• Руханият
  • 26 Тамыз, 2021

АЗАТТЫҚТЫҢ АҚСАРБАСЫ

1991 жылы «Тәуелсіздік декларациясын» шалғайдағы ауылда теледидардан академик Сұлтан Сартаевтың  айтуы­нан естідім. Ол кездегі үрдіс бойынша теледидар алдына жиналып, отбасымызбен жаңалықтар көріп отырған біз саяси сауаты бар, ес тоқтатқан жігіт едік. Сонда өмір бойы жылқы баққан марқұм әкем: «Уа, аруақ, Ақсарбас, Ақсарбас. Азат күнге жеттік қой. Сендердің болашақтарың жарқын болатын болды» деп, алдында отырған немересін бауырына басып, маңдайынан иіскеп, тебіренгенінің куәсі болдым. Өйткені атам Сығай 1916 жылғы Қарқара көтерілісіне қатысқан, қызылдар мен ақтардан тең теперіш көріп, Қытай асқанымен, олардың да қысымына ұшыраған жандар еді. Ал әкем әкесінің аузынан сол зұлмат жылдарды естіп өсіп, Қытайдың сан қысымын көріп, 1962 жылдары елге оралған буын болатын. Оларды Кеңес үкіметі елге келген соң да жарылқай қойған жоқ, тек мал бақтырып, азап көрсетті. Ауыр жұмысқа салды. Ал өзіміз 1986 жылғы көтеріліс сергелдеңін көрдік. Тарихшы ретінде оның себептері мен зардаптарын талай сараладық. Әлі айтылмаған, жазылмаған ақиқаты бар екені анық. Оның да кезі келер...

Жер шарын мекендеген ұлттар «Тәуелсіздік. Азаттық» деген ұғымдардың аясында бірікті. Қазақ халқы да ғасырлар бойы еркіндікке ұмтылып, сол жолда басынан талай «тар жол, тайғақ кешуді» өткізгеніне тарих куә. Мұны келер ұрпақ ешқашан ұмытпауы керек. Сонда ғана намысты қолдан бермейтін, рухы мықты ұрпақ өседі. Кейде баба­лардың қанымен келген тәуелсіздігімізді бағалай алмайтын тоғышар пенделерді көргенде налисың. Меніңше, бұл қазіргі идеологияның нашарлығы.  Келмеске кеткен Кеңес үкіметі кезінде осы отансүйгіштік идеология керемет жүр­гізіліп еді. Сол тәрбиені көрген аға буын өкілдері әлі де мем­лекеттік биліктің тармақтарында жүр емес пе? Ендеше, сол идеология­ны Тәуелсіз еліміздің мәңгілік мақсаттарына орай­ластырып жүргізсек, кертартпа керенаулықтан арылар едік деп ойлаймын. Ең бастысы, «Тәуелсіздіктен» асқан қасиетті ұғым жоқ екенін болашақ ұрпақ санасына сіңіруіміз қажет.

Дүйсенбай МҰҚАМЖАНҰЛЫ,

тарихшы

1067 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы