• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2021

Қаздар қайтып барады (эссе)

Аманхан  мен Есенғали

Індет басталар-басталмастан Аманхан қара сылақ – қоңыр түтінін тастап, мәңгілік мекеніне аттанып кетті. Шаршап-шалдығып, артық лүпілдеген ақын жүрек аттандап әрі шаба алмады, артына бұрылып бір қарай алмай табанын боз топыраққа тіреді. Демалыс күні де «Ақиқаттың» тірлігін бітіріп қайтам деп үйден шығып, аялдамада автобусты ұзақ күтіп, амалсыз кері бұрылып, табалдырығынан аттай бере жарық жалғанға қол бұлғап кете барды. Жедел жәрдем келсе, «кесел тарихы» кітапшасы да жоқ екен. Өмірі емхананың есігін ашып, денесіне ине сұқтырмаған таза тән, Мекке көріп, дәретін бұзбаған уағызшыл пенденің өмір тарихы мен өлім тарихы осылай болды. Мәйітті жерге тапсыру Алматы секілді алып шаһарда бір азап, оның үстіне іргеден келген індет ел-жұртты есеңгіретіп тастады. Күн болса, қол-аяғын созған – сенбі. Не істеу керек? «Жақын» деп есім қойған Есенғалидың жаны шырқырады. «Қайда қоямыз?» деді жан жары Күләйға қарап. «Кеңсай дұрыс қой» деді ол жыламсырап. «Жақыным «өлсем Әсемнің қасына қойыңдар» дейтін. Сонда қоямыз». 

Он жыл бұрын желпілдетіп ақ отау тікпекші боп әкесінен бата алмаққа Астанадан бел асып, жеңіл көлікпен Алматыға жол тартқан бойжеткен қапияда қақтығысқа ұшырап ажал құшты, мәңгілік махаббат пен ақ бата қыз жүрегінің түкпірінде сұрау белгісі боп сол күйі қалып қойды. Қыз қала шетіндегі ұйғыр зиратында мәңгі ұйқыда жатыр.

Сездік, білдік жалғанын,

Дүниенің мол қайғы,

Салғанына Алланың,

Тәубе етпей болмайды, – деген ұлы Абайдың бір шумақ өлеңі бас жағында қарайып тұр.

Есенғали салып ұрып зират күзетшісіне кеп, солардың бас иесін тауып ап, қазақша-ұйғырша араластыра сөйлеп, топырақ жамылып жатқан қыздың бас жағынан бір адамдық жер алды. Діңі қатпар-қатпар сәмбі тал көлеңке түсіріп, кең жерді тарылтып тұр екен, балташы жалдап, оны да кестірді. Сөйтіп, шабылып жүріп, жарық жалғандағы жақынына мәңгілік мекенжай дайындады.

Қаралы рәсімді өзі ашып, өзі жүргізді. Індет­тің қармағына ілініп кетпейміз бе деп үрейленген азғантай топ қиын өткелде қаймық­пай қайық ескен дос көңілдің қайсарлығына тәнті еді. Біразы салып ұрып зират басына барды. Аманхан жатқан Жер-бесіктің қиыршық тасы көп екен, күрек шықырлап тасқа тие берді.

– Адам өмірде қандай болса, жатқан жері де сондай болады екен. Қарашы, шақыр-шұқыр етіп жатқанын. Өзі де өмірмен шақыр-шұқыр айқасып өтті ғой, – деп сыбырлады Есенғали.

Ешкімге салмағын артпай бір күнде, бас-аяғы он бес-ақ минөтте өмірден өткен Аманханды осылай төбешік қып тастап кеттік. Бүгінде бейіт басына  келгендер бір шумақ өлеңді оқып, көкіректері шулайды. Мұны да жаздырған Есенғали. Бұл – Аманханның өзіне-өзі жазған эпитафиясы.

О, Өмір, жұмбақ едің сұрақ тұнған,

Міне, енді у-шу да жоқ құлақ тұнған.

Жатырмын рухым шат боп Айды күтіп,

Басында қабірімнің жылап тұрған.

20.01.1952 – 30.03.2020.

Келу мен кету деген осылай екен.

Үшеуміз бас қосқанда «Неге?» деген сауал болмайтын. Қара сөздің мәйегі ағытылып, бір-бірімізден эпизодты іліп ап,  әңгіменің «концовкасы» өзінен-өзі қойылып жататын. Сөздің обалына қалмаймыз, қиқы-жиқы сөйлем, салбырап тұрған қылдай жіңішке сауал болмайды. Бірде Сырдың салпаң құлақ сұр есегі жайлы әңгіме қозғадым.

– Бала күнімде, төрт есекті қатар қойып, арқасына шалқамнан түсіп жатып ап, «Ықа!» дегенде төртеуі де аяқтарын бірдей алатын, – дедім.

– Оу, бұл 9-майдағы Жеңіс шеруі ме? – деп Аманхан атқан асықтай шиіріліп түсті.

– Жақын, есек ең кесір әрі құймақұлақ хайуан. Сен Қадырдың «Есек» деген өлеңін оқымап па едің?

Жұмыста бар ынтасы,

Сен баяғы бір есек.

Біресе ғой ұн тасып,

Құм тасыдың біресе.

Мысыр менен Үндінің,

Екі арасын шарладың.

Кеуіп талай ындының,

Құдайыңды қарғадың.

Мұндай ауыр жұмысқа,

Ердің өзі шақ шыдар.

Сендей көп жүк тасыған, 

Хайуанат та жоқ шығар.

Мақталмапсың тегінде,

Мақтау саған қонады.

Мақтаймыз біз бүгінде,

Ондай-ондай болады, – деп есек туралы өлеңді жатқа айтты. – Жануар, жылқының соңынан ермейтіндігі, суға симей өтпейтіндігі болмаса, хайуанның төресі ғой, – деп қосып қойды.

– Қадекең тегіннен-тегін өлең арнамайды ғой, – деп Аманханның жүні жығылып сала берді.

– Сәбең естелігінде «Сыр бойына барғанда, арықтан су ішіп тұрған 400 есек көрдім» деп жазбай ма? Сонда газет редакторы: «Сәбе, бір нөлін қысқартайық та» десе, «Мейлі, қалғаны да аз емес қой» депті, жарықтық» дегенде, Аманхан ішін басып күлкіге көмілді. «Қауынды үңгіп жеп, ішіне кіріп кеткен есек көрдім» деп Сәбеңнің тағы бір сөзін тірілткенімде Аманхан күлкіден тұра алмай қалды. Бұл оның, бәлкім, өмірдегі ағын судай ақтарылған ең соңғы күлкісі шығар деп ойлаймын.

Бірде ораза айт кірер қарсаңда, Есенғали айтты: «Мен пітірді Аманханға беріп жүрмін, арамыздағы жалғыз тіні таза, уағызшыл сұлба ғой. Сен де соған бер» деді. Қожекең сол күндері қаржылай-заттай Алланың сыйына қалтасы мен қоржынын толтырып, қарапайым қазақтың қолы ашық қасиетіне бір сәт күлімдей қарап, томпаңдап тартып бара жататын. Әбден дәнігіп те алды. Айт қарсаңында: «Біреуге беріп қойып жүрмеңдер, қарыс – қарыс, сүйем – сүйем» деген, оның үстіне алып үйренген елдің баласымыз ғой» деп алдын ала ескертіп қоятын болды. Өңінде қобалжудың да табы бар. Біз болсақ, мұсылмандық парыздан құтылып, бата алып, бет сипағанға мәзбіз. Қитұрқы сөздің ­шырайы – шындық. Адамзат болмысы осынысымен қымбат. Аманхан  да «Алланың Жерге жіберген өкілімін» деп қорбаңдап қасымызда жүруші еді. Тәтті сөз, тәтті күндер қандай қымбат.

Есенғали отырған жерін жандырып жіберетін, тұла бойы тұнған ұйқас, ұрымтал сөздің мәйегі еді. Қимыл-қозғалысы мен бет-бейнесін құбылтуы, әркімнің дауыс ырғағын тап басу – талағында биті бар талантқа ғана тән нәрсе. Келінтөбеде бірге оқыған сыныптастарының сабақ айтқанын, Гагаринде насыбай атып, түкірігі шашырап сөйлеген өзбек шалдардың кейпін айнытпай салатын. Әр буындағы ақындардың арасынан да есте қаларлық шарж-бейнелер аз болмайтын. Бір нәрсені айтқысы келмесе, «Мұны Аманхан біледі» деп бұлтарып кететін. Егер ол ­Оспанхан мен Сайын секілді актерлік факультетті тәмамдаса да, өзінің Есенғали биігіне жетер еді. Өлең оны ешқайда жібермеді.

Өлеңін үлкен-кіші жатқа айтып, ақын ретінде «толық» мойындалды. Партия қыз­меткері көршім Асанбай Асқаров алғаш танысқанда «Қай баласың?» деп сұрау сала қарады.

– Кетпеншінің баласымын.

Шиеліден екенімді білген соң «Әбділданың бір өлеңін оқышы» деді күдікті көңілін көлегейлеп тұрып.

Жазса Тарас Днепрді,

Жазса Пушкин Еділді.

Неге маған жырламасқа,

Сырда туған елімді.

Мен де сонда жаным, ана,

Сеніменен тең болам.

Сырда туған Сырдың ұлы,

Жаңа Гейне мен болам, – деп 19 жасында жазған өлеңін жатқа айттым.

– Енді «Сырдарияны» оқышы.

Әбділданың өлеңдері кітапхана боп көкіректе қатталып қалған. Оқып бердім.

– Осы, «Есенин планетаны айналып жүр, Есенғали ауылда қой бағып жүр» деп жазған жігіт сендермен қатар ма? – Таңғалып тұр, өлең сүйетін кәрі көкірек білгісі кеп алабұртып тұр.

– Менен екі жастай кішілігі бар.

– Бізге осындай өлең, осындай ақындар керек, – деді мінбеден сөйлеп үйренген тұлға міндет артқандай боп. Үлкен мен кіші, шенеунік пен қаламгер осылай үндестік тапты.

Есенғалиға «Осындай бір ірі шенеунік өлеңіңді жатқа оқыды» деп едім, «Солар үшін жазамыз ғой»  деп жарқылдай күлді. Басқа біреу болса, «Тезірек таныстыршы» деп алқымнан алар ма еді. «Жақсы сөз жан семіртеді». Ақ қағазға қалам сүйкегендерге тән қасиет – оқырманы көбейсе терісіне сыймай кетеді. Есенғали айтар сөзін мергендей дәл тигізіп, өзіне арналған мақтауды көбіне Аманханның қалтарысында қалдыратын. Мылтықбай болса, мақтауға зәру.

Аманханның жары Күләйға хал-жағдай білейін деп телефон шалдым.

– Кеше Есенғали қалта телефонмен қатты ұрысты. Аманханның басына бардым, бейіт шөбі белуардан  өсіп кетіпті. Неге отамайсыңдар, баруға қорқып жүрсіңдер ме?!» деп кейіді, – деді жүні жығылып.

Ай бұрын тілдескенде: «Қаздың етін жеп жүрмін. Бұл буын-буынды бекітеді. Сен де же. Қаз болып қаңқылдап ұшып кетем деп қорықпа, Қуеке!» деп жайлы күлкісіне салды. Оу, осының бәрі отыз күннің ішінде жүректен шыққан сөз, қызыл тілдің қайырымы емес пе еді? Аманханның басына бой жасап барды ма екен? Қаз болып қаңқылдап қайтып кетерін Құдай аузына салды ма екен? 24 ай, 14 күннен кейін жақынының соңынан үн-түнсіз ілесіп кете берді...

Кездесулерде ағылшынша сөйлеп, ағылшынша өлең оқып, Жаратқанның ­бойына дарытқан ерекше зердесін көрсетіп қап жүрді. Қазақшаны кеңсеге бағындыра алмай, латыншаның қара қазығын сіңіріп қаға алмай жүрген елде «Есенин планетаны айналып, Есенғали ауылда қой бағып жүрген» жігіттің құлашты алысқа сермеуі сыпайы қазақты шет-жұртқа жақындата түссем деген биік арманы еді. Оу, қашанғы қой бағамыз? Сол қара қойдың маңыраған даусы да құлаққа еміс-еміс қана естіліп тұрған жоқ па? Көз тиді ме екен?

«Көк жүзінде барады қаздар қайтып, Күндер солай өтеді шалқып-шалқып» деген Тұмағаңның өлеңі де еңсені басып тұр. Бір жыл, он төрт күн дегенде қаңқылдап жүрген қос қаз мекеніне аттанып кетті, тату жолдасты тастап кетті. Біз табиғаттың құлымыз, табиғатты сөзбен бағындыра алмаймыз. Күз келіп, құстар қайтады. Оларды ешкім де қайыра алмайды.

Екеуі де көктемде қайтты.

Бейуақытта қаздар қайтып барады.

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

4417 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы