• Руханият
  • 02 Қыркүйек, 2021

ӘЛИХАН СЕМЕЙГЕ ОРАЛДЫ

Елімізде Әлихан Бөкейхан университеті бар. «Атындағы» емес, тұп-тура «Alihan Bokeihan university» деп жазылады. Семейдегі «Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті» деп аталатын оқу орны  «Әлихан Бөкейхан университеті» болып өзгерді.
Жақында осынау бір тарихи сәт, игі шараның куәгері болып ерекше тебіреніп қайтып едік. Енді сол сапардан аз баян етсек. Астанадан ҚР ЖОО ректорлары кеңесінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов бастаған, Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы қостаған шағын делегация бардық. Біз барған күні кеште ұйымдастырушылар ертеңгі бір күннің әр сағаты сықия толған бағдарлама тізбегін қолымызға ұстатты.

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл толуына орай «Әлиханның Семейге оралуы» концепциясы аясында өтетін бұл іс-шаралардың басы университеттің бас ғимаратында Әлихан Бөкейхан бюстінің ашылуымен басталды. Университетке кіре қарсы алдыңда қасқайып тұрған ұлы тұлғаның айбынды да асқақ бейнесі көзіңе түскенде бойыңды тітіркентіп жіберердей бір әлде қуаныш, әлде мақтаныш сезім кешеді екенсің. Келістіріп-ақ қашапты! Бюстінің жоғарғы жағына қайраткер тұлғаның «өз күшіне сенбеген халық та, адам да ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деген әйгілі қанатты сөзі жазылыпты. Бұл түлектердің қанатын қайтып, биікке талпынуына күш берер құдіретті сөз, әрине!

Сондай әсерлі сәтіңде домбыраны қағып-қағып жіберіп ортаға ақын шықса, ол Семейдің сонау тарихынан тартып, Семейдегі Алаш арыстарының әр ізін, ір ісін әспеттей жырласа қандай жерде, қандай істің бас-қасында тұрғаныңды қайыра есіңе түсіріп, тіпті толқиды екенсің. Белгілі айтыскер ақын, Серікзат Дүйсенғазының арнау жыры жиналған жұртты айрықша әсерге бөледі.

Университетінің ребрендингінің қатарында логотипі тұр. Бұл туралы университеттің топ-менеджері Азамат Азатов тәптіштеп тұрып баяндады. Әр сөзі, әр ойы көкейге қонымды, арманы да аяулы. «Университет атауының ағылшын тілінде берілуі – ғұлама тұлғамызды әлемдік аренаға шығару, шетелдік әріптестерге таныту, жас ұрпақ санасына заманауи тренд тілінде сіңіру ниетінен туған ізгі бастама. Әлемнің алдыңғы қатарлы, Стенфорд, Гарвард, Вашингтон, Дьюк, Иель университеттері сынды Bokeikhan University деп ауыз толтырып айтатын университет болсын деген ізгі тілек. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген аталарымыз, оқу ордамыз алдағы болашақта әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындарымен терезесін теңестіретініне сенеміз» дейді.

Оның айтуынша, негізгі түстер – қою қоңыр түс және ақшыл немесе сүт түсі. Бұл түстер де бекер таңдалған жоқ. Бұлар – логотиптегі ұлттық нақышты білдіреді.

Қош, сонымен «Әлихан Бөкейхан тұлғасы отандық ғылым контексінде: жаңа пәнаралық зерттеулер мен ізденістер» атты ғылыми практикалық конференция басталды.

«Замана ағысында ұлт көшбасшысы болған тұлға есімінің университетімізге берілуінің тарихи негізі бар. Бұл, сонымен қатар университет құрылтайшылары мен білім алушыларының ел мен Семей қаласы тарихына және ұлттық мүддені ту етіп көтерген Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қозғалысы қайраткерлерінің тарихи қызметіне көрсеткен құрмет» деді Әлихан Бөкейхан университетінің ректоры, ­саяси ғылым докторы, профессор Шырын Құрманбаева.

Конференцияда, әрине, ғалымдар сөйледі, видео құттықтаулар да тыңдалды, онлайн қатысып баяндама жасаған айтулы тұлғалар да аз болмады. Ол туралы да айтамыз, дәл қазір қалам ұшына «Әлиханның Семейге оралуы» деген сөз қайта-қайта оралып, ойымыздың XIX ғасырға сүйрей бергені. Атақты Сұлтанмахмұт Торайғыровтың:

Ешкімнің Әлиханға бар ма сөзі,

Демейді қандай қазақ оны оң көзі.

Семей тұрсын,

жеті облыс бар қазақтан,

Талассыз жеке-дара тұр ғой өзі, –  дегені қандай баға, қандай дөп! 1917 жылы «Сарыарқа» газетінде жарияланған «Әлиханның Семейге келуі» деп аталатын репортаж жазбасында: «Кешке жақын Семейде, 21 октябрьде, бұрынғы жандарал мекемесі, «Бостандық үйіне» қарай топ-тобымен ағылған қазақ еді. Семинаристер бір рет, гимназистер бір рет, куристер, мұғалімдер бір рет, саудагерлер, қырдан келгендер де бар...» деп елдің шын ықылас, пейілін сипаттай келіп, «Бұл қазақтар бұрынғыдай еріксіз «қанын сорған битін» тосып жиылған қазақтар емес, ерікті қазақтар, елге еңбегін сіңірген ерін тосып жиылған қазақтар еді. Ол ері кім еді? Ол ері: елі үшін құрбандыққа жанын берген, бит, бүрге, қандалаға қанын берген, көрдей сасық ауа, темірлі үйде Алаш үшін зарығып бейнет еткен, болса да қалың тұман, жарқылдаған түймеге алданбаған, басқадай бір басы үшін жалданбаған, «қайткенде Алаш көркейер» деген ойдан басқа ойды өмірінде малданбаған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді» дейді ғой. Бұл, әрине, қысқаша үзіндісі ғана. Осының өзі Алаш көшбасшысының биік тұлғасын айшықтай түсетін алапат сөз емес пе!

Міне, «Әлиханның Семейге ­оралуы» ойымызға салып тұрған ­тарихи сәттердің бір үзігі. Шынында, Әлихан Бөкейханның қоғамдық-саяси қызметінің алғашқы жылдары Семей қаласымен тікелей байланысты. Оны тарихшылар тәптіштеп жазды да. Ол соқпаққа соқсақ, мына шағын жазбамызда әңгіменің соңына қайта қайырылу қиынға соғар. Жазушы, тарихшы Әнес Сарайдың «Алаштың табаны – Торғай, өзегі – Семей, жұлыны – Жымпиты» дейтіні, қара сөздің хас жүйрігі Жүсіпбек Аймауытовтың «Семей – бір губерния елдің миы. Ақыл-ойдың табасы Семейде. Семей – бір губерния елдің жүрегі. Семей бүлкілдесе, бір губерния ел бүлкілдейді. Ертістің оң қабағында – Семей, солында – Алаш қаласы» дегені бәрі-бәрі қарт қаланың қаланың таңғажайып тарихынан сыр шертіп тұрған жоқ па!?

Иә, «Семей бүлкілдесе...». Осы сөзге салсақ бұл шараның аумағы тағы да кеңейіп сала бергендей. Бұған дейін де Әлиханға осы Семей қаласынан еңселі ескерткіш орнатылғаны әмбеге аян еді. Конференцияға онлайн қатысқан әйгілі ғалым, сұңғыла алаштанушы Тұрсын Жұртбай «өз туған жерінде маңдайынан еспеген самал Семей топырағында есіп, ескерткіш те қойылып еді» деп, осы істің басы-қасында жүрген азаматтарға ризалығын айтқаны да көңілді көп ойға жетелеген.

Сонымен, конференция онлайн қатысқандар мен оффлайн қатысқан ғалымдарға алма-кезек сөз берумен жалғасты.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі ­Жабайхан Әбділдин, әйгілі абайтанушы, алаштанушы, жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының ака­де­мигі Мәмбет Қойгелді құттықтау сөз­дерін жолдады.

Ақордадан видео-құттықтау жолдаған Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алаш арыстары заманның сын-қатерлеріне қарамай қазақ елінің мемлекетшілдік  идеясын жаңғыртты» деп Алаш қозғалысына саяси баға берсе, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан мен оның серіктері туралы «Әлихан – ­Алашорда үкіметін басқарған мемлекет қайраткері, Ахмет – халқымызды білім мен ғылымға жетелеп рухани ұстаз болған әйгілі ағартушы, Міржақып – ұлт бірлігі ұранынан айналған «Оян қазақ» пен тұңғыш қазақ романының авторы, көрнекті қаламгер, үш қайраткер де бірегей тарихи тұлғалар» деп атап өтті. Бұл мемлекеттің ұлы тұлғаларымызға ­деген көзқарасы мен құрметі болса ­керек» деді. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Алтынбек Нұқұлы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы құттықтау сөзін жолдады.

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлы «Абай, Алаш, және Ян Гус» деген тақырыпта, Л.Н.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің «Алаш» ғылыми-зерттеу институтының ­директоры, әлихантанушы, алаштанушы ғалым Сұлтанхан Аққұлұлы «Семей – «Алаш» ұлт-азаттық қозғалысы мен мемлекетінің ордасы» тақырыбында, Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, тарихшы, шежіреші Мұхтарбек Кәрімов «Әлихан Бөкейхан өмірінің Семей кезеңі» атты Л.Н.Гумилев атындағы ­Еуразия ұлттық университетінің түркітану кафедрасының профессоры, филология ғылымының докторы, алаштанушы ғалым Амантай Шәріп «Әлихан Бөкейхан және «Темірқазық» журналы» атты баяндама жасады. Өзге де ғалымдар мінберге көтеріліп Әлихан, Алаш, Семей тақырыбында дәйекті, дәлелді сөздерін айтты.

Жиын қорытындысында осы жиынға қатысып отырған Қазақстан Респуб­ликасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, абайтанушы ғалым Ғарифолла Есімге, ­Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы университетінің профессоры, филология ғылымының докторы, әдебиеттанушы ғалым Арап Еспенбетовке, Мәмбет Қойгелді, Тұрсын Жұртбайға «Әлихан Бөкейхан университетінің құрметті профессоры» атағын берді.

Жиыннан кейін Алаш арыстарына құран-қатым бағышталып, Әлихан Бөкейхан ескерткішіне гүл шоқтарын қойып құрмет білдірілді. Іс-шара аясында Алаш арыстарының ізі қалған тарихи ғимаратқа қойылған ескерткіш тақта ашылды. Бұл ғимараттың тарихы да өз алдында жатқан бір байтақ әңгіме. 1897 жылы ерлер гимназиясы болып ашылған ғимарат. Гимназияда Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлері Әлімхан Ермеков, Халел Ғаббасов, Жақып Ақбаевтың інісі Абдулхамит Ақбаевтар білім алған. Ескерткіш тақтаға «Бұл ғимаратта XX ғасырдың  басында Алаш қайраткерлері білім алған» деп жазылған. Тарихи ғимарат енді Әлихан Бөкейхан университетінің бірінші оқу корпусы.  Қандай үндестік, қандай мақтаныш дерсің! Ал тағы бір тамашалайтын дүние Алашшыл жастардың талпынысымен еңселі үйдің қабырғасына салынған «Әлихан Бөкейхан бейнесі» туралы болды. Қонақтар үй қабырға­сындағы шебер салынған Әлихан бей­несімен естелік суретке түстік.

Қысқасы, ендігі Әлихан Бөкейхан университеті Шығыс Қазақстан өңіріндегі ең ірі, көп салалы жоғары оқу орындарының бірі.

Құрылғанына 23 жыл болған университетте бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінің күндізгі және қашықтан оқу бөлімдерінде мемлекеттік грант есебінен және ақылы бөлімдерде 7000-нан астам білім алушы оқиды. Оқу ордасынан жыл сайын түрлі бағытта ел экономикасының қажеттігін өтейтін мыңдаған кәсіби маман қанат қағуда.

Міне, бұл үлкен оқу ордасы! Енді университет аты затына сай болса дейміз. Оны ресми де, бейресми де отырыстарда сөз алған университет ректорынан ­бастап, ұстаздар қауымы терең сезінетінін көрсетті. Алашшыл болу Алаш атын ұрандай беру емес, сол Алаштың ерлеріне ұқсап бағу болса керек! Сондайлық махаббат, сондайлық жігер, білім-білікпен елге қызмет ету болса керек. Міне, Әлихан университетінің көздерінен ұшқын атқан болашақ жас қырандарының бойынан соны көргіміз келеді.

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ

НҰР-СҰЛТАН –  СЕМЕЙ – НҰР-СҰЛТАН

1585 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *

Jaynur

06 Қыркүйек, 2021

Нұрсұлтан қаласындағы Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің аты Алихан Бөкейханов атындағы Алаш университеті болып өзгерсе екен ... ALASH UNIVERSITY ...

ANA TILI №21

22 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Қали Сәрсенбай

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы