• Тарих
  • 02 Қыркүйек, 2021

ҰЛТТЫҚ «МЕННІҢ» ӨЗІН ҚАЙТАДАН ТАНУЫ

Ақын Жұбан Молдағалиев айтқандай: «...Мың өліп, мың тірілген» халықпыз ғой, ұлттың «болуы» мен «бордай тозуы» бүгінге дейін бірегейлігін сақтап қалуымен жалғасып келеді. Қазақ ұлты қайсыбір пікірлерде айтылатындай, ауызбірлігі жоқ, рушылдық жайлаған, әлі ұлт болып қалыптаспаған, сайын далада көшіп жүрген ел болса, бүгінімізге дейін өзіндік болмыс-бітімін сақтап қалмас та еді. Халқымыздың тарихи эволюциясындағы осындай бір сын сәт Кеңес үкіметі тұсындағы ашаршылық жылдары болатын. 
Миллиондаған адам аштықтың зардабын тартқан бұл алапат қайғы, әлемдік деңгейдегі трагедиялардың бірі. Зұлмат жылдардағы «қолдан жасалған» деп баға берілген геноцид ешқандай соғыссыз-ақ, бейбіт заманда миллиондардың қырғынына алып келді. Босқан халықты, аштан өлген елді көзбен көру халықты психологиялық тұрғыдан да депрессиялық күйзелістерге ұшыратты. 

Соңғы жылдары осы трагедияны көрсеткен «Жат», «Бір уыс бидай» сынды фильмдер түсірілді, ондағы жантүршігерлік оқиғалар мен азап шегулер «зар замандық», «тар замандық» ащы тағдыр тауқыметін сипаттайды. Бұл тарихтан алынған мотив немесе әртүрлі көркемдеуші қиялдың жемісі ғана емес, мұрағат материалдары мен деректерге сүйенген ұлттың ғұмыры, о дүниелік болған ата-бабаларымыздың рухының өкініші мен «аруақтардың зарлы үні», тұтас «ұлттық Меннің жан айқайы».

 Сол кезеңдерде өлім мен өмірдің, болмау мен бордай тозудың, тірі қалу мен жан сақтаудың арпалысына түскен халықтық күйзеліс әрбір жеке адамның шынайы бейнесін де ашып берді, бетпердесін сыпырып та тастады. Қаншама адамның тағдыры басқа арнаға күрт бұрылды. Талай жан бас сауғалап ел ауды. Тіршілік үшін күрес жалғаса берді. Жан сауғалау, Аман қалу, Ұрпақтарын сақтау күні-түні толғандыратын маңызды экзистенциялық мәселеге айналды.

Кейін Совет дәуірінде заман тыныштала бастаған кезде, босқан ел де туған топырағына оралғысы келді. Мәселен, «Заман-ай мен Аман-ай» туындысы да туған жерге деген сағынышты аңсау романтизмінен туған, зұлмат жылдар ауыртпалығының зардаптарын көз алдымызға алып келетін көлемді еңбек.

«Бір адам өлсе трагедия, миллион адам өлсе статистика болып келетін бұл оқиғаға неліктен ешкім жауап бермейді?» деген сауал көкейкесті, түйіні тарқамаған түйткілдердің бірі. Шындығында, адамзат тарихындағы осындай әділетсіздіктерге жауап беру, шығындарды өтеу, өтем жасау тәжірибесі кездесе бермейді, тарих өзінің тегершігімен жай ғана бірқалыпты айнала береді де, аталмыш жағдайлар «солай болған екен» деген салқынқанды жауаптармен шектеледі. Өйткені жеке тұлға ғана көзі тірісінде қылмысына жауап береді, екіншіден, үкімет, билік бұл тұста абстрактілі, онда нақты тұлға болмайды, себебі ол ауыспалы, «әкесі үшін баласы жауап бермейді» заңдылығы басқару билігі үшін де оңтайлы. Қазақ даласындағы ашаршылық та осының айнасы. Үшіншіден, халқымыздың ділінде о дүниелік болған адамның сыртынан ғайбат сөз айтуға ­тыйым салынады, айтылған жағдайда «сөзіміз ауыр болмасын» деп оның рухынан кешірім сұрайды. Дегенмен, уақыт өте, белгілі бір кезеңдерде әлемдік Метагуманизм орнаған сәтте осындай тарихи ақтаңдақтарға да қиянатшылдар тарапынан жауап беретін заман тууы ықтимал.

Бұл ахуалдың екінші бір қыры – халқымызда «тұқымың өшкір», «үрім-бұтағың жайылмасын» деген сияқты қарғыс сөздер де жоқ емес. Ал күнделікті қоғамдық санада жағымсыз, зұлымдыққа бейім мінез-құлқына байланысты «мұның марқұм әкесі осындай болған» деген сананың үрейлену тәмсілі де сақталып қалған. Оны жалпылап, кейде бір тұтас ұлтқа да осындай баға беретін жайт кездеседі. Осындай қасіреттің пайда болуының себептері мен алдын алу шарттары турасындағы мәселелерге тоқталсақ, оның объективті және субъективті қырлары бар.

Геноцидті ұйымдастырмастан бұрын қызылдар үкіметі, алдымен, ұлттық рухты құлдыратып, дін мен тіл, адамшылық пен руханилықты жат үлгіде, коммунистік идеология арнасында өрбітті. Осыдан қазақтың «Меніне», ұлттың ­рухани болмысының тұтастығына нұқсан келді, «қазақпыз» рухының орнын, «совет адамдарымыз» идеясы ­алмастырды.

Идеологиялық манипуляция салдарынан халықтың бір бөлігіне большевиктер үкіметіне ­деген сенім орнады, қызыл режим қазақтарды ­саяси көзқарастары бойынша екіге бөлді: социализмді жақтаушылар мен оған қарсы келушілер, ал үшінші бір тобы ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін білмей дағдарыс жағдайында қала берді. Осы екі жақтың қайшылығы мен қазақтар арасындағы көре алмаушылық, өзара күндестік психологиясын Кеңес үкіметі шебер пайдаланды. Жандармерия мен шолақ белсенділер, «шаш ал десе, бас алатындар» да қызыл империяға белсенді қызмет етті, олардың құрамында қазақтар да жеткілікті еді. «Малдыларға» деген өшпенділік туғызатын таптық идеология, кедейлікті насихаттау да бұл тұста іске қосылды, сөйтіп, халық арасынан шыққан «аңдушылар» мен «ұстап берушілер» тобы қалыптасты.

Сонымен қатар ұлттық қауіпсіздік жағдайында «осындай оқиғалар болған жағдайда қалай қорғана аламыз?» деген алдын алу шараларының ­болмауы да тығырыққа әкеп тіреді. Әрине, халықтың қорғаныш тетіктері турасында дөп басып айту да қиын, кейбірі шет мемлекеттерге қоныс ­аударуды ойластырды, кейбірінің көндігуден басқа мүмкіндіктері болған жоқ, «тұяқ серпу» көтерілістері қатаң жазаланып, аяусыз басып, жаншылды.

Ашаршылықтың зардабы мен салдарынан әлі де арыла алмадық. Ұлттық мінезіміздегі кейбір жағымсыз сипаттар: көреалмаушылық, қызғаншақтық, ашкөздік, қанағатсыздық, сатқындық, үрейлену генетикалық сабақтастық арқылы бейсаналық тұрғыдан құрылымданып, кейіннен де сақталып қалып, бүгін де бойымызда бары жасырын емес.

1932-1933 жылдардағы ашаршылық халықты демографиялық шығынға ұшыратып қана қойған жоқ, елдің рухани-мәдени, саяси-экономикалық жетілуін де ұзақ жылдарға артқа шегерді. ­Мысалы, қырғынға ұшыраған, басқа аймақтарға босып кеткен ұрпақ арасында қаншама өнер иелері, ғалымдар, саяси тұлғалар бар еді. Олар саяси-рухани сахнаға шығуы ықтимал еді, елімізді өркендететін, өркендеуімізде, кемелденуімізде шешуші ықпал ететін қаншама таланттар өз мүмкіндіктерін аша алмай, елі үшін атқарар қызметін орындай алмай кетті.

Ашаршылық саясаты Мендік ұлттық рухы жасыған халықты одан әрі отарлауға мүмкіндік берді. Кеңес үкіметі тұсында Қазақстанда ядролық полигон аймақтарының ашылуы, Байқоңыр айлағының салынуы, тың игеру, Екінші дүниежүзілік соғысы жылдарындағы басқа халықтарды елімізге миграциялау (Қазақстанды халықтар достығының эксперименттік зертханасына айналдыру), кемелденген социализмге аяқ басып бара жатқанымызға ерікті-еріксіз түрде сендіру, ұлттық кодты коммунизмдендіру үрей мен үміт ­билеген қоғамдық сананы орнықтырумен жалғасты. Қазір экспорттың үлес салмағы жөнінен көбіне дайын өнім тасымалдай алмайтын, шикізатқа тәуелді екеніміз, тіпті толыққанды аграрлы мекенге айнала алмай отырғанымыз да жасырын емес.

«Егер кезінде ашаршылық немесе қуғын-сүргін болмаса» деп, еліміздің бүгінгі даму деңгейін жобаласақ, әлемдік саяси сахнада биіктерден көрінетін өркениетті мемлекет болар ма едік? «Өткеннен сабақ алып, болашаққа мақсат қою» ұстанымынан айнымау, ұлтымыздың жүріп өткен жолындағы қасіретін ұмытпау, жетістіктерге жеткен кезде мерейімізді асыра білу Ұлттық Меннің өзін-өзі қайтадан тануы болмақ.

Берік Аташ,

философия ғылымының докторы,

Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры

Әсет Құранбек,

философия ғылымының кандидаты,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия

кафедрасының меңгерушісі

3013 рет

көрсетілді

45

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы