25 пайы­зына ғана геологиялық зерттеу жүргізілгенін айтты. Бұл ретте, Мемлекет басшысы асыл және түсті металдарды өндіру бойынша бес дайын жобаның бар екенін атап өтіп, корей компанияларын Қазақстанның жер қойнауын бірлесіп игеруге шақырды.

Қазақстан Президенті кореялық әріптесімен әңгіме барысында біздің елдегі табиғи ресурстарға бірлесіп зерттеу жүргізу туралы ұсыныс айтқанын, кейін табиғи байлықты игеру барысында корей компанияларына құқықтық ба­сым­дық берілуі мүмкін екенін жеткізді.

Президент өз сөзінде Қазақстанда баламалы және жаңартылатын қуат көздерін дамытуға басымдық берілетінін атап өтті. Мемлекет басшысы жел және күн энергиясын пайдаланудың әлеуеті зор екенін айтып, корей компанияларына осы саладағы инвестициялық мүм­кін­діктерді қарастыруды ұсынды. Одан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев форумға қатысушыларды Қазақстанда Корея технологиялары бойынша ядролық отынды бірлесіп өндіруге, сондай-ақ, қалдықтарды энергетикалық жою саласындағы жобаларды іске асыруға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық кәсіпкерлермен нақты жұмыс істеу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдағанын айтты. Президент ірі инвестициялық, институционалдық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды және оған жеке мониторинг жүргізуді өз бақылауына алатынын атап өтті.

БОЗДАҚТАР  РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сеул қаласындағы «Отан үшін шейіт болғандар» монументіне гүл шоғын қойды.

Қазақстан Президенті боздақтар рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздікпен еске алды. Бұдан кейін Құрметті қонақтар кітабына қолтаңба қалдырды. Оған қоса Қазақстан Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты. Мемлекет басшысы салтанатты жиындағы сөзінде. «Бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі» деп атап өтті.

– Мұндай іс-шаралардың тарихи мән-маңызы айрықша. Қазақтар да, корейлер де Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жақсы түсінеді. Хон Бом До – Кореяның азаттығы үшін күрескен бірегей тұлға. Нағыз батыр, ­шынайы ер. Генерал тағдырдың жазуы­мен өмірінің соңғы жылдарын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұртында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақсы біледі. Қызылорда қаласында Хон Бом Доның құрметіне мемориал тұрғызылған. 2018 жылы батырдың туғанына 150 жыл толды. Қазақстан халқы Ассамблеясы осыған орай арнайы конференция өткізді. Генералдың есімі қазақ елінің жадында сақталады. Оның мемориалы мемлекет қамқорлығында болады, – деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аударғанын, олардың арасында Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сам сияқты танымал тұлғалар барын атап өтті.

– Жер аударылған корейлерді халқымыз бауырына басып, паналатты. Олар қазақ елінде өсіп-өніп, нағыз отандастарымызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр. Елімізде Қазақстан корейлерінің қауымдастығы бар. Корей мәдени орталықтары мен Корей театры жұмыс істейді. Сондай-ақ корей тілінде газет шығады. Корей бауырларымыз көптеген салада табысты еңбек етіп жүр. Олардың ел экономикасын өркендетуге қосып жатқан үлесі зор. Қазақстанда тұратын корейлер екі елдің қарым-қатынасын дамытуға да белсенді атсалысып жүр. Біздің ынтымақтастығымыз болашақта осындай достық рухта нығая береді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Мун Чже Инге Корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның қабірінен алынған топырақты табыстады.

Корея Республикасының Прези­денті Мун Чже Ин Қасым-Жомарт То­қаевқа зор ризашылығын білдіріп, ұлт батыры Хон Бом Доға ең жоғары мемлекеттік награда берілгенін хабарлады.

Қазақстан Президенті Корея Республикасына жасаған мемлекеттік сапарын Жаһандық жасыл даму институты (GGGI) Ассамблеясының төрағасы, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесумен түйіндеді.

Тараптар жаһандық климаттың өзгеруі, экономиканы көміртегінен ада ету, «жасыл технологияларды» енгізу мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Пан Ги Мун халықаралық күн тәртібіндегі мәселелер мен заманауи сын-қатерлер туралы пікір алмасты. Пандемияға қарсы күресті күшейтуге және Ауған мәселесін реттеудің перспективаларына ерекше назар аударылды.

 

1966 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы