• Тіл
  • 09 Қыркүйек, 2021

Тілге құрмет – елге құрмет

Қасиетті қазақ жерінде жүзден аса өзге этнос өкілдері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Кейінгі кезде өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін меңгеруге деген қызығушылықтарының артқандығы қуантады. Оған жергілікті жердің этнос өкілдеріне арналған қазақ тілін грамматикасыз, жеңіл әрі оңай жолмен, яғни ауызекі сөйлеуді үйрету мақсатында  «Қазақша сөйлейік» атты клуб құрылғандығы дәлел. 

Тілге құрмет көрсету арқылы елге құрмет көрсетілетінін алға тартқан облыстық этномәдени бірлестіктерден 12 адам клуб құрамына кірді. Клубтың негізгі мақсатын жүзеге асыру аясында Алматы облысы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығының оқытушылары этнос өкілдеріне арналған «Тамақтану орындары», «Азық-түлік» тақырыптарында сөздіктер құрастыруда. Сөздік үш бөлімнен тұрады. Атап айтар болсақ, сөз, сөз тіркесі, сөйлем. Сөздік жаңа ақпараттық технология негізінде жасалған. Аталған сөздікті меңгеру арқылы қазақ тілін оңай әрі тез үйренуге болады. Осы тұста құрылған клубтың негізгі қызметіне тоқталсақ. Жалпы клуб мүшесінің қызметіне кедергісіз, сөздікті қолдана отырып, күнделікті тұрмысқа қажетті сөздерді, сөз тіркестерін, сөйлемдерді аз уақыт аралығында жеңіл игеру. Демек, бұл орталыққа кез келген тұлға келіп, қазақ тілін меңгере алады. Ең бастысы ниет болса болғаны.

 «Қазақша сөйлейік» клубында тіл меңгеруге барлық жағдай қарастырылған. Кітап та, техникалық құрылғыларға да қолжетімді. Қазіргі таңда 12 адам сабақты бастап кетті. Олардың басым көпшілігі қазақтың мақал-мәтелін жаттауға әуес. Мақал-мәтел арқылы сөздік қорын байытып, қазақтың шұрайлы тілінде емін-еркін сөйлейміз деп мақсат қойған клуб мүшелері болашақта түрлі байқауға қатысуға бүгіннен дайындықты бастап кеткен. Мәселен, клуб мүшелерінің басым көпшілігі қазақ тілін түсінеді. Бірақ ойларын жеткізе алмай қиналады. Клуб белсендісі, «Туган тель» татар этномәдени орталығының төрағасы Руфина Усанова қазақ тілінде жақсы сөйлейді.

– Қазақ тілі өте бай тіл. Әсіресе мақал-мәтелдері, нақыл сөздері сөзді құнарландырып тұрады. Мен үшін қазақ тілі осымен құнды. Үлкен ­жиындарда, кездесулерде көбіне қазақ тілінде сөйлеймін. Ойымды да жақсы жеткіземін. Бірақ бұл менің тіл білуіме аздық етеді. Қазір барлық мүмкіндікті кеңінен қолданған жөн. Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында тіл мәселесіне ерекше тоқталды. Мемлекеттік тіл, яғни қазақ тілінің болашағы жастардың қолында. Ал сол жолда еңбек ететін жастарды Мемлекет басшысы «ХІ. Ұлттың жаңа болмысы» атты бөлімде тайға таңба басқандай «Екіншіден, жас буынды ерінбей еңбек етуге бейімдеу қажет» деп айтты. ­Демек, жастар үнемі ізденіс үстінде жүріп, адал еңбек етуі тиіс. Жалпы ұлт болуы үшін алдымызға қойылған стратегиялық бағытымыз айқын, мақсатымыз нақты. Енді тек білім алып, сол жолда еңбек етуіміз керек. Бұл жолда мемлекет ­тарапынан орыс, шешен, ұйғыр, татар, кәріс деп ешкімді бөліп-жарып жатқан жоқ. Бұл қазақ халқының бауырмалдығы мен достыққа адал екенін аңғартады. Ал осындай зор құрметке бөленіп отырған әрбір өзге ұлт өкілі қазақ тілін жетік меңгеруге міндетті, – деп өз ойымен бөлісті.

Курс отырысы қажеттілігіне қарай, елдегі жағдайға байланысты офлайн немесе онлайн форматта өтеді. Осы үрдіс аудандық, қалалық орталықтарда міндетті түрде жалғасын таппақ.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ

Алматы облысы

4002 рет

көрсетілді

28

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы