• Мәдениет
  • 09 Қыркүйек, 2021

БІРЛІГІМІЗ ЖАРАСҚАН

Алматы облысында 105 этнос өзара ынтымағы жарасып, берекелі өмір сүруде. Бұл біз үшін үлкен жетістік. Ең бастысы, татулық, тұрақтылық, достық, сыйластық деген қасиетті сөздерді біз, біздің кейінгі ұрпағымыз қастерлеп өтсе болғаны. Жетістігіміз де, жеңісіміз де осы болмақ. Елдегі халықтың тұрақтылығы мен достығының берік болуы әр өңірдегі этномәдени бірлестіктердің дұрыс жұмыс істеуінің нәтижесі екені анық. Береке мен татулықтың алтын бесігіне айналған Қазақстан Республикасының болашағы бұдан да зор, келешегі кемел болары ­даусыз.  Өзге этнос арасындағы достықтың салтанат құруына атсалысып жүрген этномәдени орталықтардың жұмысы үнемі нәтиже беріп келеді. Бүгінгі таңда Алматы облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 23 этномәдени бірлестігі жұмыла қызмет атқарады. Олар арнайы бекітілген жоспар бойынша жақсы нәтиже көрсетіп келеді. 

«Алматы облыстық славян қозғалысының» жұмысын атап өткеніміз жөн. Төрайымы ­Наталья Белик қоғамдық жұмыстарға белсене атсалысады. Облыс көлемінде атқарылатын әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне білек сыбана кіріседі. Әсіресе олар жасөспірімдерге демалыс ұйымдастыруды жыл сайынғы дәстүрге айналдырған. Облыс аумағында талай талантты баланың жұлдызының жануына зор ықпал еткен де осы қозғалыс белсенділері екенін ерекше ықыласпен атауға болады. Пандемия кезінде де белсенділер қарт кісілерге, көпбалалы отбасыларға, мұқтаж жандарға материалдық қолдау көрсетіп, азық-түлікпен қамтамасыз етті. Мұндай қайырымдылық жұмыстарын олар үнемі атқарып келеді. Көпшілік бұл орталықтың белсенділерін де жақсы таниды. Көпке көмек беріп, үлкеннің батасын алған «Алматы облыстық славян қозғалысының» мүшелері алдағы уақытта үлкен-үлкен тың жобаларды атқаратын болады. Олар Алматы облысында халықаралық дәрежеде «Пушкин жазы» балалар фестивалін өткізді. Бірнеше мәрте өткен бұл шараның жастарға берері мол. Орталық Азияның бес елінен мыңнан астам жасөспірім қатысқан фестивальдің мақсаты – балалар мен жастар үшін этномәдени кеңістікті сақтау, өскелең ұрпаққа халықтар достығы мен патриоттық тұрғыда тәрбие беру, әлемді тек мейірім мен адамдардың бір-біріне деген сыйластығы сақтап қалатынын жасөспірімдерге дәлелдеу.

– Адамның өмірге келуінің өзі бақыт, әрі зор қуаныш. Айналасы 1-2 жылдың ішінде әлемде біраз өзгерістер орын алды. Біз көп дүниенің қадірін терең түсіндік. Бұл үлкен сабақ болды. Сондықтан бір-бірімізге мейіріммен, достықпен, махаббатпен қамқорлық жасауымыз керек. Осы мақсатта өткен «Пушкин жазы» фестивалінің халыққа берер пайдасы зор. Бұл шара халықтық шығармашылыққа, славяндардың мәдени мұрасы көпшілікке таныстыра отырып, өскелең ұрпақтың шығармашылық дарынын дамытуды көздейді. Ең бастысы, этностар арасындағы достық деген сезімнің биік әрі құнды екенін дәлелдеп келеміз, – дейді «Алматы облыстық славян қозғалысының» төрайымы ­Наталья Белик.

Жетісу халықтарының достығы мен татулығының берік болуына бір кісідей атсалысып келе жатқан «Алматы облыстық орыс орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысын да атауға болады. Александр Бузыкин төрағалық ететін бұл қоғамдық бірлестіктің атқарған жұмысы шаш етектен. Тәуелсіздік алған жылдан бері олар үзіліссіз жұмыс істеп келеді. Соның дәлелі ретінде «Сударушка» халық ансамблі мен «Харуат» шығармашылық орталығының ашылғанын айта кеткен жөн. Тәуелсіздік алған жылдары кездескен әр қиындыққа қарамай халық игілігі үшін жұмыс істеген қоғамдық бірлестіктің жеткен жетістігі бір төбе. Үнемі даму сатысында жүрген бұл қоғамдық бірлестік жайлы облыста білмейтіндер кемде-кем. Этномәдени бірлестіктердің қызметі әрқайсысының жеке үйлестірушісі бар секторларға бөлінген. Бұл бірлестіктің барлық ресурсын барынша тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Сонымен қатар «Капитошка» қуыршақ театры, «Жас фото­суретші мектебі» ұйымдастырылған. Қалаған адам осы шығармашылық орталықтардан өзіне ұнаған дүниесін ала алады. Олар үнемі «Достық бәрінен қымбат» деген бір ауыз сөзді дәріптеумен келеді. Расымен де, достықтың бәрінен жоғары тұратындығын іспен де дәлелдеп келеді. Бұл орталықтың өкілдері қайырымдылық жұмыстарын үнемі атқарудан шаршаған емес. Ал «Белорус мәдениет орталығы» өңірлік қоғамдық бірлестігін Жанна Третьяк басқарады. Аталған орталық Қазақстан мен Беларусь арасындағы ынтымақтастықты нығайту, экономика мен білім, мәдениет саласы бойынша қарым-қатынасты күшейтуді мақсат етеді. Сол мақсат жолында атқарылған жұмысқа көпшілік дән риза. Этномәдени орталық төрайымы Жанна Третьяк елдегі халықтар достығын кішкентай балаларға дәріптеудің маңызы зор екенін айтады. «Біздің бірлестік Қазақстан халқының береке-бірлігін, этносаралық татулығы мен достығын нығайтуға барынша үлес қосып, белорус этносының мәдениетін, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын сақтауға белсене атсалысуда. Орталық құрамында жастар тобы да жұмыс атқарады. Бүгінгі күні белорус орталығы ҚХА шығармашылық топтарының «Славян базары» халықаралық фестиваліне қатысуына мүмкіндік беретін жаңа жобаларды қолға алуда. Сонымен бірге бірлестік жыл сайынғы дәстүрлі мерекелерді өткізуді де күн тәртібінен қалдырған емес. Мәселен, Рождество, Масленица және Сябрина мейрамдарымен қатар, қайырымдылық көрсетуде де біршама істерге ұйытқы болып отыр. Мұндай жұмыспен айналысу – біздің басты міндетіміз. Қайырымдылық жұмыстарын атқара отырып жастарымыз мейірім, қайырымды, жанашыр болары анық. Оларға сөзден қарағанда іспен көрсеткеніміз дұрыс. Сонымен қатар бала тәрбиелеп отырған әрбір ата-ана баласына достықтың қадірі ­туралы жиі айтса деймін. Себебі біз көпұлтты мемлекетпіз. Баланың сана сезімі, ойлау қабілеті өте жақсы дамиды. Оларға біз қалай бағыт-бағдар береміз сол жолмен жүреді. Сол үшін де біз үнемі түзу әрі жемісті болатын жолды нұсқайық. Себебі бала – болашағымыз. Ал болашағымыз жарқын болсын десек ұлттар жостығын кеңінен насихаттайық» дейді ­«Белорус мәдениет орталығы» өңірлік қоғамдық бірлестігінің төрайымы Жанна ­Третьяк.

Алматы облысында Дарья Кравченко басқаратын «Болгар мәдени орталығы» да жемісті жұмыс істейді. Орталық болгар этносының тілі мен мәдениетін дамытуды, этносаралық келісімді сақтау мен жастарды толеранттылық рухында тәрбиелеуді негізгі міндеті санайды, әрі осы жолда жақсы жұмыс істеп келеді. Әрбір этнос орталықтарының мақсаты да осы. Олар бір мүдде, бір мақсат жолында бар күш-жігерін аямай жемісті еңбек етеді. Оларға өздерінің ұлттық мерекелерін атап өтуге, салт-дәстүрін кейінгі ұрпағына кеңінен дәріптеуге, әдебиеті мен мәдениетін жоғары деңгейде көрсетуге елімізде барлық жағдай жасалған. Сол үшін де әр этнос орталықтардың жұмысы жанданып келеді. «Біздің орталық «Родное слово» болгар тілі мен мәдениеті күндерін, этникалық мұраға қатысы бар басқа да шаралар өткізіп тұрады. Этнобірлестік мүшелері жыл сайын дәстүрлерден басқа халық тарихымен таныстыруға бағытталған сан алуан іс-шара ұйымдастырып жатырмыз. Орталық жүзеге асырған әлеуметтік маңызы бар жобалардың бірі – «Мүгедектер біздің арамызда». Онда бірлестіктің белсенді мүшелері мүгедектерге қамқорлық жасап, олардың емделуіне көмек бере алатын демеушілер тауып береді. Бұған қоса, жоғары және арнаулы орта білім алу мәселелерін шешіп, өз бизнесін ашуға кеңес беріп отырамыз. Біз «бір іспен айналысқым келеді» деп көмек сұраған әрбір адамға барынша көмек қолын созуға дайынбыз. Мемлекет тарапынан қандай да бір жеңілдік қарастырылса міндетті түрде соны халыққа тегін түсіндіріп, іс бастауға көмектесеміз. Мұндағы мақсат – өзге этнос өкілдерінің бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүруге баулып, достықтың салтанат құруына атсалысу» дейді Дарья Кравченко.

Жер жаннаты Жетісуды мекен еткен өзге этностардың тату-тәтті өмір сүруіне аз да болса үлес қосып отырған осындай бірлестіктер көп. Біз соның бірнешеуіне ғана тоқталдық. Облыстағы барлық этномәдени бірлестіктің айқын мақсаты – елдегі ұлтаралық достықты нығайтып, тұрақтылықты сақтап, бейбіт елде тату-тәтті өмір сүру. Олай болса, осы жолда істеп келе жатқан жұмыстары жемісті, нәтижелі ­болсын демекпіз.

 

1708 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы