• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2021

ӘБІЛҚАЙЫР МҮСІНІ

Ақтөбе қаласының орталық тұсында, облыс әкімдігінің жанындағы алаңда қазақтың көрнекті қайраткері, қолбасшы және дипломат Әбілқайыр ханның керемет ескерткіші орнатылған. Бұл жер қаланың басты орны болып саналады. Дәл осы жерге, қалыптасқан дәстүр бойынша, жаңа үйленгендер мен Ақтөбе қонақтары көптеп келеді. Ескерткіш қаланың архитектуралық ландшафтымен жақсы үйлескен. Үлкен серуендеу алаңының, саябақтың, қонақүйдің, дүкендердің маңынан адам арылмайды.  Ал Әбілқайыр ханның биік тұғырындағы мүсіні көпшілікке жігер береді.

Әбілқайыр хан, Әбілқайыр Мұхаммед Қазы Баһадүр хан – Кіші жүз ханы (1710-1748), ұлы қолбасшы, саясаткер, дипломат. Әбілқайыр жас кезінен қазақ хандары мен сұлтандарының әскери жорықтарына белсенді қатысады. 1710 жылы Қарақұмдағы  халық жиынында жас Әбілқайыр Кіші жүз әскерінің қолбасшысы және хан болып сайланды, ал түменбасы болып атақты Кіші жүз батыры қарт Бөгенбай батыр (Қанжығалы Бөгенбай емес) тағайындалды.

Әбілқайыр сұлтан өзінің ата-бабаларына тиесілі Ташкент, Түркістан мен Сайрамды қорғауға қатысты. 1718 жылы Әбілқайыр Кіші жүз ханы болып сайланды. 30 мыңдық әскердің басында ол жоңғарларға қарсы аттанып, Аягөз өзені маңында шайқасты. Әбілқайыр жас болғанына қарамастан өзінің жеке батылдығымен, әскери және ұйымдастырушылық шеберлігімен танымал болды. 1726 жылы Ордабасыда өткен барлық үш жүз қазақтарының құрылтайында сұлтандар, билер мен батырлар оны бірауыздан Қазақ хандығы әскерінің жоғарғы бас қолбасшысы етіп сайлады.

Хан Әбілқайыр қолбасшылық өнер мен дипломаттық талантын қатар ұштастырды. Өз дәуірінің өкілі бола отырып, ол сол кездегі әдеп пен әдет-ғұрыптың, ақсүйектердің қадір-қасиеті мен Шыңғыс билеушісінің жазылмаған ар-намыс кодексінің жарқын мысалдарының бірі болды. Әбілқайыр хан 1748 жылы 1 тамызда Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты. Ол Ақтөбе облысы қазіргі Әйтеке би ауданының аумағында, Өлкейек пен Қабырға өзендерінің қосылуынан батысқа қарай 4 км жерде орналасқан Хан моласы зиратында жерленген.

Әбілқайыр хан ескерткіші Ақтөбе қаласында 2000 жылы орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі шамамен алты жарым метр, гра­нитті тұғырдың биіктігі 2,8 м, ені 2,1 м, ескерткіштің ұзындығы 5,8 м. Ескерткіш толығымен қоладан құйылған, тұғыры граниттен тұрады.

Ұлы хан ескерткішінің авторлары: атақты қазақ мүсіншісі Е.Сергебаев пен сәулетшілер Б.Егімбаев пен Н.Қожағұлов болды. Жоба авторларының идеясы бойынша, ескерткіш аты аңызға айналған қолбасшының қазақ халқының тағдыры шешіліп жатқан кезіндегі және жоңғарлармен болған үлкен шайқастың алдында тұрған сәтін бейнелеген. Хан Әбілқайырдың көтерілген қолы бірлік пен жеңіске шақыруды білдіреді. Жылқы бостандыққа ұмтылыстың көрінісі.

Әбілқайыр хан ескерткіші – Ақтөбенің сәні әрі қала тұрғын­да­рының мақтанышы. Ескерткіш мүсін қаланың басты көрікті орындарының тізіміне енгізілген.

Н.ЖАҚЫПҚЫЗЫ

 

2019 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы