• Қоғам
  • 26 Тамыз, 2021

ДАУДЫ ШЕШУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ

Биыл Қазақстан Республикасының «Медиа­ция туралы» заңының қабылданғанына 10 жыл. Алайда «Медиация» термині бізге бұрыннан таныс. Ел ішіндегі дауды шешіп, тараптарды татулас­тырып, ымыраға келтіру мәдениеті көпті көрген, көкейге түйген, айтар ойы бар тәжірибелі, ортасына сыйлы әрі құрметті адамға жүгіну арқылы дамып келді. Қазақ қоғамында түрлі келеңсіз жайттарды билер институты оңынан шешіп отырған. Қазір арнайы Заң қабылданды.

Ендігі міндет – елде  медиация ­институтын дамыту.  Бұл жұмысты атқаруда ­Қазақ­стан халқы Ассамблеясына маңызды рөл берілген. ҚХА қызметінің негізінде жатқан қоғамдық келісімді қамтамасыз етудің ­басты міндеті медиация міндеттерімен тікелей байланысты. Нәтиже жаман емес. Оған Алматы облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің құрылуы дәлел. Биыл медиация кабинетінің құрылғанына 5 жыл.

Қазіргі кезде медиация саласын дамытуға көп көңіл бөлініп келеді. Күн өткен сайын осы қызмет түрін пайдаланушылардың саны да арта түскен. Бұл – жақсы көрсеткіш. Екі адам арасындағы түрлі мәселе сотқа жетпей, екеуінің келісімімен, ымыраға келуімен, бейбіт жолмен шешілгені екі тарапқа да өте тиімді. Таяуда республика бойынша «Бірыңғай республикалық медиация күні» аясында ашық есік күні өтті. Бұған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері толық қатысты. Елдегі жағдайға байланысты бұл шара онлайн форматта өтті.  ZOOM платформасындағы конференцияға қатысқан көпшілік өз қызметінің нәтижелері, атқарылған жұмыстары мен алдағы уақытқа құрған жоспарымен ­таныстырды.

Медиация институтын дамытудың жолы көп. Халықтың заң аясында сауаттылығын арттыру мақсатында атқарылатын жұмыс шаш етектен. Соның алғышарты ретінде күндізгі уақытта кез келген тұрғын WhatsApp мессенджері арқылы медиация саласындағы өзекті мәселелер бойынша х­абарласып, кеңес ала алады. Бұл халық үшін үлкен мүмкіндік.

Бүгінде ҚХА медиаторлармен өзара іс-қимыл жүйесін жолға қою, өз құры­лымдары шеңберінде жұмыс істеп тұрған медиаторлардың әлеуетін күшейту мақсатында жұмыс жүргізіп жүр. Олар – Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Ғылыми-сараптамалық топтар, Жастар және Еріктілер қозғалысы. Бәрінің мақсаты – медиация институтының әлеуетін арттырып, дауласқан тараптарды бейбіт жолмен татуластыру.

Алматы облысының медиация орталығы әртүрлі сипаттағы жанжалдарды шешу саласында белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұнда ҚХА тізімінде кәсіби және кәсіби емес (қоғамдық) медиаторлар да бар. Біріншісі – жоғары білімі бар адамдар (сертификаты бар кәсіпқой медиаторлар тізілімінде тұрған) және отставкадағы судьялар. Кәсіби емес (немесе қоғамдық) медиаторлардың көпшілігі – қоғамда беделді, өмірлік тәжірибесі мол және құрметті азаматтар. Оларды әлеуметтік-құқықтық үдерістердің қоғамдық модераторлары және қоғамдық келісім институтының насихаттаушылары деуге болады. Медиаторлары облыстың барлық аудандарында жұмыс істейтін Аналар кеңесінің де жақсы көрсеткіштері бар екенін айта кеткен жөн.

Айдар НАЗАР

 

588 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы