• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2021

УЫЗ ТӘРБИЕ: ТОЛҒАМ

БАСТЫ БАЙЛЫҚ –  БАЛА ДЕНСАУЛЫҒЫ

Бірінші қағида. Сәби денсаулы­­ғының негізі ана құрсағынан қалып­тасатыны белгілі. Дүниеге шыр етіп түскеннен бастап, сәби денсаулығының жаңа кезеңі басталады. Мұның да бағбаншысы – уыз тәрбие.

Қазір баланың табиғи жолмен дүниеге келуінің өзі қиындап, ота­шылардың араласуымен жатырды жарып алатын (кесарево) жол көбейіп бара жатыр. Осының өзі шарананың саулығына зардапты әсер етеді екен. Мәселен, ана құрсағында жатқан бала жарық дүниедегі қауіптің барлығынан берік қорғалған. Шақалақ өзіне керек қоректі түгел анасының қан тамырлары арқылы алады. Ол жатқан жер де тыстан ештеңені өткізбейтін тас қамал іспеттес. Ал дүние есігін ашқан сәттен бастап, сәбиді түрлі паразиттер, бактериялар мен вирустар күтіп тұрады. Баланың өмір есігін ашқан сәттегі алғаш танысатыны анасының денесіндегі микрофлоралар. Табиғаттың шеберлігі сондай ана құрсағынан шығарда осындай қауіптің алдын алып, жолды тазартып, қауіпті микроорганизмдерден залалсыздандырып тұратын орта қалыптасады екен. Ондағы бактерия­лар қышқылды ортаны синтездеу арқылы аса күшті қорғаныш қызметін қамтамасыз етеді. Ана жатырынан бөлінетін сұйықтық арқылы бала денесін жаңа жағдайға дайындайды. Ал жасанды жолмен өмірге келген бала бұл жолдан өтпейді, сондықтан оның денесінде түрлі қауіптен сақтайтын иммунитет қалыптасып үлгірмейді. Сонымен қоса, жасанды жолмен туған баланың өмірге келген сәтте жүйке жарақатына ұшырауы тағы мүмкін. Өйткені жасанды жолмен босандыру кезінде сәбидің алғаш сезетіні суық темір, резіңке қолғаптар мен жаялықтар. Ол қалай болғанда да сәби жан дүниесіне жайсыздық туғызады.  

Дүниеде адам баласына табиғаттан жақын, одан артқан қамқоршы жоқ. Сондықтан барлығының табиғи жолмен болғаны жақсы. Қазір жасанды жолмен дүниеге келген сәбилердің басым көпшілігі әлжуаз, сырқат ­болып туады. Оларды қатарға қосуға көп жұмыс, уақыт, қажыр-қайрат ­керек болады. Демек, жасанды жолға басқа амал қалмағанда, ана мен бала денсаулығына қауіп төнген сәтте ғана жүгінген дұрыс.

Сол сияқты жаңа туған сәбиге әлі де болса ана құрсағынан көп айыр­машылығы жоқ жағдай жасаған жөн болады екен. Мәселен, оны туа салып жуындырудың қажеті жоқ. Сондай-ақ бөлменің температурасы ана денесінің қызуымен бара-бар болғаны және оны бірден шешесінің құшағына салған жөн.

Жас босанған тұмса аналар, ал­ғашқы апталарда аса толқулы болады. Оған сәбиі тым жылауық сияқты немесе аса көп ұйықтайтын, оның денсаулығында бір кінәрат бар сияқты көрінеді. Ол түшкірсе де, жөткірінсе де суық тиіп қалғандай көрініп, алаңдай береді. Ол бала кереуетіне таяп келіп оның демалысын тыңдайды. Осының барлығы табиғат арқылы берілген аналық жүректің алаңдаушылығы. Демек, сіз сәбиіңізді құрсағыңызда көтеріп жүргенде қалай аяласаңыз дүниеге келгенде де дәл сондай сезімде боласыз. Ең ­бастысы, осы махаббатты балаңыз өскен с­айын әлсіретіп алмауға тырысыңыз. Сәбиіңізді ыстық құшағыңызға басыңыз, аялап, әндетіп отырып емізіңіз, ол сіздің жүрек дүрсіліңізді нәзік сезінеді, иісіңізге мастанып, маужырап ұйқыға кетеді.

Анасының аялы алақаны – бала денсаулығының ең басты қамқоршысы. Оның ауыру-сырқаусыз, дені сау, жүйке-жүйесі берік бақуатты азамат болып өсуінің берік тұғыры сіздің туа салысымен жасаған қажырлы еңбегіңіз арқылы қалыптасады.

Екінші қағида. Жарық дүниеге келі­сімен нәрестенің алғаш тататын дәмі – анасының ақ уызы. Сәбиіңіздің ден­сау­лығы мықты, сымбатты, ақыл­ды, әдемі азамат болуын қаласаңыз ал­дымен уызға жарытыңыз.

Ана сүті – сәбидің ас қорыту жүйе­сіне қолайлы құрамда болғанымен ғана емес, оны әртүрлі ауру-сыр­қаулардан cақтандыратын иммунитет қалыптастыратын қуатымен де бағалы. Сонысымен де ол сәби денсаулығының негізін қалаушы болып есептеледі. Анасының ақ уызына жарыған сәбилер рахит, анемия, дисбактериоз, өкпе қабынуы және әртүрлі инфекциялық ауруларына өте төзімді болады. Оларда аллергия, іш өту, құлақ аурулары да сирек болады, шала туған сәбилер де ана сүтімен қоректенсе жылдам ет алып, салмақ қосатын көрінеді. Ана омырауымен өскен балалардың болашақта семіздік, аллергия және бронхиалды астмамен көп ауырмайтыны дәлелденген. Ана сүтінің құрамында жүздеген компоненттер бар. Ең қызығы ана сүтінің құрамы бала қажеттілігіне сай үнемі өзгеріп тұрады екен. Алғашқы аптада анадан шығатын уыз ақуыздар мен минералды заттарға ерекше бай болып келеді. Емізіп жүргеніне біраз уақыт болған ананың сүтінде майлар мен көмірсулар көп болады. Бұл сусынның құрамы қайталанбайды оны басқа ешқандай сусын, тамақ түрімен алмастыру мүмкін емес! Баланың ағзасы сүтті оңай сіңіреді. Ана сүтінің құрамындағы гормондар тобы баланың бір жасқа дейін өсіп, дамуын реттейді, ал ондағы дәрумендер бала ағзасының қажеттіліктерінің барлығын қамтамасыз етеді.

Ана сүтінің шамамен 87%-ы судан тұрады. Бұл су биологиялық белсенді және оңай сіңіріледі, сол себепті бірінші 6 ай ішінде балаға қосымша су берудің қажеті жоқ. Сүт құрамының щамамен 7%-ын көмірсулар құрайды. Оның көп мөлшері лактоза. Сонымен қатар мұнда аз мөлшерде глактоза, фруктоза және басқа да олиго қантты жүйелер бар. Лактоза сәби үшін тағамның ерекше түрі. Ана сүтіндегі оның мөлшері басқа сүт қоректілермен салыстырғанда әлдеқайда көп. Баланың дамуына лактозаның маңызы өте зор. Ол кальций мен темірдің сіңуіне қатысады. Лактозаның әсерінен баланың орталық жүйке жүйесіне қажетті заттар түзіледі. Оның үстіне ана сүтіндегі лактоза ішектегі пайдалы микрофлораның түзілуіне жағдай жасап, патогенді бактериялардың көбеюін шектейді. Басқа сүт қоректілермен салыстырғанда ана сүтінде көмірсуларды сіңіруге арналған арнайы фермент – лактаза да бар. Бірақ бұл фермент сүттің майға бай соңғы жағында болады. Оны әдетте ұзақ уақыт әрі түнде көп еметін сәби алады. Бұл құнардың сәбиге көптеп баруы үшін ананың да дұрыс емізе алғаны, емізу ережелерін білгені дұрыс. Сүттің құрамында қажетті мөлшерде (4%) май болады. Бұл мөлшер сәби ағзасын қосымша энергиямен қамтамасыз ету үшін әбден жеткілікті, себебі сүттегі майлар тамаша баланста оңтайландырылған. Бір күндік энергия мөлшерінің 30-50%-ын бала осы майлардың көмегімен алады. Ана сүтіндегі майлар микроскопиялық түйіршіктер түрінде болады. Олар сиыр сүтінің майларынан кіші болғандықтан оңай қорытылады. Ана сүтіндегі майлардың тамаша тепе-теңдікте болуы, қаныққан және қанықпаған майлы қышқылдардың оңтайлы қатынаста болуымен түсіндіріледі. Ана сүтінде қанықпаған май қышқылдарының мөлшері жоғары. Бұл майлар сәби миының дамуына ықпалы өте зор. Әсіресе оның ішіндегі ленолды және арахидонды майлардың құнары өте жоғары. Ана сүтінде бұл екі майлы қышқылдардың көлемі сиыр сүтімен салыстырғанда төрт есе көп. Сүт құрамдастарының ішіндегі ең тұрақсыз компонент осы майлар. Оның мөлшері тәулік ішінде емес, емізіп отырған сәттің ішінде де өзгеріп отырады. Әдетте емізу соңына қарай майлардың мөлшері көбейеді. Солай қоюлығы қаймақтай болғанда бала тойынып, емуін доғарады. Бала өздігінен емуден бас тартқанға дейін емізгеннің маңызы зор. Себебі сүттің құнары соңында!

 Баланың жүйке жасушаларының өсіп дамуына қатысатын негізгі құ­рылыс материалы – ақуыздар (белок­тар). Сүттегі ақуыз мөлшері май­лардың мөлшерінен әлде қайда аз, шамамен 1%. Оның үстіне бала өсіп дамыған сайын, ақуыздың мөлшері бұрынғысынан да кеми түседі. Себебі жаңа туған сәби мен бір жасар баланың ақуызға деген қажеттіліктері әртүрлі. Бала өскен сайын оның ағзасына ақуыз қажеттілігі азаяды. Өсіп келе жатқан баланың ағзасына шамадан артық мөлшерде ақуыздың келуі, оның бүйректерінің жұмысына ауырлық түсіреді, семіздік және қант диабетінің даму қаупін тудырады.

Ана сүтіндегі негізгі ақуыз – ­альфа-лактабульмин, ол қоректену көзі және лактоза синтезіне қатысатын аса маңызды агент қызметін атқарады. Ақуыздардың қалған бөлігі липаза мен лактазадан тұрады, бұлар сүттегі негізгі құрамдықтарды қоры­туға қатысады. Сонымен қатар ақуыз компоненттерінің ішінде аминқышқылдары болады: цистин, метионин және таурин. Таурин майларды қорытуға және орталық жүйке жүйесінің дамуына қатысады. Жалпы ақуыздар мөлшерінің 30% қоректендіру қызметін емес, ағзаның қорғану механизмдерін түзуге, яғни баланың түрлі инфекцияларға төтеп беруін қамтамасыз етеді. Оларға лактоферинді жатқызуға болады. Сонымен қатар арнайы инфекцияларға қарсы тұратын ақуыздар: иммуноглобин және лицозим тобы бар.

Ана сүтінің шамамен 1%-ы микроэлементтер, дәрумендер мен минералды тұздардан және биобелсенді заттардан тұрады. Олар аз мөлшерде бола тұра ағзаға тигізер пайдасы орасан зор. Бұл заттарды лабораториялық жағдайда бала ағзасына қолайлы етіп жасау мүмкін емес. Мәселен, ана сүтінде 15-ке жуық гормондардың түрлері бар. Олар баланың ағзасындағы зат алмасу процесін реттейді. Ана сүтіндегі темір, бала ағзасымен оңай сіңірілетін түрде болады. Бала оның 70%-н толық қабылдайды. Сол себепті емізілетін балада темір жетіспеуінен болатын анемияға ұшырамайды. Сәбиге қажетті дәрумендер мен микроэлементтердің барлығы тек ана сүтінде болады. Ана сүті сәби ағзасына қажетті тұздарға, кальций мен фосфаттарға бай. Әсіресе, бұл сүттегі кальций мен фосфор арақатынасының оңтайлылығы соншалық, сәби өзіне қажетті каций мөлшерін оңай алады. Ең бас­тысы тек анасының сүті ғана бала ағзасына стерильді, қолайлы температурада жеткізіледі, бұл да оның оңай қорытылуының  және қауіпсіздігінің басты себептерінің бірі.

Қазір ана сүтіне жақындатылған қоспалар өте көп, бірақ олардың ешқайсысы да ана сүтін толық айырбас­тай алмайды. Сондықтан сәбиіңіздің мықты денсаулығын қаласаңыз, оны омырауыңызбен қоректендіріңіз. ­Жасанды сүтті тек анасының денсаулығы сыр берген жағдайда ғана пайдалануға болады.

Үшінші қағида. Адам денсаулығының суалмайтын нәрі – құнарлы қорек, талғамды ас. Сондықтан баланы жастайынан дұрыс тамақтануға үйретудің маңызы өте зор.

Тамақтануға байланысты мәселе қай отбасында болмасын ерте ме, кеш пе туындайды. Бала тәрбиесіне қатысты басылымдар мен хабарлар «Бөбекті қай жастан бастап омыраудан шығаруға болады?», «Сәбиді қалай қоректендірген дұрыс, тағамдарды қалай талғап, таңдап берген жөн?», «Баланың тәбетін ашудың жолдары қандай?» деген сияқты сауалдарға лық толы. Дегенмен, осындай сауалдың көпшілігі мәселенің түпкі себебін іздемейді, олардың салдарымен күресуге ден қояды. Демек, алдымен мәселені сондай жағдайға жеткізбеудің алдын алу шарт.

Аллергиядан басқа жағдайдың барлығында баланың дұрыс тамақтанбау мәселесі сәби кезіндегі жіберген қателіктерден туындайтынын зерттеушілер атап көрсетіп жүр. Егер сіз сәбиіңізге үнемі бір тағамды бере берсеңіз, ол соның дәміне әбден құнығады да, басқа тамаққа тәбеті шаппайды. Баланың дәмге дағдылануы да басқа сезімдер сияқты бір мен үш жастың арасында қалыптасады. Балаңыз сізге «мынау дәмді екен», «тамаша дайындалыпты» деп айта алмайды. Сондықтан оның тамақты сүйсіне жеуіне көңіл бөлу керек.  Және тағамдарды мүмкіндігіне қарай түрлендіріп отырған жөн. Әрине, балаға өзіңіз ең дәмді деп санаған тағамды берген дұрыс, сонда ғана оның тағамға деген талғамы дұрыс қалыптасады. Бала әртүрлі дәмдерді айыра білу үшін, тамаққа қосылатын дәмдеуіштерге де баса мән беру керек.

Қазіргі уақыттың біздің балалық шақтан айырмашылығы – теледидар мен ғаламтор заманы болуында. Бүгінгі бала өмірді оларсыз елестете алмайды. Сондықтан ата-аналар балаларынан жырақтап қалмас үшін қаласын-қаламасын солар қараған бағдарламаларды бірге көруге мәжбүр. Оларда балалар тағамына қатысты хабарлар көп. Кейде баланың аңсары сол тағамдарға да аууы мүмкін. Бала тағамын түрлендіруде оны да ескерген жөн.

Әрине, омыраудан шыға салысымен, ата-ана өзі жақсы көретін тағамын сәбидің аузына тықпалауына болмайды. Оның өзіндік реті бар. Бұл орайда, бала тағамына байланысты арнайы еңбектер мен хабарларды қараудың маңызы зор. Сонымен қоса, осы сәтте балаларға арналған тағамдар даярлайтын дүкендер мен асханалардың қызметіне жүгінген де артық етпейді. Сәбиге қай уақыттан бастап қосымша тағам берудің де қатып қалған ережесі жоқ, оның барлығы ана мен баланың өзіндік жағдайларына байланысты. Егер ана сүті аз болып, баласын жарытпайтын болса, қосымша тамақтандыруды ерте бастауға тура келеді. Қалай болғанда да оның өзіндік реті мен жүйесі болуы керек. Оны балалар дәрігерімен ақылдаса отырып шешуіне болады.

Баланы тамақтандыру жүйесі, оның салмағына, анасы мен баланың денсаулығына орайластырылып жасалуы шарт. Бұрын дәрігерлер баланы әрбір төрт сағат сайын тамақтандыру жөнінде қатаң шарт қойып келген. Қазір мұндай қатаң кестеден бас тартып, ол кестені әр ананың өз еншісіне қалдырып отыр. Қазақта «Жыламаған балаға емшек бермейді» деген мәтел бар. Солай екен деп жылаған сайын сәбидің аузына тамақ апара беруге де болмайды. Өйткені бала тек қарны ашқандықтан ғана жыламайды. Сондықтан да ана баланың өз ерекшелігіне қарай тамақтандырудың кестесін жасап алғаны жөн. Және ол кесте бала өскен сайын өзгеріп отыруы тиіс. Сәби аяқтанып, қозғалысқа түскен сайын оның қуат шығыны да өседі, соған сәйкес оның тамағының да құнары түрленіп, өсіп отыруы керек.

Есейген сайын баланың тамақтануына байланысты мәселелер де күрделене түседі. Қазір әлемде қалыптасқан жағдайға байланысты бұл мәселе ушыға түсуде. Әлемдік қауымдастыққа дендеп ене бастағаннан бері Қазақстандағы тағам түрлері де күрт өзгеріске түсті. Бүгінде балалар ата-аналарын мәжбүрлеп алдыратын тағамдардың 40 пайызға жуығы «бос» калориядан, яғни тез ыдырайтын көмірсулардан (углеводттардан) тұрады. Бұл дегеніңіз – «фастфуд», «гамбургер» деген сияқты дайын өнімдер мен «кола», «фанта» тәрізді тәтті, газды сусындар. Бұлар балалардың ас қорыту жүйесі мен ақыл-ой дамуына кері әсер етуі мүмкін. Мәселен, дәл осындай ас мәзірін ұстанатын Ұлыбританиядағы төрт мыңға жуық бала қатысқан зерттеу нәтижесі үш жасынан бастап  тәтті, жартылай дайын «полуфабрикаттар» жеп өскен балалар сегіз жасына қарай интеллектуалды дамуы жағынан қатарластарынан артта қалғаны анықталған.

Тамақ өнімдерін өндіруші компаниялар балалар денсаулығынан гөрі табыс табуды алдыңғы орынға қояды. Сол үшін өз өнімдерін әлем-жәлем жарнамамен насихаттайды. Жарнамадағы өзінің сүйікті кейіпкерін көрген сәби оған ес-түссіз ұмтылады. Супермаркеттерде мұндай өнімдер бала бірден байқайтын, оңай алуға болатындай орынға орналастырылады. Танымал дайын таңғы ас өнімін өндірушілер қазір көздің жауын алатын суреттері бар балаларға арналған кітапшалар шығарып қоятын болды. Бұл кітапша арқылы балаларға санауды үйрете отырып, өзінің тәтті өнімдерін қолдануға итермелейтін тапсырмалар беріледі. Осылайша, балалар бұл өнімдерге оңай бауыр басады.  Бірақ оның кейінгі зардаптары өте ауыр болады.

Балалардың қандай өнімді жейтіні ғана емес, оны қандай мөлшерде пайдаланатыны да  маңызды. Соңғы отыз жылда АҚШ-тағы ас «үлес» (порциясының) мөлшері жылдам ұлғаюда: қазіргі «тәтті тоқаш» (печенье) көлемі 1970 жылдардағыдан 7 есе үлкен. Балалар үлкен үлеске үйренгені соншалықты, кішірегіне қанағаттанбайтын болып барады. Бүгінгі америкалық бала 1977 жылғы өзінің қатарласына қарағанда 200 калорияға көбірек тамақ жейді. Сондай-ақ сол калорияның негізгі бөлігі зиянды тағамдар болып келеді. Олардың құнарсыз асқа әуес болуына мектеп асханалары мен сауда автоматтарын кінәлауға бейім тұратынымыз рас. Бірақ жақын уақытта жүргізілген зерттеу оған, ең алдымен, отбасы жауапты екендігін көрсетіп отыр. Себебі баланың талғамы, ең алдымен, отбасында қалыптасатыны белгілі. Сол сияқты балаға қалағанын алып беріп, сапасыз тағамға ауыздандыратын да ата-ана. Тіпті көпшілік аналардың үйде өз қолымен тамақ жасамай, баласына дайын өнімді бере салатындар саны жыл сайын артып барады.

Соның салдарынан америкалық әр үшінші бала семіздікке шалдығуда. Мамандар қазір ең қысқа өмір сүретін алғашқы ұрпақ осылар болуы мүмкін деген қауіп айта бастады. 

Әрине, баласына тамақты талғап жеуді үйрететін ата-аналар да аз емес. Олар пайдалы көкөністерден әдемі бәліштер пісіріп немесе туралған жемістерді мұз қатыруға арналған қалыпқа салып, балалар ойнап жатқанда қызықтырып ауыздарына салады. Мұның барлығы балалар дұрыс тамақтануын қалыптастырудың алғышарты. Бала күнінде дәмін татқан тағамды олар ғұмыр бойына есіне сақтайды.

Жапондықтар үшін тағам тек қорек қана емес, ол – балаға ләззат сыйлайтын дүние. Бұл орайда, жапондықтардан үйренетін дүниелер аз емес. Бұл ел семіздік ауыруы (халықтың 4 пайызы ғана) дегенді білмейді. Жапония халқы мықты денсаулығымен және ұзақ өмір сүруімен танымал. Негізінен жапондықтар тамақтанудан бұрын дастарқанды ерекше ықыласпен жаяды. Мұндай қарым-қатынасты олар  бала өмірге келген сәттен бастап қалыптастыруға тырысады.

АҚШ-та балалар дәрігері бала дүниеге келген соң бірнеше айдан кейін қосымша дәрумендер мен ана сүтінен бөлек балаларға арналған қосымша азықты қосуға кеңес береді. Жапондықтар мұндайға мүлдем қарсы. Олардың пікірінше, бала барлық қажет дәрумендерді тек табиғи тағам арқылы алуы керек. Жапонияда балалардың тамақтануы жыл мезгіліне де байланысты. Бұл да кездейсоқтық емес. Себебі кейбір жеміс-жидектер қыста табыла бермейді.

Маусымдық көкөністерді (бамбук ағашының сүйрігі немесе түйежапырақ тамыры, сәбіз немесе картоп)  балдыр мен хамса балыққа қосып, «даси» деп аталатын сорпа әзірлейді. Осылайша, балаларын біртіндеп жапон асханасының ерекшеліктеріне үйретеді. Бірте-бірте баланың ас мәзіріне хидзики деген қоңыр балдырларды, натто деп аталатын соя бұршақтары мен удон кеспесін енгізеді.

Жапон халқы тұрақты түрде күніне үш рет тамақтанады. Тағамның көлемі орташа болғанымен, ас мәзірі нәрлілігімен және әралуандығымен ерекшеленеді. Таңғы ас құнарлы тағамдардан тұрады: салат, ащы тіскебасарлар немесе сорпа, күріш, буға піскен балық еті мен қуырылған көкөністер. Жапондықтар түскі аста америкалықтар сияқты бутербродтар емес, ыстық тамақты жөн көреді. Кешкі ас та осындай қағидаға негізделеді. Жапон халқы үшін қарынды тойдырудан бұрын, дастарқанды безендіру, асты әдемі ұсыну және этикетті сақтау әлдеқайда маңызды. Ұлттық мәдениетіне сәйкес, бала үлкендермен бірге дастарқан басына отырады. Олардың пайымынша, бала өзін отбасының лайықты мүшесі ретінде сезінуі қажет. Балаларға да ортақ дастарқанға әзірленген тағамды береді. Егер дастарқанда бірнеше тамақ тұрса, бала әрқайсысынан дәм татып көре алады.  Сонымен қоса, жапондықтар ұсынылған тағамның сыртқы тартымдылығына да мән береді. Олар барлық азық-түліктерді түстеріне сәйкес орналас­тырып, әдемілеп безендірсе, бала мұндай тағамнан бас тартпайды деп санайды. Себебі тамақ балаға эстетикалық ләззат та сыйлай білуі керек. Ең басты қағида балаға табиғи, құнарлы, сіңімді, өз елінің тектік ерекшеліктеріне негізделген, қол жетімді, дәрумендері мол тағамды сүйіспеншілікпен жеуге үйрету.

Біздің жағдайымызға келсек, қазақ халқы ежелден ет, сүт тағамдарын молынан пайдаланған, әлі де солай. Мәзірге жаңадан енгізілген тағамды аз-аздан бере бастап, біртіндеп оның көлемін арттырып отырған жөн.

Шамамен ас мәзірі төмендегі үлгіге сай құрастырылуы тиіс: Таңғы ас: 1) жеміс-жидектер немесе жеміс шырыны; 2) ботқа; 3) жұмыртқа (суға пісірілген), әсіресе, сары уызы; 4) піскен сүт.

Түскі (немесе кешкі) ас: 1) мал немесе құс еті, балық; 2) көкөністер (пісірілген немесе шикі күйінде); 3) картоп (суға пісірілген); 4) шикі жемістер; 5) піскен сүт.

Кешкі (немесе түскі) ас: 1) жұғымды тағам, мысалы: ботқа, нан немесе тоқаш, картоп, немесе (макарон өнімінің бір түрі қосылған) үй салмасы, жұмыртқа мен нан; 2) пісірілген немесе шикі көкөністер мен жеміс-жидектер; 3) піскен сүт.

Балаларға дұрыс тамақтануды үйрету сабырлы­лық пен еңбекті, төзімділікті, сондай-ақ ата-ананың білім-білігі мен шығармашылық қиялын қосуды талап етеді. Сондықтан жоғарыда айтқандардың барлығын бұлжымайтын ереже ретінде қабылдаудың қажеті жоқ. Барлығы сіздің өзіңізге байланысты.

Төртінші қағида. Сәбидің тыныш ұйқысы – оның денсаулығының нығаюының да, психикалық мінез-құлқының орнықты қалыптасуының да берік тиянағы.

Әдетте, бала дүниеге келісімен көп уақы­тын ұйқымен өткізеді. Ол – табиғи құбылыс. Ұйқы кезінде сәбидің өсу гормоны (соматропты гормон) көп бөлінеді. Себебі жас бала ояу кезінде алған әсерлерін, көріп, сезінген құбылыстарын санасына сіңіріп, ұғыну үшін көп энергия жұмсайды. Осы жұмсал­ған қуаты мен қажыр-қайратын қалпына келтіруге көмектесетін қуат қай­нары ұйқы болып табылады. Сондықтан сәби­лерге тыныш ұйқы сыйлау ата-ананың ең басты парыздарының бірі болып табылады. Жас ата-аналар әдетте сәбилерін ұйқыға сағат нешеде жатқызу керек деген сауалды жиі қояды. Бұл – өте маңызды сауал. Алғаш­қы айларда екі сағат сайын оянып, емшек сұрайтын сәби, кейіннен бұл дағдысын өзгертіп, түні бойы терең ұйқыда болады. Сондықтан сәбиіңіздің тыныш, жайлы жерде ұйықтауына ерекше мән беріңіз. Мамандар 2 жасқа дейінгі балаларды кешкі сағат 8-де, 6 жасқа дейінгі балаларды 10-да ұйықтату керек деген кеңес береді.

Баланың өсу гормоны 5 жасқа дейін өте белсенді дамиды. Гипофиз безінен бөлінетін гормон балаларда ұйқы кезінде жетіледі екен. Мұндай гормондары жеткіліксіз балаларда өсу белсенділігі де төмен болады.

Соңғы кезде «тұқымымыз майдаланып, азып барады» деген сөзді көп естиміз, оның бір себебі де бала ұйқысының бұзылуында жатуы әбден мүмкін. Әртүрлі электронды құралдардан бас алмай, күні мен түнін ауыстырып алған балалардың физикалық жағынан мешеулікке душар болатынын ­мамандар анықтап отыр.

Тәжірибе көрсеткендей, нәрестенің ұйқы уақытын туа салысымен жүйеге салған жөн. Алғашқыда бала түн ішінде 1-2 сағат сайын оянады. Бұл кезде су немесе емізік берсеңіз болады. Сәбиіңіз 4-5 айға толғанша омырау сүтімен тамақтандырып ұйықтатқан пайдалырақ. 5-6 айдан асқаннан кейін баланы ұйықтатар алдында қарнын тойғызып жатқызсаңыз, кем дегенде 6 сағат шамасында оянбастан ұйықтайды. Бірақ бір нәрсеге мұқият болыңыз, баланы тойғызам деп шамадан тыс көп тамақ беруге де болмайды. Өзі бас тартқан кезде, қинап артық ас жегізу денсаулығына зиян. Толық асқазанмен ұйықтау қиынға соғады. Сонымен қатар баланы ұйқыға жатқызардан 1,5-2 сағат бұрын суға шомылдырыңыз, жеңіл массаж жасаңыз, ертегі айтыңыз, ойнатыңыз. Оны арнайы теңіз тұзымен, тыныштандыратын шөптермен не жай ғана балаларға арналған көбікпен шомылдыруға болады.

Түнгі ұйқы – ең ұзақ ұйқы, жатар алдында бала кем дегенде 2-3 сағат ояу болуы керек, яғни түнгі ұйқыға жатардан 3-4 сағат бұрын бір мәрте ұйықтап алғаны жөн. Баланың бөлмесін күн сайын тазартып, ауасын алмастырып тұрыңыз. Онда бөгде адам, үй жануары, шу болмауы тиіс, теледидар қосылып тұрса, өшіріңіз. Қажет десеңіз жайлы музыка ойнатып қоюға болады. Күндіз еркетайыңыздың кереуетте секіріп, ойнақтауына жол бермеңіз. Ол тек ұйықтауға арналған орын екенін түсінсін.

Далада ауа райы нашар болса да бала тыныш ұйықтай алмауы мүмкін, себебі ересектерге қарағанда балалар табиғатпен етене байланыста. Қазақ арасында баланың киім-кешегін, ойыншықтарын далада қалдырмайды, егер қалып қойса, бала түнде мазасызданып ұйықтай алмайды деген де сенім бар, оған да мән беріңіз.

Америкалық ата-аналардың көбі сәби алғашқы күннен бастап жеке ұйықтауы тиіс деген пікірде. Олар баланың жеке ұйықтауы жеке әрі тәуелсіз тұлға болып қалыптасуға ықпал етеді деп санайды.  Бұл тараптағылар бөлек ұйықтау – бала үшін де, ата-ана үшін де дұрыс деген пікірде. Олар баланы қойынға алып жату ана оның өміріне қауіп төн­діреді деген түсінікті таңуда. Денсаулық сақтау саласында жұмыс істейтін дәрігерлер мен шенеуніктер ұйықтап жатқан ересек адам сәбиді басып кетуі не тұншықтырып алуы, нәрестенің көрпеге оралып қалуы мүмкін екенін ескертеді. Бірақ әлеуметтік зерт­теулер басқаша көрсетеді. Мәселен, 15 елде жүргізілген зерттеуге сәйкес АҚШ (ата-аналар бөлек жатады) балалардың ұйықтап жатып тосыннан қайтыс болу синдромының жиілігі бойынша 2-орында тұр. Ал баламен бірге ұйықтау қалыпты дағдыға айналған елдер­де (мысалы, Жапонияда) оның деңгейі өте төмен. Ал әлемдік мәдениеттердің көпшілігінде сәби анасымен, ал жасы үлкенірек баласы аға-әпкелерімен немесе отбасының басқа мүшелерімен ұйықтайды. Әлемнің 136 елінде жүргізілген зерттеу нәтижесі бойынша олардың үштен екісінде баланың анасымен ұйықтауы қалыпты жағдай саналады. Бірқатар ғалымдар сәбидің анасымен ұйықтауы оның табиғи қажетін өтейтінін, баланы анасынан ажырату екі жаққа да қолайсыздық тудыратынын айтады. Қазақтардың дәстүрлі тәрбиесінде де балаларды оқшаулау әдеті жоқ. Тіпті атасы мен әжесі немерелерін кезек-кезек қойындарына алып жатқанды жақсы көреді.

Нотр-Дам университетінің Бала мен ананың ұйқы психологиясы зертханасын басқаратын антрополог ғалым Джеймс Маккенна бұл мәселені отыз жылдан астам зерттеген. Маккеннаның зайыбы да – антрополог ғалым. Олар аналар мен балаларды зерттей келе «сәби анасымен ұйықтағанда екеуінің де ұйықтау циклдері бірдей болатынын, яғни ана да бала да бір уақытта тез ұйықтау фазасына кіретіндіктен, анасы жақсы демалатынын анықтаған». Осылайша баласы түнде оянса ол аса қатты қиналмай тұрып, қойнында жатқан сәбиін уатып, ұйықтатады. Ал терең ұйқыға кеткен ананың түн ішінде бірнеше рет тұрып, баласына басқа бөлмеге баруы аса қиын жағдай.

Ал жапондықтар болса, Америка­лықтар­дың балаларын жеке ұйықтататынына таңданыспен қарайды. Олардың балалары­ның ұйқы мәдениеті өзегешелеу. Оларға бөбектерді ұйықтату үшін арнайы жағдайды қажет етпейді. Жеке бөлме арнауға отбасы­ның жағдайы болса да, баланы ерте жастан жеке шығаруға аса құлықты емес. Олар сәбиді ұзақ уақыт жалғыз қалдыруға қарсы. Жапон­дықтардың пайымынша, баламен етене жақын болу  арқылы оны жеке тұлға ретінде қалыптастыруға тиімді ықпал етуге болады. Тағы бір айта кететіні, олар балаларын қайда барса да үнемі өзімен бірге алып жүреді. Сондықтан жапон балалары анасы­мен бірге кез келген жерде ұйықтауға бейім­делген. Демек, олар үшін бүлдіршіннің анасы­мен бірге тыныш ұйықтауы – мықты денсаулықтың іргетасы.

Кенжехан МАТЫЖАНОВ

(Жалғасы бар)

2453 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы