• Мәдениет
  • 02 Қыркүйек, 2021

Достық. Татулық. Сыйластық

Тәуелсіз Қазақстан Республикасының дамуына, алпауыт мемлекеттер қатарына қосылуына, жаңа жетістіктерге жетуіне осы мемлекетте өмір сүріп жатқан әрбір адам барынша атсалысып келеді. Бұл – барлық қазақстандық азаматтың басты міндеті. Осы тұста өзге этнос өкілдерінің де үлесін ерекше атап өткеніміз жөн. Жер жаннаты – Жетісу жерінде көптеген ұлт өкілдері ұлтаралық келісім мен татулықты басты назарға алған. Үнемі қазаққа алғыс айтудан шаршамайтын олар Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысын жыл өткен сайын жандандырып, түрлі жобаларды іске асырып, өңірдегі береке мен бірліктің салтанат құруына білек сыбана кірісіп жүргендігін зор мақтанышпен атауға болады. Алматы облысында ұлтаралық татулықты кеңінен насихаттап жүрген этнос орталықтары жетерлік. Соның бірі әрі бірегейі – «Алматы облысы орыс орталығы». 

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары, яғни 1992 жылы құрылған орталықтың бағындырған биігі, жеткен жетістігі бір төбе. Орталық алғаш құрылғанда ­Анатолий Степанищев абыройлы басқарды. Қазақ пен орыс халқының арасындағы сыйластық, достық қамалы берік қаланды. Бауырмал, қайырымды, мейірімді қазақ халқы талай орыс баласына пана болды. Қиын шақта сүйеу, демеу болған дархан халықтың жақсылығын олар үнемі мақтанышпен айтудан жалыққан емес. Бірлігі мен берекесі жарасқан осынау орталықты бүгінгі таңда Жетісу жеріне ғана емес, республикаға аты танылған еңбекқор, жеке кәсіпкер, өз елінің нағыз патриот азаматы Александр Бузыкин басқаруда. Облыстық орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Александр Бузыкин керамзит өндіретін зауытты басқарады. Бұл кәсіпорын жылына 100 мың тонна керамзит және 44 миллион дана кірпіш өндіреді. 270 адам еңбек ететін серіктестік қоғамдық жұмыстарды қаржыландырумен де айналысады.

Орыс этномәдени орталығында облысқа қарайтын қала, аудан, ауылды жерлердегі славян тектес ұлттардың басы қосылған. Бір мақсат пен бір мүдде жолында нәтижелі еңбек етуге ниет еткен олардың бірлігі бекем. Бір орталық арқылы ел ­дамуына да зор үлес қосқан іргелі ұйымның жұмысы көпшіліктің көзайымына айналып келеді. Әсіресе кеншілер қаласы саналған Текелі қаласындағы орыс орталығының бөлімшесінің жұмысына қарап риза боласың. Ертеңгі елдің тізгінін ұстайтын жастарға көп көңіл бөлуді басты назарға алған олар жергілікті жастарға алтыннан да қымбат саналған уақыт деген қазынаны тиімді пайдалануды кеңінен насихаттайды. Жастардың қызығушылы­ғын, өмірге деген құлшынысын арттыру мақ­сатында жас өнерпаздарды театр өнеріне баулып келеді. Қазақ пен орыс хал­қының тарихына терең бойлап, танымал шығармаларын оқып, халыққа кеңінен насихаттау үшін осы шығармалар негізінде сан алуан қойылымдар қойып, халықтың ықыласына бөленуде. Осы сынды атқарылып жатқан жұмыстардың санында шек жоқ. «Атқарылған әр іс кейінгі ұрпаққа мол мұра болып қалады. Сол үшін біз бүгіннен еңбек етуіміз керек. Біздің ертеңгі ұрпағымыз біз жасаған әр іспен мақтануы тиіс. Оларға үлгі болсақ, дұрыс жол көрсетсек, біздің бар арман орындалды дей беріңіз» деген қаладағы ұлтаралық татулықты нығайтып жүрген Текелі қаласы Мәдениет үйінің директоры Константин Нестеровтың ерен еңбегін ерекше атап өтсек артық болмас. Қазақ пен орыс халқының достығы мен татулығының нәтижесінде ғасырларға жуық созылған мәдени құндылықтардың жібін үзіп алмауды мақсат еткен ол ұлтаралық татулық пен достықтың биікте мәңгі салтанат құратынына сенеді. Осынау сенім мен еліне деген таза махаббаты оны Жетісу өңіріне сыйлы етті. Ел болашағы ­жолында жастарға жасаған қамқорлығы мен мейірімділігін жетісулықтар жоғары бағалап келеді. Мұндай нәтиже көрсетіп жұмыс істеп жатқан орталық ­филиалдары әр аудан аумағында да кездеседі. Біз ­мүмкіндігінше  барлық аудандық филиалдардың жұмысын толық қамтуға тырыстық. Соның ішінде, Қапшағай қаласындағы «Сударушка» ансамблін ерекше атағанды жөн санадық. Орыс мәдениетінің өркендеуі, гүлденуі, дамуы үшін бар қажыр-қайратын арнап, ансамбль құрған Зинаида Волкованың ерен еңбегін айтпай кетпеске болмайды. «Сударушка» ансамблі ұзақ жылдан бері киелі сахнаның сәніне айналды. Қапшағай қаласын ірі фестивальдерде кеңінен таныстырып, айтулы өнер додаларында қаланың намысын қорғап келеді. «Жастар үнемі жаңа дүниені көргілері келеді. Сол үшін мен күнделікті жаңа әрі қызықты дүниелерді көп ұсынамын. Оларға ең бірінші мейірімді, жанашыр, қайырымды болыңдар деп кеңес беремін. Ерен еңбек пен үнемі жаңарудың нәтижесінде өнер ұжымым орыс, қазақ, белорустың халық әндерін нақышына келтіре орындайтын дәрежеге жетті. Бұл екі ел арасындағы достықтың шынайы көрінісі деп түсінемін. Себебі орталық мүшелерінің орындайтын ән-биіне қызықпайтын адам кемде-кем. Біздің қоржынымызда алтын да, күміс те бар. Таяуда Қызылорда облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің ұжымның өнерін бағалап, арнайы Алғыс хат жолдады. Бұдан басқа, биыл «Сударушка» халық ансамблі Семей қаласында өнер көрсетіп, Шығыстағы жұрттың көзайымына айналғанын айта кетуіміз керек. Бұл біз бағындырған биіктің біреуі ғана. Біз үшін еліміздің қошеметінен асқан марапат жоқ» дейді Зинаида Волкова.

Қасиетті де киелі мекен саналған, ­арнасынан күндіз алтын, түнде күміс аққан киелі Көксу ауданына да бұл орталықтың тигізген пайдасы мол. Себебі ықыласпен жұмыс істейді. Бірлігі жарасқан ­ауданда орыс этномәдени орталығының ­ашылуына, жұмысының ілгері ­басуына, елдегі татулық пен тыныштықты сақтауы үшін аудандық орталықтың жұмысының өркендеуіне облыстағы қоғамдық бірлестіктің төрағасы Александр Бузыкиннің сіңірген еңбегі зор. Көксу ауданындағы орыс мәдени орталығы да ертеңгі еліміздің болашағы саналған жастарға көп көңіл бөледі. Өз елінің нағыз патриоты саналған жастардың патриоттық бағытта тәлім алуына айрықша көңіл бөлгенімен ерекшеленеді. Аудан жастарының арнайы бір бағытта еңбек етіп, ел дамуына аз да болса үлес қосатын жастар санының артуы үшін кәсіпкер Александр Бузыкин балаларға арнап спорттық-мәдени орталық ашты. Қазіргі таңда бұл орталықта спортпен айналысып, ән-күй үйірмелеріне қатысқан жастар ел дамуы жолында қызмет етіп жүр. Бұл үлкен жетістік. Бүгінде бұл орталыққа келіп, түрлі үйірмелерге қатысып жүрген жастар көп. Жастарға жанашырлық танытуды азаматтық парызы санаған меценат Александр Бузыкин 2000 жылы аудандағы ескі кітап дүкенінің ғимаратын сатып алып, оған заман талабына сай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Нәтижесінде Балпық би ауылының жастарына арнап, шығыс жекпе-жегі, домбыра, изостудия, театр, бишілер үйірмесін және фортепиано сыныбын ашты. Бүгінде көксулық тұрғындар жанашыр азаматтың халық үшін атқарған жұмысының нәтижесін көріп, алғыс айтуда. Аудан, облыс көлемінде өтетін түрлі шаралардың басы-қасында дәл осы «Харуат» орталығының мүшелері табылады. Бұл да ерен еңбектің жемісі.

Жастарға барынша жақсы көңіл бөлу қажет екендігін үнемі айтатын Александр Бузыкиннен орталықтың не себепті ­«Харуат» аталғанын сұрағанымызда ол:

– Әрбір сөз зор мағына береді. Сөздің де киесі барын ұмытпауымыз керек. Адам жақсы сөз айтып, жақсы ойлаған сайын өмірі де жақсарады. Біз орталықты «Харуат» деп атағанымыздың астарында үлкен мән бар. Мәселен, «Харуат» көне түркі сөзі. Алға, биікке ұмтылу деген мағынаны береді. Біз мақсатымыз бен арманымызды тек болашақпен байланыстырамыз. Біз үнемі алға жылжуды армандаймыз және сол жолда еңбек етеміз. Қиындыққа төтеп беріп, жеңіске ғана қол жеткізу үшін дәл осы атауды таңдадық. Қазір орталық балалары биіктен көрініп, түрлі жарыстардан орын алса, көкірегімізді мақтаныш сезімі кернейді. Ең басты міндет – ел бірлігі, рухани құндылықтарымыздың ұрпақтан-ұрпаққа берілуі, – дейді ­Александр ­Бузыкин.

2003 жылы Александр Бузыкин бастаған белсенділер зейнеткерлер мен көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көмек қолын созады. Мұндай қайырымдылық жұмыстары жыл сайын дәстүрлі түрде жүзеге асырылады.

«Алматы облысы орыс орталығы» өз жұмыстарын бірнеше бағытта жүргізеді. Соның ішіндегі «Жастар кеңесінің» жұмысы ауқымды. Олар «Жас ­фотографтар мектебін» ұйымдастырды. Оған облыс аумағынан бірнеше жастар қатысты. Талдықорғандағы Достық үйінде жас фотографтардың «Жетісу», «Менің қалам», «Тұлға» деп аталатын көрмелері өтті. Мұндай жұмыс жастардың қызығушылығын арттырып, телефонға телміруден сақтайды.

Бейбітшілігіміз бен ынтымақ қазақ жерінде салтанат құрмаса, достық пен татулық биік болмаса тамыры терең бойлаған алып бәйтерек бола алмайтынымыз анық. Ұлы дала елінде бейбітшілік пен қоғамдағы тұрақтылықтың қазығы бекем болмайынша мемлекет бір қадам да алға жылжи алмайды. Олай болса, мақсаты айқын, арманы асқақ, қадамы нық мемлекет болу үшін ДОСТЫҚ, ТАТУЛЫҚ, СЫЙЛАСТЫҚ деген қасиетті сөздің қадірін терең түсіне білейік.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Алматы облысы

1580 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы