• Мәдениет
  • 09 Қыркүйек, 2021

­«МИНОТАВРЛАР МАРАФОНЫ»

Ә.Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер мұражайында Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкірұлы­ның «Минотаврлар марафоны» атты  жеке көрмесі ашылды. Көрме Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына, Қайырбай Зәкірұлының 75 жасқа толуы құрметіне және ҚР Көркем академия­сының 15 жылдығына арналыпты.
Көрменің ашылу салтанатында алғашқы болып сөз алған Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы Наурызбай Байқадамов мерейтой иесі туралы жүрекжарды лебізін білдірді.

– Тәуелсіздік алған 1991 жылы елге тұлға болатын кімдер бар дегенде азаматтар ақылдасып, Қайырбай Зәкірұлын Алматыдан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне шақыртып алдық. Қайрекең сонда көркем сурет ­кафедрасын ашып, өзі басқарып, шәкірт тәрбиелеудің жауапты жұмысына кірісіп кетті. Отыз жылға жуық уақытта жүздеген жасты сурет өнеріне ­баулып, қазақ мәдениетіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Суретшілік мектебін қалыптастырды. Осы жылдар ішінде көрші мемлекеттерден бастап, Ресей, Түркия, АҚШ, Жапония, Португалия, Қытай, Марокко, Иемен елдерінің өнер мұражайларында көрмелері өтті. Қайырбай Зәкірұлы бүгінде кемеліне келген шеберлік биігінде. Сондықтан сізге шығармашылық шабыт, зор денсаулық тілейміз, – дей келе Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіхалықованың мерейтой иесіне деген құттықтау хатын оқып беріп, жерлестері атынан Қайырбай Зәкірұлына салтымыз бойынша шапан кигізіп, құрмет көрсетті.

Қызылорда облыстық мұра­жайы­ның директоры Сапар Күзейбаев, Қазақстан суретшілер одағының хатшысы Камила Ли және Көркем академия суретшілері ыстық ықыластарын білдіріп, мерейтой иесінің кеудесіне аталмыш одақ пен академияның құрмет медалін тақты.

Осыдан соң жиналған қауым суретшінің соңғы екі жыл бедерінде салған шығармаларын тамашалап, Қайырбай Зәкірұлының философиялық суреттеріне тәнті болды. Біз осы көрмені тамашалап жүрген белгілі суретші ҚР Мәдениет қайрат­кері Еркін Нұраз­ханды Қайырбай Зәкірұлының шығарма­шылығы туралы сөзге тартып, пікірін білген едік.

– Қайрекең қазіргі таңда еліміздегі жасы жөнінен де, атақ, абыройы тұрғысынан да үлкен, ақсақал суретшілеріміздің бірегейі. Аға буын суретшілер Исатай Исабаев, Мақым Қисамединовтардың жалғасындай шебер. Бейнелеу өнерінде өзіндік орны бар. «Ұлбаланың бақыты», ­«Базар жырау» деген суреттер топтамасы кезінде суретшілер қауымы тарапынан жоғары бағаланған. Сыр елінің азаматы болған соң сол өңірдің аңыздарымен бүгінгі күнді байланыс­тырып салған суреттері өте ерекше. Бейнелеу өнеріне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары келген болса, тоқсаныншы жылдардан кейін өзіндік бір стиль тапты. Әр шығармасында философиялық ерекшелік бар. Өздеріңіз білесіздер, Арал тағдыры өткен ғасырда талайдың жанын ауыртты ғой. Біраз шығармалары сол Аралға, ондағы адамдар тағдырына арналған. Кейбір суреттерінен ащы мысқыл, әзіл, сарказм көрініс береді, карикатура іспетті. Енді бір суреттерінде фантастика элементтері кездеседі. Олар басқа ғаламшар кейіпкерлері сияқты елестейді. Сондықтан көрмедегі суреттерді көру керек. Оны әр адам өз түсінігімен қабылдайды. Мен мына суреттерді жетпістен асқан қарт суретші салды дегенге сене алмай тұрмын. Құдды бір жиырма-отыздағы энергетикасы мол жас суретші салғандай. Ішкі күш, қуаты сезіліп тұр. Кейбір суреттерінен лирика, әуен естігендей боламыз. Қайрекең өзі де поэзияға, жырға жақын жан. Қолына домбыра алып жырлап кетсе Сыр сүлейлерінің сынығындай серілігін көреміз. Ағамызға құдай қуат берсін, шығармашылық жолы бұдан ары да жалғасын тапсын, – дейді ол.

«Сыр-Медиа» бас директоры, Аманжол Оңғарбаев: «Қайырбай ағамыз сегіз қырлы, бір сырлы адам. Суретшілігі қанмен сіңген қасиеті болса, бұл салада жеткен жетістігі бір төбе. Екінші қасиеті ұстаздығы. Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетте отыз жылға жуық уақыт ұстаздық қызмет атқарып, жүздеген шәкіртті бейнелеу өнеріне тәрбиеледі.

 Қайрекеңнің үшінші бір қыры ақындығы. Аз жазса да, саз жазатын ағамыздың өлеңдер жинағы «Шалқасынан туған ай» атты кітап болып шыққан болатын. Ол жинағына ақындар мен өлеңсүйер қауым жоғары бағасын берген болатын.

 Ағамыздың төртінші қасиеті журналистикаға да бет бұрып, сурет өнері жалпы қоғамдағы өзге де мәселелерге қалам тартып, көптеген мақалалар жазған. Журналистермен сұхбат құрғанда да сүбелі ойлар айтып, қоғамдағы әртүрлі жағдайларға өз ойын ашық білдіріп отырады. Сыр өңіріндегі көптеген тәуелсіз басылымдардың жарық көруіне мұрындық болып, солардың «кіндік әкесі» атанған жайы да бар. Осы қасиеті кейін қайраткерлікке ұласты. Аралдың тағдырына араша түсіп, теңіздің қалпына келуіне өзінің азаматтық үлесін қосты.

Бұдан кейінгі үлкен бір қасиеті жыршылығы. Ол кісі жыр, дастан­дарды жатқа айтқанда Сыр сүлей­лерінің жалғасындай жыршы. Тыңдар­мандарын ұйытып тастайтын арқалы жыршылардың қатарынан көрінеді.

– Сонымен қатар Қайрекең артынан ерген інілеріне, шәкірттеріне шынайы қамқоршы болып, жол көрсететін көшбасшы тұлға, мейірімді аға. Осы мейірімділігінің нақты дәлелі – бес бала тәрбиелеген қамқоршы әке. Енді бүгінде немерелерінің қуанышына бөленіп отырған ардақты атаға айналды. Сөз соңында еңбегіңіз жана берсін жақсы аға дейміз» деген пікірін айтты.

Айта кетейік, көрмеге автордың жеке жинағынан алынған отызға жуық туынды қойылған.

Қайырбай Зәкірұлы – әйгілі қазақстандық суретші, график, Қазақстан бейнелеу өнеріне 1970 жылдары келген көрнекті тұлға. Ол көпшілікке «Ұлбаланың бақыты», «Теңіз туралы толғау», «Базар жырау» топтамаларымен белгілі. Философиялық терең ойлайтын суретшіні әлем, адам болмысы, уақыт байланысы және ата-бабалардың рухани мұрасы тақырыптары толғандырады. 1990 жылдардан бастап суретші шығармашылығы өзгеріске ұшырап, туындыларында мифологиялық сюжеттер мен ғарыштан, бейне бір құс жолынан келгендей мистикалық бейнелер пайда болады.

«Минотаврлар марафоны» – Қ.Зәкірұлының акварель туындылары топтамасының шартты атауы. Оған соңғы екі жылда орындалған жиырмаға жуық акварель парақтары кіреді. Мұндай тақырыптың таңдалуы, ең алдымен, суретшінің дүниетанымы мен көзқарасының өзіндік ерекшелігінде жатыр. Өмір мен өнерді марафон деп қабылдайтын ол, өз шығармаларында уақыт пен сезімнің трагедиясын көрсетуге тырысады. Егер суретші үшін графика – ең алдымен ойлау, дүниетанымды көрсету тәсілі болса, онда акварель – сезімдері мен эмоционалды рефлекстерді жеткізудің құралы. Шын мәнінде, автор «Күлтегін», «Қызыл құмыра», «Чонтваридің жұмағы», «Толғанай», «Қаңбақ», «Реквием», «Летаргия», «Талтүс», тағы басқа акварель жұмыстарында адам құндылығының жоғалуы сынды уақыттың қасіретін ішкі жан дүниесінен өткізе отырып, мысқылмен, сарказммен жеткізеді.

Нұрболат АБАЙҰЛЫ

«Ana tili»

1382 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы