• Әдебиет
  • 02 Қыркүйек, 2021

Ағаның сәлемі

Бақтықожа  ІЗМҰХАМБЕТОВ

 

Бір  жолы болғанымда іссапарда,

Сөйледім жиналыста Тегеранда,

Аз ғана уақыт өтіп, сырт жағымнан,

Бір адам жақын келді жәймен ғана.

 

Жиналып, жиын бітіп жатқан кез-ді,

Төрт-бес ауыз сөз  айтты, бастап өзі,

Байқалды бір көргеннен, сөздерінен,

Байсалды,  адам екен ақыл ізді.

 

Кездестік қайта дұрыс амандасып,

Алдымен танысумен,  жөн сұрасып,

Көп болды көрмегелі қазағымды,

Келетін мына жаққа аяқ басып.

 

Ұлғайды,  деді әрмен, жасым менің,

Денім сау, түгелінде ақыл-есім,

Баяндайын атамның әңгімесін,

Тарихтың тартқан талай тауқыметін.

 

Айтпадым  тыңдамас деп көрінгенге,

Жолықсам деп жүргенмін жөн білгенге,

Ішіме сыймай жүрген біраз сыр бар,

Отырып шай ішіңіз біздің төрде.

 

Жүрексініп тұрса  да арғы жағым,

Әңгімені келді де тыңдап алғым,

Келістім, кеттім бірге ілестім де,

Көңілін ағамыздың қалдырмадым.

 

Үш қабатты үй болды мекенжайы,

Онша жаман емес түр, жағдайы,

Тұрады екен мұнда тек өздері,

Ұл-қызы, туғандары, ағайыны.

 

Ағамыз риза боп мен келгесін,

Бастады көп кешікпей әңгімесін,

Жүз жылдан астам уақыт мұнан бұрын,

Деп бастап, алды қолға шай кесесін.

 

Үстірттің тауларының маңайында,

Мыңғырап, болған кезде мал жайлауда,

Таңда, түсте екі ұл туылыпты,

Бір күнде, екі үйде жаз айында.

 

Алаулап, көкжиектен таң атқанда,

Қараша, жұпынылау шаңырақта,

Шыр етіп жерге түсті көптен күткен,

Ер бала жылқы баққан Шамұратта.

Шаңқайдай тоғыз қанат ақ боз үйде,

Келіпті түсте бір ұл дүниеге,

Баймұрат бай беріпті алты бие,

Сүйінші сұрап одан келгендерге.

 

Ырым жасап ұлына Шамұраттың,

Қойыпты ағайындар Жалғас атын,

Баймұрат бай атапты Ақылбай деп,

Өссін деп, ақылды ұл, ойланатын.

 

Көбірек малшылардан Шамұраты,

Байекеңе түрімен көп ұнапты,

Ұлдары кішкентайдан қатар өсіп,

Достасып, бірге жүріп,  бір ойнапты.

 

Бір күні бір топ бала тау тасына,

Секіріп, жүріп бұлақ жағасында,

Келгенін кеш байқапты леопардтың,

Ақылбай мен Жалғастың дәл қасына.

 

Жалғас қысып қолынан Ақылбайдың,

Сыбырлап, өтініпті қозғалмауын,

Тұрыпты тура қарап көздеріне,

Жаналғыштай алдында тұрған аңның.

 

Болса да қорқынышты жыртқыш  кекті,

Жалғас бала міз бақпай, сыр бермепті,

Қарап біраз тұрған соң, бір секіріп,

Леопард өз жөніне жөнеліпті.

 

Баймұрат баласынан мұны біліп,

Шақырушы жан-жаққа жүгіргізіп,

Жинап,  тума-туысын екі жақтың,

Алыпты Шамұратты іні қылып.

 

Жалғас пен Ақылбай да ағайынды,

Болумен өткізіпті талай күнді,

Екеуі екі атадан шықса дағы,

Әріден қосылатын жағы  бір-ді.

 

Балалары бір күні арқар аулап,

Жасырынып, өрмелеп тауға жайлап,

Бара жатып, Ақылбай сүрінді де,

Жоқ болды, құздан құлап, бір айғайлап.

 

Жалғас та жанталасып келсе жетіп,

Бір бұтақ қалған екен белден іліп,

Ақылбай әзір тірі болғанменен,

Тұрған-ды өмірінен күдер үзіп.

 

Қыл арқанды жыңғылға мықтап байлап,

Бір шетін белге әбден, шырмап орап,

Аллаға сыйынды да Жалғас төмен,

Сырғыды, аяқ тіреп, тым абайлап.

 

Өткен уақыт көрінді тым бір ұзақ,

Тұрғанда қауіп-қатер құрып тұзақ,

Жалғас  көрді шошынған Ақылбайды,

Қасына келгенінде жақынырақ.

 

Бос жіппен өзін бірге байлады да,

Босатты Ақылбайды жаймен ғана,

Құрықпен асауларды тартқан күші,

Жалғасқа пайда болды осындайда.

 

Болар ма көтерілу тағы  ұзақ,

Жұлынбаса боларды, жыңғыл құлап,

Әттең-ай деп, ойлады Жалғас әрі,

Болса-ды алған арқан жуанырақ.

Жоғарыға жақын келіп, аз қалғанда,

Сықыр келді Жалғастың құлағына,

Бас көтеріп үлгермей қарағанда,

Қос жігіт арқан тартқан тұрды алда.

 

Екі қосшы ілескен сырттан қарап,

Жүгіріпті,  болғанды ұқаннан-ақ,

Шоқ жыңғыл сықырлапты, сына бастап,

Үлгеріпті екеуі Құдай сақтап.

 

Ес жинай есеңгіреп отырған-ды,

Естерінде ұмытылмас бұл күн қалды,

Көз қарасып,  кенеттен, бір-біріне,

Келіскендей,  ытқумен бір тұрғанды.

Құшақтасты, көздерге жас келген-ді,

Ұзақ тұрды осылай, еш демеді,

Екі қосшы үлгермей, кешіккенде,

Ауыл шулап, бұларға  ас берер-ді.

 

Сол Жалғас менің үлкен атам еді,

Болыпты әулетіне қадірменді,

Қызылдардан қазақты аштан қырған,

Жүз жыл бұрын қашыпты  бастап елді.

 

Ақылбай мен екеуі бүкіл малын

Айдап, тиеп, түйеге жинағанын,

Бір түнде ағайынмен өре көшіп,

Алыпты бетке алыс Иран жағын.

 

Бір айдай күндіз тоқтап, түнделетіп,

Көршілес Түрікменнің жерін өтіп,

Басыпты атам, әкем Иран жерін,

Әйел бала-шағасын еңіретіп.

 

Біраз жыл жүріп таулы өткелдерде,

Көріпті қиындықтар бөтен елде,

Батыста басталғанда үлкен соғыс,

Әулетте мен келіппін дүниеге.

 

Тоғыз-он жасқа келіп, ес білгенде,

Көштік біз, көтеріліп, басқа жерге,

Гүлстан деген жерге жеттік сөйтіп,

Сол жерде өмір сүрдім есейгенше.

 

Ақылбайдан өскен-ді бес немере,

Бесеуі де қалмады бізбен бірге,

Екеуі Түркияда, басқалары

Тұрады Еуропа елдерінде.

 

Әкеден алтау едік, бесі тірі,

Көбейді, барлығы да өсіп-өнді,

Үшеуіміз Тегеранға көшіп алып,

Келеміз мекен етіп осы үйді.

 

Болсам да сауатсыздау, мұқиятпын,

Араладым әлемнің  жер-қиянын,

Алты балам, отыз бір немерем бар,

Екеуімен осында бір тұрамын.

 

Қымыз үйден көп жылдар бір кетпеді,

Атам, әкем асаулар үйреткен-ді,

Тоқсан беске жеткенше атам бізді,

Ағайын, айналаны билеп келді.

 

Айтқаны атамыздың көп-ақ еді,

Қалмапты кейбіреуі ойда енді,

Балаларым біледі, бірақ елге,

Жақсы көрдім біреулер жеткізгенді.

 

Ризамын, үйіме келгеніңе,

Арман жоқ, айттым бәрін, енді мен де,

Шыдадың, тыңдап бәрін, түртіп жазып,

Жүргейсің, азамат боп, өз төріңде.

 

Қазақпыз, жүрген шетте өмір кешіп,

Еліміз қарсы алса өліп-өшіп,

Оқыды, заманға сай өсті бәрі,

Ұлдарым барар, мүмкін, кері көшіп.

 

Бауырлар болса бізге елеңдеген,

Әңгімем, болсын елге, сәлем менен,

Біліп жүрсін,шеттегі қандастардың,

Барына, сырттан тілек тілеп жүрген.

 

Осылай аға соңғы сөзге келді,

Туғаннан мекен қылған өзге елді,

Қазақшасы ешқандай бұзылмапты,

Көрсе ғой, кейбіреуді біздердегі.

 

Риза болдым мен де келгеніме,

 Естігенді айтамын жүрген жерде,

Ағажан, болғай сізде дін-амандық,

Ораламын қайтадан  бірер күнде.

 

Талайды басымыздан  өткеріппіз,

Шаңырақ бөлек ел боп көтердік біз,

Қазақ халқы танылды дүниеге,

Бекіді тұғырында  көк туымыз.

 

Егемен ел болғалы көп болған жоқ,

Ағылу елге сырттан тоқтаған жоқ,

Шашыраған әлемге бауырларды,

Келер деп, дедім, күтіп, жоқтаған көп.

 

Алғыс айтып басында дастарқанның,

Әулетке тілек тілеп ас қайтардым,

Құман ұстап, қолға су құйып жүрген,

Жас бала тұрды тыңдап, байқап бәрін.

 

Қате боп кете ме деп, себептермен,

Аттарын адамдардың өзгерттім мен,

Бірақ шындық, барлығы жазғанымның,

Еш сөз жоқ, алған, қосқан кездескеннен.

 

Сәлемін алыстағы ағамыздың,

Оқырманға осылай табыс қылдым,

Тағдырымен шеттегі бір қазақтың,

Әңгімесін баяндап, таныстырдым.

 

1588 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы