• Әдебиет
  • 09 Қыркүйек, 2021

КҮЙ ТЫҢДАП ОТЫРЫП ЖАЗАТЫН ­ЖУРНАЛИСТ

2015 жыл. Қазан айы болатын, іссапармен Атырауда жүрміз. Басты мақсат – жазушы-драматург ­Рахымжан Отарбаев туралы «Келбет» бағдарламасын, ақын Жұмекен Нәжімеденов туралы «Жарқын бейне» бағдарламасын түсіру болатын.  Рахымжан ағаның шығармаларынан аптаға созылған Халықаралық театр фестивалі өтіп жатты. Күніне екі спектакль көреміз. Керемет. Махамбет Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық  драма театрының іші кең, сахнасы да әп-әдемі. Сондай бір кезекті спектакльде артқы қатардағы отырған қызбен сөйлесе кеттік. Өзін Тұрсын Қалимова, Республикалық «Айқын» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісімін деп таныстырған қызды бір көргеннен Фариза апаға ұқсатқаным да рас. Сөйлесе келе байқағаным, болмысы бөлектеу екен. Бір ұқсастығы поэзияны жақсы көретіндігі, ақындарға деген ерекше құрметі мен күйді сағаттап тыңдайтыны. Тіпті мақала жазып отырғанда да күй тыңдап отырады екен. Қазір де солай. Тұрсынның ең ерекше қасиеті – қайраткерлігі. 

Сол жолы Тұрсынмен бірден тонның ішкі бауындай араласып кеттік десем артық айтқандық болар еді. Бір-бірімізден телефон нөмірімізді алып, кейіннен жиі хабарласатын болдық. Алматыға жиі келеді екен. Жиі келу себебі,  Екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің үлгісі болған ұшқыш, Халық қаһарманы Хиуаз Доспанова туралы естеліктер жинағын қайтадан бастыруды қолға алыпты. Сол жинақ жарық көргенде Тұрсынның қуанышында шек болмады. Кәдімгідей жүзі бал-бұл жайнап, Хиуаз апасының әрбір ерлігін өзі бірге соғыста болғандай тәптіштеп айтып беретін. «Иә, білемін, кезінде ­Хиуаз Доспанова туралы «Жарқын бейне» бағдарламасын дайындағанбыз» деймін мен. Ол: «Жоқ, сен толық білмейсің. Хиуаздың ерлігін әлі ешкім мойындаған жоқ, оны насихаттау керек. Оны өсіп келе жатқан ұрпақ біліп өсуі керек» деп, Хиуаз апасын насихаттауға екі білекті сыбанып тұрып кірісіп кетті. Әрине, Хиуазды тану, оған ескерткіш орнату, тіпті әуежайға атын беру мәселелері бір адамның ұсынысы емес те шығар, ол арғы жақтан келе жатқан зиялы қауымның арасындағы әңгіме, ой, толғау. Бірақ оны сөз деңгейінен көтеріп іспен дәлелдеу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Идея көп. Тіпті өз басымда да жетіп-артылады. Ал қайсысы жүзеге асты? Санаулы ғана. Оған уақыт керек, оның соңында жүру керек, ол идеяның жүзеге асатынына ең әуелі өзің сенуің керек, сосын өзгелерді сендіру керек. Ол жолда уақыттан бастап, барлық күш-жігеріңді жұмсау керек екенін өздеріңіз де білесіздер. Сонымен, Хиуаз апасының естелік кітабын қайтадан басып жарыққа шығарған Тұрсын сүйіншілетіп маған ­хабарласты. Құтты болсынға, менің атыма келген кітапты Хиуаздың көзін көрген, соғыс ардагері, қоғам қайраткері Қанапия Ғабдоллаұлы Ахметовке жеткізіп беретін болдым. Аманатқа қиянат жоқ. Қолға тиген кітапты  Қанапия атаның өз қолына апарып табыстадым. Атаның сол кездегі қуанғаны-ай. Кітапты қолына алып, алақанымен аялай сипап біраз отырып барып, көзілдірігін киіп ашып көріп, рақметін айтты.

– Кітапты құрастырған бала Алматыға келе ме? – деп сұрады.

– Келеді, кітаптың таныстырылымы Алматыда болады, – дедім.  Ол кісі риза болып қалды. Иә, айтқанындай ақ, Тұрсын жан ұшыра жүріп Алматыда Ұлттық кітапханада «Хиуаз» кітабының таныстырылымын өткізді. Алматы – Хиуаз апайдың тұрған, соғыстан кейінгі еңбек еткен, мәңгілік мекенін тапқан жері. Алматы жұртшылығы кітапты аса бір жылылықпен қабылдады. Әртүрлі естеліктер айтылып, қайтадан басып шығарғаны үшін Тұрсынға алғыс айтылып жатты. Айтылған алғыстар мен жылы лебіздердің шын жүректен шыққаны Тұрсынға қанат бітірген сияқты. Ол кітапты өзі үшін емес, ел үшін, оқырман үшін қайтадан жазып шыққанын өзі де енді түсінгендей халде жүрді. Әркім өз жағдайын жасап, жайын күйттеп, атағын ойлап  кеткен заманда  Тұрсынның ­«Хиуаз» кітабын қайта бастырып  шығуы расымен де үлкен ерлік еді.

Атырауға қайта оралғаннан кейін Хиуаз Доспанова қоғамдық қорының мүшелерімен, арнайы құрылған бас­тамашы топпен бірлесе жүріп, келісе жүріп, Хиуаз Доспановаға Атырауда әуежайдың алдына ескерткіш тұрғызу ісіне кірісіп кетті. Өз жұмысы былай, оған қоса анасы да соңғы кездері жиі науқастанып қала беретін еді. Сол кезде оның қайраткерлігіне тағы да риза болдым. Жұмыстың ара-арасында ескерткіш қандай болуы керек, қай жерде тұруы керек, айналасы қандай болуы керек, осылардың барлығын түсінде көргендей айтып жүретін. Хиуаздың ескерткіші туралы таңға дейін әңгіме айтуға бар. Бірде Алматыға келгенде қосамжарласып мен де ескерткіш жасалынып жатқан жерге бардым. Әрине, тас әлі қашалып жатыр, сұлбасы ғана. Балағымызды түріп тастап, тобықтан балшық кешіп барып қайтқанбыз. Әншейінде әр заты қисаймай өз орнында тұратын Тұрсекем, балшықты елең қылар түрі жоқ. «Сен Хиуазды ойлашы, жараланып қалып ­госпитальдан шыққан соң ұшаққа өздігінен отыра алмаған. Оны көтеріп барып отырғызады екен. Сол отырған бойында ұйықтап, келесі шабуылға шыға беретін болған, біздің істеп жүргеніміз онымен салыстырғанда түк те емес» дейді. Кейін менің кітабымның түсукесеріне шақырдым, Алматыда жасалып жатқан ескерткішке онсыз да келмекші болып отырған Тұрсекең бірден келісе кетті. Сол күні менің туған жерімнің, біздің ауыл табиғатының көркем көрінісіне таңғалып, тіпті есі шыға қуанып жүрген Тұрсын дәл бір бала сияқты болып кеткен. Оған қарап осы бір қазақтың қаршадай қызы үлкен-үлкен жұмыстар тындырып жүр десе сенбес едің. «Біздің табиғатты көрген адам ақын болып кететіні бар, өлең жазып кетіп жүрме» деп әзілдеп қоямын. Расымен де, кейін өлең жазатынын да байқап қалдым. Әп-әдемі өлең жолдары. «Жарияламайсың ба?» десем, «Ақын емеспін ғой, жазғым келді жаздым, ақындар жарияласын» дейді. Былай қарасаң, бетіне ешкім келмейтін, айтайын дегенін бетің мен жүзіңе қарамай айта салатын Тұрсын, өлеңге келгенде момақан. Әзіліміз бен әңгімеміз жарасқан біз осылайша ­достасып кеттік. Тұрсын соншама зарығып күткен сәт те жетті. Халық қаһарманы, соғыс ардагері Хиуаз Доспанованың ескерткіші қазіргі тұрған орны Атырау қаласы әуежайының алдына орнады. Ашылу салтанатына қатысып, елдің қуанышын көрдік. Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев­тың ескерткіш ашыларда сөйлеген сөзі толқытты, қуантты, тебірентті. Тол­қыт­қаны – қазақ қыздарының ерлікке толы қаһармандығы, қуантқаны – ­батыр елдің ұрпағының Хиуазды бағалай білгендігі, тебіренткені – ерліктің иесін дәріптеу мүмкіндігіне Тәуелсіздігіміз арқылы қолымыздың жеткені. Сол жолы Хиуаз Доспанова туралы қандай да бір насихат жүргізген жандардың бір тобы апамыздың естелік медалімен марапатталды. Арасында Хиуаз апай туралы «Жарқын бейне» бағдарламасын жасаған режисеер Ботагөз Исмаил екеуміз де бармыз.  Ол күн – бәріміз үшін бір қуанышты күн болды. Алматыға бір топ достарымыз шығарып салды. Тұрсын достым: «Келесі келгенде сені Хиуз Доспанова атындағы Халықаралық әуежайда қарсы аламыз» дейді. Оның көзіне қарасам, өте сенімді айтып тұр. «Жақсы сөз – жарым ырыс». Солай болу керектігі табиғи заңдылық. Кезінде бұл туралы Рахымжан ағадан ақыл-кеңес сұрағанын, ағайдың «өзің қолға ал» дегенін де айтып берген. Тұрсын енді осы бағытта да өзінің табандылығымен жүріп біраз тер төкті. Ол екі ортада аштық жылдары Нарын құмын паналағандарды аштықтан аман алып қалған құмаршық өсімдігіне де ескерткіш тұрғызуға бастамашы болды. Тұрсын елу жыл анасының жанынан ұзап шықпаған. Елу жыл бойы анасының құмаршық туралы айтып жүретін әңгімесі оны осындай бір үлкен жұмысты бастауға, бастап қана қоймай, аяғына дейін жеткізуге  әкелді. Тұрсын анасына құмаршыққа қойылған ескерткіштің қандай болатынын күнде айтып отырды. Былайша айтқанда, сол арқылы анасының өмірін ұзартты.

«Құмаршық дәні» ескерткіш композициясында Тұрсын Жұмабекқызының:

Ашаршылық жалмады орман өртіндей,

Ән тыйылды, домбыра да шертілмей.

Сондай сәтте тарыққанға талқан боп,

Құмаршық-дән құтқарды елді өлтірмей.

Құм Нарыным сендегі өмір өзгерді,

Қасіретті, қасиетті көз көрді.

Ақ шағылдан өсіп шығып нәр берген,

Құмаршыққа тарих өзі сөз берді, – деген өлең жолдары жазылған. Екі шумақ өлеңнің өзі көп нәрседен хабар береді. Ақ шағылдардың арасынан өсіп шыққан құмаршық. Құмаршықтың бір тал дәні. Дәннің өзегін жарып шыққан екі бала мен ана бейнесі – өткен тарихтан біраз сыр шертеді. Әппақ нанды аяусыз қоқысқа лақтыра салатын ұрпаққа: «Әй бала, кешегі өткен заманда бір үзім нан таппай өткен бабаларыңды бір уыс талқан ғана сақтап қалған. Сен олардың жалғасысың, ойлан!» деп айтып тұрғандай. Құмаршықтың қандай өсімдік екенін, тіпті бар екенін ескерткіш арқылы біліп жатырмыз. Тұрсынның айтуынша, Нариман аға, Фариза апалар құмаршықтың қадір-қасиетін жақсы білген, солардың аманаты орындалды. Анасының қуанышында шек жоқ. Өзіне әлі кіп-кішкентай Туланының, Ақ Туланының ел арасында құрметке ие болып, іргелі істер тындырып жүргені анаға қандай мақтаныш?! «Өзі әкесі Жұмабектен аумай қалған, құдай-ау айтуы да, қайтуы да жылдам, әкесінен аумай қалған» деп отырады. Бұл сөздерден Алуға анамыздың жолдасына деген сансыз құрметі мен шексіз сағынышы сезіліп тұратын. Тұрсын достың жақын-жуыққа, дос-жаранға деген қамқорлығы, қолқабысы да өзгеше. Ол –  жеке әңгіме. Тұрсынның журналистикаға келуі, қолына қалам ұстағалы қандай мәселелерді қалай көтеріп, не жазып жүргендігі туралы айтуды әріптестеріне қалдырдық. Адам­ның болмысы бала кезінен қалып­тасады. Ол үшін ата-анадан дұрыс тәрбие көріп, дұрыс бағыт алса болғаны. Сонда ғана елді аузыңа қаратқан би болмасаң да, елге қызмет ететін адам боласың. Бұл жолда Тұрсын достың көргені де, бағыты да ата-ананың айтқан ақылына құлақ түріп өскендігі. Арада көп уақыт өтпей-ақ «Атырау облыстық әуежайына ­Хиуаз Доспанованың есімі берілді» деген қуанышты хабар  саңқ етті. Бұл да бір біткен іс болды. Әруағыңнан ­айналайын Хиуаз апа жатқан жерінде бір аунап түскен болар.

Достым айтса айтқандай-ақ, соңғы барып қайтқанымда «Хиуаз ­Доспанова атындағы Халықаралық әуежайға» қонып, Хиуаз апаның ескерткішіне тағзым етіп, Фариза апа ескерткіші жанындағы құмаршықтың ескерткішін көріп риза болып қайттым. Мені қойыңызшы, елдің ризашылығын айт­саңыз­шы. «Құмаршық дәні» ескерткіші көп адамға әсер еткені, ой салғаны рас. Жақында ғана Мұрат Бектеновтің «Құмаршық» атты кітабының жарық көруі – соның дәлелі.

Мен білетін Тұрсын Жұмабекқызы осындай. Біз танысқалы жоғарыда айтылған игі істердің басы-қасынан көрінді. Мұның бәрін тізбелеп не үшін айтып отырмын?! Елі үшін қандай да бір қызмет еткен адам ортамызда жүргенде жақсы сөздерімізді аямай айтып қа­лайықшы. Өтіп кеткен адамға барлық жақсы сөздерімізді сарқа жұмсағаннан ол қайтып келмейді. Барымызды бағалайық, жа­нымызда жүргенді қадірлейік, оларға мүмкіндік берейік деген ой.

Жаңылхан МӘМЕЖАНҚЫЗЫ

 

1958 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ANA TILI №12

28 Наурыз, 2024

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Ерлан Жүніс

«Ана тілі» газетінің Бас редакторы