• Тұлға
  • 02 Қыркүйек, 2021

ТӨЗІМ МЕН САБЫРДЫ СЕРІК ЕТКЕН

Жетпіске аяқ басқанда өткен мен кеткеннің толық бейнесі көз алдыңда көлбеңдеп тұрады екен. Сәттілік жолдасың болған сәттер, тағдырдың қилы кезеңдері де есіңде. Қандай жағдайда да қасыңнан табылған жандарды, тағдыр соқпағы бөлек алып кеткен адамдарды, ұзақ жыл бірге жұмыс істеген әріптестеріңді де ұмытпайсың. Иә, шынайы достық сезімі байланыстырғандар да көп. Туысыма, ең жақын, ең қымбатыма айналған досым, белгілі қоғам қайраткері, ғажап жан – Ғани Меңтайұлы Карин. 
Кеңес өкіметінің алғашқы жылдарында өмір сүрген, қазақ комсомолының аңызға айналған жетекшісі Ғани Мұратбаевтың есімін перзентіне қойған ата-ананың көрегенділігіне құрмет көрсетуіміз керек. Меңтай мен Нағира Кариндердің отбасында жеті бала болды, аурудан өмірі ерте үзілген екі қызды есептемегенде, олардың бәрі өсті, жетілді, жоғары білім алды. Ал Ғани ата-анасының батасын алып үлкен жолға шықты.

1966 жылы Гурьев (Атырау) педагоги­калық институтын бітіріп, тарихшы мамандығын алып, туған жері Балқұдық ауылындағы мектепте мұғалім болды. Сол жерден әскерге шақырылып, өмірлік ұстанымын ұштап қайтты. Одан кейін ол кезең-кезеңімен кәсібін шыңдады: Гурьев облыстық комсомол комитетінің аппаратында жетекші қызметтерді атқарды, Ембі облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болды.

Ғанимен 1969 жылдың күзінде та­ныстық. Ол кезде мен Жаңаөзен қаласында аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы едім, яғни идеологиялық жұмыс міндетіме кіретін. Бірде Гурьев облыстық комсомол комитетінен инспектор – дәріс оқу тобының жетекшісі келді. Бұл Ғани Карин болатын. Насихат пен мәдени-бұқаралық комсомол жұмысының барлық аспектілері бойынша егжей-тегжейлі тексеріп жүрген ол маған суықтау әрі тәкаппар болып көрінді. Бірақ айналасы бір-екі күннің ішінде біз дос-жар болып, әңгімеміз таусылмауға айналды, тіпті ­кетерде қимай қоштастық. Көп ұзамай, 1970 жылы мені Гурьев облыстық комсомол комитетіне ауыстырды да, сол аппаратта бірге жұмыс істеп жүрдік. Үш жылдан кейін Маңғыстау өңірі құрылған кезде бізді облыстық комсомол комитетінің хатшылары етіп сайлады, мен – бірінші, Ғани – екінші хатшы болды. Бұл керемет уақыт еді. Жаспыз, жалындап тұрмыз, жігерліміз. Жұмысымыз керемет, әдемі қаланың тұрғынымыз, жаңа, көрші подъезден пәтер алдық. Жолдастығымыз отбасылық достыққа ұласты. Бір-бірімізге жиі қонаққа баратынбыз. «Барымен базар» болып, достық пейілмен жайылған дастарқанға разы едік. Жасандылықтан ада, шынайы көңілмен араластық, бойдағы бар күш-жігерімізді жұмысқа жұмсадық.

Жастық жігер, ынта мен тәжірибе жемісін берді. Маңғыстау облыстық комсомол ұйымы республикадағы жастар қозғалысының көшбасшысы атанды. Біздің облыстық комсомол комитеті құнды бастамалардың басында жүрді. Комсомол-жастар бригадалары біздің әскери-патриоттық тәрбие беру тәжірибемізді үйренуге ағылды. Осының бәрінде Ғанидың еңбегі ерен еді. Нақты мысал келтірейін. Басқа да көптеген міндеттеріне қоса, ол ауыл жастарының мәселелерін де қадағалайтын. Ал республикада комсомол-жастар бригадасын құру арқылы жастарды мал шаруашылығына тарту бойынша ­Семей облысы Шұбартау аудандық комсомол ұйымының оң тәжірибесі белгілі болған кезде, Ғани осы идеяны ойдан шығармай қойды. Шынымды айтсам, бұл тәжірибені біздің Маңғыстауда енгізуге болатынына сенбедім. Себебі аймақ өнеркәсіптік даму жолына түскен, азаматтық құры­лыс, қалалар мен жұмысшылар поселкелері өсті, жастар туған ауылын тастап кетіп жат­қан еді. Шопанның беделі кеміді. Бірақ Ғани сауатты жастардың басын құрап, Семей облысына делегация алып барды. Жастарды ынталандыру үшін ол қой шаруа­шылығы бригадаларында әрі қарай жұмыс істейді деген шартты орындаса, Ауылшаруашылық ЖОО-ға оқуға түсу квотасын беру керек деген бастама көтерді. Тұтқабай Әшімбаев басқаратын облыс басшылығының қолдауымен олар аудандарда стандартты қой қораларын, жас шопандар үшін жайлы пәтерлер сала бастады. Міне, осылайша жастар ауылшаруашылығына оралды, Маңғыстау мен Бейнеу аудандарында комсомол-­жастар бригадалары құрылды. Аймақта қой өсіретін төрт жаңа кеңшар құрылды, қой басы екі есе өсті. Бұл жетістіктерде Ғани Кариннің еңбегі зор, табандылығы да көп көмектесті.

Бірге қызмет істеген уақыттан бастап қызметтік рөлімізді нақты бөліп алдық. Басшының біреуі мейірімді, екіншісі қатал, талапшыл болады десек, талапшыл басшы Ғани еді. Одан көбі сескенетін, бірақ ешкім ренжіген емес. Себебі оның бойындағы қаталдық жұмысқа құлай берілудің бір көрінісі еді ғой. Осылайша, жұмыс жақсы жүріп жатты. Бізді көп ұзамай партиялық жұмысқа ауыстырды. Мен Жаңаөзен қалалық комитетінің екінші хатшысы, Ғани – Ералиев аудандық партия комитетінің хатшысы болды. Екеуміз екі жұмысқа кеткенімізбен де, достығымыз жалғаса берді. Телефонмен жиі сөйлесетінбіз, бір-бірімізге қонаққа баратынбыз. Аудандық партия комитетінің жас хатшысы қандай құрмет пен беделге ие болғанын өз көзіммен көрдім.

Одан әрі өмірдің соқтықпалы жолы ­басталды. Мектеп бітіру емтиханына аз уақыт қалғанда алған жарақат жиырма жылдан кейін белгі берді де Ғани дәрігерге қаралуға мәжбүр болды. Дәрігерлік тексерулер мен емделудің соңы омыртқаға күрделі ота жасатуға дейін апарды. Жартылай сал ауруынан айығу үшін қаншама күш-жігер керек еді. Ота жасаған мәскеулік нейрохирургтар үміт сыйлап, оңалту кезеңі қажет, денені қалпына келтіру үшін уақыт керек деп сендірді, өкінішке қарай, олардың бол­жамы жарым-жартылай ғана рас болып шықты.

Иә, Ғани Меңтайұлы жағдайың жақсарып келеді деген дәрігер сөзін медеу тұтты. Еңсесін түсірмей жұмысқа қайта оралды. Тәні ауырды ма, ауруы жанын қаншалықты қинады – бұл Ғанидың өзіне ғана аян дүние. Сөз жоқ, ол нағыз батыл жан. Төзім мен сабырды өміріне серік еткен тұлға. Біз бір-бірімізді таныған 52 жыл бойы одан тағдырына налыған ешбір сөз естіген емеспін. Терең аналитикалық ақыл, энциклопедиялық білім, принциптерден айнымау мен талапшылдық, қайырымдылық пен әдептілік бір бойында тоғысқан жанның республикалық ауқымда басшы болуына ештеңе кедергі еместей көрінетін. Иә, бір дүние айқын, отадан кейінгі дерт пен ауруы асқынбағанда Ғани Меңтайұлы аймақтық қана емес, республикалық масштабтағы ірі көшбас­шыға айналар еді.

Қандай жағдайда да Ғани Меңтайұлы оңай жол іздеген жоқ. Өмірінің әр кезеңінде де ол шеберлік шыңына қалай жетуге болатынын білді, жұмысын ­шы­ғар­­машылықпен, шабытпен атқарды, жал­пыға ортақ құрметке ие ­болды. Мұғалім, комсомол және партия қызмет­кері, журналист, саясаттанушы, ­жазушы-публицист, денсаулық сақтау саласы­ның ұйымдастырушы ретінде елдің ықыласына бөленді. Қосымша жұмыс жүктемелерінен де бас тартқан емес, облыстық партия комитетінің барлық бірінші хатшыларының бас ­баяндамалары мен сөйлеген сөздерін ұзақ жыл бойы Ғани Меңтайұлы ­дайындап немесе өңдеп беріп отырғанын жақсы білемін. 1990 жылдардың басынан 2005 жылға дейін ол облыстық сайлау штабының тұрақты жетекшілерінің бірі болды. Ғани Меңтайұлы 15 жылдай уақыт облыстық сайлау ­комиссиясы төрағасының орынбасары ретінде жұмыс істеді, оның кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігі республиканың Орталық сайлау комиссиясында да, еліміздің басқа аймақтарындағы әріптестері тарапынан да жоғары бағаланды. Бірақ осы кезде негізгі жұмысын: облыстық кеңестің, облыстық мәслихаттың аппарат жетекшісі қызметін де адал атқарды. Әрине, ол да шаршаған болар, физикалық қана емес, моральдық тұрғыдан да қажыған да шығар, себебі сайлау үдерісін реттеу, сайлау науқанының жауапкершілігін арқалау екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс.

Жаңа және прогрессивті дүниеге ұмтылу Ғ.Қариннің басты ерекшелігі. Ол қоғамдық және мемлекеттік құ­ры­лым­дарды құру мен жасақтау жұмыстарына қатысты. Маңғыстау комсомол жастарын жасақтаудағы еңбегін жоғарыда атап өттім. 1993-1994 жылдары халық депутаттары жергілікті кеңестері таратылғаннан кейін, ол жаңадан құрылған жұмыс аппаратының басшысы ретінде жаңа жергілікті өкілді органдарды – Маңғыстау облысының мәслихаттарын құру жөніндегі жұмысты басқарды. 2012 жылы Ғани Меңтайұлы облыстық, қалалық және аудандық басылымдарды біріктірген Маңғыстау медиахолдингін құруды ұйымдастырушылардың бірі болды. Бұған дейін ол бес жылдан аса уақыт бас редактордың орынбасары және біраз уақыт облыстық «Огни Маңғыстау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы қызметін атқарды. Басылымның мазмұнын байыту, тақырыптарын кеңей­ту, дизайнын өзгерту жұмыстарын жүргізді. Осы және кейінгі жылдары журналист және жазушы-публицист Ғани Кариннің қаламынан 9 кітап жарық көрді. Олардың біреуі ғана өзінің өмір жолына арналса, қалғаны ел мен аймақтың әйгілі тұлғаларының бейнесін суреттеуге бағытталған болатын. Оның кітаптары Отанға деген сүйіспеншілік, туған халықтың тарихы, мәдениеті мен тілі саласындағы білімді тереңдету туралы.

2013 жылдан бастап Ғани Меңтайұлы Маңғыстау облысындағы алғашқы жекеменшік клиника «Нейрон» ЖШС директорының орынбасары. Онда бас­тапқы кезеңде 10-15 адам ғана жұмыс істеген еді. Бүгінде облысқа кеңінен ­та­нымал бұл көпсалалы емханада 500-ден аса адам жұмыс істейді. Ғани Қарин жұмыс істеген жылдар ішінде емхананың материалдық базасы едәуір нығайды, бірнеше жаңа ғимарат салынды, ­заманауи медициналық жабдықтар алынды, мекеме кадрлары әлемнің жетекші клиникаларында оқыды. Оңалту, көз ­микрохирургиясы, гемодиализ, алғашқы медициналық-санитарлық көмек бөлімдері ашылды. Бүгінгі күні емхана 20 мыңнан аса адамға қызмет көрсетеді.

Ғани Меңтайұлы кітап жазуды қолға алғанда Маңғыстау мен Атырау облыстарын дамытудағы замандастарымыздың есімін есте қалдыруды көздеген шығар. Ол 2016 жылы Ақтау қаласындағы №5 мектепке мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасыновтың есімін беру туралы бастама көтерді, ол өте қиын кезеңде – 1938-1951 жылдар аралығында Қазақстан үкіметін басқарған, республиканың дамуы, оның аумақтық тұтастығының сақталуында зор рөл атқарған тұлға. Нұртас Оңдасынов құрамына Маңғыстау кірген Гурьев облысын басқарып, сол уақытта жерасты пайдалы қазбаларына бай аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына қуатты серпін берген жан. Ғани Меңтайұлының бастамасын жергілікті билік пен республика үкіметі қолдап, 2017 жылдың көктемінде Ақтау қаласындағы №5 орта мектепке Нұртас Дәндібайұлы Оңдасыновтың есімін беру туралы Үкімет қаулысы шықты. Ғани ­Карин, заңгер, сот жүйесінің ардагері ­Бекет Тұрғараев, мұнай саласының ардагері Мейрам Ахметжановтар бірігіп мектеп ауласына Нұртас Оңдасыновқа арнап өз қаражатына ескерткіш орнатып, мектепте мұражай ашты. 2018 жылы, Мұнай және газ өнеркәсібі қызметкерлері күні қарсаңында, «Маңғыстауманайгаз» АҚ әкімшілік ғимаратының алдында осы үш дос бірігіп халық арасында қазақ мұнайының әкесі деп аталатын Сафи Өтебаевқа ескерткіш орнатты. 2019 жылы Ғани Меңтайұлы өз қаражаты есебінен Маңғыстау облысының бірінші басшысы Тұтқабай Әшімбаевқа арналған ескерткіш тақтаны жаңартты, Ақтау ауылдық кеңесінің бірінші төрағасы Шахан Әзбеновке арнап Ақтау екінші ықшамауданының №8 үйінде мемориалдық тақта қойды.

Оның бір басында атақ, құрмет, қошемет жетіп артылады. «Құрмет» орденімен және көптеген медаль­­дармен марапатталған, Қазақстан Респуб­лика­сының Еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақ­станның Құрметті журналисі, Маңғыстау облысының құрметті азаматы...

Оны қазір тың идеялар тербетіп жүр. Оның бойындағы жастық жалын әлі сөнбегендей. Әлі бұрынғыдай ақылды, белсенді, табанды. Дос та, тірек те бола алады, қуаныш пен қайғыда қасыңнан табылады. Жеке өмірде де Ғанидың жолы болған, жан жары, өмірлік серігі, ақылшысы Рим­мамен жарты ғасыр қол ұстасып бірге келеді. Тату-тәтті ғұмыр кешіп, перзентін, немерелерін, енді шөбересін бағып отыр. 26 тамызда Ғани Меңтайұлы 75 жасқа толды, тату достығымызды мақтан тұтамын. Ол шынымен де абзал жан, адал дос.

Леонид БУРЛАКОВ,

ҚР Президенті жанындағы

Мемлекеттік басқару академиясының профессоры,

ҚР Парламенті Сенатының

І-lV шақырылымының

депутаты (1996- 2009)

1459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №14

11 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы