• Мәдениет
  • 05 Тамыз, 2021

Татулық пен бірліктің тұғыры

Алматы облысы Алакөл ауданының Ішкі саясат бөлімі және Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Ассамблея – татулық пен бірліктің тұғыры» тақырыбында аудан және ауылдық округ тұрғындарымен кездесу өтті. Жиынға «Жаңғыру жолы» өңірлік штабының мүшесі Владимир Чепель қатысты.

 Алакөл ауданына қарасты Қабанбай, Ақжар, Бескөл, Жағатал округтерінің тұрғындары карантин талабын сақтай отырып, жиынға қатысты. Қазақ тілінде еркін сөйлеп, әдет-ғұрыптар мен салт-дәстүрді ­ерекше құрметтейтін В.Чепельдің айтқан ұтымды ойлары мен жастарды жігерлендіре сөйлеген сөздері көпшілікті сүйсіндірді. Кездесуде ең бірінші ұлтаралық татулық, ынтымақ, береке-бірлік жайлы сөз қозғаған Владимир ­Сергеевич адамның парызы халқына адал еңбек ету керектігін жеткізді. 
– Қазақстан – бәріміздің Отанымыз. Сондықтан елге қызмет ету, елге пайда тигізу – бәріміздің азаматтық парызымыз. Елдегі тыныштық пен ұлтаралық татулықты сақтап, ынтымағымыз бен бірлік-берекемізді асырып, тату-тәтті ғұмыр кешу үшін біз ешқашан да ұлтқа бөлінбеуіміз керек. Бір-біріміздің ана тілімізге, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрыптарымызға асқан сыйластықпен қарағанымыз жөн. Бұл сыйластық пен құрметтің астарында достық деген қасиетті ұғым барын ұмытпауымыз керек. Ал елдегі татулық, береке, бірлік, тұрақтылықтың барлығы осы қасиетті достық деген сөзден тарайды. Бір емес, бірнеше этнос өкілінің басын қосқан Қазақстан Республикасының халық Ассамблеясының көздеген мақсаты да осы татулық туын биікте желбірету. Бүгінде республикада Қазақстан этностарының мәдениеттері, тілдері, дәстүрлерінің дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Этномәдени бірлестіктердің саны да тұрақты өсіп келеді. Ассамблея қызметі этносаралық қатынастар мәселелерін тиімді шешіп келе жатқан ел ретінде Қазақстан Республикасының халықаралық беделінің өсуіне ықпал етіп отыр. Бүгінде Елбасы Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық пен қоғамдық келісім үлгісі әлем назарын аударып отырғанының өзі біз үшін үлкен мәртебе. Міне, біз осы жолдан тайып кетпеуіміз керек. Қолдағы береке мен бірліктің қадірін білсек биіктен көрінетіміз анық. Басты байлық – елдегі тұрақтылық, достық, сыйластық, – деген ойымен бөліскен Владимир Чепель шараға қатысып отырған өзге ұлт өкілдерін мемлекеттік тілді құрметтеп, қазақ тілін ана тілімен бірдей үйренуге шақырды. Өте бай, көркем мемлекеттік тілді ортақ байлығымыз деп түсінуге үндеді. 
Жиында аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Ұлжалғас Дюсебаева  татулық пен береке-бірліктің айнымас қағидасы жайлы, мемлекеттік тіліміздің қадір-қасиеті туралы ой толғады. 
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылы ­1 ­наурызда құрылды. Оның дамуы барысында ­Н.Назарбаевтың этносаралық толеранттылық және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты, ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея ел Президенті Төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды. Міне, елдегі барлық этнос өкілдері бір шаңырақ астына бір-бір уық болып қаланды. Шаңырақтың шайқалмай тұруы осы уықтардың мықтылығына байланысты. Біз елдегі этносаралық татулықтың тұғыры биік екенін айтып мақтанамыз. Осы тұғырды төмендетпеу бәрімізге артылған зор жауапкершілік. Біздің болашағамыз – жастар. Олардың бастамалары мен ұлы жоспарын, тың ойларын үлкендер қауымы үнемі қолдап, түзу жол көрсетуге дайынбыз. Жастары мықты елдің келешегі кемел болады. Біздің елде патриот, жігерлі жастар көп. Соның бірі  қаны орыс болса да, жаны қазақ болып кеткен өзіміздің Владимир Сергейұлын ерекше мақтанышпен айтқым келеді. Кейінгі буын осындай арлы азаматтардан үлгі алу керек. Айналайындар, жастар бірігіп, ертеңгі елдің болашағын жарқын етіңдер. Ол үшін ұлттық құндылықтарды құлдыратпағандарың жөн, – деді Ұлжалғас Дюсебаева.
Алакөл аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы Бейбіт Айтахметов іс-шараны қорытындылап, Владимир Чепельге аудан жұртшылығы атынан зор алғыс білдірді.

863 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы