• Мәдениет
  • 05 Тамыз, 2021

Ертегі – ел ертеңі

Отан отбасынан басталады. Расымен де, шағын ғана мемлекет саналған отбасы адам баласының алтын діңгегі. Мейірім мен махаббатқа толы отбасында шыр етіп дүниеге келген нәресте ер жеткенше ата-ананың мектебінен білім алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті әрі қасиетті алтын мектебі. Аталған  мектептен саналы тәрбие алған бала  отбасына да, қоғамға да жақсылығымен пайдасын тигізеді. Өскелең ұрпаққа түзу жол, жақсы тәрбие көрсетіп, бағыт-бағдарын айқындауда Қазақстан халқы ­Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің атқарған жұмысы өте ауқымды. Жас ұрпақты үлкен өмірге даярлау, тұрмыстық мәселелерді шешу, тәрбиелеу мәселелерін талқылау, ұлттық құндылықтарды сақтау бағытында нәтижелі жұмыс істеп келе жатқан Алматы облысындағы Іле аудандық Аналар кеңесі «Ертегі – ел ертеңі» жобасын өткізді.  

Ертегі – ауыз әдебиетінің ықылым ­заманынан келе жатқан көне де мол мұрасы. Ертегілер негізінен қиял-ғажайып, шыншыл, жан-жануарлар, тұрмыс-салт болып бөлінеді. Халқымыз «Ертегісі жоқ елдің ертеңі жоқ» деп текке айтпаған. Аталы сөзге сүйенген аналар «Ертегілер еліне саяхат» тақырыбында Өтеген батыр ауылындағы арбатта демалушылар мен балаларға  өнегелі ертегі оқып, балаларға базарлық ұсынды. Бұл шараны ұйымдастырудағы мақсат – қазіргі кездегі балалардың  әлеуметтік желіге тәуелділігінің алдын алу  және қазақтың салт-дәстүрін құрметтеп, ұлттық үлгідегі ертегілерді, ән-шашуды, жырды жас өрендерге кеңінен ­насихаттау. Бүгінгі балалар таңның атысынан кештің батысына дейін қалтафонның құрбанына айналып жатқаны ­жасырын емес. Бұл  олқылықтың алдын алу үшін қоғам болып күрес жұмыстарын жүргізуіміз ­керек.  Ертеңгі ел тізгінін ұстайтын жастарды ертегі еліне саяхат жасатып, балалардың сөздік қорын байытып, жақсыға үйретіп, жаманнан жиренуге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтті. Баланың ойлау, есте сақтау қабілетін арттыруда ертегінің берер пайдасы зор екенін балдырғандарға барынша түсіндірдік.
Ертегілердің «Бұрынғы өткен заманда, ерте-ерте...» деп басталуынан да оның ерте ғасырлық туынды екенін аңғару қиын емес. Демек, балалар өткенге саяхат жасай отырып, сол заманды көз алдына елестетеді. Бұл жас өреннің ойының, қиялының дамуына көп әсер етеді. Қиял-ғажайыпқа толы ертегілерде халық басынан кешкен түрлі оқиғалар суреттеледі. Оларда еңбекші халықтың тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, елдік тарихы, қилы-қилы қиын асулары, халықтың арман-мұраты бейнеленген. Ғасырлар бойы сақталған құнды дүниелерді бүгінгі заманның жаңа буыны естіп, сезінулері керек.  Барлық елдің ауыз әдебиетінен мол орын алған және халықтың жазу-сызу өнері болмаған кезінде ауызша шығарған күрделі шығармасы  қанша уақыт өтсе де өз құндылығын жоймайды. Егер ұрпағымыз сауатты, жан-жақты, ұлттық құндылықты ұлықтайтын, ел ертеңіне алаңдайтын нағыз елжанды ұрпақ болып өсуін қаласақ, біз, яғни үлкендер түзу жол көрсетіп,  дұрыс бағыты мен бағдарын айқындап беруіміз қажет. 


Мейрамгүл ЖАБИЕВА,
Іле аудандық Аналар кеңесінің төрағасы

490 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы