• Тұлға
  • 09 Қыркүйек, 2021

АЛТЫНСАРИН АЛАУЫ

1876 жылдың күзі. Петербург сапары

Нұрдәулет Ақыш

Биыл Ыбырай Алтынсаринның туғанына 180 жыл. Осынау мерейлі мереке қарсаңында жазушы Нұрдәулет Ақыш қазақтың ұлы тұлғасы туралы «Алтынсарин алауы» атты романын жазып бітіріпті. Бұл көлемді шығарманың сюжеттік желісі өмірде болған оқиғалар негізінде өрбиді. Сондықтан да көркем туынды ғана емес, танымдық-деректік жағынан да оқырманның назарын аударатыны даусыз. Роман Ы.Алтынсарин туралы жазылған бұрынғы көркем шығармаларды қайталамай, тың мағлұмат ұсынуымен ерекше.
Оқырманға осы туындыдан үзінді ұсынуды жөн көріп отырмыз. 

...Ауасын алғаш рет жұтып тұрса да, Қазан қаласынан шеттен келген адамды сыртқа серіппейтін бір жылылық аңғарып еді. Қырдан келген киргиз сияқты көшпелі жұрттың өкілін де шетқақпай қылуға құлшынып тұрмағанын байқаған. Неше түрлі халық сапырылысып жатса да, мына Петербургің ондай емес сияқты. Аяқ аттап шықсаң болды, ұшырасатының – түксиген қабақ, алайған көздер. Әсіресе малына киініп, жан-жағына маңғаздана қарайтын марғасқа мырзалар мен олардың лүпілдеген бикелері. Ондай көздердің қарасы «Қасиетті қаламызға мына бір азиат қайдан кіріп кеткен?!» деп жақтырғысы келмеген сыңайда.

Бұндай қарым-қатынастан алғашында біртүрлі тіксініп қалған жатжерлік жолау­шының бойы үйрене бастағаны бірер күннен кейін ғана.

Бұл қалаға табаны тигелі жүрегі осымен үшінші рет лүпілдеді. Алғашқысы – Ұлы империяның астанасы Петербургтің төбесі мұнартып, алыстан шошайған мұнаралары мен мұндалап көріне бастаған кезде. Көбінесе аспанын бұлт бүркеп тұратын тұнжыраңқы қала күздің күні тіпті тұнжырай түскендей болады екен. Кең көшелер, іргелі ғимараттар мен күмбезді үйлердің жалт-жұлт еткен терезелері, оймышталған бедерлі қабырғалары мен дөдегелері бұрын мұндайды көрмеген жатжерлік жанды ерекше әсерге бөлеп, бір керемет тылсым дүниеге жетектеп алып жөнелетіндей.

Одан кейінгі толқығаны – он жеті жыл бойы кездеспеген өзінің сүйікті қамқоршысы Василий Васильевичтің анадай жерден қылпы көрінген сәтте. Енді, міне, атақты Петербург университетінің босағасынан аттай берген мезетте де осынау тебіреністі күйді үшінші мәрте бастан кешті.

Қаланы әлі аралай қоймаған алыс өлкенің перзентіне бұл бір ерекше ғимарат болып көрінді. Рас, анау айтқандай бір ғажайып сарай емес, үш қабатты үйдің ішкі лебінің өзі аса сәнделмесе де, тегіс қабырғалары мен тап-таза дәліздері, жылтырата боялған қоңырқай есіктері, кең терезелері мұнда ерекше бір қасиет тұнып қалғандай әсерге бөледі. Ыбырайым ақырын аяңдап келе жатып, ол қасиеттің не екенін көңіл көзімен ғана болжамақ болып әлек. Бұл үлкен үйді «Жас­тайымнан құмартқан білім, ғылымның нағыз қайнаған ордасының болғандығынан солай шығар-ау!» деп жобалады.

Соның өзі-ақ бұл оқу орнының ерекше күш-құдіретін көрсетіп тұрғандай.

Бұл жағдайдың бәрін саралап, байырқалап жататын мұрша қайда. Әйтеуір әр адамның қолы жетпейтін осынау білім ұясы талай оқымыстылар мен әлімдерді ұшырып шығарып жатқаны күмәнсіз.

 Василий Васильевич қонағының жүзіне барлай қарап қойып, баспалдақпен екінші қабатқа көтерілді де, кең дәлізбен оңға қарай бұрылды. Өзі айтып келе жатқан Шығыс тілдері факультеті осында орналасқан екен. Ақырын аяңдап келіп тұтқасын ұстаған есігінің сыртында «Шығыс тарихы кафедрасы» деп жазылыпты.

Босағадан аттаған кезде алдымен көзге түскен – қағазға көміліп отырған бірнеше адам. Бір-екеуі тіпті түрегеліп кетіп, ­Григорьевпен аса ілтипатты түрде амандасып жатты. Бәрінің көздерінің қадалғаны – кафедра меңгерушісімен бірге ілесе кірген, түр-түсі бөтен азиялық жігітте.

Кафедра мүшелеріне тапсырмаларын беріп, ауызша отчеттарын алып дегендей қысқаша әңгімелескеннен кейін барып қана Василий Васильевич:

 – Енді сіздерді, құрметті мырзалар! Ертіп жүрген қонағыммен таныстырайын, – деп, әңгіменің ауанын бері қарай аударды.

«Киргиз даласы», «Оренбург облысы» деген сөздердің айтыла бастағаны сол еді, Ыбырайымның жүзіне біртүрлі қуақылана қарап тұрған жирен шашты, арықтау кісі шалт бұрылып, жақындай түсті де:

– Сонда бұл құрметті мырзамыз Чокан Чингисовичтің жерлесі болды ғой, – деді өткір көздерімен зер сала қарап. Ыбырайымның есіне баяғыда Орынборда кездескен Хұсайын Файызханов түсе кетті. Сондай бір қазақтың жас оқымыстысы бар екенін алғаш рет соның аузынан естіген. Одан кейін алыс түкпірге кетіп қалды да, қазақ сахарасынан шыққан сондай бір азаматтың есімі санасының түбінде көмескі тартып, ұмытылуға айналған екен.

Сөйтті де, кідіріп тұрмастан, айтқан адамы жайлы бірер ауыз жылы лебізін шығарып үлгірді.

– Кешіріңіз, мәртебелім, – деді Ыбырайым өзінің бәсең дауысымен, – сіздің аса құрметті есіміңізді естігенімше асығып тұрғаным...

– Ой, Илья Николаевич, – деп қалды Гри­горьев. – Сіз эстет кісі едіңіз ғой. Танысу рәсімін толық аяқтатпағаныңыз қалай? Ибрагим, Илья Николаевич Березин біздің кафедраның емес, «Түрік-татар сөз өнері» кафедрасының профессоры, атақты оқымысты. Осы саланы көптен бері індете зерт­теп келе жатқан тиянақты әлім. Тек тия­нақты ғана емес, өз саласының атақты тұлғасы.

– Чокан Чингисовичтің жерлесімен кездескеніме қуаныштымын. Әттең, өзі бар болса таныстырар едім екеуіңізді, – деді Березин сәл өкінген түрмен. «Айтқан адамы басқа жақта болды ғой» деген ойға келген Ыбырайым:

– Ол кісі қазір қайда? – деп сұрап қалды. Бекер сұрапты, киргиз оқымыстысы осыдан көп жыл бұрын жастай қайтыс болып кеткен екен. Мұндай қаралы хабарды естимін-ау деп ойламаған Ыбырайымның өне бойы дір ете қалды да, елдегі дағдысымен «Бисмилласын» айтып, бетін сипап жіберді.

Григорьев болса кафедрада жұмыс істейтін адамдарды ретіне қарай ілгерілі-кейінді таныс­тыруын әрі қарай жалғастырды. Айтылған бейтаныс фамилияларды ә дегеннен-ақ жаттап алу оңай емес екен. Әйтеуір арасында есінде қалғандары – Казем-Бек, Мухлинский, Тантович, Попов, Голстунский, Хвольсон, Косович. Бұлардың бәрі жердің шеті, желдің өтінен келген киргиз жігітімен жақынырақ танысуға құштарлық танытты десе, артық болар еді.

Ыбырайым оның себебін де өзінше бағамдағандай болды. Өйткені жаңа айтылған кісілер негізінен парсы, түрік, араб, моңғол, қытай, еврей тілдерінің мамандары екен. Қайта айналып келіп, төңіректеп жүрген жаңағы Березин ғана. Киргиз, татар, башқұрт тілін әжептәуір білетін бұл әлімнің қоятын сұрақтары да қалтасында даяр болып шықты.

Григорьев қонағын қысқаша таныстырған­нан кейін, өзінің кабинетіне кіріп, кафедраның жай-күйін баяндады. Қазіргі оқытып жатқан сабақтары мен атқарылып жатқан істері жөнінде айтқанда, бойындағы байсалды мінезін ысырып қойып, тіпті құлшынып кетеді екен. Баяғы Орынбордағы бапты қалпын сақтаса да, мына жаңа жұмыс өзін өмірдің басқа бір арнасына, ерекше шабытты күйге салып жібергені байқалады. Жалпы Григорьев өзінің қартайыңқарап қалғанына қарамастан, әлі де талай ғылыми тақырыптың басын шалғысы келетінін жасырған жоқ.

Илья Николаевич осыдан біраз жыл бұрын Ыбырайым өзі кеше ғана аралап көріп кеткен Қазан университетінде де қызмет істепті. Киргиз өлкесінен келіп отырған жігітті көрген сәтте шыдамай кеткені болмаса, Березин көп сөзге жоқ, тиянақты адам сияқты. Жымия түсіп, бірер сұрақ қойды да, асығыс екенін айтып, шығып кетті.

***

– Ибрагим мырза, сенің бір жақсы кезде келгеніңді қарашы.

– Жақсы кез дейсіз бе, мәртебелім?.. Қайта жауын-шашынды, қолайсыз уақыт сияқты көрініп тұр маған.

– Ол жағын, ауа райын айтып тұрған жоқпын. Осы августың аяғында Дүниежүзілік шығыстану ғылымының съезін өткізгенбіз. Содан қолым босап, арқам жеңілдеп отырған уақытым ғой.

– Сонда... – деді Ыбырайым шала түсінгенін білдіргісі келмесе де, ыңғайсызданғанын жасыра алмай. – Сонда... шығыстану ғылымы... Дүниежүзілік дедіңіз бе? Қалай сонда?

– Иә... Шығысты тану үшін тек Ресей империясының ғана емес, біраз елдің әлімдері айналысып келеді. Оның екінші съезі екі жыл бұрын Лондонда өтті де, ұйымдастыру комиссиясы үшіншісін Петербург қаласында өткізу жөнінде шешім қабылдаған ғой. Сол шешім бойынша, ұйымдастыру комитетінің председателі етіп мені сайлап қойды емес пе?

Өзің ойлашы, осы съезді өткіземіз деп екі жыл бойы дайындалдық. Дүниежүзілік деңгейдегі мұндай жиынды ұйымдастыру оңай емес. Тегі тамаша өтті... Ақыры, міне, құтылып, арқамнан жүк түскендей болып отырған жағдайым ғой. Лекцияларымды айтпағанда, қолымның бір босап, еркін жүрген сәтім еді. Айтпақшы, сол біздің съезге киргиз делегациясы да қатысты.

– Жақсы болған екен, мәртебелім. Бір депутацияның барғанынан хабарым бар. Есіме түсірдіңіз, мәртебелім. Сізге Орынбор географиялық қоғамының мүшесі Жантөрин дұғай-дұғай сәлем айтты. Қатыса алмағанына өкініп, Сізден кешірім сұрады.

– Біздің шақыртуымызды алса, неғып келмеді?

– Жолға қаражаты жетпей қалыпты... Ол жалғыз емес, қасына бірнеше адам ертпек болған ғой. Әйтпесе, киргиздардың тұрмыс-тіршілігінен талай зат жинастырып, дайындатып қойып еді. Киіз үй жабдықтарынан бастап, киім-кешек, ыдыс-аяқ, сәндік бұйымдар деген секілді...

– Делегаттардың назарын аударған жағдайлардың бірі – осы киргиздар әкелген кибитка, яғни киіз үй. Енді ондай баспаналар басқа елдерде кездесе бермейді ғой, – дей келіп, Василий Васильевич қағаздарын ақтарып қарады да, сол киіз үйдің иесі Мейрам Жанайдаров деген киргиз екенін айтты.

Бұл күндері бұрынғысынан гөрі едәуір толысып кеткен Григорьев ұрт жағы кеңейе түскен дөңгелек жүзін бір сипады да, Ыбырайымға енді өз жоспарын жеткізді:

– Уақытың тым тығыз екен, Ибрагим. Соған орай негізгі баратын жерлеріңе ғана апаруға тура келеді.

– Осы айдың аяғында Оренбургке жетіп үлгі­руім керек. Николай Иванович мені ұлы мәр­тебелі Оқу министрімен сол жерде кездес­тірмек. Киргиз школдары жайында мәртебелі министр мырзаға айтып қалсам деймін.

– Түсінем, Ибрагим. Өзің сол мен жіберген укреплениеде әлі жүр екенсің ғой. Киргиздарды орысша оқытам деген баяғы талабың ғой сол...

– Қазір ол жер Оренбург укреплениесі емес. Бір мың сегіз жүз алпыс тоғызыншы жылы уезд болып құрылған. Уезд орталығы болған­­нан кейін, бұрынғы Торғай деген атымен атала бастады.

Бұндай жаңалықтарға қуанып қалған ­Григорьев енді-енді ел жаңалықтарын сұрап алды да:

– Ендеше, сен алдымен біздің профессор­лардың лекцияларын тыңда. Сен сияқты білім-ғылымға ұмтылған адамға пайдасы зор. Сонау меңіреу түкпірде талай нәрсеге қолың жетпей жүрген шығар. Мүмкіндікті пайдаланып қал. Екіншіден, әрине, библиотекалар... Ойлап отырмын, әр жерде жүріп уақытыңды кетірмей, бірден Салтыков-Щедрин атындағы көпшілік библиотекасына бар. Империя астанасына келіп тұрып, музей, театрларын көрмей, қалай кетесің...

...Сол бір жылдары көңіліне беріш боп қатқан өкпесін бірден айтып тастауға әлі де ұстамдылығы жі­берер емес. Екеуі жайланып та­мақ­танып болған­нан кейін ғана өткен-кеткенді еске ала отырып, көкейінде жүрген әңгіменің шетін шы­ғарған:

– Неше рет хат жаздым, құрметті Василий Васильевич. Сізден жауап ала алмадым. Егер қолына тисе хат жазар еді ғой деп ойлап қоямын. Менің сол хаттардың ішінде ептеген өтінішім де болған. Командировка қаражатын сұрағанмын. Сіз тараптан тырс еткен хабар болмаған соң, таңырқадым да қойдым. Кейін ғой, сіздің осы Петербургке кетіп қалғаныңызды естігенім.

Василий Васильевич бұл сұраққа жауап беруге асыққан жоқ. Алдындағы асын ала отырып, көбірек әңгіме қылатыны – Оренбург пен киргиз даласына қатысты есте қалған әртүрлі оқиғалары. Осы тақырыпқа тереңдеген сайын өткен өміріне саяхат жасап, талай нәрсені көз алдына елестететіні аңғарылды.

Ыбырайымның сұрағына айналып келіп соққаны сәлден кейін:

– Ренішің орынды, Ибрагим. Айтайын, сауалыңның түп-төркініне қарағанда, сен біраз жайды білмейтін де сияқтысың.

– Әбден мүмкін, құрметті Василий Васильевич.

– Өкпең орынды деп отырғаным да сондықтан. Білмеген мәліметтерің де сені сол білмегендігің үшін қорғап қалатын түрі бар, – деп Григорьев өзіне тән бапты қимылмен сәл ғана жымиып қойды. – Мен Оренбург облыстық Шекара комиссиясы облыстық управлениеге айналып жатқан өтпелі уақытта аяқ астынан кеттім ғой.

– Иә, естіген кезде соған мен ғана емес, басқа да сізді білетін адамдар қапа болып, қатты таңырқап қалды.

Василий Васильевич әңгімені созбалақтап тұрып алмай, өзіне тән мәнерімен болған жай­дың басын қысқа ғана қайыруға ­тырысты. Оның айтуына қарағанда, Оренбургтегі қыз­­метінен кетуі – амалсыздықтан болған ­шаруа. Бұл арада да баяғы жоғарғы ұлық­тар­­дың арасындағы айтыс-тартыс­тың, бақ­таластықтың, бір-бірін көреалмаушы­лық­тың сызы жатыпты. Василий Васильевичтің үстінен жоғары жаққа түрлі шағым жасай келіп, ақыры орнынан тайдырған адам өзінен кейін келген генерал-губернатор Безак болып шықты. Бұл лауазым иесінің бұрыннан бақталас бұл адам оған дейін де әжептәуір жауапты қызметтерде істеген екен.

– Неге екенін білмеймін, Безак менің соңымнан шам алып түсіп алды, – деді ­Василий Васильевич сол байсалды қалпын бұзбастан. – Жеке басымның түрлі мінін, ­жұ­мысымдағы ақаулықтарын тауып, осы жоғары жаққа, Петербургке дейін түрлі донесениелер айдаған көрінеді. Тиісті ведомстволар мен министрліктердің кеңселерін де құр қалдырмаған.

Қоятын кінәлары онша олқы емес, соның бірі – облыстық Шекара комиссиясының пред­седателі бола отырып, жергілікті түзем­дік­терге, яғни киргиздарға іш тартады деген уәж.

«Онысы рас енді, – деп ойлады ­Ыбырайым. – Бұл кісінің киргиз халқына қатысты жинаған еңбектерін айтпағанда, оның тілі мен ұлттық мүддесін қорғай сөйлеген сөздері, тіпті жекелеген жазбалары да бар ғой».

Безактың сол донесениелерінің кейбіреуі расталып, жала емес, нақты факті ретінде империялық канцелярияға да тіркелгенге ұқсайды. Ақыры осындай талмай қудалай берудің салдарынан Петербургтен келген распоряжение бойынша орнынан алыныпты. Осынша уақыт Безак та соңынан шырақ алып түсіп, босқа безілдемеген екен. Сол еңбегі ақталып, Оренбург облысының ең жоғарғы ­лауазымына бекітілген бұйрықты алып келген ол, жаңадан құрылған облыстық управлениенің начальнигі болып, яғни Григорьевтің бұрынғы креслосына ешқандай қиналыссыз лып етіп, жайғаса қалған көрінеді.

– Міне, бар әңгіме осы, – деді Василий Васильевич өзінің бір замандардағы шәкіртіне жымия қарап. – Бұл жағдай маған оңай соққан жоқ, біраз денсаулығымды бердім. Үстімнен айтылған арыздың негізсіз жала екеніне өзімнің көзім жетеді. Дауласып қайтем, ­Безакты қолдаушылар да аз емес еді. Оның үстіне менің киргиздарды жақтағанымды дәлелдеу онша қиынға да түсе қойған жоқ. Бұл арада мен, құрметті Ибрагим, сенің алдыңда мақтанып, ақталайын деп те отырған жоқпын. Киргиз халқы тек сенімен шектелмейді ғой. Мен ғылымға белгілі бір дәрежеде, түркология ғылымына үлес қостым деп айта аламын. Ар жағын қазбалап қайтеміз, қазіргі орным – өзім бұрыннан аңсаған ғылыми орта.

– Бір есептен, – деді ол әңгімесін өрбіте түсіп, – менің соңымнан Безактың шам алып түскені де оңды болды. Әйтпесе Оренбургтегі күнделікті қарбаласпен уақыт өте беретін еді. Осында келіп, мен өзім сол заманда бастап қойған жекелеген ғылыми жұмыстарымды ары қарай жалғастырдым. Түркі халықтары, соның ішінде киргиздар туралы жазғандарымды жинастырып, ғылыми еңбекке айналдырдым. Оның үстіне Петербургтің оқығандарының бәрі Ұлы империяның бір бұрышындағы киргиз-қайсақ даласы, ондағы тұрғындар жайлы бейхабар десе де болады. Өзім білетін ­де­ректерді осы ортаға салып, әңгімелеп жүрмін.

...Жатынжайда оңаша қалған сәтте де ойынан кетпей, миының түбіне орнығып алған – аса құрметті Василий Васильевичтің Орынбордағы соңғы айларына қатысты өзі айтқан әңгімесі, сол бір уақыттағы тығырыққа тірелген шиеленісті күндері.

«Апыр-ай, бізге осы аса мәртебелі орыс ұлықтарының бәрі бірдей көрінуші еді. Алыста жатқан ­естияр киргиз азаматтарының өздері «Бұлардың бәрі – басқыншы. Орыс дегенің – жерімізді де, елімізді де жаулап алушы аса құдіретті күш. Олар қазақты шетқақпай қылып, тоздырып жіберуге келген кезде бір жағадан бас, бір жеңген қол шығарып, тізе қосып қимылдайды-ау. Бұған төтеп беру, қарсыласу мүмкін емес. Бағынғаннан басқа амал жоқ» деп түсінуші еді. Кейде өзім де осындай ойлардың ығында кетіп, үн-түнсіз бас шұлғи беретінім қайда?»

«Енді қарап отырсам... – деп сол бүйіріне қарай қайтадан аунап түсті. – Қарап отырсам, орыс ұлықтары да өзара қырқысып, бақталастықпен бір-бірін ала алмай жатады екен ғой. Оның шет-жағасын баяғы барон Мендгеннің кезінде өзім де байқадым емес пе? Бірақ мынау генералдардың арасында, патшаға жақын мәртебелі зор ұлықтардың арасында мұндай бақталастық, көреалмаушылық етек алған шығар деп ойламаппын.

Әйтпесе Григорьев мырзаның өзі қай жағынан да арқа сүйеуге лайықты, империяның мақтанышына айнала алатын ірі тұлға емес пе. Ғылымдағы еңбектерін былай қойғанда, ұйымдастырушылық жұмыстарының өзі неге тұрады. Мәртебесі зор ақ Патшам бір бағаласа, осындай кісілерді бағаласа керек-ті».

«Ал мен өзім жөнді біле қоймайтын ана ­генерал-губернатор Безак та мықты біреу болуы керек. Жоғарыдағылар бекер адамды осындай үлкен облысты басқаруға қоя салмайды ғой. Ал сондай Патша сенген адамның өзі мына мәртебелі Василий Васильевичтің іргесінен апан қазып, ақыры табан астын опырып түсіріпті. Сөйтіп, қызметсіз қалғаннан кейін менің сүйікті Василий Васильевичім осылай қарай беттеген. Империя астанасындағы жора-жолдастарының көмегіне сүйенген. Бағалайтын ірі тұлғалар осындай әйдік оқу орнына әкеліп, жауапты қызметке қойыпты, жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызыпты. Ал ана Безак облысты бір кісідей басқарған болар, бірақ ол да ұзақ тоқтаған жоқ қой».

Өстіп сан-сапырылысқан ойлардың тасқынында өзін жоғалтып алғандай болған Ыбырайым таңға жуық талығып барып, әрең ұйқы құшағына көміліп еді.

***

– Біреулер мені қазақтан шыққан алғашқы оқыған, көзі ашық адам деп айтып жүр, – деді Ыбырайым. – Оған өзім де сеніп қалатынмын. Бірақ көңілімнің түкпірінде ұлан-байтақ қазақ даласынан басқа да көзі ашық азаматтар барын сезіп қала жүруші едім... Рас болғаны қандай тамаша!

– Сен бірінші болмадым деп өкінбе, Ибрагим мырза, – деген кезде Григорьевтің бағанадан бері жымиысы жылытып тұрған жалпақ жүзі байсал тарта қалды. – Бұл азғана өмір сүрген киргиз азаматы өзінің халқы үшін ғана емес, империя үшін де көп жұмыс тындырып кетті. Мен онымен танысқаныма, танысып қана қоймай, дос болғаныма аса қуаныштымын. Бұл туралы саған хатта жазған жоқпын, бірақ Петербургке келемін дегеннен кейін айтармын деген әңгімем еді.

– Киргиздардан оқыған азаматтардың шыққаны қандай тамаша! – деді Ыбырайым ақсары жүзі қуаныштан алаулай қалып. – Сонда Чокан Валиханов бұл Петербургте қай жылдары болған? Кеше танысып жатқан кісілерден дұрыстап сұрай алмадым ғой.

Григорьевтің қысқаша қайырғандығына қарағанда, ол жылдары өзі Оренбургтегі қызметте жүрген. Екеуінің бір-бірін мүлде көрмей кетуі де мүмкін еді. Бірақ Құдайдың қалауы солай болған сияқты. Бір қызығы сәтін салып, Василий Васильевич сонау Оренбургтен сапар шегіп, 1860 жылдың март айында Петербургке келе қалмай ма.

– Иә, есімде, – деді Ыбырайым ұзақ жылдар өтсе де, өшпестен, жадында сақталып қалған сол бір кезеңді ойша жаңғыртып. – Сіз аттанар алдында мені Николай Ивановичке тапсырып кеткенсіз. Менің орысша сауатымды тереңдетуді сол кісі қадағалап жүрді. Сол уақыттарда екі-үш айдай жоғалдыңыз ғой деймін.

– Сонан айтайын дегенім – дәм-тұз тартып, сол уақытта Чокан Чингисовичпен жолығудың сәті түсті емес пе. Ал Чокан Чингисович болса Петербургке менің алдымда бір айдай ғана бұрын келген екен. Сол аз күннің ішінде Чокан екеуміз тіпті тығыз араласып кеттік. Бір-бірімізге қонаққа да барып жүрдік. Мен ол кезде Тучков көпіріне тақау Васильев аралында тұрдым. Красильников деген көпестердің үйі еді. Бірақ мен де шаруам біткен соң, ұзақ аялдай алмай, қайтып кеттім ғой. Сондықтан Валихановтың Петербургтегі күндерін менен гөрі толығырақ кешегі Березин білуі тиіс.

Григорьевтің таныстырған адамдарының ішінде Ыбырайымға ерекше әсер еткені екеу болды. Олар – өзі бұрыннан аттарын естіген Вильяминов-Зернов пен Березин. Григорьевтің айтуы бойынша, Вильяминов-Зернов – киргиздің сөз өнеріне аса құмар жандардың бірі. Жеме-жемге келгенде, империя астанасында иісі де жоқ, тұқымдыққа табылмайтын сол халықтың өкілі өзі алдына келіп отырған уақытта біртүрлі самарқау. Қанша назар аударғанымен, асып-тасқан ықыласты күйді тани алмады. Зор денесіне сәйкес жылы жүзді мінезі де салмақты болып шықты. Оған қарағанда, кешегі Илья Николаевич Березин алыстағы шет өлкеден келген киргиз жігітімен сөйлесуге бейілді екенін байқады.

Қоштасар сәтте ғана Вильяминов-Зернов алыстан келген қонақтың қолын алып тұрып, бар шығарған лебізі:

– Айып етпеңіз, мәртебелім. Жұмыс бастан асуда, бірер күннен кейін асықпай сөйлесерміз. Мен жағдайды Василий Васильевичке айтып, өзіңізді тауып алармын, – болды қысқаша ғана.

Сөз аңғарынан аңғарғаны – Березиннің киргиз тіліне деген ерекше ықыласты екендігі. Өзінің істейтін кафедрасы да бөлек, «Түрік-татар тіл өнері» атты көрші кафедраның профессоры болып шықты. Ыбырайымды көрісімен-ақ, ағытып жібергені – Чокан Чингисовичке қатысты әңгіменің тиегі. Сөйтсе, ол киргиздің бұл білімдар жігітін сонау Қазан императорлық университетінен-ақ таниды екен. Екеуінің танысуына себепші болған – Қазан университетінің Шығыс бөлімінде Березинмен бірге оқыған Николай Федорович Костылецкий деген әлім. Бұл кісі де бірер түркі тілімен бірге киргиз тілін де меңгерген адам көрінеді.

– Бәрі есімде. Ол кісінің тағдырын мен ғана емес, осындағы көптеген орыс ғұламалары, алдыңғы қатарлы зиялы қауым өкілдері жақсы біледі. Ұмытпасам, – деп, Березин ернін жыбырлатып, бір нәрсені есептегендей болды. – Чокан Чингисович осы Петербургте алпысыншы жылдың ақпан айынан алпыс бірдің мамыр дейінгі уақытта болды. Былайша айтқанда, бір жыл үш айдан астам уақыт осында тұрып қызмет жасады. Тіпті бір ведомствода ғана емес, екі жерде де қатарынан қызмет етті десем, сенесіз бе?

– Түсінбедім, мәртебелім. Қалай сонда?

– Білімді жас киргиз жігітін Сыртқы істер министрлігі мен Әскери министрлік екеуі бірдей жұмысқа шақырған ғой. Өзінің ғажап дарынымен, терең білімімен осындағы им­пе­раторлық қызметте жүргендердің, мен деген оқы­мыстылардың талайын таңғалдырды емес пе.

Илья Николаевичтің өзінің қандас ғалымы туралы тарқата айтқан әңгімесі – өзі үшін мүлде тосын, бұрын естімеген жаңалық, сон­дық­тан да ынтыға тыңдамау тіпті де мүмкін емес.

Ыбырайымның көз алдында қалың ­нө­сердің арасынан жалт-жұлт еткен найза­ғайдай түнекті осып, жарқылдаған, ерекше бейнелі, аққұба жігіттің келбеті келді. Қазақ даласының бір түкпірінен шығып, өзінің күш-жігерінің арқасында жарқылдап көрінген азамат небәрі отыз жылдық ғұмырында ­Ресей империясының нығаюы үшін, ғылым үшін біраз нәрсені тындырып үлгіріпті. «Өз қазағымның әйтеуір бірдеңе етіп тұңғиықтан шығып кетуіне ықпалым тисе» ­деген дәмемен жан далбасалап еңбек етіп жүрген ­Ыбырайымды осы арада ойландырып тастаған – «Бұл Чокан Чингисович Валиханов сонда қазағы үшін бірдеңе істей алды ма екен?» деген сауал. Онысына мына орыс оқымыстысының дұрыс жауап бере қоюы екіталай болар деп жобалаған ол көкейдегі осы сұрақты қоқсытып жатуды лайықсыз болар деп санады.

– Мұнан келгеннен кейін, – деді Илья Николаевич әңгімесін одан әрі жалғастырып, – Чокан Чингисович осындағы «Демут» деп аталатын қонақүйде тұрды. Байырғы Петербург тұрғындары оны тіпті «Демут трактирі» деп те айтатын. Бұл өзі қаланың өте бір қолайлы жеріне орналасқан. Неге десең, оның ­басты фасады Үлкен Конюшенная көшесіне шығатын еді. Ол жерде Чокан жұмыс істеген Сыртқы істер министрлігінің ғимараты мен Әскери министрліктің ғимараты бір-біріне таяу тұр. Сонау Омбыдан поручик болып келген Чокан елге қайтарында штабс-ротмистр дәрежесінде аттанды. Петербургке тағы да келермін деп кеткен еді, бірақ тағдыр оған жазған жоқ қой.

– Аз болса да, бақытты ғұмыр кешкен екен. Өзінің алға қойған жарқын мақсатына бір табан жақындап қалған екен, – деді ­Ыбырайым әңгіме әсерінен әлі де айыға алмаған күйі. – Отыз жыл ғана ғұмыр кешіп, осынша еңбек жасау... Бір ғажайып іс емес пе, а, Илья Нико­лаевич? Сапарларынан келгеннен кейін, ғылыми негізде мықты отчет жасады деп отырсыз. Сол жасаған отчеттарын тауып оқысам деймін.

– Ибрагим мырза, оның еңбектерін оқу керек. Бірақ, өкінішке қарай, әлі кітап болып шықпай жатыр.

Өстіп әңгіме тарқатылып жатқан кезде, сөзден сөз шыға отырып, ойламаған жерден тағы бір таныс адамның есімі аталып қалды. Ойын сабақтастырып жеткізу үшін Березин сөз арасы қылып жай немкетті түрде айта салғанымен, еріксіз селк еткізетіндей есім.

– Не дедіңіз? Қайталаңызшы жаңағы кісінің аты-жөнін! – деді Ыбырайым өзіне лайықсыздау бір үнмен ышқына дауыстап.

– Файызханов Хұсайын Мұратович.

Көздері жыпылықтап кеткен ­Ыбы­райымның:

– Мәссаған! – деп қол соғып жібер­геннен басқа амалы қалған жоқ еді.

Көз алдына сарт етіп келе қал­ған – баяғыда Григорьевтің ка­би­нетіне соңғы рет кірген сәті. Сондағы бар жұмысы – Оренбург укреп­лениесіне аттанар алдында қол алысып, қоштасып шығу ғана болатын. Сол жолы танысқан Файызхановы ғой бұл. Екеуін жақсылап тұрып таныстырғаннан кейін, председатель Ыбырайымның мойнына бір жүк артып еді: орталықтан келген қонақты Оренбургте аралатуы үшін бірге ертіп жүруі керек екен. Укреплениеге қарай қазір-ақ аттанып кеткісі келіп, жүрегі алып-ұшып тұрса да, Ыбырайым қуана-қуана келісті. Жолынан бөгеліп қалғанына орай тіпті де өкініш сезімін аңғара алған жоқ.

Әлім дегеннің кім екендігін тағы да осы Файызхановтың үлгісінен танығаны есінде. Білімі жан-жақты әрі тиянақты азаматтың өз халқының шынайы патриоты екендігіне де сүйсінген. Енді мына кісілерді тыңдап отырса,  өзі көрген сол татар оқымыстысы қыр елінен келген Чоканмен де жақын араласыпты. Сол Оренбургте бірге жүрген күндері оның «Петербургке де киргиздің аяғы жетіпті. Мен жүрген әлімдердің ортасында бір киргиз жігіті бар деп естідім» дегені қайда.

Демек, сол жолы айтылған «Бір киргиз жігіті» осы Чокан болғаны да. Ол уақыттарда Файызханов университетте түрік және татар тілдерінен сабақ беріп жүріпті. Мына кісілердің сөз ләмінен аңғарып отыр, кейін Оренбург сапарынан Петербургке оралғаннан кейін Чоканмен жүзбе-жүз кездескен, достасып, тіпті сырлас та болып кеткен сияқты.

– Шынын айтқанда, – деді сөзінің соңына қарай Илья Николаевич, – Хұсайын Файызхановты менен гөрі жақсырақ білетін адам ол – Владимир Владимирович. Бірақ, өзіңіз де байқаған шығарсыз, ол өзі тұйықтау кісі. Үнемі ашылып сөйлесе бермейді. Қалғанын ертең сол кісіден сұрастырып аларсыз, құрметтім.

Сөйтті де, ол енді Владимир Владимирович Вельяминов-Зерновтің кім екендігінен хабардар етіп кетті. Қазандағы Радловтан бастап, жекелеген орыстың белгілі әлімдерін сырттай естісе де, Ыбырайымның көбісін біле бермейтіні рас. Соның бірі осы Вельяминов-Зернов болса оның мақтауын Березин келістіріп-ақ жатыр.

Жеткізуінше, бұл – үлкен әлім кісі ғылым­ның кейбір салалары бойынша Орта Азия, Киргиз даласы мен Поволжье аймағындағы ірі маман. Көптеген оқымыстылардың тістері бата бермейтін көне монеталар мен қолжазбаларды жаңғақша шағады. Валихановтың саяхаттан алып келіп, Азия музейіне өткізген монеталарын дәл осы Владимир Владимировичтей түсіндіріп бере алатын адам жоқ. Сонымен бірге бұл әлімді қатты қызықтырған – Чокандай киргиз жасының кейбір шығыс тілдерінде еркін сөйлей білетіндігі, оқып, тіпті жаза алатындығы екен. Егер ол Петербургте біржола қалып, ғылыммен шұғылданып кеткен жағдайда оған жетекшілік жасауға лайықты бірден-бір адам осы Вельяминов-Зернов болар еді деп ойлайды.

Березиннің әңгімесінен жадына тұтып қалғандары, міне, осындай жағдайлар.

Кездесе сала Ыбырайымның осындағы күндерін жоспарлап берген Григорьевпен, оның ұтымды уәжімен дауласу қиын еді. Империя астанасында болған аз ғана аптасын жанталаспен өткізуге тура келгені де сондықтан.

Библиотекаларды былай қойғанда, дүкендерден сатып алғысы келген кітаптардың өзі қаншама. Бұл жолы да осы ойын тиянақ­тат­қан – құдай жарылқағыр Григорьев мырзаның:

– Алыс жол, жеткізу оңай болмайды. Ең керектілерін ғана ал, – деген ақылы.

Кей күндері, тіпті күндіз түстік ішуге де мұрша таба алмай жүрді. Тыңдаған лекцияларының ішінде көңіліне қонғандарын ынталы студенттей сипалақтап қағазына түсіріп үлгіруге тырысып бағады.

Сөйтіп жүріп, арасында қалаған адамдарымен сөйлесіп қалуға саңылау іздеп әлек. Соның бірі – Березин ұсынып отырған Вильяминов-Зернов мырза.

Алғаш көргенінде Ыбырайымға шынында да біртүрлі салқындау көрінген бұл биік бойлы, денелі кісінің әңгімесі қысқа ғана. Өзінің ой-пікірін айтқаннан гөрі көбінесе тілге тиек ететіні жекелеген деректер ғана:

– Мен өзім Васильев аралындағы екінші линияның бойында тұрдым. Ал Хұсайын Мұратович болса орталықта, Нева проспектісіндегі Бенардаки үйінде тұрды. Ал Чоканның мұнда араласқан кісілері көп еді. Қайсыбірін айтайын, – деді де, қойды.

Уақытын арнайы бөліп, Файызханов турасында сөзін тыңдағысы келсе де, Владимир Владимирович мол әңгімеге қарық қыла қойған жоқ. Бірақ шолақ қайырғанымен, көлденең тартқан мәліметтерін мүлде қызықсыз деп айта алмас еді.

Университетте сабақ бере жүріп, Хұсайын Мұратович Сыртқы істер министрлігінде де жұмыс істепті. Шығыс халықтарының тіл­дерінде сақталған көптеген архивтік құжат­тарды көшіріп жазып, мемлекеттік маңызы бар істерге де атсалысқан екен. Тіпті ол Чоканға да Ресей-Қытай қарым-қатынасы жайлы бір документ тауып берген десіп жүретін. Петербургтен аттанар алдында Чокан да оған бір маңызды докумен қалдырса керек.

Татар әлімін Чокан өзінің кең даласына қонаққа шақырған екен. Бірақ ол мақсатын жүзеге асыруға дәм-тұз жазбапты.

1930 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы