• Ақпарат
  • 10 Наурыз, 2011

Жаңа заманға жаңа маман қажет

Өткенде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір топ бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, сұхбат өткізгені көпшілікке мәлім. Бұл жиында көптеген өзекті мәселелердің шешімі айтылып, еліміздің алдағы уақыттағы саяси-экономикалық және мәдени-әлеуметтік даму бағыты талқыланған еді. Сұхбат барысында Елбасы ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті дамыту керектігін баса айтты. Ол үшін қайта даярлықтан өткен кәсіптік білімі бар мамандардың көп болуы қажет екендігіне мән берілді. Біздің де айтпағымыз осы болып отыр.

Құдайға шүкір, Қазақстан биыл тәуелсіздігінің жиырма жылдығына аяқ басты. Еліміз осы уақыт аралығында Елбасының салиқалы саясаты мен көре­гендігінің арқасында қарыштап дамып келеді. Мемлекетіміздің әлемдік өркениетті елдер қатарына қосылу үшін әр азаматтың ерінбей еңбек етуі тиіс екені анық. Осы еңбектен шығатын бір жайт, Елбасы қазақ жастарының кәсіптік маман иесі болғанын қалап отыр. Сұхбат барысында Президент былай деді: «Ауылдарда әртүрлі ауылшаруашылық бизнесімен айналысқысы келетін адамдар бар. Егер ол өз жобасының тиімділігін дәлелдесе, шағын несие алады. Ал ауылда жұмыс істегісі келмейтін адамның қалаға келуіне болады, мемлекет оны жаңа мамандыққа тегін оқытып, индустриялық нысанға жұмысқа жібереді. Бұл тұрақты жұмыс істегісі келетін қалалықтарға да арналған. Қаладағы бизнеске арналған «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Мемлекет кәсіпкерлер несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялайды. Бұл бағдарлама өз ісін бастағысы келетіндердің барлығын қамтиды». Яғни қолынан іс келетін өндіруші адамның жетістікке жетуге мүмкіндігі әлдеқайда жоғары болмақ. «Шешеннің тілі ортақ, шебердің қолы ортақ». Егер мемлекетімізде белгілі бір кәсіпке машықтанған мамандар саны көбейетін болса, олардың еліміздің экономикалық әл-ауқатының дамуына қосар үлесі зор болады. Себебі шағын және орта бизнесті дамытатын да осы кәсіптік, техникалық білімі бар орта салалық мамандар екені белгілі. Ал шағын және орта бизнес саласы қарқынды дамыған мемлекеттің әлемдік қаржы дағдарысына төтеп беру мүмкіншілігі арта түспек. Бұған дәлелді көптеген шағын бизнесі дамыған мемлекеттердің мысалымен айтуға болады. Мәселен, бүкіл дүниені дүрліктіріп өткен жаһандық дағдарыстың зардабын мейлінше аз көрген мемлекеттер ішінде Қытай, Малайзия, Оңтүстік Корея және Сингапур елдері бар. Бұл аталған мемлекеттердің барлығында дерлік кәсіптік мамандықпен сусындаған жас мамандар жетіп-артылады. Олар өз кезегінде орта және шағын бизнесті дамытып отырған мамандар болып табылады. Сондықтан елімізде жұмыссыздықты азайтудың негізгі бағыты мамандарды қайта даярлау үрдісі болатыны анық. Елімізде 2015 жылға дейін 1,5 миллион адамға заманға сай мамандық берілетін болды. «Бұрынғы кәсіптер қазір жарамайды. Жаңа маман болған адам – ол басқа қазақ. Оның мамандығы басқа, оның алатын жалақысы басқа, істейтін жұмысы басқа» деген Нұрсұлтан Назарбаев білімді де білікті мамандардың жолы болатындығын ерекше атап отыр. Ендеше, бұл бастаманы барша қазақ баласы өзіне арналған несібе деп қарауы тиіс. Мұндайда қазақ: «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демей ме?!. Сұлтан Тайғарин

3004 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №3

22 Қаңтар, 2026

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы