• Әдебиет
  • 09 Қыркүйек, 2021

Ақаңның 700 хаты

Ақселеу Сейдімбек қайтыс болғанда қазақтың қабырғалы қаламгері Әбіш Кекілбаев: «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Серi қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пiр қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бәрi қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кәтептi қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бәрiнiң орнына бiр ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудiң орнына кiм жүре алады?» деп орны толмас қазаға қатты қайғырған екен.
Сол Ақселеудің ойсырап қалған орнын толтырудың кішкентай қадамы – қаламгер жазбаларының қатталып, тасқа басылып оқырманға жетуі ғой. 2021 жылдың 27 тамызында Қазақстан Республикасының Ұлттық архивінде Ақселеу Сейдімбектің жеке қорындағы архив материалдарына сүйене отырып құрастырылған «Ақселеудің асыл мұрасы» атты құжаттар жинағының тұсаукесері өтті.
Іс-шараға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжат­таманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқаров, ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының ­лауреаты Несіпбек Айтұлы, Халықаралық Түркі академиясының президенті, ­«Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Мемлекет қайраткері, құжаттанушы ­Мирболат Жақыпов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Задаш Дүкенбаева және Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің Ғылыми кеңесінің мүшелері мен архив қызметкерлері қатысты.
– Ақселеу әлемі – бұл бүкіл қазақ әлемі. Мұндай тұлға сирек туады. Ақселеудің бүкіл өмірі, бүкіл жан-дүниесі арман мүддесі ұлтқа қызмет етумен өткен. Ақселеу Сейдімбек қазақ әдебиеті мен өнерін, мәдениеті мен руханиятын дамытуға өлшеусіз үлес қосып, төл тарихымызға жарқын қолтаңбасын қалдырған жан, – деп атап өтті ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.
Шара барысында А.Сейдімбекпен үзеңгілес болған, бірге қызмет атқарған қа­ламдас достары Н.Айтұлы мен Ә.Асқаров естеліктерімен бөлісіп, қалам­гердің өміріндегі қызықты оқиғаларды тілге тиек етті.
Айта кетейік, Ақселеу Сейдімбектің жеке құжаттары Қазақстан Республика­сы­ның Ұлттық архивіне 2009 жылдың қыркүйек айында қабылданған. «Ақсе­леудің асыл мұрасы» атты жинақ құжаттар мағынасына сәйкес алты бөлімнен тұрады. Әр бөлімдегі құжаттар қаламгердің маңызды еңбектерінің мазмұнын аша түседі. Жинақтың бірінші бөлімінде «Жеке құжаттары» жинақталған. Оған А.Сейдімбектің өмірбаяндық құжаттары, құттықтаулар, марапаттау құжат­тары, мінездемелері, фотосуреттері, монографиялық еңбектері, көркем шығармалары мен кітаптары енгізілді. Екінші бөлімде: «Хаттары» құралған. Архивтегі құжаттық қордың біршама бөлігін қор иесінің жазған хаттары құрайды. Онда 1961-2009 жылдар аралығында жазылған 700-ге жуық хаттары жинақталған. Бұл хаттың барлығын түгелдей жинаққа енгізу мүмкін емес. Сол себепті Ә.Марғұланға, Ш.Мұртазаға, М.Мағауинге, Т.Сағитовке, И.Тасмағамбетовке, т.б. белгілі әдебиет және қоғам қайрат­кер­леріне, қаламдас достарына жазылған хаттары ғана іріктеліп алынды. ­Шынайы сағынышпен әрі қызмет бары­сындағы мәселелермен жазылған хаттары сөз саптау шеберлігімен, ерекше мазмұнымен қызықтырады. Үшінші бөлім: «Этнографиялық жазбалар» ­(немесе «Этнографтың қойын дәптерінен»). А.Сейдімбек Қазақстанда этнографиялық ізденістердің жандануы­на ықпал еткен жазушылардың бірі. Қолжазбалар «Салт-дәстүр көріністері», «Ұғым», «Түсінік», «Ырым», «Ас қамы – адам қамы», «Қазақтың ұлттық ойындарына қатысты», «Төрт түлік», «Табиғат – ана» деп жинаққа жазушының өзі топтап, жіктегені бойынша енгізілген. Төртінші бөлім: «Замандастар туралы ой-толғаулар» деп аталады. Бұл бөлімде жазушының қазақ халқына белгілі зиялы қауым өкілдері атақты ғалым Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ш.Уәлихановтай тұлғалар туралы толғаулары, сонымен қатар басқа да қаламдас достарына жазған естеліктері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші секретары Д.А.Қонаевқа қолөнерші-шебер Дәркембай Шоқпарұлының үй-жайының жоқтығын, шәкірт дайындайтын шеберханамен де қамтамасыз етіп, қамқорлық жасауына көмек сұрап, Ғ.Мүсіреп бастаған белгілі тұлғалар бірігіп жазған хаты да бар. Бесінші бөлімге «Мақалалары» енген. Профессор Ақселеу Сланұлының құжаттық мұрасының басты бөлігін баспасөз беттерінде жарық көрген мақалаларының, кітаптарының, ­повесть, очерк, әңгімелерінің қолжазбалары және еңбектерінің өз қолымен түзетілген машинкалық нұсқалары құрайды. 1959-1969 жылдар аралығында газет-журнал беттерінде жарияланған әртүрлі тақырыптағы мақалалары іріктеліп алынды. Ал алтыншы «Естеліктер» бөлімінде замандастары мен көз көрген достарының А.Сейдімбек туралы сағынышпен жазған естеліктері берілді.
Жинақтың соңғы «Фотосуреттер» бөлімін жазушының әртүрлі фотосуреттері құрайды.
Ақселеу Сейдімбектің өмірі мен шығармашылығын, барлық зерттеулерін бір жинақпен қамту мүмкін емес. Жазушының ең маңызды деген құжаттары мен қолжазбаларынан ғана жинақталған шағын дүние екенін айтып өткен жөн. Алдағы уақытта А.Сейдімбек еңбектеріне қызығушылық танытатын ұрпақ Ұлттық архивтің жеке қорынан жазушының баға жетпес байлығын іздеп табары сөзсіз.

Алмагүл Ұлтанбекова
 

1888 рет

көрсетілді

1

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №16

25 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы