• Тарих
  • 26 Тамыз, 2021

ҚАРАУЫЛҒА ҚЫРЫҚ ЖІГІТ ҚАЛДЫРҒАН...

Төлеубек АМАНҒАЗЫҰЛЫ,

Абай аудандық Қоғамдық  кеңесінің төрағасы

 

Редакциядан: Биыл Семей полигонының жабылғанына отыз жыл. Яғни «күллі әлемді ­жойып жіберуге қауқарлымын» деп құдіретін көрсеткісі келген империялар қақтығысының құрбанына айналған адам-тағдырдың сынақтан құтылғанына да осыншама уақыт. ­Жалпы КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынағы үшін арнайы 18 млн га жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылғаны осы күні тарихтың еншісінде қалған оқиға десек те, ол зардапты көзбен көргендердің жағдайын кім ойлапты? 1989 жылдың ақпанында Семейдегі атом полигонын табу үшін күрес бастауды ұйғарған «Невада-­Семей» қозғалысының алғашқы митингісі өткен еді. Оған бастамашы болған – белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, ақын Олжас Сүлейменов. Сол 1989 жылдың 6 тамызында Семей облысының Қарауыл ауылында ядролық қаруды сынауға мораторий жариялау жөнінде КСРО және АҚШ Президенттеріне үндеу жасайды. 
Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланғанын тәуелсіздік шежірешілері мақтанышпен айтады. Қазақстанның сол кездегі Президенті Н.Ә.Назарбаев Семей полигонын жабу туралы Жарлық шығарған күні – 1991 жылдың 28 тамызы болатын. Осы атаулы күннің қарсаңында ядолық сынақты да, оның зардабын да көзбен көріп, жүрекпен өткізген жандардың естелік әңгімесін оқырман назарына ұсынамыз.   

ЖАРЫЛЫСТАН  ТАУ СІЛКІНЕТІН...

Көзіммен көргенімді айтайын. Әкем жылқышы еді. Малын полигонның дәл түбіндегі Дегелең тауының қойнауында жайлауда бағатын. Жаз жайлауда сонда жүреміз. Жылқы бағамыз, шаруаға көмектесеміз. Полигонның дәл жанында болса да жайлаудың шөбі шүйгін, суы мол еді. Совхоз үшін  де шаруашылықты жүргізуге қолайлы жер. Ал бірақ дәл сол жерде полигон бар. Одан келетін зардапты сол кездегі жауапты адамдар ойлаған емес. Бізге де артық әңгіме айтылмайтын. «Күл болмаса, бүл болсын» деген шығар, әйтеуір дәл түбінде полигон жарылып жатыр ғой, мына жақта халық мал бағып отыр деген сыңайдағы жанашырлықты сезбеген екенбіз. Баламыз ғой, киіз үйге ара-тұра әскери офицерлер көлігімен келеді. «Ертең жаттығу болады (Олар жарылысты «жаттығу» дейтін). Таңертең күн шыққаннан кейін анау төбеге барып жатыңдар, кешке қарай қайтып келіңдер» деп бұйрық беріп кетеді. Жарылыстан соңғы сәулелену, толқын, ­шудан сақтансын деп ескерткен бар түрі – сол. Не өздері көлігімен апарып тастамайды. Таңмен тұрып төбенің ар жағына кетеміз. Келесі күні таң бозынан бір арпалыс басталады. Дегелеңнің төбесінде екі-үш тікұшақ ұшып жүреді. Бір кезде қатты дүмпілдеген дауыстар шығады.  Дегелеңге қарасақ, таудың төбесінен шаң-тозаң бұрқырап шығып ­жататын еді. Жер астындағы жарылыстан тау сілкініп, содан шыққан шаң екенін кейін көрдік қой. 1949-53 жылғы жарылысты аталарымыздың, әкелеріміздің айтуынан білеміз, ал кейінгілеріне өзіміз куә болдық...

 

ӘКЕЛЕРІМІЗ АЙТАТЫН...

Осы полигон аймағындағы халықтың, яғни бұрынғы Семей облысы, Абай, Абралы аудандарындағы халықтың қаншамасы зардап шекті? Кейін естідік қой, Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын сансыз адам осы сынақтың зиянын көрген екен.

Курчатов қаласы (Семей–21), ­реак­торлар кешені, «Балапан», «Сары-Өзен», «Г» (Дегелеңдегі сейсмокешен), «Ш» («Тәжірибелік алаң» дейтін) сынақ алаң­дары, өзге де ұсақ тәжірибелік алаңдарда өздерінің тілдерімен айтқанда «жаттығулар» жүргізілген. ­Семей ядролық полигонның тәжірибелік сынақ алаңдарында 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалыпты. Олардың 116-сы ашық, яғни жер бетінде немесе әуе кеңістігінде жарылған. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп дейді мамандар. Бұл сынақтар атом бомбасының қиратқыш күшін арттыруға ғана емес, бомбаның жаңа түрлерін де жасауға мүмкіндік берген. ­Демек, біздің Семей соғыс қаруын сынайтын, әлемдік империялық озбырлықтың салтанат құрғанына «бишікештер» мәз болып, масайрайтын сынақ аймағына айналған.

Ядролық жарылыстар туралы халыққа 1953 жылдан бастап қана ескертілген. Ескерткенде қалай: жарылыс болардың алдында ғана халыққа ескертіп, уақытша тұрғылықты жерінен көшіре тұрған. Онда да мықты қорғаныш аумағына емес, қарабайыр қорғаныш нысандарына, төбелер мен орға апара салған. Сынақ өткен соң халық қайта мекеніне, сынақ аймағына  келген. Мұның зардабын жергілікті адамдар әбден-ақ көрді ғой. Адам ғана емес, жер де полигонның ­зиянын шекті. Қазір Абай мен Абралы өңірінің шұрайы кетіп қана қойған жоқ, топыраққа сіңген радиацияның қаупі адамға да, малға да оңай тимей отыр.

Хош, әкелеріміз, аталарымыз айтатын, 1949 жылғы үлкен жарылыста Абай ауданының  ауылдарындағы халықты әскери көліктермен көшіріп Аягөзге, Қарағандының Шет ­аудандарына апарып тастапты.  Бір айдан кейін туған жеріне оралғанда малы қырылып, жүні жидіп түсіп қалыпты. Тірі қалған төрт түлік қалт-құлт етіп әзер жүр екен. Жарылыс уақытында уақытша көшіре тұрса да, сол жерге қайта оралып, радиация сіңген жерде тұрған, сол жерге өсіп шыққан шөпті жеген малдың етімен қоректенген адамдар бәрібір полигонның зардабынан құтыла алмаған

Алғашқы жарылыс болып, елді көшірген кезде Абай ауданының орталығы Қарауылға қырық адамды тастап кеткен екен. Не үшін тастағанын да айтпаған. Сол адамдарды кейіннен тексереміз деген желеумен бір емханаға жиі шақырып тұрады екен. Сөйтсе, оларды ядролық жарылыстың адам ағзасына  тікелей қандай әсері бар: ғалымдар кезең-кезеңімен зерттеп жүрген ғой. Оны халық кейін білді. Сол қырық адамның алды алпыстан асса асқан шығар, дені алпысқа жетпей көз жұмғанын көзіміз көрді.

 

ЗИЯН ШЕККЕН ЕЛДІҢ   ЖАСЫН КІМ СҮРТПЕК?

Ал енді сол полигонның кесірінен Абай, Абралы ауданының халқы, басқасын айтпай-ақ қойғанның өзінде, ақ қан, жүрек-қан тамыры аурулары, обыр дертіне жаппай ұшырады ғой. Сол кездегі Абай, Абралы ауданының  халқы басқа өңірлермен салыстырғанда ол ­аурулармен көбірек ауырғанын ста­тистикалық мәліметтерді қара­саңыз, байқайсыз.

Осында тұратын халықтың жағдайы қалай? Аман-есен бе? Оған кім алаңдайды? Ресейдің Алтай өлкесі Семей полигонының зардаптарына байланысты жәрдемақы алады екен. Алтай өлкесі  қайда, полигонның эпицентрі Абай, Абралы аудандары қайда? Көршілерді қойшы,  Қазақстанның мысалын айтайын. Аралдың қасіреті бәріміздің жанымызды ауыртады. Оларға жәрдемақы төлеу туралы қаулы шыққан. Өте дұрыс. Ал Абай, Абралы ауданында тұратын, полигонның зардабын тікелей тартқан адамдар неге әлуеметтік қамқорлықтан құр қалуы керек?

Семейде Радиология емханасы бар. 40-50 адам қабылдай алады. Сол мекеменің өзіне Абай, Абралы аудандарының тұрғындары кезекпен барады екен. Министрлік осы мәселені шешсе дейміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырманы берудей-ақ берді. ­Орындалуын күтіп, елеңдейміз. Сауықтыру орындарына, шипажайларға полигон аймағындағы адамдарды апару үшін орындар көбірек бөлінгені маңызды. Ол мәселені де айтып жүреміз.

Жарайды, Кеңес Одағы уақы­тында полигоннан зардап шеккен адамдарды жалпымен бірдей емдеді екен дейік. Қазір тәуелсіз ел емеспіз бе? Полигоннан зардап шеккен адамдарды ерекше қамқорлыққа алайық деген маманды байқамадық. Тіпті полигонның зардабы ұмытылып бара жатқандай. Полигоннан зардап шеккен адамдар, олардың ұрпағына ерекше назар аударылып отырған жоқ. Осы жайт қана көңілге қаяу түсіреді...

 

 

3661 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы