• Тұлға
  • 09 Қыркүйек, 2021

Алғыс алған арымас

Бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде мерзімді басылымдарда қызмет еткен әріптес ағайындар  жақсы біледі: негізгі кәсіптің басты көрсеткіштерінің бірі – ­газет-журнал таралымын көбейту. Осы  мақсатпен аудан-ауылдарды аралаймыз,  еңбек ұжымдарында  жұртшылықпен жүздесіп, ой-пікірлерін білеміз. Шаруа алдымен  қаланың немесе ауданның әкіміне жүздесуден басталады. Алуан саланың тірлігіне тікелей жауапты басшы бұйымтайымызды тыңдаған соң жұмысты ұйымдастыруды әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарына  жүктейтіні заңды. Осылай баспасөзге жазылудың  қам-қарекетімен жүргенде Нұрмұқан Өтепов, Ақансері Ермағанбет, Жангелді Құрмашев, Нұрқасым Сәрсенбаев, Зәпен Жұмабаева сияқты ойы озық, ниеті түзу замандастармен  таныстығымыз кейін ғұмыр бойы  ажырамастай  әдемі сыйластыққа ұласқан-ды. Бүгінгі әңгімеміз сол көркем топтың бел ортасынан көрінген  Нұрхан Ағниязов  туралы болмақ. 

Ол – облыс орталығына жапсарлас қоныстанған Алға ауданының азаматы. Мектепте қырық жылдан астам уақыт математика пәнінен дәріс берген әке үлгісімен мұғалімдік кәсіпті қалап, Ақтөбе мемлекеттік педагогика институтын орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Анасы Марфуға небәрі жеті кластық біліммен отбасындағы бес ұл-қызының санасына халық шығармашылығының озық жауһарларын сіңіруге тырысты. Мұндай мүмкіндіктер Нұрхан Сабыржанұлын ширатып, алдыңғы қатардан көрінуіне жол ашты. Аға ұрпақ өкілдері ұмыта қойған жоқ, Алғада халықаралық ауқымда танымал С.М.Киров атындағы химия комбинаты жұмыс істеді. Алуан ұлттардың үш мыңнан аса өкілін біріктірген қуатты кәсіпорында комсомол комитетіне жетекшілік ету Н.Ағниязовқа жүктелгенде маңайындағылар үйреншікті жай тұрғысында қабылдады. Жас маманның белсенді іс-қимылы, өз пікірін бүкпей айта алатыны көпшілікке ұнаған еді.

Аудандық партия комитетінде нұсқаушы, мәдениет бөлімінде меңгеруші қызметін атқарған кейіпкеріміз Қазақстанда егемендік лебімен әкімдік басқару институты енгізілгенде Алға ауданы әкімінің орынбасары қызметіне шақырылды. Осы орынтақта отырған он жеті жарым жылында пешенесіне аудан әкімі болып, бірінен соң бірі жұмыс істеген жеті азаматпен бірге қызмет атқару бұйырған екен. Ойлап қараңыз, әрқайсысының өзіне тән жұмыс істеу әдісі бар, ойлау логикасы да әрқилы. Солардың қасында жүріп, өңір экономикасын нығайтуға, мәдениетін жақсартуға барынша еңбек сіңіргеніне шүкіршілік етеді. Ақтөбе облысында алғаш рет республикалық деңгейде өткізілген ұлт-азаттық қозғалыс қаһарманы Есет Көкіұлының 325 жылдық тойы, ел жадында жыр-толғаулары сақталған Кердері Әубәкірдің 130 жылдығы және басқа мәдени-бұқаралық шараларда Н.Ағниязовтың ұйымдастырушылық шеберлігі, ұшқыр қиялы айқын аңғарылды. Ондаған ұлт өкілдері шоғыр­ланған Алға ауданында жер-су атауларын қазақыландырудың алғы шебінде білек сыбанып жүргені және бар.

Бәрінен бұрын экономикамыз шатқаяқтап, әлеуметтік нысандардың жабылып қалу қаупі туындағанда шұғыл да батыл шешімдердің оң нәтижесіне тұрғылықты халықтың көзі жетті. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар балалары үшін интернат ашу, үдере көшу салдарынан босап қалған көп қабатты үйлердің есік-терезелеріне кірпіш қалап, тұрғын үй қорын сақтап қалу, орталық саябақты, мәдениет үйінің ғимаратын сұғанақ көздерден аман алып шығу – айтуға оңай, шын мәнінде күрмеуі қиын мәселелер еді, сол кезеңде жағдайды түсініп, қаржылай және моралдық тұрғыда қол ұшын берген азаматтар жайлы қандай мақтау айтса да жарасады.

Айтпақшы, Ағниязов сонау бір жылдарда облыстық мәдениет басқармасында, туризм және спорт басқармасында лауазымды орынтақтарда отырып, сенімді ақтады. Идеология майданының қазанында шыңдалған Нұрхан Сабыржанұлы «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалына төраға орынбасарлығына шақырылды. Мұнда да өзін таныта білді. Бұдан екі жыл бұрын облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің ұйғарымымен Қазақстан халқы Ассамблеясының жанында, облыстық ішкі саясат басқармасының қарауындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық-мемлекеттік мекемесіне директор болып тағайындалды.

Қазіргі күнде Ассамблея қамқор­лығындағы он сегіз этномәдени бірлестік, «Бірлік» ақсақалдар кеңесі, Аналар кеңесі, медиация Кеңесі және басқа ұйымдар «Қоғамдық келісім» мекемесімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Іс-шаралар жоспарында «Жалпыазаматтық бірлестікті қалыптастыру»; «Қазақ­стандық этностардың алуантүр­лілігін рухани-мәдени дәріптеу»; «Көпэтносты Қазақстан: этномәдени генезис»; «Этносаралық ортада қақтығыс көрі­ністерінен бас тартуға бағытталған әлеуметтік қатынастарды дамыту арқылы медиация институтын дамыту» деп аталатын төрт жоба қамтылған.

Этномәдени бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен өткізілген «Ұлы нәубет: қасіреті мен тағылымы» тақырыбында дөңгелек үстелде тарих ғылымының докторы, профессор Нұртаза ­Абдоллаев, шешендердің «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы Хасан Сагаев, немістердің «Возрождение» этномәдени бірлестігінің төрайымы Елена Шинкаренко және басқалары саяси қуғын-сүргін мен ашаршылықтың себеп-салдарына тоқталып, аса ауыр шақта қанатының астына алып, қамқорлығын аямаған қазақ халқының дархан пейілін ризашылықпен еске алды.

Ақтөбе қаласындағы №47 мектепте оқушылар болгар этносының Ақтөбе облысына келу тарихынан мағлұмат алды, «Вяра» этномәдени бірлестігінің төрайымы Анастасия Подольянова болгарлардың қазіргі күндегі тыныс-тіршілігі жайында мемлекеттік тілде жан-жақты әңгімеледі. Биылғы бірінші жартыжылдықта Аналар кеңесі тарапынан көп балалы және аз қамтылған отбасыларға 2 миллион теңгенің қайырымдылық көмегі ұйымдастырылды. «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері», «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі», «Этносаралық қарым-қатынас мәдениеті» және басқа тақырыптар шеңберінде өткізілген іс-шаралардан қатысушылар өз ой-түйсігін байытты. Тұңғыш Президент – ­Елбасы Н.Назарбаев атындағы саябақта этномәдени бірлестіктер өкілдері ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне отыз түп көшет отырғызып, баптап күтуде. Таяу кезеңде мекеме ғимаратында арнайы бөлмеде Тіл орталығын ашу белгіленіп отыр

«Қоғамдық келісім» мекемесінің ­директоры бізбен әңгімелескенде ынтымақ пен бірлікті нығайту жолындағы ортақ шаруада ықыласымен көзге түскен Еркін Құрманбеков, Түлкібай Сапаров, Роза Балпейісова, Үмбетхан Сәрсембин және басқаларын ризашылықпен атады.

Нұрхан Сабыржанұлының ­зайы­бы Жансара – мәдениет саласы­ның байырғы қызметкері, облыс орта­лығында балалардың өнер мектеп­терінің бірінде домбыра класынан дәріс береді, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық ұйымы Алға қаласында өткізген шарада әуелетіп ән шырқағанының куәсі болғанбыз. Ерлі-зайыптылар өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп, немерелер сүюде.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті

журналисі

1339 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №15

18 Сәуір, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы