• Қоғам
  • 26 Тамыз, 2021

ТАТУЛЫҚ БӘРІНЕН ДЕ ҚЫМБАТ

Достық, сыйластық, ынтымақтастық деген сөздің қадірі мен қасиеті тым терең екенін біз өте жақсы білеміз. Бұл сөзді жүрегімізбен сезіндіре білген қазақ халқына мың рақмет айтамыз. Бүгінгі таңда бірлігіміз жарасып, ынтымақтасып, бір атаның баласындай тату да тәтті өмір сүріп жатқанымыздың өзі бір емес, мың бақыт десем, артық айтқандық болмас. Біз үшін татулық бәрінен де қымбат. Осы асыл да қымбат қазынамыз ортаймаса екен дейміз. 

 

Қазақстанға шешендер мен ингуштар ХХ ғасырдың 40-шы жылдары Солтүстік Кавказдан қоныс аударды. Бұл уақыт біздің әкелеріміз бен аталарымызға оңайға түспегені анық. «Вайнах» шешен этномәдени орталығы 2003 жылы құрылған. Құрылған күнінен бастап Сажидат Махамханова, Лазина Малачиева, Зайнап Элолдаева төрағалық етті. 12 жыл бойы «Вайнах» шешен этномәдени орталығын Махамханова Сажидат Абдсалимовна асқан жауапкершілікпен  басқарды. Елдегі тұрақтылық пен келісімнің салтанат құруы жолында аянбай тер төккен еңбегіміз ақталып келеді. Бұл біз үшін үлкен мәртебе.

«Вайнах» шешен этномәдени орталығы этносаралық келісімді сақтауға, аймақта тұратын басқа этностардың өкілдерімен мәдени және әлеуметтік байланыстарды дамытуға атсалысып келеді, ұлттық дәстүрлерді жаңғырту және сақтау, шешен және ингуш этникалық топтарының тілін үйрену, мәдениеті, тарихы, әдет-ғұрыптарымен танысу жолында жүйелі жұмыс атқаруда. Сонымен қатар орталық мүшелері республикада азаматтық қоғамды қалыптастырудағы өзекті мәселелер бойынша қоғамдық пікірталастар мен дөңгелек үстелдерге белсене қатысады. Әсіресе жастар осы бағыт ­бойынша ізденеді.

Бүгінгі таңда біз қайырымдылық жұмыстарымен де жиі айналысамыз. Жалпы жасаған жақсы амалды жария етпеген жөн. Алайда осы ісімізден өзгелер де үлгі алсын деген ниетте атқарған жұмысымызды көпшіліктің назарына ұсынып тұрғанды жөн санаймыз. Халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастырғанда қазақ халқының бізге қолындағы соңғы нанын да бөліп бергенін кейінгі ұрпаққа айтып жүреміз. Біздің ұлтымыз бөлек болса да қанымыз қазақ. Бізді осы күнге аман-есен жеткізіп, өз қалауымызша өмір сүруімізге жағдай жасаған қазақ халқының жақсылығын айтудан жалықпаймыз. Бұл біздің достығымыз бен сыйластығымыздың биік деңгейде екенін аңғартады.

Алматы облыстық «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігі Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін басқа да жұмыстармен айналысады.

Атқарған жұмысымыз үнемі елдің назарында жүргенін ерекше мақтанышпен айтқым келеді. Орталық ерен еңбегі үшін 2017 жылы Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнінің 25 жылдығына орай арнайы ­медальмен марапаттады. Бұл біз үшін үлкен жетістік, зор мәртебе. Осы орталыққа жетекшілік етіп, бірлік туының биікте тұруына бар күш-жігерімді арнап, еңбек еткенімді азаматтар жоғары бағалап, 2018 жылы Кербұлақ ауданының сол кездегі әкімі ­Махаббат ­Бигелдиев Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні мерекесіне орай Кербұлақ ауданының «Құрметті азаматы» атағына ұсынды. Бұл тек менің ғана жетістігім мен еңбегім емес. Бұл біздің орталықта еңбек етіп, Қазақстан Республикасының дамуына, жұлдызының жарық болуына, елдің тыныштығы мен татулығының тұрақты болуы жолында тер төккен әрбір азаматтың ерен еңбегінің жемісі деп білемін. Осынау жетістіктің бәріне татулықтың, достықтың арқасында қол жеткіздік. Олай болса, Тәуелсіз еліміздің тұғыры биік, болашағы жарқын, көрер қуанышы мол болсын дегім келеді.

Халим АШАХАНОВ,

«Вайнах» шешен этномәдени

орталығының төрағасы

Кербұлақ ауданы

 

 

626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы