• Мәдениет
  • 26 Тамыз, 2021

ОЛИМПИАДА ОЙЫНДАРЫ: ТМД ЕЛДЕРІНІҢ НӘТИЖЕЛЕРІ

Біздің команданың Т­окио Олимпиада­сын­дағы ойынының көңіл қуантпайтын нәтижесі азаматтарымыздың, спортсүйер қауымның арасында көп талқыланды. Ал біздің ойымызша, спортшыларымыздың, ұлттық құраманың нәтижелерін мұқият талдау қажет. Бізде спорттық, олимпиадалық дәстүр қалыптасқанын, спортқа деген көзқарасымыздың ерекше екенін айтуымыз керек. Иә, кез келген жарыстың, әсіресе Олимпиада ойындарының нәтижелері көп уақыт бойы Қазақстан халқының жанын жаралайтыны да рас.
Спорт пен спорттық жарыс ежелден адамзатпен бірге өсіп-жетіліп келеді. Жарыстар ресми және бейресми түрде, әртүрлі деңгейде, әртүрлі масштабта, әртүрлі аймақтарда өткізілді. Спорт белгілі бір халықтың табиғи жағдайлары, әдет-ғұрыптары, дәстүрлері негізінде қалыптасты. Кейбір спорт түрлері уақыт өте келе ескірді, басқалары спорттың ерекше түріне айналды, бірте-бірте аймақта, елде, тіпті құрлықтарда даңқы аспандады. Олимпиада ойындары осындай маңызды жарыстардың біріне айналды.

Революцияға дейінгі Қазақстанның атақты спортшыларының бірі – көрнекті балуан Қажымұқан Мұңайтпасов, көптеген халықаралық жарыстарда бірқатар алтын және күміс жүлде иегері болды. Бұл дәстүрлер жалғасын тапты. Қазақстан спортшылары 1952-1980, 1988 жылдардағы Олимпиада ойындарына КСРО құрама­сының құрамында, ал 1992 жылы ХОК туының астында ТМД елдерінің біріккен командасының құрамында қатысты. Біздің спортшылар қатысқан бірінші Олимпиаданың өзінде олар жоғары нәтижеге қол жеткізді. 1964 жылы Токиода Қазақ КСР-нан Олимпиада ойындарының алғашқы қатысушыларының бірі, спортшы Ғұсман Қосанов эстафетада 5-орынға ие болды.

Олимпиада ойындарының алтын, күміс, қола жүлдегерлері: грек-рим күресінен Владимир Бакулин, Валерий Резанцев, Шамиль Сериков, Дәулет Тұрлыханов, Жақсылық Үшкемпіров, Анатолий Быков, гимнастикадан ­Нелли Ким, Владимир Новиков, В­алерий ­Лукин болды. Баскетболдан ­Ол­ьга ­Шуваева-Ольхова, Ирина Горлиц, в­олейболдан Валерий Кравченко, Олег Антропов, Нина Смоляева, бокстан Серік Қонақбаев, Виктор Демьяненко, ауыр атлетикадан Анатолий Храпатый, Виктор Мазин, Юрий Зайцев, семсерлесуден Игорь Волков, Игорь Валетов, суда жүзуден Виктор Абоимов, су полосынан Сергей Котенко, волейболдан Елена Овчинникова-Чебукина, Ольга Кривошеева, жеңіл атлетикадан Владимир Муравьев, Виталий Савин.

Көркем гимнастикадан Нелли Ким, спорттық гимнастикадан Валерий Лукин бірден үш алтын, Дәулет Тұрлыханов күміс және қола медальға ие болды. ­Баскетболшы Шуваева-Ольхова, балуан Валерий Резанцев және басқа да бірқатар спортшылар Олимпиаданың жоғары марапаттарын бірнеше рет алған еді.

Республикада көптеген спорт түрін дамытуға көңіл бөлінгендіктен, спортшыларымыз  бірқатар жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Күрес, бокс, ауыр атлетика, волейбол, баскетбол, су добы, жеңіл атлетика, гимнастика, су добы елдің спорттық жетістігіне айналды, семсерлесу мен жүзу сияқты спорт түрлері де биікке көтерілді.

Олимпиадалық қозғалысты жандандыра отырып, Пьер Кубертин: «Олимпиадалық қозғалыстың басты мақсаты – көрнекті спортшылардың өнері арқылы қоғамдық пікірдің, халықтар мен үкіметтердің спортқа деген назарын аудару, көптеген адамдарды спортқа тарту үшін барлық мүмкіндіктерді жасау» деген еді. Осылайша, ОО екі маңызды миссияны атқарады. Бұл – әлемнің көрнекті спортшыларының ойындары және спорт қозғалысына мүмкіндігінше көп адамды тарту. Көбінесе барлық назар бірінші мәселеге ауады да, екінші жағдай көлеңкеде қалып қояды. Олимпиада ойындарының қорытындысын шығарған кезде ерекше нәтижелерге ғана назар а­ударылады, оның ішінде алтын медальдар ерекше көрсетіледі. Бұл, біздіңше, ОО миссиясына толық сәйкес келмейтін секілді.

Республикадағы спорттың бұқаралық сипатына әрқашан көп көңіл бөлінді. Ал біздің ел өз туын асқақтатып өнер көрсете бастаған барлық жеті ­Олимпиада ойындарына өкілдік делегациясын жіберіп отырғанын да ұмытпайық.

Жазғы жеті Олимпиада ойындарында Ресей атынан 2548 спортшы, Украинадан 1355, Беларусьтен 1012, Қазақстаннан 789, Өзбекстаннан 456, Әзербайжаннан 288, Грузиядан 203, Молдовадан 201, Қырғызстаннан 179, Армениядан 150, Тәжікстаннан 69, Түрікменстаннан 62 спортшы қатысқан.

Жарғыға сәйкес, Олимпиада ойындары ұлттық құрамалар арасындағы емес, жеке спортшылар арасындағы жарыстар болып саналады.

Атлантадағы Олимпиада ойындары Қазақстан ұлттық құрамасының 14 спорт түрі бойынша ұлттық тудың астында ойнаған бірінші ойын болды және бірден жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, жалпы командалық есепте ТМД елдері арасында 3-орынға шықтық. Үш спортшы алтын медаль жеңіп алды: Василий Жиров (бокс), Александр Парыгин (қазіргі бессайыс), Юрий Мельниченко (грек-рим күресі). Күміс медаль Болат Жұмаділовке (бокс), Сергей Беляевқа (ату, екі рет), Анатолий Храпатиге (ауыр атлетика) бұйырды. Қола медальды Болат Ниязымбетов (бокс), Ермахан Ибраимов (бокс), Владимир Вохмянин (ату), Мәулен ­Мамыров (еркін күрес) алды.

Шалғайдағы Австралияда өткен Олимпиада ойындарында 17 спорт түрінен өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы өзінің спорт тарихындағы ең жоғары межеге – 22-орынға шықты. Алтын медальдарды Қазақстанға Бекзат Саттарханов (бокс), Ермахан Ибраимов (бокс), Ольга Шишигина (жеңіл атлетика) алса; күміс медальді Болат Жұмаділов (бокс), Мұхтархан Ділдәбеков (бокс), Александр Винокуров (велоспорт), Ислам Байрамуков (еркін күрес) иеленді. Атлантада бокстан 3 жүлде алсақ, Сиднейде жеті жүлде иеленіп,  бокс спорты республика құрама командасының мәртебелі жетістігіне айналды.

Олимпиада ойындарының отаны Афинада еліміздің ұлттық құрамасы спорттың 17 түрінен бақ сынап, 8 медаль жеңіп алды. Бұл олимпиадада Бақтияр Артаев (бокс) алтын; Геннадий ­Головкин (бокс), Сергей Филимонов (ауыр ­атлетика), Георгий Цурцумия (грек-рим күресі), Геннадий Лалиев (еркін күрес) күміс; Дмитрий Карпов (жеңіл атлетика), Серік Елеуов (бокс), Мхитар Манукян (күрес) қола жүлдесімен қуантты.

Бейжіңде Қазақстан құрамасы спорттың 18 түрінен өнер көрсетіп, алғашында 14 олимпиадалық жүлдеге ие болды. Алайда кейіннен 5 спортшы допинг қолданғаны үшін олардың медальдарын қайтарып алды. Алтын медаль Бақыт Сәрсекбаевқа (бокс), Алла Важенинаға (ауыр атлетика) бұйырды, Илья Ильиннің (ауыр атлетикадан) алтын медалінен айырды. Күмісті Ольга Рыпакова (үш секіру), Асхат Житкеев (дзюдо), Нұрбақыт Теңізбаев (күрес) алды; Теймураз Тигиев (күрес) және ­Мария Грабовецкая (ауыр атлетика) д­опинг қолданғаны үшін күміс медальдарынан айырылды. Елена Шалыгина (күрес), Марид Муталимов (күрес), Еркебұлан Шыналиев (бокс), Арман Чилманов ­(таэквандо) алса, Ирина ­Некрасова (ауыр атлетика), Әсет Мәмбетов (күрес) допинг қолданғаны үшін қола медалін қайтарып берді. Қазақстан құрамасы алғаш рет Олимпиадалық марапаттарынан айырылды. Бұл ел спорты назар аударуға тиіс маңызды белгі еді.

Қазақстан құрамасы Лондонда спорттың 20 түрінен өнер көрсетті. Алтын медальды Александр Винокуров (велоспорт), Ольга Рыпакова (үш секіру), Серік Сәпиев (бокс); күміс медальді Әділбек Ниязымбетов (бокс); қоланы Марина Волнова (бокс), Гузель Манюрова (күрес), Иван Дычко (бокс), Ақжүрек Таңатаров (күрес), Анна Нұрмұханбетова (ауыр атлетика –  қарсыласынан допинг табылды) алды.

Алғашында біздің команда медальдық есепте 12-ші орынды иеленді. Бірақ сараптама нәтижесі ауыр атлетикадан төрт алтын медаль иегері (Зульфия ­Чишанло, Майя Манеза, Светлана П­одобедова, Илья Ильин – қайтадан) допинг қолданғанын көрсетті және ­республика 10 сатыға төмендеп, 24 орынға түсті. Барлық спортшылар стимуляторларды қолданғаны анықталды. Дегенмен, оларды қолдану технологиясы қатаң регламенттелген. Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың жаттықтырушысы Алексей Ни өрескел қателік жіберді, Бейжің Олимпиадасындағы допинг ­дауынан сабақ алмады. Соның кесірінен ел құрамасы спортшылары допинг қолданған Ресейден кейінгі ел болып есептеліп, өкінішті жағдайға ұрынды.

Латын Америкасында, Бразилия астанасы Рио-де-Жанейрода Қазақстан құрамасы алғаш рет спорттың 17 түрінен өнер көрсетті. Алтын медальды Дмитрий Баландин (жүзу), Ниджат Рагимов (ауыр атлетика), Данияр Елеусінов (бокс); күміс медальды Елдос Сметов (дзюдо), ­Жазира Жұпарқұл (ауыр атлетика), ­Василий ­Левит (бокс), Әділбек Ниязымбетов (бокс) Гузель Манюрова (күрес); қола жүлдені Галбадрах Отгонцэцэг (дзюдо), Фархад Харки (ауыр атлетика), Карина Горичева (ауыр атлетика), Ольга Рыпакова (үш секіру), Александр Зайчиков (ауыр атлетика), Эльмира Сыздықова (күрес), Екатерина Ларионова (күрес), Иван Дычко (бокс), Дариға Шакимова (бокс) алды.

Алғаш рет қазақстандық 7 әйел спортшы бірдей Олимп биігіне көтерілді, ел алғаш рет 10 қола жүлдеге ие болды және екінші рет медальдар есебінде 22-орынға шықты.

Қазақстан атынан Токио Олимпиа­дасына 19 спорт түрінен 93 спортшы қатысты, 8 қола медаль алды (дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, боксшылар Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қонқабаев, каратешілер Дархан Есәділов пен Софья Берульцева, Нурис ­Бурулцева). Токиода алған медаль саны бойынша біздің спортшылар грузин спортшыларымен бірге (8) Ресейден (РОК) (71), Украинадан (19) кейін үшінші немесе төртінші орынға ие болды.

ХХХІІ Токио Олимпиадасына 205 елден 11656 спортшы қатысты, 33 спорт түрінен 339 медаль таласқа түсті. Ойынға қатысқан 205 мемлекеттің 93-і олимпиада жүлдегері атанды.

Жеті Олимпиада ойындарында ТМД құрама командалары 964 медаль жеңіп алды, оның ішінде Ресей 431, Украина 139, Беларусь 85, Қазақстан 72, Әзербайжан 49, Өзбекстан 36, Грузия 32 медаль иеленген.

Олимпиададағы бокс спортына ерекше көзқарас қайдан пайда болды? Спортшыларымыз соңғы жеті Олимпиадада Олимп медалін алған 10 спорт түрінің ішінде бокс­шыларымыз алдыңғы орында келген еді. Жалпы 72 медальдің 22-сін боксшыларымыз иеленген, оның 5-уі алтын, 6-уы күміс, 9-ы қола... Қазақстанның бокс мектебі әлемдегі ең үздік мектептердің бірі болып саналады. Вэл Баркер кубогы әуесқой бокста әлемдік көшбасшы ретінде ­Василий Жировке (1996 ж.), Бақтияр Артаевқа (2004 ж.), Серік Сәпиевке (2012 ж.) берілуі кездейсоқтық емес.

Балуандарымыз Олимпиада жүлделе­рінің саны бойынша екінші орында. Олар Олимпиаданың 20 медалін жеңіп алды, оның ішінде 1 алтын, 8 күміс, 11 қола бар. Үшінші орында ауыр атлеттер тұр, олар ел қоржынына 11 медаль салған (2 алтын, 4 күміс, 6 қола).

Бейресми командалық есепті (БКЕ) Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ОО миссиясына толық сәйкес келмейді деп мойындамайтынын айта кету керек. Бұл есепті ұлттық спорт федерациялары мен ұлттық олимпиадалық комитеттердің өкілдері, сондай-ақ басқа да бірқатар мүдделі тараптар мойындайды.

IV Олимпиада ойындарынан (1908 ж.) бастап, алғаш рет бейресми командалық есеп (БКЕ) қолданыла бастады. Яғни командалардың алатын орнын алғашқы 3 орынға берілген ұпай саны бойынша анықтау (алтын – 3 ұпай, күміс – 2 ұпай, қола – 1 ұпай) арқылы белгілейтін болды. Екінші әдіс 1924 жылғы VIII ойындардан қолданыла бастады, оған сәйкес, алғашқы 6 орынға ұпай берілді (Олимпиадалық бағдарламаның жекелеген салалары бойынша финалистердің саны бойынша), 7 баллдық жүйе бойынша (алтын – 7, күміс – 5, қола – 4, төртінші орынға – 3, бесінші орынға – 2, алтыншы орынға –1) белгілей бастады.

1988 жылдан бастап Сеулдегі (Корея Республикасы) XXIV Олимпиада ойындарында, бірқатар ұлттық командалардың бастамасы бойынша, екінші әдісті 64 жыл қолданғаннан кейін, Олимпиадаға қатысушы елдер бейресми түрде медальдар кестесін санауға көшті. Команда орны алдымен алтын медальдар санына қарай бағаланады, ал алтын медаль саны бірдей команда орны күміс медаль санына қарай белгіленеді. Алтын мен күмістің саны тең болған жағдайда команда орны қола медаль санына қарай анықталады. Бұл тәсіл ХОК (Халықаралық Олимпиада комитеті), IAAF (Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы) және BBC қолданатын жүйеге негізделген.

Түрлі елдерде БКЕ (Бейресми командалық есеп) түсінігі әртүрлі. Соңғы уақытта көптеген мемлекет медаль бойынша бейресми командалық есеп ұпайын есептеуге қайта көшті: жалпы медальдарды немесе тек алтын медальдарды назарға алады. Осылайша, Ресейде алтын медальға басымдық беріледі, дегенмен, ұтып алған медальдардың жалпы санын да ұмытпайды. Америка Құрама Штаттарында спортшылар жетістігі алтын медальмен ғана емес, алған барлық медальдармен бағаланады. Бұл елдегі спорт дамуының дәлірек көрсеткіші болып есептеледі және Олимпиадалардың медальдық көрсеткіштері осыған барынша сәйкес болуы керек.

Америкалық көзқараспен қарасақ, біз қатысқан жазғы жеті Олимпиада ойын­дарының барлығында қазақстандық­тардың алған медальдарының жалпы саны бойынша, еліміз ТМД елдері арасында 4-ші орында, ал Токио Олимпиадасының нәтижелері бойынша (яғни медаль санына қарасақ) Грузиямен бірге үшінші және төртінші орынды бөлістік. Шынында да, мұндай тәсіл Олимпиадалық Хартияға, ең жоғары көрсеткіштерге жетуге деген ұмтылысқа ғана емес, жалпы спортты дамыту жөніндегі ­Олимпиада ойындарының миссиясына сәйкес келетін сияқты. Барлық жазғы жеті Олимпиада ойындарының түгелге жуығында Қазақстан құрамасы (яғни медаль санына қарасақ) ТМД елдері арасында 4-орыннан төмен түскен емес. Біздің ойымызша, алғашқы екі әдіс немесе америкалық тәсіл неғұрлым адекватты тәсіл.

Спортшылар ұтып алған 4-5 орындарды есепке алу әділдік болар еді. Қаншама спортшының жүлде үшін күрескенін көрдік, бұл қазірдің өзінде үлкен жетістік. БКЕ (бейресми командалық есеп)әдістемесінің қалыптасуын қайта қарау уақыты келді. Жаңа гибридті нұсқаны табуға болатын шығар.

Алтын медальдарды ғана назарға алуға деген шектен тыс көзқарас, кез келген жағдайда жеңіске жету ұмтылысы – түрлі стимуляторларды белсенді түрде қолдануға жол ашады, кейбіреулер допинг қолданушылар тізіміне қайта-қайта енеді. Іс жүзінде көптеген елдер, соның ішінде жетекші елдер (АҚШ, Канада) допинг дауынан құтылған емес. ДДҚА (Дүниежүзілік допингке қарсы агенттік) шешімінің нәтижесінде Ресей Токиода мемлекеттік туымен емес, ХОК туымен шығуға мәжбүр болды. Украина, Беларусь ұлттық құрамасында да осындай келеңсіз фактілер бар. Қазақстан да бұл даудан құтыла алмады. Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) Қазақстанды 2008 және 2012 Олимпиада ойындарында допинг қолданғаны үшін бес алтын, бір күміс және бір қола медальдан айырғаннан кейін Ауыр атлетикадан ұлттық құраманың жаттықтырушысы Алексей Ни қызметінен кетті.

Спорттық қозғалыс, оның ішінде Олимпиада ойындары әділ және адал өтуі керек. Объективті төрешілік, рұқсат етілген стимуляторларды қолдану, саясатқа араласпау және басқа факторлар бұл қозғалысты өзінің лайықты биігіне көтереді. Кім кім де маңызды емес себептерді (ауа райы, уақыт белдеуінің өзгеруі, оқиға уақыты) сылтау қылмағаны жөн, өйткені жарыста іс жүзінде бәрі тең, бірақ сіз тиісті нәтижеге жетуіңіз, Олимпиада ойындарына барынша дайын болуыңыз керек. Барлық деңгейдегі барлық спорт түрлерінің дамуы үшін барынша оңтайлы жағдай жасауға ұмтылған дұрыс.

Рахман АЛШАНОВ,

«Тұран» университетінің

ректоры, профессор

2116 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы