• Тіл
  • 02 Қыркүйек, 2021

Этномәдени бірлестіктердің жұмысы талқыланды

Алматы облысының «Қоғамдық келісім» КММ-де этносаралық қатынастар саласындағы этномәдени бірлестіктердің басшылары мен мүшелеріне арналған оқыту онлайн семинары өтті.

 

«Мемлекеттік қазақ тілі біріктіруші фактор» тақырыбында облыстық «Огни Алатау» газетінің бас редакторы, облыстық ҚХА жанындағы жетекші журналистер мен сарапшылар клубының төрағасы Атсалим Идигов сөз сөйледі. Өл өз баяндамасында  қазақ тілін басқа этностардың білуінің ерекше рөлін атап өтті.

– Қазақстанда қазақ тілі, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, дін туралы көбіне қазақтілді журналистер жазады. ­Алайда елде тұратындардың 30 пайызға жуығы әлі де мемлекеттік тілді білмейді. Сондықтан қазақ тілін меңгеруді барлық этнос өкіліне міндеттеуіміз керек. Қазақтың жерінде тұрып, ауасын жұтып, суын ішіп жүрміз. Бірақ тілін білмейміз. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» бағдарламасын ұсынып, тіл үйретуге машықтануымыз керек. Қазақтың ­тарихын, салтын, тілін өзге ұлт өкілдері тереңірек білсе, біртұтас ел ретінде ешкімнің алдында бас имейтін боламыз. Сондықтан «Қазақтану» ­жобасын іске асыру кезінде басымдықты өзге ұлт өкілдеріне беруіміз керек, – деген ойын ортаға салды.

Бұдан әрі этникааралық келі­сімді нығайтудағы этномәдени бірлестіктердің рөлі туралы «TABIYA consult» ЖШС директорының орынбасары Қарлығаш Кеңесбекова сөз сөйледі. Ол ең бірінші этнос арасындағы достықтың, татулықты нығайтып, бауырмашылдықтың дәнін көптеп себуге кеңес берді. Сонымен қатар этномәдени бірлестіктер Қазақстан халқын біріктірудегі қоғамдық рөл атқарғанын, оның мәдени-тілдік байлығын сақтай отырып, азаматтық қоғам институтының маңызды өкілдерінің бірі екенін, этностармен үнемі жұмыс істеп, олардың мемлекеттік міндеттерді шешуге кеңінен тартылуын қамтамасыз ететінін атап өтті. Этномәдени бірлестіктердің атқарған жұмыстарына ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта халықты татулыққа, достыққа шақыратын түрлі шараларды атқару керектігін тілге тиек етті. «Атамекен» Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Ардақ Серікбаева Қазақстан Республикасындағы Стартап пен шағын бизнесті мемлекеттік қолдау шаралары туралы толығырақ тоқталып өтті.

Шара соңында «ҚРМҰ этносаралық қатынастар саласындағы Аналитикалық және әлеуметтік зерттеулер» атты тақырыпта  Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің талдау және мониторинг басқармасының бас сарапшысы Айдос Игенбаев баяндама жасады. Ол қазіргі уақытта ҚХА алдында тұрған басым міндеттердің бірі мемлекеттік саясатты аналитикалық және ғылыми-эксперттік сүйемелдеу, болжам жасау функцияларын күшейту екенін айтты.

Жиын соңында этномәдени бірлестіктердің өкілдері өздерін толғандырған сұраққа жауап алды. Семинарға қатысып, белсенділік танытқан барлық қатысушыға сертификаттар табысталды.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

2640 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы