- Тарих
- 10 Наурыз, 2011
Қазақтың Әлиханы
Биыл қоғам және мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық және Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы қызметін атқарған Әлихан Бөкейханның туғанына – 145 жыл. Әлгіндегі атақ-дәрежелермен қатар Әлихан Нұрмұхамедұлының публицист, ғалым, аудармашы да болғаны көзіқарақты азаматтарға жақсы белгілі.
Реті келіп тұрғанда, Әлиханның қысқаша өмірбаянына тоқтала кетейік. Ол бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысының жетінші ауылында дүниеге келді. Әлихан бала кезінен зерек, алғыр болып өседі. Осыны сезген әкесі оны Қарқаралыдағы жергілікті молданың оқуына береді. Молданың оқуы зерек баланы қанағаттандыра қоймайды. Содан осы қаладағы үш сыныпты бастауыш мектепке ауысады.
Бұл оқуды тәмамдаған соң Қарқаралыдағы қазақ балаларына арналған мектепте білім алады. Мұнан соң білім жолы Омбыға түседі. Осындағы техникалық училищеде оқып, «техник» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Білімге құштар жас жігіт мұнымен шектеліп қалуды жөн санамай 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі орман институтының экономика факультетінде оқып, білім алады. Алғыр жас студенттік жылдары қалада өтіп жатқан кештерден қалмай, пікірталастарға араласып отырады. Бұл туралы 1900 жылдың бас кезінде шыққан «Семипалатинский листок» газетінде былай деп те жазылады: «Ол орман институтының студенті болып жүрген кезінде барлық студенттік қозғалыстарға белсенді түрде араласып, әсіресе, солшылдарға ілесетін. Марксизм туралы қызу пікірталастарда экономикалық материализм қағидаларын дес бермей қорғайтын». Әлихан осындай кездесулердің белортасында жүргені анық. Әйтпесе «саяси сенімсіздердің қара тізімінде» жүрмес еді. Ол белсенділігінің арқасында Ресей жандармериясының назарына ілігеді. Институтты бітірген соң қайтадан Омбыға оралды. Осындағы орман шаруашылығы училищесінде математика пәнінен сабақ берді. Осында жүріп өз ойын шыңдай түсті. Социалистік бағыт ұстанған «Степной край» газетінің қызметіне араласты. Газеттің редакция алқасының мүшесі болды. Осы жылдары Әлиханның Щербина экспедициясына қатысқанын айта кеткеніміз жөн. Бұл экспедицияға қатысқандығының да көп пайдасы болды. Көкейкесті мәселе саналатын жер қатынастарын тереңінен түсініп, белгілі бір тұжырымдар жасай білді. Сонымен қатар Ресей империясының бұрын өзі байқай бермейтін қыр-сырларына қанықты. Бәрінен бұрын Әлиханға бірінші орыс революциясы үлкен әсер етті. Бұған дейін маркстік бағытты ұстанып келген жастың саяси көзқарасы да өзгерді. Ол осындай кезде неге, қандай күшке арқа сүйеді? Ең алдымен, қазақ даласын отарлауды мақсат еткен патша өкіметімен күрес жүргізу үшін қазақ халқының басын біріктіруді ойлады, сонымен қатар орыс қоғамының ішінде ресми күштерге сүйенуді көздеді. Әлихан 1905 жылы Мәскеуде өткен земство және қала қайраткерлерінің съезіне қатысты. Съезде қазақ халқының мүддесін көздеп, сөз сөйледі. Сөз арасында тіл, дін, сайлау, тағы басқа да мәселелерді көтерді. Осы жылы «Халық бостандығы» (конституциялық-демократиялық) партиясының мүшелігіне, бір жылдан кейін сол партияның Орталық Комитетінің құрамына кірді. Сол жылы Семейде өткен қазақ сайлаушыларының съезінде «Халық бостандығы» партиясының бағдарламасын қуаттап, сөз сөйледі. Әлихан Семей облысы қазақтары атынан Бірінші Мемлекеттік Думаға депутат болып сайланды. Алайда Әлихан Дума жұмысына қатыса алмады. Сол кезде Дала губернаторының негізсіз жарлығымен әрі соттың тергеуінсіз үш ай абақтыға қамалды. Абақтыдан шығу бойы Санкт-Петербургке барғанда патша үкіметі Думаны таратып жіберген болатын. Думаның мүшелері болса наразылық танытып Финляндияның Выборг қаласына аттанып кеткен еді. Әлихан да солардың соңынан қалмай Выборг үндеуіне қол қояды. Осы үшін де ол жазаға тартылып, Семей түрмесінде үш ай отырып шығады. Әлихан күрескерлік жолда газеттермен тығыз байланыс жасап тұрды. Ол Омбыда жарық көрген «Голос степи», «Омиш», «Иртыш» газеттерінде, Петербургте шыққан меньшевиктік «Товарищ», кадеттік «Речь», «Слова» газеттерінде редакторлық қызмет атқарды. Кейін «Қазақ» газетін ұйымдастыруға, онда ұлттық мәселелердің көтерілуіне зор үлес қосты. Әлихан ұлттық мемлекет құруды мақсат етті. Сондықтан да ол кадет партиясының құрамынан шықты. Әлиханның жетекшілігімен 1917 жылы шілдеде жалпы қазақ съезі өтті. «Алаш» партиясы құрылды. Бұл бір қиын кезең еді. Ресей империясында да жағдай мың құбылып жатты. Осы кезде Ә.Бөкейхан мен А.Байтұрсынұлы бастаған ұлт қайраткерлерінің ұсынысы бойынша Орынбор қаласында 1917 жылдың 5-13 желтоқсан аралығында күн тәртібіне қазақ мемлекеттігі туралы мәселе көтерген жалпы қазақ съезі болды. Осында кеңестік билікке қатынас жөнінде мәселе көтерілді. Бұл туралы Ә.Бөкейхан баяндама жасады. Съезде «ұлт кеңесі» құрылды, оған «Алашорда» деген ат берілді. 25 орыннан тұратын осы үкіметтің төрағасы болып көпшілік дауыспен Ә.Бөкейхан сайланды. Анығын айтқанда, Алашорда өкіметі кеңестерге қарсы күресті. Ақ казактар мен патша генералдарын қолдады. Большевиктер партиясы қазақ қоғамын күйретуі мүмкін деген тұжырымға келді. Алашорда жасақтары қызыл әскерге қарсы шайқасты. Әлихан Кеңес билігі тұсында да өз көзқарасынан танған емес. Бұл уақыттары қандай қызметтерді атқарды? Қазақ АКСР Егіншілік халық комиссариаты алқасының мүшесі, Халық комиссариаты (Мәскеу) жанындағы Орталық баспаның ғылыми қызметкері, Ресей ҒА-ның ғылыми қызметкері болды. Дегенмен Сталин басқарған билік революцияға дейінгі қазақ зиялыларына сенімсіздікпен қарады, оларға жауапты қызметтер бермеді. 1925 жылы Қазақстандағы саяси билікке келген Ф.Голощекинге де Әлихан ұнай қоймады. «Қазақтар Қазақстанды қалай басқару керектігі туралы бірінші басшы Голощекиннен емес, Мәскеудегі Бөкейхановтан ақыл сұрайды» деп ашу-ызаға басты. Зорлықшы билік Әлиханды әртүрлі себептермен әлденеше рет абақтыға жапты. Ақырында 1937 жылы 27 қыркүйекте КСРО Жоғарғы Соты әскери коллегиясының негізсіз үкімі бойынша ату жазасына кесілді. Мұрағаттар деректеріне қарағанда бұл үкім сол күні іске асқан. Әлиханның аты-жөні «1-категориялы» деген тізімнің ішінде болған. Бұл тізімге Сталиннің өзі қол қояды екен. Алаштанушы С.Аққұлыұлының жазуына қарағанда, Әлихан сүйегінің күлі Мәскеудегі Дон зиратында жерленген көрінеді. 1989 жылдың 14 мамырында ғана КСР Жоғарғы Сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан Әлихан ақталды. Әлихан өз ойларын қағазға түсіріп, бірқатар маңызды еңбектер де жазды. «Қырғыз өлкесінің тарихи тағдыры және оның мәдени жетістіктері» атты еңбегі 1903 жылы жарық көрді. «Қырғыздар» деген тағы бір еңбегі «Қазіргі заманғы мемлекеттердегі ұлттық қозғалыстардың формалары» атты жинақта 1910 жылы басылды. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық көтерілісі де Әлиханның назарынан тыс қалмады. 1923 жылы Ташкентте «Сұлтан Кенесары Қасымовтың тарихына қатысты материалдар» деген кітапшасы шықты. Ол Абайды ерекше бағалады. Оның өлеңдері мен нақыл сөздерін жинауға атсалысты. Әрине, қазақ үшін қызмет еткен, осы жолда өмірін де қиған Әлихандай ардагер ұлдың атын мәңгілікке қалдыруда ештеңе істеліп жатқан жоқ десек, мұнымыз артықтау болар. Туған жерінде ескерткіш бой көтерді. Өткен жылы ҚР Мәдениет министрлігі мен Қазақстанның Ресейдегі елшілігі Орынборда ескерткіш-тақта орнатты. Мектепке есімі берілді. Көше аты бар. Алайда бұлардың өзі аздық етеді. Астанадағы көше – көше деген аты ғана. Кішкентай. Мәскеуде Әлихан он бес жыл тұрған үй бар. Осы ғимаратқа да ескерткіш-тақта орнатуға әбден болар еді. Жаңа Дон зиратын еске алдық. Мұнда да белгі қоюға болмас па? Қазақ үшін Әлиханның орны бөлек. Оның есімі ешқашан да ұмытылмақ емес. Нұркен Жандәулетұлы
4777 рет
көрсетілді1
пікір