• Әдебиет
  • 26 Тамыз, 2021

ҰЛТТЫҚ ТЕРМИНОЛОГИЯ ҰЙЫТҚЫСЫ

(Ұлттық Ғылым 
академиясы мен «Ана тілі» газетінің бірлескен жобасы)

Қатардағы аспиранттан ҚР Ұлттық академиясының академигіне дейін, қатардағы кіші ғылыми қызметкерден А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директорына дейінгі атақ-лауазымдарға қол жеткізіп, қазақ тіл білімінің дамуына қомақты үлес қосып келе жатқан академик Шерубай Құрманбайұлының қазақ терминологиясына арналған еңбегі жөнінде сөз еткенді жөн көрдік. 

Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алған тұста ұлт тілінің терминологиясын жан-жақты дамытуға, реттеуге, қалыптастыруға, кеңінен қолдануға жаңа көзқарас қағидаттарын ұсынған академиктер Әбдуәли Қайдаров, Өмірзақ Айтбаевтар қатары тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары жас терминолог ғалымдармен толықты. Солардың бірі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін үздік бітіріп, арнайы жолдамамен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының кіші ғылыми қызметкері болып қабылданған Шерубай Құрманбайұлы болатын.

Ғалымның шығармашылық шеңбері кең, ауқымды, әрі әралуан. Оның қаламынан қазақ тілінің өзекті салаларына, атап айтқанда терминология, лексикология, терминография, сөзжасам, лексикография, тіл мәдениеті, ономастика мәселелеріне арналған екі жүзге жуық ғылыми мақала, оның ішінде жиырма шақты монографиялық еңбек, оқулықтар мен оқу құралдар, сөздіктер жарық көрді.

Ғалымның ғылыми жұртшылықтың назарына ілігіп, жоғары баға алған еңбектерінің қатарында «Қазақ лексикасының терминденуі» атты монографиясының орны ерекше. Отыздан енді асқан жас ғалымның Алаш ардақтылары А.Байтұрсынұлы, Ш.Құдайбердіұлы, Х.Досмұхамедұлы, Ж.Күдерин, М.Дулатұлы, М.Жұмабайұлы, Ж.Аймауытұлы, С.Қожанұлы, Е.Омарұлы, Т.Шонанов, ­Н­­­.Төре­құлов, Қ.Жаленовтардың еңбектерін зерделеп, ХХ ғасырдың 1910-1930 жылдардағы қазақ терминологиясының қалыптасу кезеңінің бастапқы кезінде жарық көрген, ғылымның әр саласы бойынша жазылған еңбектеріне терең үңілуден бастауын аға буын өкілдері құп көрген болатын-ды.

Ғылымның әр салалары бойынша қазақ тілінде жазылған тұңғыш төл оқулықтар салалық терминологияның қалыптасу көзі болғанын, А.Байтұрсынұлы бастаған қазақ зиялыларының термин жасауда ұстанатын ұстанымына, шет тілдерден термин қабылдау мәселесіне ғалым ерекше көңіл бөледі. ХХ ғасырдың басындағы қазақ терминоло­гиясын қалыптастыру мен дамытудың бағыт-бағдарын айқындаушы, яғни қазақ терминологиясының тұңғыш ғылыми қағидаттарын жасаушылардың бірі, қазақтың ғылыми терминологиясының негізін қалаушысы – Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілін білім-ғылым тілі ету жолында тер төккен еңбегін терең талдауын ғылыми орта жылы қабылдады.

Міне, осы алаштықтардың терминологиялық лекси­каны ұлт тілі негізінде жасау бағытын бағдар­шам етіп алған академик Шерубай Құрман­байұлы, ұлттық терминологияның ең басты ерекшелігі ретінде қазақтың байырғы сөздерін кәдеге жарату, жалпы халық тілінің сөз байлығын сарқа пайдалану және халықаралық деп аталатын терминдерді ұлт тіліне аудару, жазу мен қабылдауда қазақ тілінің тер­мин шығармашылығындағы рөлін арттыру керек еке­нін өзінің ғылыми еңбектерінің өзегіне айналдырып отырды. Алаш ардақтыларының терминологияны қалыптастырудағы орны мен термин жасаудағы тәжірибелерін терең білгісі келген оқырманға ғалымның «Алаш және терминтану» монографиясымен жақын танысуға мүмкіндік бар екенін айта кеткенді жөн көрдік.

Қазақ тіл білімінің аға буын өкілдері, көрнекті тілші-ғалымдар Ә.Қайдаров, Ш.Сарыбаев, ­Р.Сыз­дықова, Б.Қалиұлы, Б.Сағындықұлы, А.Жұбанов, Ж.Әбуов және тағы басқа белгілі ­ға­лымдар Шерубай Құрманбайұлының моногра­фиялық еңбектеріне пікір жазып, әрі оларға оң баға берген мақалалары бұқаралық-ақпарат құралдары мен ғылыми басылымдарда жарық көргенінен көпшілік хабардар. Шора Сарыбаев оның тың тұжырымын жоғары бағалағанын ғылыми орта ұмыта қойған жоқ. Ал академик Әбдуәлі Қайдаров ғалымның қазақ лексикасының терминденуін, қазақ терминологиясының дамуының кезеңдік ерекшеліктерін, терминологияны дамытудың ғылыми қағидаттарын, терминжасам, терминалмасым, түркі тілдеріне ортақ терминдер қалыптастыру, терминдерді біріздендіру мәселелерін жан-жақты зерттеп келе жатқанын ерекше атап өтті.

Ғалым монографиялық еңбектермен бірге жоғары оқу орындары студенттеріне арналған оқулықтар мен оқу құралдарын жазып жүрген автор. Солардың ішінде «Терминтанушы құралы» атты сөздік-оқулықтың орны ерекше.

Ғалымдардың назарын аударған, шығару форматымен де, мазмұнымен де ерекше еңбек – ғалымның «Қазақ терминологиясы» кітабы. Ерекше дейтін себебіміз – ғалымның «Қазақ лексикасының терминденуі», «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары», «Алаш және терминтану (ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясының дамуы)» атты монографиялары мен «Терминтанушы құралы» атты оқулық-сөздігі және қазақ терминологиясының бір ғасырдан астам уақыт аралығындағы зерттелуін көрсететін «Терминологиялық әдебиеттердің библиографиялық көрсеткіші» еңбектерінің бір кітапқа топтастырылуы. Терминологиялық жұмыстармен шұғылданып жүрген ғалымдарға, сала мамандарына, докторанттар мен магистранттарға бұл еңбек таптырмайтын, кәдеге жарар кітапқа айналып отырғаны рас. Ғалымның жастық шағынан сыр тартып, мектепте қай пәннің өзіне жақын болғанын сұрағанымызда, жауап біз күткендей қазақ тілі мен әдебиеті емес, биология болып шықты. Сол биологияға деген құштарлық ғалымның «Өсімдік мүшелері мен құрылым-құрылысына қатысты терминдер» атты кандидаттық диссертациялық жұмыспен шұғылдану барысында, тілдік материалдар жинауда, өсімдік түрлері мен атауларын анықтауда, өсімдік анатомиясы мен морфологиясы терминдерін зерттеуде кәдеге жараған көрінеді. Екіншіден, Шерубай Құрманбайұлының ақындықтың ауылынан алыс емес екенін, мәнерлеп көркем сөз оқу шебері екенінен де хабардар болдық. Ақиық ақын Мұқағалидың ауылында туып-өскен әрбір өркеннің өлең-жырға бүйрек бұрып тұратыны белгілі. Бұл қасиет жас Шерубайды да айналып өтпеген сияқты. 7-8 сыныптарда-ақ мектепте, мектеп емес-ау, ауыл аймаққа танымал жас ақын атанып, аудандық газетте өлеңдері шыға бастаған ол, енді республикалық «Қазақстан пионері» газетінің белсенді авторына айналып шыға келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен жас ақындар арасында жазысқан толасыз хаттар нөпіріне айналғанын естідік, қазіргі кезде де сиясы кетпеген жырлары бар екенін байқадық. Үшіншіден, ғалымның жастайынан спортты серік етіп, салауатты өмір салтын сақтап, еркін күрестен университетаралық, республикалық студент-жастар арасындағы біріншіліктерде бірінші орынды бермегенін, өткен күннің куәсіндей болған сарғайған мақтау қағаздарынан оқып білдік. Сондай-ақ Кеңес армиясы қатарында қызмет еткенінде әскери округтың үздік спортшысы атанып, қазақ жастарының абырой беделін арттырғанын айтсақ, артық болмас. Үздік спортшы-сарбазға әскери қызметке қалуға ұсыныс түседі, алайда жоғары білім алуым керек деген асқақ арманы оны әскери бөлімге емес, Ұлттық университеттің филология факультетіне алып келеді. Бұл жерде сәл шегініс жасап, мына бір кішкентай детальға назар аудартқым келеді. Кездейсоқтық па, әлде заңдылық па, ол жағын білмеймін, бірақ тура сол жылы филология факультетінің құрамында он талапкерге орын берген (оның өзі бір реттік) ғылыми өндіріс бөлімі ашылады. Бұл бөлім студенттері ғылыми қызметке бейімделетін болғандықтан, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығынан бөлек бөлінген квота екен. Конкурсқа қатысушылардың саны тым көп болғанына қарамастан (бір орынға он-он бес талапкер) факультеттегі су жаңа ғылыми-өндірістік бөлімге құжаттарын тапсырып, Шерубай Құрманбайұлының студент болып қабылдануы – өз алдына бір әңгіме. Сол жылы ғана студенттер қабылдап, келесі жылы жабылып қалған бөлім, болашақ академиктің ғылымға бейімділігін арттырып, ғылыми ізденістерге дағдыландыруда, талаптандыруда, құзіреттілігін қалыптастыруда ғылым баспалдағының алғашқы қадамы болғандай әсер қалдырады екен.

Академик Ш.Құрманбайұлы ғылыми жұмыспен қатар, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне де белсенді атсалысып жүрген тұлға. ҚР Үкіметі жанындағы терминология комиссиясының мүшесі, Тіл комитетінің басшысы ретінде, кезінде қоғамды толғандырған терминология мәселелері жөнінде ұсыныс пікірлерін, атап айтқанда, Үкіметтік комиссия шешімін шығарғанға дейін қыруар жұмыстарды дайындай алатын, білікті мамандардан тұратын, әрі тұрақты жұмыс істейтін мамандандырылған құрылым керектігі жайлы және өзге де өзекті мәселелер туралы биік мінберден мәлім еткенін сол комиссияның мүшесі ретінде талай көргенбіз. Сондай-ақ автор­ла­рының бірі болып саналатын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік терминологиялық жұмыс тұжы­рымдамасының қабылдануы – ғылыми және қолданбалы мәселелерін зерделеген зерттеулер қата­рын арттыруға септік еткенін айтқанымыз абзал.

Туған тілді тұғырына қондыруда, мемлекеттік тіліміздің мәртебесін өз деңгейіне көтеруде атқарылар алуан түрлі іс-шаралар қасынан табылып, ұлттық терминологияны қалыптастырудың ұйытқысына айналған академиктің өнегелі өмірі, тұлғалық келбеті баршамызға үлгі болары сөзсіз.

Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,

академик,  филология ғылымының

докторы, профессор

1727 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы