• Әдебиет
  • 26 Тамыз, 2021

АДАМ ЖӘНЕ КІТАП

Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ,

ақын, ҚЖО-ның мүшесі

Осы кезге дейін қолымыз жеткен кітапты оқыдық, кейбіреуін сұрап алдық, ­сатып алдық, тағы біреулерін басқалар қадірлеп сыйлады... Үйімізге әйтеуір бір Камаз болмаса да, бір жеңіл көлікке жүк боларлық қағаз жиналыпты. Шынында көбін оқыдық, тоқыдық. Соның нәтижесі болар, бұл күнде жазып жүрміз, сөйлеп жүрміз. Әйтеуір айтарымыз бар. Естігенің бір бөлек, көргенің бір бөлек. Соның ішінде бәрінен де оқығаның озық. Ата-анаң, ұстаздарың бере алмаған білімді кітаптан аласың. Сондықтан да хакім Абай «Артық білім кітапта» деп айтып кетіпті. Осы кітапқұмарлықтың «ауруы» өзіңменен бірге  кетсе,  сол нағыз өкініш болатын секілді. Басқаларға да жұққаны абзал. Балаларыңның арасынан кітап оқитын, қағаз кеміріп, сөреге қарайтын адам болмаса, шынында өкінішті болмақ!..

Сенің жолыңды жалғап, ең кемі бір балаң кітапты сүймесе, қазынаң қараусыз,  байлығың жинаусыз қалғанмен бірдей деген сөз. Әрине,  перзентіңнің жазушы болуы сенің ­немесе оның еркіндегі шаруа емес. Ол ілуде біреуге қонатын талант. Бірақ руханиятқа ден қоймай, енесінен жеріген қозыдай қожырап кетсе, сол қайғы. Қазақта «Сиыр су ішсе, бұзау мұз жалайды» деген сөз бар. Алда-жалда, жазушыдан ең кемі кітап бетін ашатын ұл тумаса, онда жағдайымыз сиырдан да төмен болып қалғаны.

Мұны айтып отырған себебім,  осыдан бірнеше күн бұрын маған бір апам хабарласты. Ол кісі  жақсы көретін жазушы ағамның Құдай қосқан жары еді. Жазушы ағам осыдан он жыл бұрын өмірден өтіп, артында том-том жазған шығармалары, сөреде жинаулы мыңдаған кітаптары қалды. Апам он жыл бойы қарады, күзетті, шаңын сүртіп тазалап ұстады. Енді міне, өзі де қартайды. Немерелер өсті, үйдің тарлығы сезілді. Қағаз бен бояқтың иісі шыға бастады. Мезгіл-мезгіл қарап, ауаны ауыстырып, ­тазартып отыруға тура келеді, оған да, күш-қуат, күтім керек. Сөренің белін қайыстырып тұрған көп кітапты он жыл бойы бір бала келіп бетін ашпапты. Оқылмаған кітап, тыңдалмаған сөз жетім. Бүгінгі адамдар мүлде басқаша, қолда телефон тұрғанда кітапты қайтсін!... Бір телефонның өзі фотоаппарат, сағат, видеокамера, газет, интернет, кино, бизнес-шоу  және өсек-аяң... Бәрі соның ішінде, кітап кімге керек?!.. Тек телефонға тесілген халық. Міне, мен де шұқшиып жазып отырмын. Жалпы жағдай осы, кітап ығысып, қазына қағыс қалып барады.

Сонымен, ардақ­ты апам шақырған соң үйіне бардым. ­Жа­зушы ағаның ең­бектерін бірыңғай бөліп, өзінің төсегінің тұсына реттепті. Архивке өт­кізе­мін деп бір бөлігін, ­кі­­тапханаға деп бір шо­ғырын, мек­тепке деп бір қауымын, маған деп тағы бір үймегін жинап қойыпты. Үйдің бұрыш-бұрышының бәрі аузы-мұрны толып тұрған қағаз жә­шік­тер мен бумалар.

Апам: «Он жыл сақтадым, қызыққан бала болмай тұр. Жуықта қатты ауырдым да, басыма не түрлі ой келді. Мен олай-бұлай бола қалсам, мынау кітаптар көрінген жерде қалады. Тіпті қоқысқа апарылатын шығар. Одан да көзімнің тірісінде баратын жерлеріне өз қолыммен жіберейін деп реттедім, бөлдім,  сорттадым. Сені ағаң жақсы көретін еді, өз үлесіңді ал!» дейді. Мұншалық көп кітапқа қолым жеткеніне, әрине, қуандым. Бірақ қатты қамығып уайымға баттым. «Өгізге туған күн бұзауға да тумай ма?». Осы ағамыз сондай бір нашар жазушы емес еді. Жасы 75-ке келгенше сұраныстан қалмаған, қолынан қаламы түспеген мықты жазушы еді. Кеңестер кезеңінде кітаптары аударылып одақтас республикаларға таралды. Мен өзім ол кісінің шығармашылығы  туралы екі мақала жазыппын. Сөйте тұра, ол өмірден өткелі биліктің тармақтарынан бір адам келіп іздеу салмапты, кітабын шығарайық демепті.  Адамның қадірі кеткені өз алдына, әдебиеттің құны қалмай барады. «Көркем әдебиеттің әсері атом бомбасынан да қуатты» деген сөзді бұл жұрт ұмытты. Жанның қажеті рухани азық сыпырылып қалып, тәннің қажеті материалдық дүние алға озды. Ақын-жазушылардың шаңырағында кітап оқитын, әкесінің қол табы қалған, көз майы сіңген кітаптарын оқитын ұл-қыз бар ма? Әй, кім біледі? Әкеден өрісте мал, қамбада дүние, сейфте ақша  қалса,  қайтер еді?!.. Ал мынау тізіліп тұрған кітап қалып еді, мұрнын шүйіреді. Артында мұрагері болып құнттап, «Артық білімді кітаптан іздейтін» перзент табылар ма?..

«Қызарғанның бәрі дән емес, айғайдың бәрі ән емес» дегендей, қаламгердің бәрі Қадыр Мырзалиев емес, іздеушінің бәрі оралдықтардай қайдан бола алсын. Десе де, осындайда «Басқаның Ыбырайы Ыбырай да, біздің Ыбырай сұмырай» демей амалың жоқ. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі (композитор, әнші  Донеділ Қажымов ағаның түрткі болуымен) Алматыдағы Қадыр ақынның үйіндегі бар кітапты бір парақ қағазына дейін шашау шығармай Орал қаласына көшіріп апарып, Қадырдың мұражайына орналастырып экспонат ретінде тіркеп, жинатып қойды. Қызығын ел көреді, өнегесін ұрпақ алады. «Ағаш ағаштан мәуе алады, адам адамнан үлгі алады»  деп, батыстағы бауырлар Қадыр сөзімен қадырын арттырады, бойын түзейді. Міне, ел деп, жанашыр деп, оралдықтарды айт!.. Бұл жөнінде кезінде Қали Сәрсенбай «Қадыр көшіп ­ба­рады» деп жақсы жазды. «Өз өзіңді жаттай сыйла, жат жанынан түңілсін» деген осы да! Қаншама танымал, қаншама талантты,  Қадырдың замандастары тасада қалып ұмыт болып барады. Өйткені бағасын білер елі, ардақтайтын азаматы жоқ, жетім қыздың күйін кешіп кітабын шаң басып, өзін ескерусіз қалдыруда. Ал, мен болсам, мынау ұмытылған  жазушының жарты машина кітабын төртінші қабаттан тасып көлікке тиеп жатырмын. Ұлы да шығарысып жүр.  Кітабым көбейді.  Десе де, оның бәрін сүзіп шығуға уақытым жетер ме екен!.. Ертеңгі сондай бір күндері... осы кітаптарға жанашырлық танытатын біреу болса ғой!.. Машина жүргізіп келе жатқан балам: «Кітаптар ауыр екен, машинамның арты жатып қалды» деді. Менің санама түскен салмақ одан да ауыр. Көңілім көтерілудің орнына, жер бауырлап жатып келеді. Әр кітаптың бетінде теңдессіз биік ойлар, тегеурінді пікірлер, жинақталған ­парасат жауһарлары, көркем дүниенің көкжиегі көлбеп жатыр емес пе?!.. Ол ауыр болмай қайтсін!..

Жазушы дегенді қолдан жасай алмайсың, ол оқумен келмейтін, «мамандық»,  дара болмыс, оқшау тұлға. Олар дәуірдің суретін, уақыттың мөрін өшпестей етіп қашап жазған жанкешті жандар.

Ей, менің жанымның нұры, жүрегімнің бөлшегі болған перзентім, сені жазушы болмадың деп жаз­ғыр­маймын. Ең кемінде мынау кітаптарды мен оқымасам, атасының немерелері, шөберелері оқиды деп үмітпен қарасаң екен!..  Кітап дәл бүгін қажетіңе жарамаса да, ол сенің ұрпағыңа адам болудың ұрығын себеді. Сенен өтінерім, болашақта сен әсте, мынандай кітаптарды керексіз зат ретінде сыртқа тасушы болма. Құтылғанша асығып, елге үлестіруші болма!..

2263 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы